СӨЗ СЫРЫ немесе қыры көп қолтаңбалар хақында

Тіл – сөз өнерінің мәйегі.
Оқылымды кітап – осы мәйектің бояуы мен болмысын құрайды.
Осындай сипатымен ерекшеленетін жаңа бір дүние – белгілі жазушы-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жақау Дәуренбековтің «Қолтаңба» кітабы.
Сөз саптаудан бастап, ой баптаудың сан алуан әдемі әдібін алға тартатын эсселер кітабының өзекті тақырып-өрімі қайраткерлік пен қаламгерліктің шынайылығы мен шеберлігі боп келеді. Әлбетте, соны көре білу де, бағалай білу де автор баянсөзінің бекзаттығына байланысты. Жаңа кітап – соның жарқын бір мысалы.
Кітап еліміздің белгілі тұлғалары, қоғам қайраткерлері мен замандас қаламдастары туралы әдеби портреттер түріндегі әсерлі жазылған көркем эсселерден тұрады. «Тұлғатану», «Ағалар мен інілер», «Мінез», «Ой кешу», «Сол бір күндер сағынышы», «Уақыт пен руханият» атты бөлімдерге жүйеленген бұл кітаптың негізгі өзегі – қоғамдағы тұлға, адам тақырыбы, сол арқылы қоғам мен заман сипатын, еліміздің қоғамдық-саяси, рухани өмірін саралап, сараптап, өзіміз өмір сүріп отырған кеңістіктің ауаны мен аужайына көз жіберу.

Кітаптың беташар бөліміндегі «Тұңғыштар мен тұлғалар» атты алғашқы әдеби эсседе белгілі мемлекет қайраткері, дипломат, айтулы тұлға, жақында ел тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің сыртқы саясатындағы белсенді де бірегей өмір жолы, сол саладағы қызметі оның «Нұр мен көлеңке» атты кітабына пікір білдіріп, талдау жасау арқылы баяндалады. Автор аталмыш эссесінде бұған дейін Қасым-Жомарт Кемелұлының дипломатиялық өмір жолының бастауынан, мемлекетаралық қарым-қатынастар саласында атқарған аса ауыр да абырой­лы істерінен, сол жолда жинаған тәжірибесі мен тағылымынан сыр шертетін ­«Беласу» атты кітабын бас алмай оқып шыққанын айта отырып, оның тәуелсіз мемлекетіміздің тағдырына, дамуына тікелей қатысы болған қажырлы еңбегін тілге тиек етеді. Көрнекті дипломаттың әлемдік саяси аренадағы көрнекті тұлғалармен қарым-қатынасы мен олар ­туралы ой-пайымдарын алға тартады және солар жайындағы өз көзқарасын білдіреді. Автордың АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Кофи Аннан, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Цзян Цзэминь, Ресейдің бұрынғы президенті ­Борис Ельцин, Сингапур Республикасының негізін қалаушы Ли Куан Ю, Ұлыбритания Премьер-Министрі Тони Блэр, Жапония Премьер-Министрі ­Дзюньитиро, африкалық атақты күрескер Нельсон­ Мандела,­ т.б. белгілі қайраткерлерді көру, білу, тілдесу, сұхбаттасу, қай-қайсысымен де қызмет бабын­да араласу­ арқылы жақын танып, ойлы тұжырым жасауы­на назар аударып, талдайды. Әрқилы халықаралық ірі дәрежедегі кездесулер мен қарым-қатынастарда кейіпкерінің зерделі мемлекеттік көзқарас, биік интеллект, парасат­ты пайым мен кәсіби біліктілік танытатынын атап көрсетеді. «Әрбір тұлғаны танып білуі мен өзінше бір шеберлікпен түйінделіп отырылуы ой иесінің жан-жақтылығымен қатар, сұңғыла саясаткерлігін де таныта түседі» деп жазады Ж.Дәуренбеков. Оның ойынша,­ ірі саяси тұлғаларды жан-жақты зерделеу үшін уақыт, білімдарлық, ұшқыр түйсік, дипломатиялық дәйектілік, мейлінше кәсіби шеберлік керек.­ Ал Қ.Тоқаев қай мәселені сөз етсе де, дипломатиялық ұстаным мен байыпты ойдың этикасына бағына отырып, бір-біріне ұқсамайтын тұлғалардың болмыс-бітімін, кәсіби қырларын барынша нақты көрсетуге тырысқанын, талғаммен таразылап, таныммен толғай білгенін тілге тиек етеді. Осы орайда оның бозбала шағындағы халықаралық журналист болуға деген арманы мен құштарлығы қазақ дипломатиялық публицистикасының топырағына тұңғыш түрен салуына түрткі болғанын айтады. Автордың пайымынша, Қ.Тоқаевтың «Нұр мен көлеңке» кітабы әлемнің әйгілі саясаткерлері мен дипломаттарының жазғандарымен терезесі тең толымды туынды болып шыққан.
