СЕРІКТЕСТІККЕ СЕРПІН БЕРМЕК

Бастөбе ауылдық округіндегі Бастөбе тауының етегінде Қазақстан мен Оңтүстік Корея Республикаларының арасындағы дипломатиялық, стратегиялық әріптестіктің орнауының 10 жылдығына орай ауқымды іс-шара өтті. Салтанатты шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, Оңтүстік Корея Республикасының бас консулы Ким Хынг Су, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Роман Ким және басқа да құрметті қонақтар қатысты.

Қасиетті Қаратал жұртшылығы Оңтүстік Корея мемле­кетінен келген делегацияның жүзден астам өкілдерін құшақ жая қарсы алып, ұлттық киім киінген әжелеріміз тәттіден шашу шашып, жеті шелпектен дәм татқызды. Кездесу сал­танатты түрде ашылып, Қазақстан мен Оңтүсік Корея мемлекетінің Гимні шырқалды. Қонақтар «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, отызыншы жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, қаза тапқан қандастарының рухына тағзым етті.
Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров шетелден келген қадірлі қонақтар алдында сөз алды.
– Ежелден-ақ ырыс пен бақ қонған қасиетті Қаратал өңірі жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір сан алуан этностардың құтты қонысына айнала білді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап Ресейдің орталық және шеткері аймақтарынан, Қап тауынан көптеген ұлттар мен ұлыстар қазақ даласына еріксіз көшіріле бастады. Солардың бірі – корей халқы Екінші дүниежүзілік соғыс басталар алдында, яғни 1937 жылы Қиыр Шығыс пен Владивосток өңірінен КСРО басшылығының пәрменімен Қазақстанға көшірілді. «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, жаратылысынан жуас, момын, табиғатынан еңбекқор корей ұлты өкілдерін қараталдықтар бауырына басты, қамқор құшағына алды. Қысылса да үйінен орын берді, жарты нан мен жарты құртты бөлісіп жеді. Осылайша, кеңпейілдігі мен дарқандығын танытты, – деді Серікжан Ісләмұлы.
Осыдан соң Оңтүстік Корея Республикасының бас консулы Ким Хынг Су, Кореяны біріктіру ісі жөніндегі зерттеу орталығының директоры Ра Джон Ок, «Хёндэ» госпиталінің директоры Ким Бу Соп мырзаға Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Алғыс хаттары табыс етілді.
Оңтүстік Корея Республикасының бас консулы Ким Хынг Су сөз алып: «Үштөбеге 1937 жылы 170 мың корей қоныс аударылған. Сол кезден бастап жаңа тарих басталды деп айтуға болады. Корейлер бастапқы кезде, басқа ортаға түскенде бастарынан қиыншылық өткізген болатын, алайда қазақ халқының көмегінің арқасында қазір жақсы өмір сүріп жатыр. Осында ескерткіштің қойылуы Қазақстан мен Корея Республикасының арасындағы қарым-қарынасты гүлдендіруге көмегі тиеді деп сенемін. Барша Корей халқының атынан қасиетті қазақ жеріне, қамқорлық танытқан қазақ еліне шексіз алғыс айтамыз» деп Серікжан Ісләмұлына облыс басшысына арнаған Алғыс хатын табыстады.
Сөз тізгінін алған Кореяны біріктіру ісі жөніндегі зерттеу орталығының директоры Ра Джон Ок Қазақстан мен Корея Республикасының арасындағы қарым-қатынастың 10 жылдығымен құттықтап, сонау аласапыран­ заманда Қиыр Шығыстан келген ата-баба­ларына көмек көрсеткен қазақтарға ризашылық ретінде корей медицинасы арқылы қарымта көмек жасалып жатқанына тоқталды. «Чосон Ильбо» газетінің редакторы Хонг Джунг Хо мырза Қазақстанға еріксіз жер аударылған корейлердің аянышты тағдырына бейжай қарай алмағанын айтса, Үштөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақберген Ибраимов­ Қаратал жерінде өзге ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқанын баян­дады.

А. ӨМІРБАЕВ
Алматы облысы
Қаратал ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.