АХАҢНЫҢ ҮЙІ ҚАҒАЖУ ҚАЛА БЕРЕ МЕ?

Жұртының қамын жеген арыстарымыздың арасында Ахмет  Байтұрсынұлының есімі ерек. Өткен ғасырдың соңғы он жылдығында есімі жұртымен қайта қауышқан Ұлт көсемінің Алматыда тұрған үйі табылған еді. Сол тұстағы жас ахметтанушы ғалымдар Ғарифолла Әнес пен Аманқос Мектептегі «Алматы ақшамы» газетінде бұл хабарды сүйіншілей жаза келіп: «12 басқышында табан ізі, есігінің тұтқасында алақанының табы қалған осы үй Алматыда Ахаң тұрған пәтерлердің ішінде бүгінгі таңда бірден-бір сақталып отырғаны. Сондықтан да бұл үйді көздің қарашығындай сақтау – болашақ ұрпақ алдындағы абыройлы парыз» деген құнды пікір айтты. Сонымен қатар осы табылған үйді босатып, тарихи­ тұлғаның шағын музей-үйін ұйымдастырса да, болмаса кеңейтіп, қазақ оқығандарының, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған зиялылардың музейін жасаса­ да, көп болып қолға алынса, алысқа ұзатпай тез бітіретін шаруа екендігіне баса назар аудартты. 

Бүгінде бұл мақсат орындалып, ғұламаның тұрған үйі тағылым мек­тебіне айналды. Әйтсе де, жұрттың қамы үшін өмірін сарп еткен ғалымның бұл үйі мемлекеттің емес, жекеменшік­тің, яғни туыс ағайынының қарама­ғында. Нақтылап айтар болсақ, Ахмет Байтұрсынұлының інісі Мәшеннің немересі Серік Самыратұлының иелігінде. Әрине, ұрпақ жалғастығы қашанда маңызды. Десе де, Ахмет Байтұрсынұлы тек әулет ұрпағы үшін емес, бүкіл қазақ ұлты үшін қызмет етіп, өмірін арнаған тарихи Тұлға! Ендеше­, бұл күні жекеге айналған рухани тағылым мектебінің келешегі қандай болмағына кім кепіл?!
Сөз бұйдаға салмай-ақ өзіміз барып, көзіміз көрген тұлғалардың музейлері мен Ахмет музей-үйіндегі айырмашылықтарды көріп, жанымыз жабырқайды… Мәселен, Алматыдағы Мұқан Төлебаев көшесін жаяу төмен қарай араласаңыз, нағыз ­рухани мекенге тап боласыз. Қазақтың ардақты ұлдары: Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Нұрғиса Тілендиев және Дінмұхамед Қонаевтың мұражай-үйлерінің ахуалы көңіл толғандай. Себебі мемлекеттік мәртебеге ие бұл мұражайларға кіре қалсаңыз, сізді бір ғана қызметкер қарсы алмайды. Әрқайсысының өзіндік қызметі, өзіндік жұмысы бар. Сондай-ақ Семей қаласына барған саяхатымызда да Алаш үйіне, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің тағылымды мұражай-үйіне соғып, Шәкәрім атамызға да тәу етіп қайтқан болатынбыз. Осындай дара тұлғаларымыздың үйлері бүгінде халық игілігіне қызмет етіп жатқаны бізді де шексіз қуантады.
Әйтсе де, қазақ елінің мүддесі үшін 5 рет түрмеге түсіп, 2 рет жер аударылған Ахметтің мұражай-үйі мемлекет қарамағына жатпайды дегенге ешкім де сенбейді әрі сол тағылым үйінде қоғамдық қызмет істеп жүрген өзім де сене алар емеспін. Мұражайға келсеңіз, қыста қарын күреп, жазда ауласының жайқалып тұруы үшін гүл баптаудан қолы ­босамайтын Райхан Сахыбекқызын көресіз. Осылай аманат арқалап келе жатқан Райхан апай үшін ғана Алаш арысы қуғынға түсіп пе?! Жалпы мұражайға көмек көрсетеміз дейтін «жанашырларымыздың» төзімі бір-екі мәрте төбе көрсетуден аспайды. Сонда бұл қалай болғаны? Мүмкін, олар үнемі көмек көрсетуге мүдделі де емес шығар. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Көненің көзіндей, тарих­тың­ өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап жүйелеу, оларды келешекке сақтап жеткізу, өзге жұртқа барымызды көрсетіп насихаттау – абыройлы міндеттің бірі» деген болатын. Ендеше, руханиятымыздың бастау көзі болар Ұлт ұстазының тағылым үйін неге ­«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайта жаңғыртпасқа?! Елімізде биылғы жыл Үкімет тарапынан жастарға арналып отыр. Алматының қақ ортасында орналасқан Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне рухани тағылым алуға жастар ағылып келіп жатса, ал мұражай толыққанды қызмет көрсетіп отырса, еліміздің абыройы емес пе?
Үкімет назарына ұсы­нысым: ең алдымен, мұражайға мем­лекеттік мәртебе беру. Мұның қан­шалықты маңызды екендігі біз шегелеп айтпасақ та ұғынықты болар. Оның үстіне, қаншама жұмыссыз жүрген жастардың қатары азайып, ғылым бағытына бет бұруға мүмкіндік алар еді. Екіншіден, музей жанынан қуғын-сүргін құрбаны болған қазақ зиялыларына арналған Алаш үйін ашсақ, қала тұрғындары да, алыстан келген меймандар да бұл жерге соқпай кетпесі анық. Сонда ғана Елбасымыздың «өзге жұртқа ­барымызды көрсетіп насихаттайық» деген сөзі іс жүзінде орындалған болар­ еді. Үшіншіден, «Қоршаусыз қала» деп мұражай қоршауын алып тастағаны тағы бар. Қазір мұражай ауласы өткен-кеткеннің тамақ ішетін, қыз-жігіттің сырласар орнына айналып бара жатқандығы жасырын емес. Ескерту жасалғанымен, оны елейтін жан көрмедік. Үстіміздегі жылы «Қазақстанның қасиетті мекендері» тізіміне енген Ахмет Байтұр­сын­ұлының Алматыдағы артында қалған жалғыз жәдігерін мемлекетіміз қараусыз қал­дырмас деп үміттенемін.

Жансая Сман,
Ахмет Байтұрсынұлы
мұражай-үйінің ғылыми
қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Мейрамкуль

    Жансая! Алла разы болсын! Өте үлкен мәселені көтеріп отырсыз. Еңбегіңіздің қызығын көріңіз!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.