Осы бөлімдегі «Шеше» аталатын эссе белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтановтың өмірінен бір үзік сыр шертеді. ­Эссеге оның «Заман және замандастар» кітабында жазған ана мен бала арасындағы қарым-қатынас жайындағы сырлары өзек болған. Бұл ретте Қ.Сұлтановтың «Бала күнімнен жауапкершілікті сезініп өстім» деген әңгіме-сұхбатын бөлектеп қарастырып, қайраткердің азамат, тұлға болып қалыптасуындағы анасының рөліне тоқталады. Әр сөзінен анаға деген махаббат пен сағыныш шүпілдеп тұрған осы бір өмірбаяндық әңгіме-сұхбаты арқылы өзіміз шыттай шенеунік деп танитын жанның адами, тұлғалық болмысы, кісілік қадір-қасиеттері танылатынын қадай айтады. Бұл эссе де тұлғатанудың, тұлғаны анасына деген махаббаты мен сағынышы, құрметі мен ізеті арқылы танудың бір қыры ретінде оқырманды ризашылыққа бөлейді.
«Тұлғатану» бөліміндегі келесі сөз бұл күнде фразеологиялық тіркеске айналып кеткен «Тасмағамбетовтың жүз кітабы», сол кітаптарға жанашыр болған мәрт тұлға жайлы. Қоғамның дөңгелегін алға жылжытып, өрге сүйрейтін экономика ғана емес, мәдениет пен руханият, соның ішінде әдебиет екені белгілі. Оған мемлекеттік деңгейде мән берілуге тиіс, тиісінше назар аударылып, қамқорлық жасалмаған жағдайда рухани тыныс-тіршілігіміздің көсегесі көгермейтіні айқын. Автор «Мәдениет дегеніміз мемлекеттік аппараттың бар буынынан көрініп тұруы тиіс» дейтін Ілияс Омаровтың көрегендік сөзін еске ала отырып, оның мемлекеттік қызметтің бар саласына тамыр жайып ­жатуы керектігін алға тартады. Рухани өмірде күйзеліске ұшырап, дағдарысқа ұрынудың салдарынан іштей іріп-шіріп, берекесі қашып, шаңырағы шайқалған елдер, мысалы тарихта аз емес. Бір кезде қазақ кітабы мен қазақ қаламгерлерінің де нарық қыспағында қалып, дағдарған кездері болды. Сол бір алмағайып шақта осы салаға қол ұшын созып, үлкен жанашырлық танытқан біртуар тұлға – қазақ мемлекетінің идеологиялық жұмыстарын басқарған Иманғали Тасмағамбетов ­болатын. Оның осындай сындарлы кезеңде қазақтың жаңа жүз кітабының өмірге келуіне мұрындық болуы, рухани саланың тамырына қан жүгіртіп, тынысын ашуы, шын мәнінде, Азаматтық іс еді. Иманғали Нұрғалиұлының «бар байлығым – жерім, бар еңбегім – елім» деп өткен Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібековтер тәрізді ұлт мүддесіне деген адалдығы мен жанашырлығы оның қазақ руханиятындағы орнын, қайраткерлік қасиеттерін, бекзат болмысын, тұлғалық келбетін айқындайды. Эсседе тұжырымдалған автордың өз сөзімен түйіндесек: «Ол – өзін мойындатқан, өзі мойы­майтын МӘРТ».
