АТАМНЫҢ АЛТЫН АЛҚАБЫ

Менің атамның бойға дарыған негізгі кәсібі – бағбандық болатын. Мен ес білгелі атам бау-бақшаның бел ортасында өмірін өткізді. Еңбекқор, шаруақор бейнесінде есімде қалыпты. Қашан көрсең кет­пенін арқалап, бақшаның бабын тауып, суын суарып, шөбін шауып, кәдімгі құмырсқа тәрізді тырбаңдап, өзіне ғана жарасатын қимыл-әреке­тімен көкжиекте көлеңкесі ғана көрінетін қарт бағбаншының кескін-келбеті маған ерекше қымбат, ерекше ыстық еді. Сонда негізгі бағбаншылық кәсібі не дейсіз ғой? Кәдімгі қазақтың тіл үйірер қауынын одан артық білетін, одан дәмді етіп өсіретін бұл өңірде ешкім жоқ сияқты көрінетін маған. Ақ көйлек, ақ дамбал киіп, басына аппақ матаны орап алып, бақшадан шықпайтын атамның өз кәсібіне деген адалдығына тәнті болатынмын.

Бақшаның ортасына орнатып алған шағын күркесіне қызыққан менің бала көңілімде қалған суретті ақ қағазға түсіріп, үлкен картина жасауды армандаған кездерімді қалай ұмытайын. Күркенің төрінде жантайып жатып, жайқалып өскен өніміне тамсана қарап отыратын атамның кеңпейіл күн қаққан дидары, әр жерде аттың басындай болып теңкиіп жататын сары ала қауындар, бір тал арам шөбі жоқ жап-жасыл бақша, көздің жауын алатын сол бір ғажап көріністер ешқашан қайталанбайтынын мен қайдан білейін.
Шіркін-ай деймін, қолы неткен алтын, кетпені неткен құтты еді, атамның! Бітік өскен мол өнімді игеріп, соны өткізудің барлық амалын табатындығын қайтерсің. Шиқылдаған темір дөңгелегі бар есек ­арбасына он шақты қап қауынды тиеп алып, ағайын-туысқандардың үйлеріне апарып бергенін талай мәрте көрдім. Ақысыз-пұлсыз тастайды да кетеді. Мұндай мәрт жұмысқа өзім де атсалыстым, қолдан келгенше көмектестім.
«Неге өйтеді?» деп ойлаймын кейде. «Өзім ғана емес, төңірегім, айналам, жақындарым мен туыстарым да дәмін татсын, ауыз тисін» дегені, барымен бөліскені, бағбаншылық кәсіптің құдіретін басқаларға жеткізгені болар деген сезімдер бойымды билеп тұратын. Бала болсам да, осындай түйсік жанымды жадыратып, атама деген ұлы махаббатым оянып, үнемі оның қасынан табылуға тырыстым. Атам да мені серік етіп, өзіне қолғанат етті.
Атам Малдарбек шағын денелі кісі болса да, шаршауды білмейтін ширақ әрі тындырымды болатын. Жерге еккені шықпай қалмайтын. Шығатын, жемісін көл-көсір етіп беретін. Дүниеде ондай еңбекқор адамды көрмеген шығармын. Атам еңбек етуді ғана білетін, көп сөйлемейтін. Сөзге үйірсек мылжыңдарды ұнатпайтын. Басқалардың үй артындағы бақшасы жұпыны болып, арам шөбі өсіп, берекесі қашып тұрғанда, атамның алтын алқабы жұмақтың бақшасындай ­болып, ерекше көз тартып тұратын.
Артылып қалатын қауындар қаншама. Қауынды ұрлайтын ауыл балаларына атам да қыңқ демейді. «Алсын, ұрламаса да беремін ғой» дейді жай ғана. Неткен кеңдік, неткен дарқандық десеңізші! Бәрінен де әркез ағарып жүретін атамның ақ пейілін айтсаңызшы! Артылған қауынды атам не істейді? Арбаға тиеп алып, теміржол вокзалына жеткізіп, сол жерде саудалайды. Өткеніне сатады, сұраған бағасына келіседі, бала-шағасын ерткендерге кейде тегін бере салады. Таразыға салу деген жоқ. Пайда табу деген атымен жоқ. Тапқан азын-аулақ теңгеге үйге шай-қант, нан-тоқаш сатып алады. Қасында көмектесіп мен жүремін.
Атам Малдарбек Бигелұлы үнемі қауын өсірумен шұғылданды. Еңбегінің жемісін ғана емес, рақатын көрді. Еңбектен бақытын тапты. Қартайғанша кетпенін қолынан тастаған жоқ. Еңбегімен ескерткіш тұрғызған даланың дара тұлғасы болғанын мақтанышпен айта аламын. Бағбаншылық кәсібіне дақ түсірмей, кір келтірмей әдемі қартайды. Ауырып-сырқаған кезін көрмеппін. Еңбек оны ширатып шынықтырды. Тоқсан жылға жуық ғұмырын абыройлы өткізіп, қазақтың дәмі тіл үйіретін қауынын өсірумен ел есінде қалды. Осынша жыл өмір сүруіне асыл әжем Асанкүлдің ықпалы мол болғандығы, атамның қас-қабағына қарап өткізген күндері менің жүрегімді жылыта беретіндігі анық. Мен үшін Еңбек ері саналатын шаруақор атамның туғанына, міне, 140 жыл толып қалыпты.
«Менің атам қасиетті кісі ме?» деп ойлап қоямын. Анам Әсел Ысқаққызы да осылайша ой қозғап, атам жайлы үнемі жақсы пікірлер айтудан жалықпайтын. Олай дейтінім, Тараздың маңындағы өзіміз тұратын көшеге Ыбырай Малдарбековтың есімі берілді. Атамыздың кіндігінен тараған бауырымыз Ыбырай жайлы айтар әңгіме бөлек. Ыбырай Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің бірі. Екі жылға жуық майданның бел ортасында болып, елге қайтуға екі ай қалғанда қаза тапты. Денесі туған жеріне жеткізіліп, ауыл маңындағы зиратқа жерленді. Соғыста шейіт болған Ыбырай бауырымыздың есімін есте қалдыру мақсатында көшеге оның аты берілді. Солай болғанымен, ел-жұрт бұл көшені «Малдарбеков көшесі» деп атап кетті. Алдымен атамыздың аты ауызға алынады. Қалай десек те, Алланың қалауымен ол осындай құрметке бөленді.
Атамның тәрбиесімен өсіп, мен де жігіт болдым. Атамның баласы болып, еңбектің дәмін таттым. Университетке түстім, журналист мамандығын алып, қызмет еттім. Өз кәсібіме кір жолатпауды ойлап, атам секілді еңбек етуге күшімді салдым. Бұл ой-мақсаттарым орындалған секілді. Қырық жылдай журналистика саласында тер төгіп, азды-көпті құрметке бөлендім. Өмірімнің 33 жылында көпқабатты тас үйдің тар бөлмесінде тұрып келіппін. 2016 жылдың қыркүйегінде, Тәуелсіздіктің 25 жылдығында тас үйден жер үйге көштік. Бұл да Алланың бізге берген сыйы болар, өкпеміз қысылатын пәтерден құ­тыл­ғанымызға қуанып, мәре-сәре күй кештік.


