Бірлікті арқау еткен «Қазақтану»

Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылында Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңестерінің жиыны өтті. Шара басталмастан бұрын халық қолөнер шеберлері бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.

Абылай хан алаңында ҚХА қолдауымен жүзеге асатын ғылыми-ағартушылық «Қазақтану» тұжырымдамасының тұсаукесер рәсімі өтті. Жобаның негізгі мақсаты – қазақстан­дықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайту. Бұл бастама Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған.
Аталған жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ­жобаларын ілгерілетуге арналды. Бұл басқосуда «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Алматы облысында 627 қоғамдық келісім кеңесі құрылып, жұмыс істеп тұр. Олар түрлі этнос арасындағы достық қарым-қатынас пен ауызбіршілікті нығайтуға атсалысып, кең байтақ қазақ жерін мекен еткен ұлттар мен ұлыстарды бір мақсат, бір мүддеге жұмылдыру жолында аянбай еңбек етіп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы бүкіл халықты шоғырландыратын ортақ құндылықтарды қалыптастыруға, қазақтың тарихын, мәдениетін, философиясы мен этикасын дәріптеуге бағытталған. «Біз ортақ тарих, азаматтық бастаулар негізінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін одан әрі жетілдіруге күш ­салып, елімізді гүлдендіруге атсалыса беретін боламыз» дейді жиынға қатысушылар.
Жиынға белсене атсалысқан Ұйғыр аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Жеңіс Тойшыбеков өз ойымен бөлісті.
– Біздің ауданымызда 14 селолық әкімшілік бар. Сол әкімшіліктердің жанында қоғамдық келісім кеңестерін құрдық. Біздің аудан негізінен екі ұлттан тұрады, қазақ пен ұйғыр. Ауылда әртүрлі жағдай болып қалуы мүмкін, әсіресе, жастар мен балалардың арасында. Мынау бірлікті сақтауға қоғамдық келісім кеңестері үлкен жұмыс атқарып жатыр. Бұл өскелең ұрпаққа да сабақ болмақ. Қазақстан халқы Ассамблеясының осындай жобасы аясында әр түрлі этнос өкілдері татулықта, ауызбіршілікте ғұмыр кешетін болады. Ең бастысы – татулық, тыныштық.
Иә, расымен де, елдегі тыныштық – біздің басты мақсатымыз. Қазіргі бейбіт өмірде ғұмыр кешу де бәріміздің ең басты құндылығымыз екенін естен шығармағанымыз абзал.
Алматы облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбайдың айтуынша, бұл өте тиімді жоба болмақ.

А. ЖАНТАС
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.