Кітаптың «Ағалар мен інілер» деп аталатын келесі бөлімінде қазақ қаламгерлерінің әдеби портреттері шебер сомдалған. Әр қаламгер – көзқарасы, түсінік-танымы, ой-пайымы, сөз өнеріндегі қолтаңбасы бір-біріне ұқсамайтын өзінше бір әлем, әрқайсысы жеке тұлға. Солай бола тұра, қазақ әдебиетінің қара қазанын бірге қайнатып, ұлттың рухани байлығын молайтуда бір мүдде тұрғысынан табылып жүрген идеялас, мұраттас жандар. Ж.Дәуренбеков әдебиет майданындағы алдыңғы толқын ағаларынан бастап, өз тұстастары мен өкшелерін басып келе жатқан інілерінің шығармашылығы, дүниетанымы, жазу стилі, туабітті мінез-құлықтары жайында үзік-үзік сыр толғай отырып, әрқайсысының өзіндік қарым-қабілетін, жазу машығын, болмыс-бітімдерін ашып көрсетеді. Әрбірінің стильдік қолтаңбасын ажыратып қарап, характерлік портреттер жасау арқылы автор әдебиеттегі тұлғалар ­галереясын сомдайды. Мәселен, қазақ сөзінің қара нары Қалихан Ысқақовты – «биігіне бой жетпейтін, қиясына ой жетпейтін» шыңға, философ ақын Қадыр Мырза Әліні сөзі діттеген жеріне дөп тиетін жебеге, «1961 жыл» поэмасымен әдебиет әлеміне дүбірлетіп келіп, дүр сілкіндірген Оразбек Сәрсенбайды әдебиет әдебін бұзған тарпаңға, көрнекті журналист, баспагер Нұрмахан Оразбековті жаужүрек батырымыз Баукеңнің (Момышұлы) журналистикадағы прототипіне теңейді. Сондай-ақ автордың әдеби портреттеріне арқау болған белгілі қалам шеберлері С.Бердіқұлов, С.Әшімбаев, Қ.Құрманғалиев, Ж.Әбдірашев, Н.Оразалин, О.Әбділдаев, Б.Мұқай, С.Досымов, Ж.Елшібеков, Қ.Әлім, С.Балғабаев, З.Асабаевтардың әрқайсысы өз шығармашылық қырларымен, қаламгерлік қолтаңбаларымен, тұлғалық қасиеттерімен, адами болмыс-бітімдерімен ерекшеленіп, көз алдыңа өзіндік бет-бейнесі келеді, тіпті автор қаламы оларды әдеби дүниелерде жасалатын образдар дәрежесінде сомдаған деуге болады. Сондай-ақ эстет жазушы-журналис­тер М.Қожахметова, Қ.Сәрсенбай, қазақ журналистикасындағы тұлғалар тақырыбының кілтін тапқан Ж.Аупбаев, кейінгі буын баспасөз майталмандары Д.Мыңбай, Ш.Паттеев, С.Ибраим туралы дәйекті ой-пікірлермен, нақтылы сипаттамалармен өрілген толғамдар да олардың әрбірін өз тұлғалық кейіп-кескіні мен суреткерлік қыры тұрғысынан биікке көтереді. Қорыта келгенде, Ж.Дәуренбековтің бұл бөлімде ұсынған әдеби портреттер топтамасы рухани әлеміміздің өзіндік көркем полотносы деп бағалауға тұрарлық.
