ЗИЯЛЫЛЫҚ ҮЛГІСІ

Мен өзімнің өмір жолымда елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, саясаткер,­ ғалымдар, білікті басшылар және талантты да іскер азаматтармен қызметтес болдым. Сондай жандардың бірі ретінде белгілі қоғам қайраткері, саясаткер, ғалым, еліміздегі Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Ақан Бижановты атар едім. Ол кісімен сонау 90-жылдардың ортасында «Қазақстанның Халық бірлігі» партиясында қызметте жүргенде танысқан болатынмын. Осы партияның Орталық Комитетін ең алғаш белгілі саясаткер Қуаныш Сұлтанов басқарған еді. Көп кешікпей Сұлтанов Қытай Халық Республикасына елші болып тағайындалды да, оның орнына Тұнғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың көмекшісі болып­ жүрген, кейіннен Пре­зидент Аппаратының ішкі саясат бөлі­мін басқарған Ақан Құсайынұлы сай­ланып, осы қызметті қоса алып жүрді. 

Оның кандидатурасын Орталық Коми­­теттің бюросы бірауыздан қолдады. Елба­сы­ның қолдауымен құрылған «Қазақстан Халық Бірлігі» партиясының (ҚХБП) негізгі мақсаты – халықтың шын жанашы­рына айналып, ел бірлігі, елдік мұраты­мыздың өршіл мақсаттарын жүзеге асыру және саяси-экономикалық тұрақтылықты сақтау болатын. «Қазақстан Халық Бірлігі» париясының Қазақстан халқының саяси-қоғамдық белсенділігін жасампаздыққа бағыттауға, ел мүддесі үшін ынтымаққа үндеуге тікелей ықпалы да, мүмкіндігі де мол болатын. Сол кездегі партиялардың ішіндегі ең беделдісі, ең ­танымалы ҚХБП еді. Ілгеріде айтылғандай, әсіресе әлеу­меттік салаға көп көңіл бөлінді. Содан ба, партияның қабылдауына келетін қа­ра­пайым халықтың шоғыры қашанда қалың-тұғын. Олардың арасында мүмкіндігі шек­теулі жандар, көпбалалы отбасылар және зейнет­керлер жиі ұшырасатын. Қабылдауға келген әрбір жан назардан тыс қалған емес.
ҚХБП сол уақытта көптеген қоғамдық ұйыммен тығыз қарым-қатынас орнатты. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының арда­герлері, жастар ұйымдарымен, мүмкін­дігі шектеулі жандар, көпбалалы аналар ұйымдары және белгілі саясаттану­шы ғалымдар да жұмысқа тартылды. Олардың қатарында Сергей Дьяченко, Мырзабек Ахметов, Ахет Бақтыбаев, ­Леонид Гирш, Лидия Кармазина, Қанапия Ғабдуллина және тағы басқалар болды. Бұл азаматтар партия беделінің артуына ауқымды үлес қосты. Сонымен қатар Президент жанындағы Қа­зақстан Стратегиялық зерттеулер инсти­тутымен және алыс-жақын шетел партия ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, соның арқасында көптеген жаңа идеяға бастама көтерді.
ҚХБП-ның Орталық комитетінің шешімімен барлық облыс, аудан орталық­тарында бөлімшелері ашыла бастады. Халық партияның бағдарламасын қолдап, белсенді түрде жаппай партия қатарына өте бастады. Партияның Орталық ­ко­митеті үгіт-насихат жұмыстарын жүр­гізу нәтижесінде бастауыш партия ұйым­дарының саны көбейді. Осындай бөлім­шелердің бірі Алматы облысының айма­ғында да ашылған еді.
Алматы облысы бойынша партияны сол кездегі облыстық мәслихаттың хатшысы Ахет Бақтыбаев басқарды да, мен осы облыс бойынша ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болдым. Сонда Ақан Құсайынұлы мен сияқты жастарға үнемі қолдау көрсетіп, жол сілтеп отырды. Халықтың мұң-мұқтажын ойлайтын бірден-бір партиялардың бірі осы ҚХБП еді. Игілікті істердің орындалуына Ақан аға мұрындық болып, сол жұмыстың жүйесін тапқанша жарғақ құлағы жастыққа тимейтін. Қызметтес болған жылдары ол ұстаз, ал біз шәкірт сияқты болып жүрдік. Көбіне біздер әр нәрсенің байыбына бара бермейтінбіз, ал Ақан Бижанов болса, әрқашан ақыл қосып, осы партия жұмысының қыр-сырына қанықтырып отыратын. Оның әр әрекеті, әр ісі, әр сөзі орнықты, не нәрсені сөз қылса да біліп айтатын біліктілігі көзге көрініп тұратын зияткер адам. Адамның ішкі жан дүниесін терең ұғына білетін, түсінетін сезімтал, психолог деуге­ де болады. Қысқасы, әрдайым қарапайым қалпын бұзбайтын, кішіпейіл жан. Ешқашан дауыс көтерген емес. Жіберген қателігің болса, сыпайы түрде адамның ­намысына тимей,­ байыппен әр істің мән-жайын түсіндіретін. Өз ісіне берік нағыз саясаткер, ұстаз-ғалым. Ақан Бижановтың тағы бір жақсы қасиеті – адамды тек іскерлік, адамгершілік қасиетіне қарап бағалайды. Ол кісінің еңбексүйгіштігіне, өз жұмысына адал екендігіне талай рет куә болдық. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың қай тапсырмасын да айрықша жауапкершілік, адалдық, түсіністікпен қабылдап, елдік тұ­тастықтың сыртқы, ішкі саясатын талмай жүргізіп келе жатқан саңлақ саясаткер.
