Сағымбай ҚОЗЫБАЕВ, Қазақстан Журналистикасы Академиясының президенті: АДАЛДЫҚ ЖУРНАЛИСТИКАҒА ДА ҚАЖЕТ

Қазақстан Журналистикасы академиясының президенті, тарих ғылымының докторы,­ профессор, жарты ғасырға жуық бірнеше ұрпақты журналистикаға тәрбиелеген ұстаз Сағымбай Қозыбаев 75 жасқа толып отыр. Қазақстан журналистері энциклопедиясын түзген ғалым осы уақытқа дейін көптеген публицистикалық очерктерді, ғылыми мақалаларды өмірге әкелді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, Сағымбай Қозыбаев текті әулеттен шыққан. Әкесі Қабаш Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде колхоз басқарып, бар жиған-тергенін майданға жөнелтсе, Қабаш ақсақалдың інісі Оразалы­ да соғыс басталған кезде майданға аттанған. Ал Манаш пен Сағымбай Қозыбаевтар ғылым жолына түсіп, елеулі еңбек еткен­ азаматтар. Біз ғалымның мерейтойы қарсаңында кездесіп, әңгімемізді ата-ана тағылымынан бастадық.

– Сағымбай Қабашұлы, ел ішінде Қозыбай әулеті тектілігімен, бедел­ділігімен белгілі. Әңгімемізді ұшқан ұяңыз­дан бастасақ?
– Біз қарапайым ауылда өстік. Әке-шешем өте ақылды әрі сабырлы адамдар болды. Әкеміз 25 жыл колхоз басқарды. Оразалы ағамыз да соғыстан кейін ел басқару ісінде болған. Манаш­ ағамыз саналы ғұмырын ғылымға арнап, еліміздің тарихын жазуға үлес қосты. Қазіргі Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті осы Манаш­ ағамның атында. Әке-шешеден сегіз бала өрбігенбіз, оның төртеуі ерте өмірден өтіп, төртеуіміз өстік. Шешеміз егіз тауыпты, егізден әпкеміз бар, қазір Қостанай облысында тұрады. Сыңары қайтыс болды. 1942-43 жылдары соғыс кезінде ата-анасыз қалған балаларды Қазақстанға әкелгенде біздің әкеміз бір ұл, бір қыз бала асырап алған. Тіпті өз тегіне аударған екен. Сол кезде жейтін ештеңе жоқ. Балалардың үлкені Манаш­ ағам мен әлгі ұл бала екеуі қақпан құрып, егеуқұйрық аулайды. Ұстаған егеуқұйрықты отқа қақтап жейді. Азық болатын басқа ештеңе жоқ, ол кез колхоздан бір дән рұқсатсыз алсаң сот­талатын қиын заман болды ғой. Алайда соғыс оты басылған соң барлық бала­ның іздеушілері шығып, әр бала өз үйіне қайтарылыпты. Кейін біздің үйде болған балаларды іздестіргеніммен, таппадым.
– «Звезды в небе» атты кітабыңыз осы әулет туралы еді ғой, бұл шығарма қалай туды?
– Әкеміз 1898-1973 жылдары өмір сүрген, қатал да мейірімді адам еді. Ел басқара жүріп, ел қатарлы өмір сүрді. Әкеміз ауқатты отбасының қызын алып қашқан екен. Анамыз бар жердің қызы болғанымен, жоқшылықта мойыған жоқ. Аққұба, көрікті кісі еді. Сондай қиын заманда­ колхоз бастығы бола тұра, біз тойып тамақ ішпедік. Әкем қолда бар дүниесінің бәрін сатып, әскери ұшақ алуға жұмсады. Бұл 1942 жылдың желтоқсаны еді. Үйдегі 3-4 сиырды, музыка­ ойнайтын граммофонды, құны сиырдан қымбат велосипедін де сатты. Ол кезде бүкіл колхоз бойынша велосипед менің әкемде ғана болатын. Ақыр аяғында, үйдегі ине-жіп пен балалардың киіміне дейін сатты. Сонда әкеміз анамызды «аштықты да көргенбіз, ел ішінде өлмеспіз» деп жұбатады екен. Сөйтіп, 190 мың сом қаржының басын құрайды, бұл сол кезде өте көп ақша. Көрші «Красный повс­танец» колхозының төрағасы Яков Верещенко да 180 мың сом ақша жинайды. Екеуі атпен Қостанайдан Чкалов (қазіргі Орынбор) қаласына 14 күнде жетеді. Ол жерде авиа­зауыт бар, жер астында ұшақ жасайды. ­Содан Қозыбаев пен Верещенконың ақшасы үш әскери ұшаққа жетеді. Оның бірінің қанатына қызылмен «Қабаш Қозыбаев», екіншісінің қанатына «Яков Верещенко», ал үшіншісінің қанатына екеуінің атын қатар жазады. Кейін қос колхоздың бас­шы­сына риза болған Жоғарғы қолбасшы И.Сталин жеделхат жолдап, алғысын біл­дірген. Сол зауытта Як-7, Ил-2 ұшақ­тары шығарылған. Кей деректерде әкем сатып алған ұшақ Пе-8 деген дерек бар. Мен ол жерде бір рет болдым, зерттедім. Зауыт Пе-8 ұшағын шығармаған сияқты, сон­­дықтан колхоз басшыларының ­сатып алған ұшағы Як-7 деген тұжырымға келдім.
