«ПРЕЗИДЕНТ 2.0»

РЕСЕЙ ЖУРНАЛИСІ АЛЕКСЕЙ ПИВОВАРОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН БАСШЫСЫ  ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ТУРАЛЫ ФИЛЬМІ ХАҚЫНДА

Жуырда «31 телеарнада» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туралы түсірілген «Президент 2.0» атты деректі фильм көрермен ­назарына ұсынылды. Деректі фильмнің негізіне Президентіміздің белгілі ресейлік тележурналист Алексей Пивоваровқа берген сұхбаты алынған. Яғни Қасым-Жомарт Кемелұлы ресейлік тележурналистің сан түрлі сауалына­ жауап бере отырып, салиқалы әңгіме өрбітеді.

Әңгіме барысында тұлғаның саяси мансабы, азамат болып қалыптасуынан Президенттік лауазымға дейінгі жолы баян етілген. Арасында балалық шағынан естеліктер, отбасында алған тәлім-тәрбиесі, әке тағылымы, өскен ортасы мен тіршілік кешкен заманы,­ елдің басынан өткен тарихи кезеңдер, елеулі оқиғалар кеңінен сөз болған. Фильмді көре отырып, Қасым-Жомарт Кемелұлын Қазақстанды басқарып отырған Президент ғана емес, тұлға, қайраткер, қарапайым адам ретіндегі болмысын байқайсыз. ­Шынайы, риясыз, еш әсірелеусіз әзірленген экрандық туынды арқылы көп нәрсе түюге болады. Ең алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаевтың үлкен саясатқа бір күнде келмегендігіне, сонау оқушы кезінен бастап білім алуға ден қойғаны, одан кейін студенттік шағынан бері қарайғы маман ретіндегі шыңдалуы, қызметтік жолындағы жеткен жетістіктері мен ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелердің арғы жағында қажырлы еңбектің, тынымсыз ізденістің жатқанына көз жеткізесіз.

