АЯУЛЫ ЖАНДАР АРДАҚТАУҒА ЛАЙЫҚ

Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевқа!

Құрметті Ақментай! Сәлеметсіз бе? Бір кездерде (Советтік  жүйе билік еткен жылдарда) өзінен енші алып шыққан Сарыағаш ауданына бірнеше рет қосылып, бірнеше рет қайта бөлінген Келес ауданының әуелі Құдай, онан соң Елбасы, қала берді Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиев пен өзіңіздің арқаңызда қайтадан өз алдына аудан болғанына қуанышты лебізімді бұдан  бұрын да республикалық «Ана тілі», «Сарыағаш» газеттерінде білдірген едім. Тағы да құттықтау артық болмас деп ойлаймын. Әсіресе, соғыс жылдарының ауыртпалығына куә болған балалық шақтағы бастан кешкен қиындықтар ұмытылар ма?

Келес топырағының тумасы ретінде бүкіл ел-жұрт, үлкен-кіші қауым және екі әкім – сіздерге барлық салада табыс, игіліктер тілеймін. Күллі Келес ауданы бойынша жалғыз орта мектеп болып, бірнеше жыл қатарынан бір ауданның балалары сол мектептен ғана аттестат алғанын да еске сала кетейін. Бұл жақсылықтың белгісі емес, халық әупірімдеп аман қалғанның нышаны еді. Кейін Алла жар боп, бәрі түзелді, оңалды. Өз басым сол мектепті 1953 жылы бітіріп, одан 1957 жылы Ташкенттегі пединс­титуттан диплом алған соң, арман жетегінде елден жырақтап, анда-санда ат ізін салумен шектелетін жай бар. Міне, содан бері 67 жылда республикада, Келесте де талай өзгерістер болды. Көз көрген жасы үлкендер, қатар-құрбы, замандастар сиреген. Жаңа ұрпақ, жас буын өркен жаюда.
1958 жылы шағын қала Алматыға келгенімде Келес перзенті, бірден-бір ғылым кандидаты (кейін профессор, болашақ министр, қазір жасы 90-ға таяған ғұлама ғалым Төрегелді Шармановқа ғылыми жетекші болғандардың бірі) Әмір Алданазаров, аспирант (болашақ Орталық партия комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары, Оқу министрінің орынбасары, Талдықорғанда ректор, КазГУ-де проректор болған) Лениншіл Рүстемов, онан соң республикалық «Лениншіл жас», Сарыағаш аудандық «Қызыл Ту» газетінде, одан тағы да (1964 жылғы сәуірден бастап) Алматыдағы «Мәдениет және тұрмыс» журналында (қазіргі «Парасат») осы күнге дейін қызмет етіп келе жатқан, 1972 жылдан басшылық салада (орынбасар) болып, басылым таралымының 550 мың данаға жетуіне үлес қосқан мен пақыр, тағы да бір-екі азамат пен шамалы студенттер болса, қазірде миллионнан асатын тұрғыны бар оңтүстік Астанада келестіктер мол. Оған тәуба.
Биылғы жылы «Жұлдыз» журналының №2 санында Келес туралы жарияланған көлемді мақалада (авторы келестік журналист Оңғар Исаев), сол азаматтың «Заман Қазақстан» газетінде парсылық Кир патшаның Келес топырағында Тұмар ханым басын кескені туралы шыққан екі беттік мақалада бірқатар нақты мәлімет, деректер қамтылады. Классик жазушылар марқұм Әбіш Кекілбаев, қазір Америкада тұратын Мұхтар Мағауиндер үнемі айтып, жазғандай, рухани сауатты, намысты, ұлтсыздықтан аман болу үшін ана тілдегі басылымдарды оқу, арғы-бергі тарихтан хабардар бола жүру, өзгелерден артта қалмау керегі айтпаса да белгілі. Надандық, көрсоқырлықтан сақтасын. Іншалла, қазақ даңқы өрлеуде. Бір-екі жыл ішінде жас әнші Димаш Құдайбергенов халқымызды әлемге өнермен әйгілеп, нағыз ұлтжандылық биіктен көрінуде. Тіл-көз тасқа!