Жалпы өмірде бәрі жазылады: тарих та, әдебиет те, өнер де, ана туралы да, туған жер туралы да… Тек әке туралы көп ­жазыла бермейді. Содан көп ойланып жүріп, әкем туралы, әулетім туралы жазу керек деп шештім. Жоғарыда өзің айтқан «Звезды в небе» атты кітабымды осы мақсатпен 2013 жылы шығардым.
– Жуырда 54-ші кітабыңыздың шық­қанынан хабардармыз. Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Иә, жуырда «Храм у подножия гор» және «Душа моя – перо» атты қос кітабым жарық көрді. Сонымен, мен жазған кітаптың саны 54-ке жетті. Әзірге ешқандай жоспарым жоқ. Дегенмен,­ тағы бір тарихи кітабым дайын тұр, ол «Русский сын Батыя» деп аталады. Осы жердегі қызықты қараңыз, «Сонда Шыңғыс ханның немересі Батыйдың орыс ұлы болған ба?» деген заңды сұрақ туындайды. Ал оқырман мұны білуі үшін кітап жарыққа шығу керек. Барлық мәселе қаржыға келіп тірелгенімен, алдағы уақытта міндетті түрде шығу ­керек, дайын тұрған нәрсе ғой. Жалпы мен журналистикаға, тарихқа қатысты көп кітап шығардым. Ары кетсе 500, көп болғанда 1000 данамен шығады, негізінде жазушылардың бәрінде солай. Еңбектерімді ешқашан сатқан емеспін, бәрін де сыйлыққа таратамын.
– 70-жылдардан бері журналистикада елеулі еңбек етіп келе жатырсыз. Бұл салаға қалай келдіңіз?
– Мен Қостанайда мектеп бітірген соң, үш жыл әскерде болдым. Әскери борышымды орыстар «Крайний Север»­ деп атайтын ауданда өтедім. Ол жердің табиғаты мен климаты қызық, тіпті тоғыз ай күннің көзі болмайды. Тайга­ мен ­тундра. Солдаттар сол жерде ракеталарға жер асты жолдарын салды. Сонда әскери газеттің тілшісі де болдым. Әскер өмірінен хабарлар, материал­дар жазатынбыз. Алғашқыда пагон таққан әскери редакторлардан «жаза алмайсың, дұрыстап жаз» деген ескертулер алатынмын. Кейін үйреніп, әбден төселіп алдым.
Ленинград мемлекеттік универси­тетін бітіргеннен кейін Қазақ радиосындағы «Последние известия» редакциясында істеп, мықты мамандармен қызметтес болдым. Ол кезде төраға Кеңесбай Үсебаев еді. Музыкалық редакцияда Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Венера Кармысова­ болды, сондай-ақ Диас Омаров (спорт шолушысы), Абай Шарипов (АПН тілшісі), Дүкеш Байымбетов (тележурналист) деген жігіттермен бірге жұмыс істедік.
Кейін кандидаттық қорғап, 1974 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналис­тика факультетіне жұмысқа орналастым. Содан бері тапжылмай осы жерде еңбек етіп келемін. 30 жыл кафедра­ меңгерушісі, 5-6 жыл деканның орынбасары,­ декан болдым.
– Кафедра меңгерушісі кезіңізде факультеттің өз ғылыми журналы бола тұра, «Отандық журналистика тарихынан» атты журнал шығарған екенсіз…
– Кафедраның журналы көп шыққан жоқ. Журнал үлкен кітап сияқты болатын, өзім бастап, өзім істедім. Мен оның 11 нөмірін шығардым, кейін қаржылық қиын­дыққа байланысты шықпай қалды.
