Азғырды аздырмайық

Жалпы Азғыр өңірінің шешімін күткен, түйіні тарқатылмаған мәселелері аз айтылып жүрген жоқ. «Жол азабын жүрген білер» деген, сол мәселелердің ең басында – жол тұр. Одан кейін ауызсумен қамту, ұялы байланыс, газ тарту болып кете береді. Сөзіміздің басында кезінде ядролық сынақ полигоны орналасқан аймақтың бүгінгі демографиялық, экономикалық ахуалынан  хабардар ете кетейік. Азғыр өңірі аудан орталығынан 300, облыс орталығынан 600 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Жылдың басында өткен есеп беру жиналыстарындағы округ әкімдерінің хабарламаларына сүйенсек,  мұндағы үш округке қарайтын 9 елді мекенде 6630 адам тұрады. Осындағы 8 мектепте, шағын орталықтар мен мектепалды дайындық топтарында, 2 балабақшада 1276 бала білім алып,  тәрбиеленуде. 111 шаруа қожалығы 14722 мүйізді ірі қара, 92072 қой мен ешкі, 10554 жылқы, 624 түйе өсіріп отыр. Мұнда 57 адам жеке кәсіпкерлікпен айналысып, 26 дүкен мен 1 кафе-бар халыққа қызмет көрсетуде. Өткен жылы 44 сәби дүние есігін ашқан. Келтірілген деректерден байқалғандай, мұнда ауданымыздағы ауылшаруашылығы малдарының басым бөлігі шоғырланған және тұрғындар да сол төрт түлікпен күнелтіп отыр. Шекаралық аймақтардағы халықты тұрақтандыру – Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі. Сондықтан Азғыр өңірінің мәселелерін шешу күн тәртібінен түспеуі тиіс.

Сынақтың салдары

Ресеймен шекаралас Азғырға өткен ғасырдың орта тұсында «Оңтүстік сейсмикалық экспедициясы» атом сынақтарының техникалық базасы орналасты. Кезінде бұл жөнінде жақсы білетін, ауданымыздың бас экологы қызметін абыроймен атқарған Юрий Лялин: «Мұнда 1966-1979 жылдары Ресей Федералды ядролық орталығына қарасты оңтүстік сейсмикалық экспедициясы жерасты 17 ядролық жарылыс жасаған еді. Жарылыс 600-1000 мм диаметрлі бұрғымен 165 метрден 1500 метр тереңдікте болып, ядролық қуат күші 10-25 тротиль килотоннасына тең дәрежеге жеткен. Нәтижесінде көлемі 1,2 миллион текше метр тоғыз жерасты қуысы пайда болған. А-9 алаңында сүзгі тәріздес, диаметрі 600 метр, тереңдігі 35 метр шұңқыр пайда болып, ол кейіннен қар-жаңбыр суларымен толып қалды. Барлық жарылыс жабық жер астында жасалып, цезий 137, стронций 90, плутоний 239,240 изотоптары пайдаланылған. Семейдегі сияқты, азғырлықтар да жарылысты көзбен көрмеген. Бірақ зардабын тартуда» деп жазды. Қазақстан Тәуелсіздік алып, ядролық қарудан бас тартқаннан кейін бұл полигон жабылды. Бүгінде мұнда сынақ жасалған 10 алаңның алтауы қоршалған, төртеуінде қоршау жоқ.
Нұрсұлтан Әбішұлының 2008 жылы Батыс Қазақстан облысына сапары кезінде «Азғыр» және «Капустин Яр» полигондарының зардаптары туралы мәселе қаралды. Арнайы жоспар жасалып, оның 7-тармағында «Азғыр» мен «Капустин Яр» полигондарының әсерінен зардап шеккен халықты сауықтыру және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі республикалық салааралық бағдарлама дайындау тапсырылған. Бір жылдан кейін Үкіметте осы мәселе тағы да қозғалды. Тіпті оны «2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан экологиясы» мемлекеттік бағдарламасына енгізу қажеттілігі жазылғанымен, сөз жүзінде қалды. Азғыр өңірінің экологиялық қиын жағдайын қозғап, шырылдап жүрген сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтың араласуымен, 2010 жылы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бұйрығымен жұмыс тобы құрылып, «Жасыл даму» салалық бағдарламасы бекітілді. Онда 2011 жылдың 11 ақпанында «Капустин Яр» және «Азғыр» полигондарының аумақтарын төтен­ше экологиялық жағдай немесе экологиялық апат аймағы етіп айқындау туралы іс-шаралар өткізу бойынша Үкіметке ұсыныс енгізу жоспарланған. Ал 2011 жылғы 15 шілдеде полигон әсерінен зардап шеккен тұрғындарды сауықтыру және әлеуметтік көмек көрсету бойынша Үкіметке ұсыныс дайындау тапсырылды. Сол жылы Сәрсенбай Құрманұлының бастауымен бір топ министрлік өкілдері сенатормен бірге Азғыр өңіріне келіп, халықтың жағдайымен танысты. 2013 жылдан бастап Азғыр өңіріндегі бірінші топ мүгедектеріне 2 АЕК, екінші топ мүгедектеріне 1,5 АЕК, үшінші топ мүгедектеріне 1 АЕК, 18 жасқа дейінгі мүгедектерге 2 АЕК мөлшерінде ай сайын әлеуметтік көмек тағайындалды. Күні бүгін «Азғыр ғылыми-өндірістік радиологиялық зертханасы» ме­ке­месі жылына екі рет, көктем мен күзде мұндағы то­пы­рақтың, судың, өсімдіктердің сынамасын алып отыр.