Бүгінде де Келес топырағынан шыққан белгілі азаматтар аз емес. Келес тарихы – сан қырлы, қатпары қалың, қазыналы, ғибратты ­тарих. Ішкенге мәз, жегенге тоқ азғыншық топтан өзгелер оны ұғады, түсінеді (қайда да солай).
Арғы-бергі кездерде Келес ауданын басқар­ған Дүйсебаев, Жидебаев, Тиесов, Тумышев, Бахтияр Әжібеков, Малдыбеков, Жүнісов, ­Әжі­метов, Жәнібеков, Ақышев, Тұрдалин, Есенов секілді тұлғалардан (олар көп) қалған жарқын іздер ел есінде, халық жадында. Ұмытылмайды.
Әне, сол азаматтар республиканың барлық аумағында тұратын жерлестерін ұмытпай, туған жерге шақырып, ыстық ықылас, адал пейіл білдірген кездерге куәлердің біріміз. Оған айғақ ретінде сонау жылы аудандық партия комитетінің бірінші секретары Тойым Жүнісов, бөлім меңгерушісі, орта мектепті ­менен екі жыл бұрын алтын медальмен бітірген белгілі ақын, мейлінше білімді, сауатты, кісілігі жоғары досым Өзбек Дүйсенбаев, совхоз ­директоры Беген Қалмаханов үшеуі Алматыға алты сағатқа әдейілеп келіп, жиырма шақты азаматты «Келесім – атамекенім» атты жиынға шақырғаны неге ұмытылсын!?
Енді негізгі айтарымызға келер болсақ, жоғарыда айтқандай, арғы-бергіде Келес топырағынан шығып, елдің атын шығарып, абыройын көтерген тұлғалар, шүкір, аз емес. Бұрын да, қазір де. Негізгі мақсат – солардың аттарын атап, есімдерін еске салу, жаңғырту әрі бірер ұсыныс-пікір айту. Енді бұл сөзіміз Ақментай бастаған ауданның өзге де басшы-қосшыларына арналатынын да жасырмаймыз. Алдымен ауызға аларымыз…
Келес өз алдына отау тігіп, жеке аудан болған жылдарда қатары селдір жергілікті қауым ішінен шығып, ел мен жерге шама-шарық­тарынша қызмет етіп, еңбегі сіңген санаулы қайраткерлердің кім екені, аты-жөнде­рін атау. 1953 жылы елден кетсек те, бала кездегі азын-аулақ көрген-білгендер, естігендер көкейде. Соларды неге айтпасқа дейміз де қазір ал­дақашан сексеннен асқан шақта. Олар: Совет Одағының Батыры Лесбек ­Жолдасов, қоғам қайраткері, Ташкентте Түркістан Орталық Атқару комитетінде Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановпен бірге қызмет атқарған ағартушы-ғалым, ақын, халық жауы ретінде он жыл айдауда боп, оралған бойда қайтыс болған ­Зиябек Рүстемов, ауданда зор беделге ие болған Әбді Сәтбаев, Қожабай қари, одан соң кейінгі жылдарда үлкенді-кішілі басшылық лауазымдар атқарған Әнуар Тұрдалин, Пердебаев, ағайынды Тұрдымұрат, Әжімұрат Әзімбаевтар, Тазабек Есенов, Әбутәліп Әбдуәлиев, Ерғали Нұрмағамбетов, Отан соғысы жылдарында «Қызыл әскер» колхозынан шыққан үш бірдей Социалистік Еңбек Ері, председатель Ермек Байбеков, мақташы Рыскүл Мақатова, Пілтән Мамыров, ұзақ жыл ел басқарған Ақай Ештаев, 1939 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық еңбек озаттарының слетіне қатысқан тракторшы Әтембай Бақторазов, «Саңырау» колхозының бастығы болған Жұмагүл Бақторазова, өзге де аяулы жандар ардақтауға бек лайық. Осы аталған және аталмаған ардагерлердің кейбірі бол­маса, көбі атаусыз, ескерусіз қалғаны өкінішті. Және бұл үшін біреуді кінәлаудан аулақпыз. Олар өзінше де…
