Адалдыққа үндейтін жоба

Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті бірлесіп ұйымдастырған «Жетісу – адалдық алаңы» жобасының аясында «Адал бол» акциясы өтті.

Арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Асқар Садықов арнайы дайындалған бейнеролик ұсынды. Аталған бейнебаяндық фильмде жемқорлықтың қоғамға тигізер зияны басым екендігін анықтайтын деректер мен дәйектер көрсетілді.
Ол өз сөзінде жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең, жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын-алу және барлық мемлекеттік органдар мен ­лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізу, яғни жемқорлықпен күресу керектігін, оның барлығы жалпыға ортақ міндет екендігін атап өтті.
– Жемқорлықпен айналысу – Отаныңды сатумен бірдей. Өскелең ұрпақтың бойында мұндай кемшіліктерді қалыптастырмас үшін бүгіннен бастап бұл іске белсене атсалысуымыз керек. Ұрпақ – ертеңгі болашағымыз. Олардың жарқын әрі адал өмір сүрулері үшін алдыңғы буын ағалардың алдында үлкен міндет пен мақсат тұр. Сондықтан да жемқорлыққа бәріміз бірауыздан «жоқ» деп айтуымыз керек, – деді «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев.
«Адал бол» акциясы аясында «Жаңғыру жолы» аймақтық штабы және еріктілер көшелерге, қоғамдық орындарға шығып, дайындаған флаер, тақырыпты парақшыларды көпшілік жұртқа үлестірді. Ол парақшаларда жемқорлықтың зардабы туралы қысқаша анықтама берілген. Қала тұрғындары аталған парақшамен танысып, өз ойларын ортаға салды.
Талдықорған қаласының тұрғыны Марат Еркінұлы: «Жемқорлық бүгінгі таңда өршіп кеткенін жасыру мүмкін емес. Қаншама білімді де білікті азаматтар темір тордың арғы жағында соның кесірін көріп отырғаны жасырын емес. Олардың бойында білім де, сана да, біліктілік те бар. Бірақ олардың жүрегінде иман жоқ. Сол себепті сондай­ теріс әрекеттерге барады. Олар діни сауатты болса, мұндай қадамға бармас еді деп олаймын» деді. Талдықорған қаласындағы №2 мектептің ұстазы Гаухар Ордағұлова: «Мектеп қабырғасында білім алып жатқан жас ұрпақ бұл тақырыпты толық меңгеру үстінде десем, артық айтқаным болмас. Сынып сағаттары мен арнайы ашық сабақтар осы тақырыпқа бағытталып өткізіледі. Жас ұрпақтың бойына жат әдеттерден аулақ болуды барынша сіңіріп жатырмыз. Алайда алдыңғы буын өкілдері бірінші болып бұл қадамның теріс екенін айтып, түсіндіріп, соны іспен дәлелдесе деген ойым бар» деп атап өтті.

Ж.АЛМАСҚЫЗЫ
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.