2017 жылдың көктемінде бізге бұйырған үйдің бау-бақшасын гүлдендіру енді менің еншіме тиді. Жұбайым екеуміз құмырсқадай тырбаңдап, жерді аударып, тегістеп, топырағын өңдеп, көшеттер отырғыздық. Көкөніс пен жеміс-жидектердің тұқымын ектік. Оны күтіп баптадық. Қысқасы, жерге қатысты шаруаның барлығын әліміз келгенше өзіміз істедік. Атамның кетпен арқалап, қауынын баптаған қыруар еңбегі көз алдыма елестеп, «атам секілді мол өнім алам ба, жоқ алмаймын ба?» деген сауалдар туындады. Шүкір, жаз бойы атқарған жұмысымыз зая кетпеді. Өнім жақсы шығып, кәдімгідей марқайып қалдық. Қызарған қызанақ пен көгерген қиярды қолымызбен үзіп жеп, алғаш рет дәмін таттық. Неткен тәтті, неткен шырын көкөніс десеңізші! Өз қолыңмен үзіп алып, жей бергің келеді. Дәл осы кезде­ бағбан атамның күн қаққан бейнесі көз алдыма келді. Атамның берген аманатын, айтқан өсиетін орындай алғаныма қуанып, осындай күнге жеткенімізге шүкіршілік еттім.
Сосын жұбайым Розаға мынадай әңгіме айттым: «Баяғыда атам қауынды үйді-үйге өз аяғымен жеткізіп беретін. Өзгелер де дәмін татсын, бөлісіп жегеніміз жөн болар. Ата жолымен шыққан өнімді біз де таратып берейік» деп, ойымды білдірдім. Ол қарсы болмады. Құда-құдағиларға, туыстарға, жақындарға, дос-жарандарға хабарлап, өз қолымызбен өсірген жеміс-жидектерді сыйға тарттық. Олар қуана қабылдап, бұл ниетімізге алғыстарын жаудырды.
Жер үйдегі алғашқы еңбек жылымыз осылай басталып, осылай жалғасуда. Атам өмір бойы кетпенін иығынан түсірмеген еді. Мүмкін, сол кетпенді маған аманаттаған шығар. Аманатқа қиянат жүрмесе керек. Мен де Жер-анаға деген махаббатымды суытпай, оның бетін гүл етуге күш салып келемін. Құдайға шүкір, биылғы жылдың жеміс-жидегі де мол өнім берді. Базарға бармай, бау-бақшада жайқалып өскен көкөністі аралап жүріп, көгерген қияр мен қызанақты, басқа да өнімдерді жинап әкеп, дастарқанға қоямыз, келген қонағымызға береміз. Атамның баласы болғанымды, атамның ­салып кеткен жолына адал екенімді дәлелдеуім керек қой.
Маған «Еңбегі көркем, көңілі дария, жүрегі дарқан адам кім?» десе, бірден «Ол – менің атам» дер едім. Бүгінде мен де ата болдым. Немерелерім Әлихан мен Гүлнисаны бау-бақшаға тартып, өнім өсірудің қыр-сырларына баулып жүрмін. Қолымдағы шағын кетпенімді күнге шағылыстырып, оларды еңбекке қызықтырамын. Жердің адамға берері жайлы түсіндіремін. Олар да түсінгендей кейіп танытады. Ата мен ­немере арасындағы сабақтастық жібі үзілмесе дейсің, отбасы құндылықтары арта берсе дейсің.

Мақұлбек Малдарбеков,
Қазақстанның құрметті журналисі

Жамбыл облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Алмабек

    Жақсы мақала. Рақмет.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.