– Өзіңіз басқаратын Қазақстан Журналистикасы Академиясының қалай дүниеге келгені жөнінде және атқарып жатқан жұмыстары туралы айтсаңыз?
– Академияны ашу туралы ойды ұсынған белгiлi журналист әрi актер Әлiшер Сүлейменов болатын. 1995 жылдары «Хабар» арнасының басшысы Дариға Нұрсұлтанқызы мен «31 арнаның» басшысы Арманжан Байтасов­ журналистерге арналған «Алтын­ жұлдыз» сыйлығын бастап, 3-4 жыл қатарынан беріп жүрді. Кейін ойлана келе, «Ағай, Академия құрайық, сіз басқарыңыз» деп ұсыныс айтты. Мен алғашқыда бас тартып жүрдім, кейін 2001 жылы маусым айында Академия­ құрылды. Оның құрамында Дариға ­Назарбаева, Камал Смаилов, Жұмабек Кенжалин,­ Валерий Жандаулетов,­ ­Галина Күзембаева, Әсел Караулова, Арманжан Байтасов, Мадрид Рысбеков сияқты 40 шақты академик болды.
Академияны ашудағы мақсатымыз – әлемдiк деңгейдегi ақпарат кеңiс­тiгiне тәуелсiз мемлекет ретiнде жол салу, республикалық БАҚ ұсынған жобаларға қолдау көрсетiп, отандық журналистиканы дамытуға ықпал ету, журналист мамандардың беделiн көтерiп, олардың еңбегiн лайықты бағалау болды. Бірнеше жылдың ішінде елуден астам журналист пен журналистiк ұйымдарды «Алтын­ жұлдыз», «Алтын самұрық» сыйлықтарымен марапаттадық. Олардың iшiнде «Хабар», «31 телеарна», «Таң», «Рахат» секiлдi телеарналар мен «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Айғақ», «Алтын орда», «Астана ақшамы» сияқты басылымдар бар. Ал «Алтын самұрық» сыйлығын марқұм М.Барманқұлов, Б.Қыдырбекұлы, И.Будневич, Д.Байымбетов, Ф.Михаилов, Г.Бельгер, Х.Оралтайлар иемдендi.
Сосын академияның атынан әйел журналистерге арналған GALA TV басшысы Галина Күзембаева атындағы «Аққу» сыйлығын да ұсындым. Галина­ Леонидовнаның қыз күніндегі тегі ­Лебедева болған. Соның құрметіне «Аққу» сыйлығы деп аталған еді. Ол сыйлықтың біріншісін ең алғашқы қазақ сериалы «Перекрестоктың» сценарисі Лейла Ахинжановаға, екіншісін «Қазақстан» баспасөз клубының президенті Әсел Карауловаға бердік. Бұл сыйлықты алған әйел журналист әзірге осы екі-ақ адам.
Кейін еліміздегі белгілі кәсіпкер жігіт­тер «Тарлан» сыйлығын ұйым­дастырды. Қаржылық қиындықтарға бай­ла­нысты «Тарлан» да, біздің «Алтын жұлдыз», «Алтын самұрық», «Аққу» сый­лық­тары да тоқтап қалды. Өйткені бұл сый­лықтың статуэткалары таза алтыннан құйылады.
Қазіргі уақытта Академияның жұмыс­тары жалғасып жатыр. Менің жасым да келді, бұл жауапты істі кейінгі жастарға берсем деп ойланып жүрмін.
– Бүгінгі журналистика туралы ойыңызды білсек. Ақпараттық қоғамдағы Қазақстан журналистика­сының даму деңгейі қандай деп ойлайсыз?
– Қазір біздегі журналистика әйел­дердің қолымен жасалып жатыр. Өйткені журналистикаға түсетіндердің 70-80 пайызы­ қыздар. Бірақ 100 қыз оқуға түссе, таза журналистикада оның 20-сы ғана қалады. Бұрын ер азаматтар көп болатын.­ Ахаңдардың (Ахмет Байтұрсынұлы – ред) кезінде бұл салада ер адамдар болды. Өйткені ол кезде интернет, телефон дегендер жоқ, ауыл-ауылды аралап, ел ішінде жүріп жазатын. Қазір бәрі интернетте толып тұр, бәрі оңай, әйелдердің басым болып кетуі де содан шығар деп ойлаймын.