«Қолтаңбаны» оқу барысында қаламгер­лердің шығармашылық қырлары мен сырлары ашылған, дара қолтаңбалары кестеленген эссе-туындылардан кейін олардың мінез-құлықтарының сипаттамаларымен, мінез туралы миниатюралармен қызыға танысамыз. Кітаптың келесі бөлімі осыны арқау етеді. Творчество адамдарының мінездері де бір-біріне ұқсамайтын бөлекше әлем, өзінше құбылыс. «Адам – әлем. Тани түссең – мың мінез» деп жазады автор. Сөйтіп, қызметтес болған, араласып-құраласқан қаламдастарын, өнер адамдарын өзі куә болған немесе естіп білген, түрлі өмірлік ситуацияларда, ойламаған жерден, ойламаған тұстан көріне беретін мінез құбылыстарын көрсету арқылы олардың адами болмысы мен бітімін, табиғаты мен қалып-қасиеттерін бар қырынан жарқырата ашады.
Жайлы мінез (Ү.Уайдин), жайсаң, бала мінез (О.Әубәкіров), дала мінез (Ш.Берсиев), бекзат мінез, мықты мінез (С.Әшімбаев), найзағай мінез (Б.Момышұлы), шуақты мінез (С.Нұрмағамбетов), арқалы мінез (А.Тоқпанов), өр мінез (Ж.Молдағалиев), көркем мінез (Ә.Кекілбаев), сырлы мінез (Қ.Мырза Әлі), сабырлы, салқын мінез (Қ.Сәтбаев), мәрт мінез (И.Тасмағамбетов), неміс мінез (Г.Бельгер), жұмбақ мінез (М.Қожахметова), қыран мінез (С.Бердіқұлов), дарқан, дара мінез (С.Оразбаев), қарапайым кемел мінез (Б.Шаханов), ақжайлау мінез (Ә.Сығаев) деп, нақты сараптап сипаттау арқылы қазақы, ұлттық мінездер топтамасын жасайды. Мінез туралы психологиялық пайым-толғамдарын «Мінездің Менге айналатыны да өмірлік ақиқат екен», «Тегінде, қаламгердің қаламы да мінезіне ұқсайды-ау», «…мінез – адамдықтың белгісі…», «Мінезді әлемге – мінезді адам керек», «Мінезді адамдар – біздің құндылықтарымыз», «Ұлттық мәдениеттің ұлттық мінезі болуы керек», «Мінез – адам табиғатының өмірдегі келбеті мен қасиеті», «Адам рухының күштілігі мінезінен байқалып тұрады», «Қазақтың мінез-құлқы – қара сөзі мен дана сөзінде» деген философиялық оймен түйіндеп, бекітеді. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың қағидасына жүгіне келе, әрбір жанның қоғамға, халқына бір мысқалдай болса да пайда келтіруінің алғышарты және адамды – адам ететін, тұлға жасайтын оның бойына туа біткен, түп-тегінен даритын мінез деген тұжырымды алға тартып, тұлғатанудың, адамтанудың сырларына үңілдіреді. Ұлы Абайдың отыз тоғызыншы қара сөзінде айтылғандай, ата-бабаларымыздың кейінгі замандағылардан артық екі мінезі бар екен, оның бірі – ел-жұрты топ басқарған кісілерді зор тұтып, соңынан ере білетін болса, екіншісі – намысқой келеді екен. Дананың ойынша, осы екі мінез арлылық, намыстылық, табандылыққа тірелетін көрінеді. Автор мінез сипаттамаларын қорыта келе, осы жайға баса назар аударады.
Сайып келгенде, автордың мінез миниа­тюралары идеясының тағы бір астарында Г.Бельгердің «Әр ұлттың я нұрлы, я көлеңкелі мінезі әлгі халықты түбінде не қатерден сүріндірмей алып шығады, я болғызбасын болғызбай, тоздырып тынады» деген пікірімен өзектес ойлар жатқаны хақ.
Кітаптың «Ой кешу» атты бөлімінде қаламгердің қоғам, адам, өмір, қоршаған орта, табиғат, көркем әдебиет пен оны тудырушылар, қоғам дамуындағы жазушы міндеті мен мақсаты, шығармашылық шеберлік ­туралы өз көкейіне тұнып, санасына ұялаған кемел ойлары кестеленген. Бұл бөлімге арқау болған жайттар – жазушының өзіндік дүниетанымы, түйсік-түсінігінен туған ой-пікірлері нақтылығымен, дәйектілігімен, қандай нәрсені болсын ­таным мен пайым елегінен өткізіп, саралай білуімен бағалы. Әрқайсысы философиялық терең ойдың жүгін көтеріп тұрған афоризм тақылеттес.
