ДОСТЫҚҚА ДӘНЕКЕР

Ұлы ойшыл Цицеронның: «Егер де біздің бақытымызға ешкім бізбен бірге қуанбаса, ол бақыт қаншама көп сүйкімін жоғалтар еді. Біздің бақытсыздығымызға бізден де қатты қиналатын дос болмаса, оны көтеру бізге қандай қиын болар еді» деген сөзі қандай терең пікір. Қасыңдағы доспын деп жүрген жанның қандай екені басыңа қиындық келгенде байқалады екен.

Маусым айының 24-жұлдызы күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласы маңындағы оқ-дәріні залалсыздандыру мекемесінде болған алапат жарылыс бүкіл Қазақстан халқын аяғынан тік тұрғызды. Айдың-күннің аманында тұтас бір қаланың халқын ұлардай шулатқан бұл оқиғаға ешкім де бейжай қарай алмады. Республиканың түкпір-түкпірінен «Арыс, біз біргеміз!» атты халықтық ұранға бір кісідей үн қатқан Қазақ­стан жұртшылығы ақшалай да, азық-түлік, жылы киімдермен де көмек қолын созып жатты. Міне, осындай қиын шақта Арыс жұршылығына Талғар ауданындағы ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Имин Тохтахунов пен Қызыл-Қайрат ауылындағы ұйғыр әйелдері кеңесінің төрайымы, Талғар аудандық ұйғыр этномәдени орталығы Кеңесі төрағасының орынбасары, республикалық ұйғыр этномәдени орталығының басқарма мүшесі Гульбанум Бакиева­ бас болып, бір топ азаматтар шын жанашырлық көрсетті. Осы бір қиын сәтте ұйымшылдық көрсеткен бауырластар Талғар ауданындағы 5-ауылда тұратын қандастарына үндеу тастады. «Көп түкірсе – көл» деген емес пе? Талғар жерінде қоныс тепкен 18500-ден астам азаматтар төрт-бес күннің ішінде 570 мың теңге ақшалай және 250 мың теңгенің түрлі азық-түлігімен қатар, киім-кешек заттарын Талғар әкімшілігі алдындағы «Арысқа көмек» штабына әкеліп тапсырды. Міне, осы қайырымдылық шарасына бел шеше араласып, көше-көшені жаяу аралап, халықты ортақ іске жұмылдыра білген жанның бірі – Гульбанум Зарипқызы.
Гульбанум Бакиева Еңбекші­қазақ ауданындағы Жаңашар ауы­лында (бұрынғы «Октябрь» совхозы) 1958 жылы туған. 1975 жылы Жаңашар ауылындағы орта мектепті бітірген Гульбанум Талғар қаласындағы ауылшаруашылығы техникумының есеп бөліміне түсіп, студент атанды. Жас кезінен спортқа бейім, мектеп қабырғасында жеңіл атлетикамен айналысып, комсомол жұмысын шырқ үйіретін пысық қыз мұнда да қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрді. 1976 жылы Қызыл-Қайрат ауылының жігіті Аблимид Бакиевке тұрмысқа шыққан ол Талғар қаласы шетінде қоныс тепкен ауданаралық газ мекемесіне слесарь, газ балонын­ тексеруші, қойма меңгерушісі, қауіпсіздік қызметінің диспетчері болып ұзақ жыл еңбек етті. Ғұмырының соңғы жылдары «Даму-газстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде есеп қызметкері, директордың орынбасары­ болған Гульбанум осы мекемеде өтетін ­«Наурыз» мерекесі, «Қарттар күні», ­­­«8 наурыз­­ – халықаралық әйелдер күні» мерекесінде ұйымдастырушылық қасиетімен көзге түсіп жүретін. ­«Зухражаным», «Жолыңа қарап», «Әке», «Ана ­туралы жыр» әндерін ерекше сүйіп, жүрегімен орындайтын Гульбанум­ Бакиева бұл күндері Қызыл-Қайрат ауылындағы ұйғыр әйелдері кеңесінің төрайымы ретінде аудан көлемінде өтетін игі шаралардың бірде-бірінен тыс қалып көрген емес. «Кісінің имандылығы – кісі сыйлауынан көрінеді. Адамның ақыл-парасаты, мәдениеті мен тектілігі – мінез-құлқынан көрінеді» деп Мұхаммед Пайғамбарымыз бір хадисінде айтқандай, түбі бір туысқан халықтың өнерлі перзенті, туған Отаны – Қазақстанның бір кірпіші болып қаланып, достықтың дәнекері боп жүрген Гульбанум Бакиеваның ғұмыр жолы осындай.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ

Алматы облысы
Талғар ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.