Қазақстандық БАҚ Тәуелсіздік жылдарынан бері үш кезеңнен өтті. Алғашқысы – 1991-1994 жылдардағы кезең. Бұл кезде еліміздегі барлық салалар сияқты БАҚ та дағдарысты бастан өткерді. Одан кейін, нарықтық жүйеге бейімделу кезеңі болды. Сосын, БАҚ либералды кезеңге жетіп, бәсекелік жолмен дамуға ұмтылды. Енді цифрлық жүйеге көшуге толықтай мүмкіндігі бар.
Біздің журналистиканы батыстың журналистикасымен са­лыстырудың қажеті жоқ. Жур­налистиканың батыстыкінен артық­шылығы: бізде адамгершілік бар, біздің менталитет басқа. Орыс тілі де ұлы тілдердің бірі. Бірақ қай тіл болмасын, тіпті орыс тілі де қазақ тілінде жазылғандай бояуы қанық бола алмайды. Бізде Ахаңнан бастау алған ­публицистика өте мықты, сондықтан біздің ерекшелігіміз – тек қана жазу.
– Журналистиканы қазір екі уни­верситеттің бірінде оқыта береді. Ал кейбі­реулер бұл мамандықты төрт жыл оқыту­дың қажеті жоқ, қысқарту керек деген ұсыныс­ айтып жүр. Сіздің ойыңыз қандай?
– Бұрын журналистика тек ҚазҰУ-да оқытылатын. Қазір 25-30 жерде дайын­дайды. Бұл кімге керек? Базасы, оқыту­шылары, мемлекеттік жоспарлары жоқ оқу орындары мамандарды қалай даярлайды? Одан қандай маман­ шығады? Меніңше, жекеменшік университеттің факультет ішінде ашылған кафедралар жай ғана нан тауып­ жеу.
Журналистика – ғылым. Өте үлкен ғылым. Соны түсінбейді адамдар. Қазір бәрі интернеттен көшіріп бере салуға бейім тұрады. Жазуда ол кешірілмейді. Журналист естігенін емес, кейіпкерімен кездесіп жазу керек. Ол енді тілшінің адамгершілігіне, деңгейіне байланыс­ты. Шынайы әрі жақсы материал жазу үшін тілшілердің жағдайы жақсы болуы керек. Бізде журналистердің жағдайы жасалған ба? Сенің баспанаң бар, әлеуметтік проб­лемаң жоқ, бар ойың «тақырыпты қалай жа­замын» ­деген мәселеде болуы керек қой.
– Осыдан сегіз жыл бұрын «алдағы 20 жылда қазақстандық БАҚ өзінің «төртінші билік» функциясын толық атқаратын болады» деген екенсіз. Біз оған жақындадық па?
– Өкінішке қарай, жоқ. Мен сол пікірді айтқан деңгейде қалып қойдық. Ол үшін тілші қаламын ұстап, оператор камерасын, фотограф фотоаппаратын арқалап барғанда олар барған жер тік тұру керек. Журналистерге деген құрмет болу керек. Айтады, жазады, түсіреді деп БАҚ өкілдерінен аяқ тарту қажет. Бізде ондай бар ма? Жоқ, керісінше, олар өзімізді қор­қытады ғой. Бір жерге бара қалса тілшіні де соттап жіберуден тайынбаймыз. Кеші­ріңіз, енді қайдағы «төртінші билік»? Жур­на­листика төртінші билік болу – бұл саясат. БАҚ-тың төртінші билікпен тең болуы деген – Парламентпен тең болуы керек деген сөз.