«Өмір тұнған тақырып. Жазушы содан өз инесін тауып алып, сабақтай білуі тиіс» дейді автор. Оның айтуынша, қаламгерді қазақ халқының басқа жұртпен қатар өркениетке енуі толғандыруы тиіс. Өз заңдылықтары мен қағидаларына мойынсұндырып, төрімізге озбақ ниетпен есігімізден ентелей еніп келе жатқан жаһандану дәуірінде әдебиетіміздің жай-күйі қалай болмақ? Оны толғандыратын да – осы мәселе. Бұл орайда жазушы осыдан жүз жыл бұрынғы Міржақып Дулатовтың: «…Әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны – әдебиет, жансыз тән жасалмақ емес» деген пікіріне сүйеніп, ұлылардың ұлағаты санамызда әрқашан жаңғырық салып тұруы тиіс дегенді айтады. Яғни әдебиет пен өнер қай заманда да, қандай жағдайда да ұлттық сипатта болуы тиіс, өйткені ол – ұлттың өз құндылығын сақтап қалып, мәңгілік өмір сүруінің бірден-бір кепілі.
Жазушы Ж.Дәуренбековті толғандырған толғақты ойдың келесі бір тарамы кітап мәселесіне тіреледі. Автор жазушы әрі бас­па­гер ретінде «Кітап қанша тұрады?» деген көкейкесті сауалға жауап іздеп, қоғамымызда кітапқа қатысты идеологияның әлсіздігінің, дұрыс жолға қойылмауының сан түрлі себеп-салдарларына үңіледі. Қоғамның өңі өзгеріп, онымен бірге рухани құндылықтар да өзгеріске ұшырап, адам санасын нарық биледі, рухани құндылықтар нарық интервенциясының шырмауында қалды. Интернет пен электронды құралдардың айы оңынан туып, өз үстемдігін жүргізіп тұр. Бұрынғы кітап шығару саласындағы бірізді жүйенің іргесі ыдырап, баспа өнімдері насихатсыз қалды, оқырман мен кітап арасындағы байланыс үзілді. Сөйтіп, «кітап та жападан-жалғыз, автор оқырмансыз қалды». Кітап та, қаламгер де жетім баланың күйін кешіп, қамқорлыққа, жанашырлыққа зәру дәрежеге жетті.
Сонда тоқсан толғаулы мәселенің шешімін қалай табуға болады? Автор осы төңіректе толғана отырып, өз ой-пайымымен бөліседі. «Кітабына қамқор бола білген қоғамның желкені жығылмағанға ұқсайды» дей келе, тығырықтан шығу үшін кітапқа мемлекеттік тұрғыдағы көзқарас қалыптасуы қажеттігін, жан-жақты ойластырылған кітап саясатының қолға алынуы керектігін тілге тиек етеді. Сондай-ақ автор мәселенің тағы бір қырына көз салып, «Көркемдік қуаты мол керемет туынды келуі керек. Ол кешікпей келуі ­керек. Өйткені уақыт күтпейді, уақыт өзімен жарысқан бәсекені қалайды», «Қаламгердің қуатты дауысы­ керек бізге, бәрімізге, бүгінгі күнімізге» деген уәжді ой айтады.
Автордың өз сөзімен түйіндесек: «Ұлттық құндылық ретіндегі кітаптың құны қанша тұрады?» Бұл үйге тапсырма да емес. Бұл ұлтқа тапсырма». Яғни сіз бен бізге тапсырма.
Қаз-қалпында қағазға түскен «Сол бір күндер сағынышы» жайында бірер сөз. Кітаптың келесі бөлімі осылай аталады. Автор­ мұнда өткен ғасырдың 60-80-жылдарын – қазақтың рухани кеңістігінің үлкен бір пұшпағына айналған атақты «Лениншіл жас» газетінде қызмет істеген жылдарын сағынышпен еске алып, санасында қайта жаңғыртады. Ел арасында «Ленжас» аталып кеткен іргелі де қуатты шығармашылық ұжымның тірлік-тынысын, ұжымдағы атмосфераны баяндау үшін өз қолымен сол бір жылдары жазылған күнделікті сөйлетеді.
