Ескерткіш жаңғыртылып, лайықты орнын табады

Тараз қаласының әкімдігі «Ана тілі» газетінің ағымдағы жылдың 4 шілдесіндегі санында жарияланған «Бұл Жамбыл – қай Жамбыл?» атты мақалаға орай төмендегі жайды баяндайды.
Бұрынғы орталық базар аумағында орналасқан Жамбыл Жабаев ескерткіші тарихи-мәдени ескерткіш екендігі ақиқат.

Тарихи ескерткіштерді қорғап, сақтау және болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру – әрқай­сымыздың азаматтық міндетіміз. Өйткені ҚР Конс­ти­туциясының 37-бабында «Қазақстан ­Рес­пуб­ликасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндетті» деп атап көрсетілген. Бұл бағытта ­рухани дүниеміздің алтын діңгегі саналатын Жамбыл облысының тарихы қай-қайсымызды да бейжай қалдырмасы анық. Өлкенің тарихын өз еңбектеріне арқау еткен ақын-жазушыларымыз көптеп саналады. Дегенмен, замана көші бір орнында тұрмайды. Мысалы, бір кездері қаланың ең көрікті жерінде орын тебуіне қарамастан қараусыз қалып, қоқысқа айналудың аз-ақ алдында тұрған Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы қайта жаңғыртылып, онда Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесіне орай «Ерлік» мемориалдық кешені іске қосылып, облыстық драма театрының алдындағы қазақтың батыр ұлы Б.Момышұлының ескерткіші осында қайта орнатылды. Бүгінде саябақ қала тұрғындарының халық көп жиналатын көрнекі орындарының біріне айналды.
Бауыржан ескерткіші алдынан «Мәңгілік алау», «Батырлар» және «Даңқ» аллеялары ашылып, облыс­тан шыққан 48 Кеңес Одағының Батыры мен Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің аты-жөні қашалып жазылған арнайы тақтайша, стеллалар қойылды. Одан бөлек, саябақта соғыс және тыл ардагерлеріне арналған «Даңқ залы» бой көтеріп, Ауған соғысына қатысқан, Семей ядролық сынақтары және Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың салдарларын жоюға атсалысқан азаматтарға арналған ескерт­кіштер орналасқан. Қала орталығындағы Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің есімімен аталатын саябақтағы өзінің ескерткіші де қайта жаңғыртылды. Жалпы­ қаладағы қырықтан астам мәдени-демалыс нысандарын халық игілігі үшін қайта жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
Ал жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерт­кіші бұрынғы «Көкбазар» аумағына 1963 жылы орнатылған болатын. Осы уақытқа дейін ақын­ның ескерткіші 5 рет орташа және 12 рет ағымдағы жөндеуден өткізілгендіктен, қайта қалпына кел­тіруге қойылған, алпыс жыл бойы асқақ­тап тұрған осынау ескерткіштің жай-күйінің төмендеуіне байланысты әрі зиялы қауым өкілдерінің өтініш, ұсыныстары негізге алынып, ескерткішті облыс әкімдігі әкімшілік ғимаратының алдына көшіру туралы шешім қабылданған-ды. Аталмыш аумаққа демеушілер көмегімен ескерткіштің жаңадан жасалған көшірмесі койылды.
Өңірімізде екінші жыл Жамбыл бабамыздың мұрасын насихаттау мақсатында республикалық ақындар айтысы өткізілуде. Биылғы жылы аудан­дық, қалалық, облыстық деңгейде ұйымдас­тырыл­ған айтыстарға 150 ақын қатысты. Қазіргі Ж.Жабаев атындағы «Руханият» орталығы жаңа ғимаратқа көшіріліп, онда Жамбылдың арнайы жеке музейі ашылатын болды.
Соңғы кездері өңірдің мәдениет саласында атқарылып жатқан осындай қыруар жұмыстарды көрмей-білмей тұрып, Ж.Жабаевтың ескерткішіне қатысты блогерлер мен қоғам арасында бір-біріне жанаспайтын артық-ауыс әңгімелер мен жаны ашығансып ұпай жинауға ұмтылған азаматтардың кертартпа пікірлерінің көбейіп кеткені белгілі.
Алайда Жамбыл Жабаевтың ұрпақтары күні кеше ғана Тараз қаласына арнайы келіп, осы мәселеге соңғы нүкте койғандай болды. Құрамында Жамбыл Жабаевтың шөбересі Мұратхан Әлім­құлұлы Жамбылов, «Бәйдібек» қорының мүшелері Шатырхан Керімбек және Бақытжан Сәртековтер бар топ ақын бабамыздың талайдан бері әлеуметтік желіге арқау болып ­келген Жамбыл ата ескерткішін көзбен көріп, әкімдік алдындағы еңселі ескерт­кішке көңілдері толып, жергілікті биліктің шешіміне ризашылықтарын жеткізді. Сондай-ақ олар X.Наурызбаевтың 1963 жылғы туындысы – Ж.Жабаевтың ескерткішін көріп, атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты.
Бүгінде «Шахристан» тарихи кешенінің құры­лысы қарқынды жүргізілуде. Қаланың сәулеттік келбетін өзгертуге байланысты бұрынғы базардың алдында тұрған Жамбыл бабаның ескерткішінің орнына «Сағат» стелласы қойылады. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында көрсетілген ескерткіштердің орнын ауыстыруға байланысты ережеге сәйкес, бұл ескерткішті қайта жөндеуден өткізу қажеттілігі туындаған еді. Осыған байланысты алдағы уақытта жыр алыбы Жамбылдың ескерткіші қайта жаңғыртылып, өзінің лайықты орнын табуын, осы мәселеге қатысты қызы­ғушылық танытып отырған тараптардың, белсен­ділердің, қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары қарастырылатын болады.

Қ.Бекболатов,
Тараз қалалық қоғамдық
кеңес төрағасы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.