Сол жылдары қызмет істеп жүріп, академик Мұқаш аға Елеусізовпен кез­дескенімде Ақан Бижанов туралы және оның әкесі Құсайын Бижанов жайлы жылы лебізін білдірген еді: «Тартпай қоймас негізге» деп Ақтамберді жырау айтқандай, Құсайынның ұлы Ақан да ­абыроймен талай қызметті атқарып келе жатыр екен ғой. Әкесі Құсайын мен сияқты соғыс ардагері әрі замандасым еді. Тегіне тартқан тектілік, еңбексүйгіштігі мен ізденгіштігі ұлына да беріліпті. Құсекеңнің ұлы Ақанды жиі теледидардан көріп, бір жасап қаламын. Әке ісін баласы жалғастырып жүр екен. Құсайынның қызметке дандайсып, менмендікке салынғанын көрген емеспін. Халыққа қызмет қылған, ел қамын ойлаған нағыз азамат еді. Көп жылдар бойы Құсекең кезінде өзі бітірген Жоғары партия мектебімен қарым-қатынасын үзбей, жастарға аянбай тәлім-тәрбие беріп, дәріс оқып, тәжірибесімен бөлісіп, партия мектебінің тыңдаушыларымен әртүрлі кездесулер өткізіп, қазақтың тілі мен ділін, мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптеп отыратын. Айналасындағы адамдарға қамқорлығы керемет еді Құсайынның. Кейіннен осы партия мектебінде Құсайыннан дәріс алған, тәлім-тәрбие көрген тыңдаушылары елімізде лауазымды қызметтер атқарып, ғалым, саясаткер, экономистер шығып, әртүрлі салаларда лайықты қызмет жасады. Адамды баурап­ алатын қасиеті де бар еді. Алдына келгендерді көмексіз қайтармайтын. Ол республикада да, Алматы облысында да көптеген лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған азамат. Сол кездегі республика басшысы Д.А.Қонаевтың да ерекше ілтипатына ие болған тұлғалардың бірі еді» деп Мұқаш аға ағынан жарылған болатын.
Жаны жайсаң, өз ісіне аса ұқыпты Ақан Құсайынұлы еңбек жолын 1971 жылы Қазақ политехникалық ­инситутын тамамдаған соң, Алматы қаласындағы Темір-бетон бұйымдары зауытынан ­бастады. «Жас келсе іске» дегендей, білімді, қайратты жас маман осы ­зауытта инженер-электромеханик қызметін атқарды. Өз ісіне берік, білікті жас ­маманды сол зауыттың жастары бас­тауыш комсомол ұйымының хатшысы, кейіннен аудандық комсомол комитетінің хатшысы­ етіп сайлады. Ағамыз осы қызметте де нақты сол кездегі саяси идеологияны басшылыққа ала отырып, нақты саяси қажеттіліктерге сай шешімдер қабылдады. Интеллектуалдық әлеуеті оның қызметінің тиімділігіне ықпал етті. Айтар болсақ, зауыт­ жастарының Ақаңды бірауыздан комсомол хатшысына ұсынулары ­бекер емес екен. Әр жұмыстың өзіндік ерекшелігі бар, әрине. Мінезге бай, байсалды да білімді Ақан ағамыз жастар арасында беделді болды. Алматы машина­ жасау зауытының аудандық комитет құқығы бар партия комитеті хатшысының орынбасарынан Алатау аудандық атқару комитетінің төрағасы, Алатау аудандық партия комитетінің бірінші хатшы­сына­ дейін көтерілді. Осы жылдары ол қаланың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуге қатысып, бірнеше рет аудандық және Алматы қалалық халық депутаттары кеңесінің депутаты, ал 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды.
1995 жылы Ақан Бижанов мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың көмекшісі қызметіне шақырылды. Президентіміздің әкімшілігінде ішкі саясат және қоғамдық-саяси бөлімдерді меңгерді. Ұлтаралық келісім мен Қазақстан халқының бір­лігін нығайтуға, республикадағы демо­­кратиялық процестерді дамытуға сүбелі үлес қосқан ізденімпаз, жаңашыл азаматтардың бірі.