Кітаптың «Уақыт және руханият» атты бөлімінде жинақ тініне желі боп тартылған әдебиет пен мәдениетке қатысты өзекті мәселелер одан әрі өрбиді. Автор қаламгер – кітап – оқырман жайына тағы бір оралып, кітаптың қоғам өміріндегі орнын, жалпы алғанда, адам тәрбиелеудегі рөлін кеңінен сөз етеді. Ұлт ретінде әлем алдында қалай көрінуіміз керек, бүгінгі әдебиетте қазақ жаны қаншалықты көрініс тауып жатыр, қазақты, оның жан дүниесін жазуда қаламгерлер қаншалықты еңбектенуде деген сауалдарға жауап табуға тырысады. Оның пайымынша, заманның қаһармандарын ­жасау үшін рухани жетіліп, сананы сілкінтіп, жаңаны жалынан ұстай білу қажет. «Бұл – рухы биік қаһарманды сомдау, оны сүйсініп еліктеуге лайықты етіп жазу. Мұның өзі әр қаламгердің ұлт болашағы үшін қосар үлесі болмақ».
Ал ұлт болашағының кепілі не? Автор оны ұлттық пассионарлық намыста деп біледі. Қаламгердің жіліктеп шағып, жіктеп көрсетуінше, болашағы зор сілкіністерге апаратын пассионарлық намыс ұстындары – ұлт қамы, ұлт идеясы, ұлт мінезі, ұлт тілі, ұлттық идеология, ұлттық сана, ұлттық ұстаным, ұлттық намыс. Әлем мемлекеттерімен терезесі тең ел болу үшін, жаһандану үдерісі барысында өз табиғи қалпымызды, болмыс-бітімімізді сақтап қалу үшін осы ұлттық құндылықтарымызды әлсіретпей, бекем орнықтырып, өмір-тіршілігіміздің арқауына айналдыруға тиіспіз. Бұл ретте жеке тұлғалардың да, әрбір азаматтың да, қаламгерлердің де, қазақ кітабы мен баспасөз құралдарының да жауапкершілігі орасан, мойнында арқалаған жүгі ауыр секілді пайымдар көрікті қайырымдарға бастау болғандай, толғақты ойлар тұнығын сыйлайды.
Осындай ойлар тоғысын алға тартқан «Қолтаңба» кітабының тағы бір ерекшелігі – рухани кемелденудің ұрпақ үшін қат-қажеттігін көркемсөзбен айта білуінде. Көрікті ойға ерік беріп, көркемсөзге қамшы салдырмайды.
Сайып келгенде авторды қаламгердің қылт еткен қыры қызықтырады, жылт еткен ойы тұшындырады екен. Әрбір қаламгердің жазуында өзіндік стилі – өзіндік қолтаңбасы болатынын байқампаз білгірлікпен саралай біліп, баяндаудың сан түрлі мәнерімен тін тарқатып, ой түйеді. Осының бәрі автордың әр қаламгердің шығармашылық теңізіне қалам-қайығын салып, желкенін көтеріп жүзе білуінің арқасы деуге болады.
Қорыта айтқанда, көрнекті жазушы-журналист Жақау Дәуренбековтің әдеби эсселерден тұратын рухани жаңғырудың жарқын серпілісі көрініс беретін «Қолтаңба» кітабының басты идеясы – ұлттық мүддеге адалдық, ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет ету. Кітаптың қалың оқырманмен қатар, жас ұрпаққа, әсіресе қолына қалам ұстап, әдебиет пен журналистика саласына бет түзеген шығармашыл жастар үшін ұқтырар танымы мен берер тәлім-тағылымы мол екені күмәнсіз.

Балжан ХАБДИНА
журналист, Баспа және
полиграфия ісінің қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.