Келестен шыққан – есімдері күллі республикаға белгілі – өнер, әдебиет, мәдениет, ғылым қайраткерлерін бүгінде туған жерде екінің бірі біле бермейтіні, насихат, ардақтау, әспеттеу кемшіндігі өзінше өкініш, елдікке сын (дер едік). Атап айтқанда, Халық ақыны Қалдыбек Әліқұлов, Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан теңізші, ақын Тоқаш Бердияров, Ұлы Отан соғысының ардагері, медицина ғылымының докторы, профессор, 57 жасында бақилық болған Әмір Алданазаров, ғалым Нұрлыбай Қалшабеков, 61 жасқа қарағанда өмірден озған көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Лениншіл Рүстемов, Семей, Таразда ректор, ұзақ жыл Алматы Технологиялық университетінде ­декан, кафедра меңгерушісі болған, өткен жылы туған жерден топырақ бұйырған белгілі ғалым Болат Төлегенов, 53 жасында қайтыс болған Қазақ КСР-нің халық артисі, Әуезов атындағы театрдың бірегей актері Әшірәлі Кенжеев, тура осы жасында көз жұмған тұңғыш кәсіби мүсінші Рысбек Ахметов, әйелдерден шыққан прозашы-жазушы Орынкүл Тәжиева, жазушы Немат Келімбетов, Келесте он бес жыл бас дәрігер болған Сүйіндік Дәулетов, ұзақ жыл бас дәрігер болған Аман Қожабиев, өзге де айтулы тұлғалар жетерлік. Өмірден өткеніне жиырма жылдан асқан ерекше талант иесі, драма актері, суреті Әуезов атындағы театрдың төрінде тұрған Халық артисі Торғын Тасыбекованың жары Әшірәлі Кенжеевтің атында осы күнге дейтін жарытымды ештеңе жоғы, Абай ауылындағы Мәдениет үйіне есімін беру мұң боп келе жатқаны абырой емес, ағайын. Ел-жұрт үшін мін. Халық артисі атағы екінің біріне бұйырмайтын – Серке Қожамқұлов, Құр­ман­бек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Сәбит Оразбаев, т.б. иеленген – аса жоғары дәреже емес пе?! Бұл жөнінде өткен жылы «Еге­мен Қазақстан» газетінде Әшірәліден он жыл кейін қайтыс болған, жасы да кіші, өзім жақсы біліп, сыйлас болған Халық артисі Әнуар Боран­баевқа қайтыс болған бойда туған же­рінде ескерткіш орнатылып, орта мектеп, Мә­дениет үйі, үлкен көше, Арқалық қаласында кино­театрға аты берілгені жөнінде жазғанмын. Сол тұрғыдан қарағанда, аудан орталығындағы көптен сөз болып, шешімін таппай келе жатқан Мә­дениет үйіне Әшірәлінің атын беру аз. Кешенді, ауқымды іс-шара қажет. Басқа марқұм қайрат­керлер жөнінде де солай. Бәлкім, елден алыста­ғаныма жетпіс жылға таянған мен аяулы жандар­дың бәрін бірдей біле бермеуім де мүмкін шығар. Оны өзгелер толықтыра жатар деген сенімім үлкен.
Келестен шыққан тұлғалар – мемлекет ­тарапынан лайықты бағаларын алғанмен, туған топырақта да елеусіз, ескерусіз қалмағаны дұрыс шығар деп ойлаймын. Елге еңбегі сіңіп, туған жердің атын шығарған талантты ұл-қыздарын ұлықтау күллі халық, өскелең ұрпақ үшін қажет! Сондықтан…
Жоғарыда баяндалған азын-аулақ ой-толғам, ұсыныс-пікірлер жаңа әкімнің атына айтылып отырғанмен, көп болып қолға алатын, жалпыға ортақ, кеудесінде оты бар, санасы ояу баршаға ортақ жай екені түсінікті. Олай болса, қозғал, қимылда, ағайын!
Оян, келестіктер! Жерлес марқұмдарға тағзым етіп, бас июші…

Зәкір АСАБАЕВ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері,
Сарыағаш ауданының
Құрметті азаматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.