2000 жылдан 2005 жылға дейін ­Алматы қаласы әкімінің әлеуметтік-саяси мәселелер жөніндегі орынбасары қыз­метін атқарды. Табиғатынан ұстамды, па­расаттылық пен қарапайымдылық иесі А.Бижанов осы қызметте де өзінің тек жақсы қасиеттерімен көріне білді. Атқарған ісің, басқан қадамың, сөйлеген сөзің, бүкіл болмысың, жүріс-тұрысың халықтың көз алдында емес пе? Шешімін таппаған талай мәселелердің түйінін шешіп, қарапайым қала тұрғындарының ризашылығына ие болды. Оңүстік астананың қоғамдық-саяси тұрақтылығын нығайту жөніндегі мақсатты жұмыстарға кең көлемде көңіл бөлді. 2005 жылдың тамыз­ айында оның адал еңбегі бағаланып, баламалы сайлау­да ҚР Парламенті Сенатының ­депутаты болып сайланды. Осы жылы Сенаттың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комитетінің төрағасы болды.
2007 жылғы қыркүйекте Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы болды. Онда әріптестерімен бірге еліміздің әлеуметтік-мәдени саласының, ғылым мен қоғамдық-саяси жүйесінің заңнамалық базасын жетілдіру жөнінде жұмыс істеді. Парламент Сенатының аппаратында көп жылдар бойы жауапты қызметтер атқарып келе жатқан Әмірбек Оспанбеков­ Ақан ағаның бойындағы бар асыл қасиеттерін, іскерлігін, сыпайылығын, мәдениеттілігін ерекше ілтипатпен айтып отырады. ­«Сайлаушылармен байланысын үзбей, көмекке мұқтаж жандардың өтінішін ескерусіз қалдырмай, әрқашан қолұшын беріп отырды. Істің соңғы нәтижесіне қарайтын. Облыс, аудан басшыларымен кездескенде, көмек сұраған азаматтармен жеке кездесіп, кездесуге келе алмаған адамдарға өзі барып, елден қол үзбей, тіпті шалғай ауылдардан көмек сұрап хат жазған адамдармен уақыттың тығыздығына қарамай жүздесіп, әл-ауқатын біліп, қарапайым адамдардың өтініштерін ескерусіз қалдырмай, өзі тікелей қадағалап отыратын». Ел мүддесіне адал қызмет етіп жүрген, өмірі мен тағдырын ел өмірі мен адам тағдырынан, қоғам өмірінің өзгерістерінен бөле-жара қарамайтын Ақан аға туралы орта буынның пікірі осындай.
Ақан Бижанов еңбек жолын ғылыми қызметпен де ұштастырды. 1992 жылы ізденуші, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да кандидаттық диссертациясын, ал бес жылдан кейін осы университет қабырғасында докторлық диссертациясын қорғап, өзінің ізденімпаз талапшылдығының арқасында 2000 жылы профессор атағына ие болды. ҚР Саяси ғылымдар академиясының ­не­гізін қалаушылардың бірі және алғашқы вице-президенті, Қазақстанның Жараты­лыс­тану ғылымдары Ұлттық Акаде­мия­сының академигі болды. Ол саналы ғұмырын жастар тәрбиесіне арнаған ғалым, профессор. Көптеген жоғары оқу орын­дарында дәріс оқып, шәкірттер тәр­­биеледі. Талай талантты жастарға ша­­­пағаты тиген, оның жолын қуған жас­тар да жетерлік. Өзінің білімі мен бай тәжі­рибесін жастарға үйретуден жалық­паған Ақан ағамыздың шәкірттері бүгінде әртүр­­лі саланың тұтқасын ұстаған білікті мамандар.
Оның жазған еңбектері өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай. Атап айтар болсақ, «Қазақстан Республикасы: өтпелі кезеңдегі қоғамның демократиялық жаңғыруы», «Парламентаризм – өкілетті демократия институты», «Дәуір сабақтары» кітаптарының және көптеген ғылыми мақалалардың авторы.
Көп жылдық ерен еңбегі жоғары бағаланып, «Парасат», «Құрмет» және ТМД ПА «Достастық» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды. Бүгінгі уақытта Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.
Ақан Бижанов, сонымен қатар «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттері бойынша жұмысты жалғастырып, ғылыми-зерттеу қызметін, «Қоғамдық сананы жаңғырту міндеттері контекстінде қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру» ғылыми бағдарламасының жетекшісі. Өзі басқарып отырған институтта қазіргі заманның өзекті мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу еңбектерін басылым беттерінде жариялап, жүзеге асырып, терең зерттеп отырған жайы бар.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді емес пе дана халқымыз. Ақан Құсайынұлының бойындағы асыл қа­сиеттерін тізе берсек, өте көп. Өскелең ұр­паққа өнеге болатындай аға буындардың бірі. Ақан ағамыз бен жеңгеміз Ғалия Рахым­жанқызы ұлдарын ұяға қондырған бақытты да ардақты ата-ана. Олар отбасында қарапайым, балаларын арлы да ақылды, еңбекқор етіп тәрбиеледі.
Жұртшылық құрметіне бөленген ардақты азамат алдағы уақытта да туған еліне қалтқысыз қызмет ете беретіні анық.

Мақсат РСАЛИН,
ҚР Мәдениет қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.