Жол азабын жүрген біледі

Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов ауданымызға қызметке тағайындалғаннан бері Азғыр өңірінде бірнеше мәрте болды. Сол себепті жол мәселесін көтеріп те жүр. Құрманғазы ауылынан шыққаннан кейін Қошалақ елді мекені жанынан сазды жолға түсесіз. Мұнымен жаңбырлы күндері жүру оңайға түспейді, біраз уақыт жоясыз. Басқа күндері Асан ауылына үш сағатта түсесіз. Асаннан әрмен қарайғы соқпа, өркеш-өркеш жол сізді сілкілеп, ішкен-жегеніңізді аузы-мұрныңызға келтіріп, басыңызды көліктің төбесіне ұрып, бір-екі сағатта Балқұдыққа немесе Сүйіндікке жеткізеді. Жазда құмға, қыста қарға бату қаупі басым. Батсаң, сол жерде қаласың. Себебі жол бойында ұялы байланыс жоқ. Бибоз Байдәулетұлымен бірге барған бір сапарымызда ірі көліктердің батып, кері қайтқанымызда сол жерде әлі тұрғанына куә болғанбыз. Сорлы жерлердің батпағы да жүйкені жұқартуға әзір. Сәл жаңбыр жауса, қар ерісе жүргізбейді. Бұл екі аралыққа қыста қар қалың жиналса, жазда жаңбырмен қызыл сазы май балшыққа айналып жатады. Соңғы барғанымызда бір көлігіміз қарға батып, пайдасыз болып, Асанға сүйреп әкелінді. Жолдың жамандығы халықты азық-түлікпен, медициналық көмекпен қамтуды да қиындатуда. Аудан орталығына Ресейдің ­Харабайлы қаласынан басталатын тас жол арқылы қатынау, өз кезегінде бағаны да көтереді. 2016 жылы облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Азғыр бойын­ екі күн аралағанда тұрғындар Бесшоқыдағы ­карьерден сорлы жерлерге қиыршық тас төгуді ұйымдастыруды ұсынған. Облыс басшысы оны заңдастырып, сорлы жерлерді жүруге ыңғайлы етуді тапсырған. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар жасалып жатыр. Қиыршық тас карьері былтыр сараптамадан өтіп, оны асфальт ретінде төсеуге болатыны, жол құрылысына бармайтыны анықталған. Алайда пайдалану үшін карьер жекеменшікке сатылуы немесе жалға берілуі қажет. Азғырға қатынайтын жолдың өзін күтіп ұстауға 40 млн. теңге бөлініп отыр. Әрине, қыр бойының жолын түгел дерлік жөндеуге жағдай тартпайтынын аймақ басшысы алғашқы барған сапарында-ақ бірден айтқан. Осылай ақша бөліп, өтуі қиын сорларға қиыршық тас төгіп, күтіп ұстап, жиі күреп тұрса, ол да жақсы болар еді. Парламент Сенатының депутаты, елжанды азамат Сәрсенбай Еңсегеновпен бірге Азғырға келген әріптесі, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев қыр бойында өмір сүріп, шекарамызды жауып отырған азғырлықтардың жағдайына қарап: «Мынандай жерде өмір сүрудің өзі ерлік қой» деп баға берген. Екі сенатор да Астанаға барғаннан соң осы сапарын, мұндағы халықтың өткір мәселелерін көтеріп, әлеуметтік желіде мақала жазды.