Салиқалы да салмақты әңгіме барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент болудың алғашқы әсерлерімен бөлісті. Бастапқыда үйреншікті болмағанын, көпшілік жиналған шараларда «президент, президент» десе, айналасына қарап Нұрсұлтан Әбішұлы келіп қалғандай қабылдап жүріпті. Президенттік қызметтің ауыр жүк екенін, бірақ мәртебесі жоғарылығын атап өтіпті. Расымен де, мемлекет басқару оңай емес. Айтуға ғана жеңіл. Сондай жауапты жұмысты лайықты алып жүру – кез келген саясаткердің қолынан келе бермейтіні анық. Қасым-Жомарт Кемелұлы сұхбатта тәжірибелі дипломат болғандықтан ауызекі әңгіменің шебері ретінде ресмилікке көп бой алдырмай, реті келгенде сәтті қалжыңдарымен де ойларын тұздықтап отырды. Президенттік қызметке үйренісуі жөнінде айтқан: «Мұның бәрі уақыттың еншісіндегі дүние, жақсы нәрсеге тез үйренесің» деген сөзі ұтымды шықты. Бір қарағанда шынайы жауап, ал, екіншіден, өмірдің заңдылығын бейнелеп тұр.
Өз-өзіне әрдайым сын көзбен қарайтынын да білдірді. Қай жерде қателік жібергенін, қай жерде дұрыс көріне алмағанын білетін­дігін айтты. «Ең жақсы қазы, яғни судья­ – бұл адамның өзі» екеніне тоқталды. Жағым­паздықты ұнатпайтын болғандықтан қоршаған ортасы да мұндай қадамдарға бара бермейді екен. Әңгіме ауаны әулетіне, әке тағылымына ойысқан сәтте толқи отырып сөйледі. Айтуынша,­ өткен ғасырдағы Қазақстан тарихындағы қасіретті жылдар мен ауыр тағдыр оның да әулетін айналып өтпей, зардабын тигізген. Атасы отбасын асырап, нәпақа табамын деп жүріп, із-түзсіз жоғалып кеткен. Әжесі сал ауруына ұшыраған. Қызы 2-3 жасында қайтыс болған. Екі ұлы, яғни әкесі Кемел мен оның ағасы Қасым балалар үйіне тапсырылған. Соғыс басталғанда екеуі де майданға аттанған. Қасым Ржев түбінде қаза тапқан. Қасым-Жомарт Кемелұлының есімі де үлкен ағасының құрметіне қойылған екен. Ата-анасы жайында естеліктерін айта отырып, Президент әкесінің Қазақстан тарихы туралы, Кенесары хан мен ұлы ақын әрі философ Абай жайлы көп әңгімелегенін айтады.
– Әкем қазақша сөйлейтін, анам екі тілді бірдей меңгерген. Ол орыс тіліне де, қазақ тіліне де жетік болды. Мен өзім орыс мектебінде оқыдым. Бірақ үйде әрдайым қазақша сөздерді еститінмін. Сондықтан біз екітілді ортада өстік, – дейді Мемлекет басшысы.
Иә, адамның қандай болмағы оның өскен ортасына, отбасындағы тәрбиесіне де тікелей байланысты екені сөзсіз. Бұл тұрғыдан келгенде Қасым-Жомарт Кемелұлының бірнеше тілде еркін сөйлейтін азамат ретінде қалыптасуының бастауында отбасында алған тәлімі жатқаны анық. «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» демекші, болашақ Президенттің өміріне ата-анасының берген тағылымы айтарлықтай ерекше болғанын осы фильмнен аңғаруға болады.
Кеңестік заманда дінсіз, Құдайсыз қоғам орнап, атеистік көзқарастардың белең алғаны белгілі. Соған қарамастан әкесі Кемел Тоқаев өмірінің соңғы жылдарында ислам дініне ерекше қызығушылық білдірген екен. Ұлына шетелдік сапарларының бірінен қасиетті Құран кітабын ала келуді тапсырыпты. 70-80 жылдары мұндай кітапты шекарадан алып өту қиын болса да, арабша Құран мен сүрелердің оқылуын үйрететін үнтаспаны Сингапур қаласынан алып келіпті. «Ал өзіңіздің дінге көзқарасыңыз қандай?» деген сауалға: «Мен атеист емеспін. Құдайға, Жаратқанның бар екеніне сенемін. Өзімнің шығу тегім ­бойынша мұсылманмын, бірақ бес уақыт ­намаз оқитындардың қатарынан емеспін. Діни мейрамдарда мешітке барып тұрамын» деп жауап берді.
Фильм барысында Алексей Пивоваров Қазақстан Президенті Армения басшысы Саркисянның құрдасы, Владимир Путин мен Эмомали Рахмоннан бір жас кіші, Беларусь Президенті Лукашенкодан бір жас үлкен екенін атап өтті. Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен жас кезінен дос екенін де айтып өтті. Мемлекет басшысы халықаралық дипломатия саласында танымал тұлғаға айналған Сергей Лавровпен арадағы достық қарым-қатынасы жайына арнайы тоқталды. Айтуынша, екеуі 70-жылдардың соңы мен 80-жылдардың бас кезінен бері ­таныс екен. Ол кезде Лавров­ университетте оқи жүріп Сыртқы істер министрлігінің комсомол ұйымына жетекшілік етіпті. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев оның орынбасары ­болыпты. Содан бері достық рәуіштегі байланыс­ үзілмеген.