Парламентпен теңесу дейміз, бірақ біздің өзіміз еңбектеніп шығарып отырған газеттер қайда? Мысалы, бүгін «Айқын» газетіне мен туралы көлемді мақала шықты. Көріп отырсыз, үйім базарға жақын орналасқан. Айналада ешқандай киоск жоқ, базардың маңында да бұрынғыдай газет-журнал сатылмайтын болған. Шыр айналып жүріп өзім жайлы мақала жазған газетті таппадым. Сосын сіздің маған келетініңізді ескеріп, «Редакцияңызда «Айқынның» бүгінгі нөмірі болса, ала келесіз ба?» деп өтініш айттым. Бұл енді ұят емес пе, айтыңызшы? Газет қолжетімді емес, іздесең таппайсың. Сөйтеміз де, қазір ешкім газет оқымайды, таралымы аз деп сөгеміз. ­Мысалы, «Ана тілі» – 15 000, «Қазақ әдебиеті» – 15 000, «Айқын» – 40-45 000, орыс газеттері 10 мың таралымның айналасында. ­Сатылымда газет жоқ. Жазылушыларға ғана жеткізіледі, ал оған жазылған кімдер? Әрине, интеллигенттер мен мұғалімдер. Сонда қарапайым халық газетті қайдан алып оқуы керек? Бұл не деген сөз, білесіз бе? Бұл – сіздердің еңбектеріңіздің ақталмай жатқандығы. Ахметтің сөзі бар: «Газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Бұл қайда? Қазір бұл жоқ.
Кейде бір-екі салмақты, рухты, ұлттық газет болса жететін шығар деп те ойлаймын. Дегенмен, түрлі газет керек-ақ. Өйткені оқырман әртүрлі. Әрине, балаларға «Ұлан», әйелдерге «Қазақстан әйелдері» деген сияқты басылымдар ­керек. Мен дәстүрлі БАҚ-тың азаюы немесе жабылуына қарсымын. БАҚ қалуы керек.
Журналистика туралы біраз кітап жаздым. Декан кезімде негізгі ойым ­мынау болды: Қазақстандағы қазақ-орыс ­басылымдарына ортақ қазақ журна­лис­тикасының туған күні 10 мамыр болу керек деп жаздым. «Түркістан уәлаяты» газетінен бастайық дегенім ғой. Мәселен, осы газет қазақша-өзбекше шықты. Өзбектер қазір журналистер күнін осы 10 мамырмен, ал орыс­тар 1702-1727 жылдары шыққан «Петровские ведомости»­ газетінің күнімен бай­ланыстырады. Біз де сол «Түркістан уә­лаяты» газетімен байланыстырып, үш жыл қатарынан 10 мамыр күні атап өтіп жүрдік. Кейін 28 маусым күні ұсынылды. Содан бері осы нұсқа еніп, журналистер күнін 28 маусымда атап өтіп жүрміз. Оның өзі бейресми еді, биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресми бекітіп беріп, бөркімізді аспанға лақтырдық, оған да шүкір.
– Сізді еліміздегі журналистика сала­сындағы бірнеше ұрпақтың ұстазы ретінде білеміз. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деген, өзіңіз мақтан ететін шәкірттеріңіз кімдер?
– Жарты ғасырға жуық уақыт бойы осы қасиеттi бiлiм ордасынан мыңдаған шәкiрт бiлiм нәрiмен сусындап шықты. Олардың барлығы ұлан-байтақ елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде еңбек етiп жүр. ­Соларды көрiп, бiр марқайып қаласың. Біраз шәкiртім әрiптесiме айналды, осы факультетте дәрiс береді. Атап айтар болсақ, олар – профессорлар Л.Ахметова, Ғ.Ыбраева, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы С.Матаев, «Понорама», «Казахстанская правда», «Экспресс К», «Новое поколение», «Новая газета», «Айқын» газеттерiнiң бас редакторлары А.Краснер, Н.Жүсіп, И.Шахнович, С.Апарин, белгiлi тележурналистер Е.Бекхожин, А.Байтасов, С.Коковинец, Е.Акчалов, тағы басқалар. Жарты ғасыр ішінде менің алдымнан 10 мыңға жуық болашақ журналист өтті. Факультетте қазақ-орыс бөлімдерінен басқа, сырттай бөлім де болды ғой. Адам көп болатын. Осы сырттай бөлімде оқи­тын­­дардың саны күндізгіден де көп болған кездер болды. Сол жігіттердің біразы қазір бір-бір мықты газеттердің бас редакторлары.
– Жас журналистерге айтар тілегіңіз?
– Менің бір орысша сөзім бар: «Если нет ничего в мозгу – не поможет и КазГУ».­ Журналистикаға жүрекпен қалап түсу керек, сонда жүрекпен жазатын боласың. Журналистика арқылы жаман адамды жақсы, жақсы адамды жаман етуге болады. Бәрі тапсырыспен. Қазіргі жас журналистерге осындай «сатылған журналистикадан» ада болуларын тілеймін. Журналистиканың позициясы мен этикасына адал болуын сұраймын. Ең бастысы, жастар менің жасыма жетіп, одан да аса берсін!
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.