Ауызсуға зәрулік

Азғырдың екінші бір өткір мәселесі – ол ­Ресеймен арадағы шекара. Тұрғындарға азық-түлікті 300 шақырым қашықтықтағы аудан орталығынан тасығаннан, іргедегі, 60 шақырым Харабайлы қаласынан әкелген әлдеқайда тиімді. Алайда екі арадағы шекарадан ресейліктер 36 келіден жоғары жүкті өткізбейді. Аудандық мәслихаттың депутаты Мансұр Қуанышәлиев: «Тұрғындар шекарадан өткенде 1 қап 50 келілік астықты бермен жібермейді. «Бір үйден екі адамбыз, мына жұбайым екеумізге бөлгенде 25 келіден келеді ғой» десе, шекарашылар «Онда қаптағы астықты солай бөліп алып өтіңдер» дейтін көрінеді. Сол сияқты қандай азық-түлікті де қорапқа емес, ашық пакет сөмкелерге салуды талап етеді» дейді бізбен әңгімесінде. Әрі ол жақта болу уақыты шектелгендіктен, қаралуға барғандар түгел тексеруден өтпесе де, кері қайтуға мәжбүр. Азық-түлікті аудан орталығынан тасу жолдың жамандығынан біраз қиындық тудыруда. Ауыл тұрғындары осы мәселе шешімін тапқанын, Ресей жағында болу мерзімін ұзартуды қалайды. Бірақ бұл мемлекетаралық деңгейде шешілетіндіктен, әзірге мүмкін болмай отыр.
Ауызсу Асан мен Үштағаннан басқа елді мекен­дерге тартылған. Бұл екеуіне биыл жеткізіледі. Жергілікті тұрғындар су құбыры әр үйге кіргізіліп бергенін қалайды. Ол әркімнің өзінің міндеті екені жиналыс сайын айтылады. Десек те, осыны кәсіпкерлік негізде болса да жолға қойған дұрыс шығар. Бір адам қажетті құралдарды өзі әкеліп пәтерлерге тартумен ақылы негізде айналысса өзіне де, ауылдастарына да тиімді болар еді. Қазір үйлерге ауызсу көлікпен жеткізіліп жүр. Сонымен­ қатар Қоянды топтық су құбырынан келетін судың сапасына да жиі сын айтылады. Тұрғындар қатысқан жиналыстарда осы мәселе жиі қозғалады. Бұл жөніндегі сұрағымызға Азғыр өңірінің қамын жеп, өзекті мәселелерін көтеріп жүрген аудандық мәслихаттың депутаты Мансұр Қуанышәлиев: «Қоянды топтық су құбырынан Азғырға, Сүйіндікке жерасты желісімен жіберіліп жатқан судың ­сапасы нашарлап кеткеніне биыл 2 жыл толады. Бастапқы кезде ол тұп-тұщы болған. Тұзы не себептен көбейіп кеткені бізге беймәлім. Айтсақ, тексеру қорытындысы бойынша бірқалыпты деген жауап қайтарады. Шай қайнаған кезде мүлдем ішкізбейді. Су құйылған ыдыстарымыздың қабырғасын тұз ағал-жағал етеді. Ожау, пластмасса, қалайы шелектердің ішіне ақ сортақ қатады. Бұл мәселені мен бірнеше рет көтердім, сессияға да қойдым. Аудандағы су шаруашылығы мекемесіне де шықтым. Білетін адамдар ұңғылардағы су алғашқыда тұщы