Халықаралық саясаттағы жағдай­ларды бес саусағындай біліп, бұл тақы­рыпта еркін пікір алмасатын Президент сұхбат барысында жур­налисті қызықтырған сауалдарға тұ­шымды ­жауап беріп, түрлі қарама-қай­шылықтардың ­себеп-салдарына ой жүгіртті. КСРО-ның Қытай елін­дегі елшілігінде қызмет істеп жүріп, 1989 жылы Тяньаньмэнь алаңын­дағы оқиғалардың куәсі болғанын айтты. Осы тұрғыдан келгенде эконо­микалық реформаларды дұрыс жүр­гізудің маңыздылығын, сыбайлас жемқорлықтың қауіптілігін, тұрақсыздық пен бейберекетсіздіктің қандай нәтижеге алып келетінін сөз етті. Алексей Пивоваровтың «Жемқорлықтың тамырына балта шабу үшін Саакашвили сияқты Грузия­ елінде полиция құрамын жаңартқандай ауқымды реформа жүргізуге ниетіңіз болған жоқ па?» деген сауалына реформалардың қажет екенін, бірақ эксперименттерге сақ болу керектігін жеткізді. «Мүмкін, келешекте пилотты­ режимде жергілікті муниципалды полиция реформасын жасармыз, онда да жекелеген облыста немесе ауданда» деп түйіндеді.
Иә, фильмде Президент қозғаған тақырып сан-салалы болды. Мысалы, Сталин және қазақ мәселесі, Семей полигонындағы ядролық сынақтар, Байқоңыр ғарыш айлағының маңыздылығы, Гагариннің ғарышқа көтерілуі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен алғаш рет танысуы, оның шақыртуымен елге қызметке келуі, АҚШ Президенті Дональд Трамп туралы ойлары, өзінің бүгінгі таңда қандай кітап оқып жүргені журналистің сұрақ қою ретіне байланысты логикалық сабақтастықпен жалғасын тауып жатты. Фильмнің ұтымды тұсы – мұнда Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұртшылыққа үйреншікті болып қалған ­дипломатия саласының қайраткері ғана емес, Қазақстан Президенті, ел басшысы ретіндегі тұлғасы дараланып, айшықтала түсті. Фильм арқылы көрермен қауым жаңа Мемлекет басшысының бұрын-соңды айтылмай жүрген салиқалы әңгімелерін тыңдай алды. Тарих пен заманауи сұрақтардың қатар өріліп ­жатуы фильмге деген қызығушылықты арттыра түскендей болды. Мысалы, журналистің АҚШ Президенті Дональд Трампқа қатысты қойған сауалы, оған берілген жауаптар да отандық қана емес, шетелдік ақпарат көздерінде кеңінен тарап кетті.
Жүздесуде Алексей Пивоваров Трамп пен Тоқаевтың әлеуметтік желідегі белсенділігін де тілге тиек етті. Бұл орайда Президент кейбір тапсырмаларын «WhatsApp» арқылы беретінін де жасырмады. Осы уақытқа дейін қолданып келген «Твиттерден» бөлек, ­«Инстаграм» желісінде де дербес парақшасының іске қосылғанын атап өтті. Мұның барлығы билік пен халық арасын жақындата түсуге бағытталып отырғанын жеткізді.
Елімізде Қасым-Жомарт Кемелұлы­ның «Твиттер» парақшасы аса танымал екенін айтып жатудың қажеті жоқ шығар. Президент болғанға дейін де, одан кейін де ойларын жазып, қандай тапсырмалар бергенін хабарлап отырады. Тіпті өзіне әсер еткен жақсы мақала оқыса, соған дереу үн қатып, пікір білдіреді. Мұның өзі әлеуметтік желі қолданушыларымен еркін әрі ашық сұхбат орнатудың оңтайлы жолы екенін айта кету керек. Ашық қоғам құруға Президенттің өзі атсалысып, белсенділік танытса, елдегі демократиялық үдерістердің ілгері қарай қадам басқаны болып шықпай ма? Фильмді тамашалай отырып, осындай ойларды түйген едік. Сонымен қатар Мемлекет басшысының қазіргі таңда саяси очерктер оқып жүргенінен де хабардар болдық. Трамп туралы жарық көрген соңғы екі кітапты, оған дейін Буш жайындағы атышулы кітаптарды оқып шығыпты. Осы орайда Америка басшыларына тән саяси мәдениетті тілге тиек етті. Олар талай сынның астында қалып жатса да, өздері туралы не айтылып, не жазылса да, ертеңінде түк болмағандай жұмысына келіп, қалыпты өмір сүре береді екен. «Саясатпен айналысу үшін терің мүйізтұмсықтың терісіндей болуы керек» деген атақты Рузвельттің сөзін де алға тартты. Фильм барысында Қазақстандағы билік транзитіне байланысты көзқарасын білдірді. Бұл туралы әңгіме бірнеше жыл бойы талқыланғанын жасырмады. «Мен өзімнің мүмкіндіктерімді шынайы бағаладым, тұтас мемлекетті басқару жүгінің қаншалықты ауыр екенін де түсіне білдім» деді. Сөз арасында өзінің мемлекеттік қызметші ретіндегі бейнесіне қатысты әртүрлі сын болса да, осы болмысында қала беретінін айтып қалды.
Әңгіме соңында Алексей Пиво­варовтың «Қазақстанда соңғы 20 жылда ең бастысы не өзгерді?» деген сауалына: «Біріншіден, жаңа астана салынды. Екіншіден, Қазақстан өзгерді. Үшіншіден, адамдардың сапасы өзгерді. Шетелде немесе осы елде білім алған қазақстандық жастардың буыны тәрбиеленді. Олар әлемге жаңаша көзқараспен қарайды» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Қорыта айтқанда, 49 минуттан тұратын фильмнің тағылымды тұстары аз емес.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.