болғанымен кейін деңгейі түскен соң сапасы ­нашарлайтынын айтады. Бұрынғыларын тоқтатып, жаңа ұңғыларға неге көшпейтінін білмеймін. Ішіп отырған суымыздың ащы екенін бүкіл халық айтып жүр. Біздің Балқұдықта, Қайрақты деген жерде кеңшар кезінен қалған 3-4 құдық бар. Ауылдан 1-1,5 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Суы сондай­ тұщы. Оны жекеменшік көліктер тасиды, 2000 теңгемен құйдыртамыз. Қояндыдан «Атыраусушар» беретін судың құны 1200 теңге, оны тек аурухана, мектеп, жатақхана және басқа мекемелер пайдаланады. Қазір тартылып жатқан құбырмен келетін тұзды суды халық малға, шаруаға пайдаланатын болар, алайда ішеді деп ойламаймын. Мен де аулама кіргізермін, бірақ шайға қолданбаймын. Сүйіндікте де 10-12 шақырым жерде «Ысқынты» деген жерде тұщы су құдықтары бар» дейді. Су ащы болса мұнда да сол жерден водовозбен тасыған жөн шығар. Болмаса, ұңғыны ауыстыру қажет. Депутаттың айтуынша, халық орынсыз дабыл қақпайды, су құрамын зерттеген артық етпейді.
Бүгінде Азғырға газ құбыры тартылған. Қазір мекемелер мен үйлерге газ жүргізіліп жатыр. Енді халық армандаған көгілдір отынның игілігін көреді. Қыр бойына барған сапарымызда «ҚазТрансГазАймақ» мекемесі аудандық филиалының басшысы Рүстем Нәсиболлаев бұл жайлы жақсы түсінік беріп, газды тұрғын үйлерге кіргізіп беретін адамдарды дайындап, онымен жұмыс жасайтын операторларды оқыту жүргізіліп жатқанын айтты. Көгілдір отынның келуі азғырлықтарды жұмыспен қамтуға да септігін тигізіп жатыр. Электр жарығына келсек, азғырлықтар бұл жағынан ресейліктерге тәуелді. Бағасы біздегіден қымбат. Оның айырмашылығы бюджет есебінен жабылады. Алға қарай ол да қыр бойына аудан орталығынан тартылғалы отыр.
Азғыр өңірінің халқы шекарамызды жауып­ отырғанын жоғарыда келтірдік. Мұнда төрт түлік еркін жайылатын жер жеткілікті. Қыр бойында өскен малдың етінің құнарлылығына, сүтінің сапасына баға жетпейді. Дәмі арал бойында­ ұсталғандардан мүлдем бөлек. Себебі қатты мұздақ болмаса мал қыста да өрісте жүреді. Тек сол малды өсіріп қана қоймай, оның өнімдерін экспортқа молынан шығаруға жол мүмкіндік бермейді. Төрт түлікті арзан­ саудалап, шетке әкетушілер жеткілікті. Оларды қызықтыратыны – еттің сапасы. Болашақта жолы жөнделіп, ұялы байланыс жетсе, Азғыр өңірі өзіне жұмсалған қаражатты ақтарына сенімдіміз.

Қанат ҒҰМАРОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Атырау облысы
Құрманғазы ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.