Көркіне көз тоймас Көлсай…

Ақбота ҚУАТОВА
«Ана тілі»

Сұлулығы талай ақынның жырына, талай сазгердің әніне арқау болып жүрген жер жаннаты Жетісу табиғат жауһарларына толы мекен. Бір ғана мысал, Кеген ауданындағы аядай ғана Саты ауылы әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қонақтарды құшағына сыйдырып отырған мерекелі де берекелі ауыл. 

Саты жайлау, Саты нұр, Саты көктем,
Саты деген атың неткен!
Мен анамнан туғам жоқ ақын болып,
Қасиетті туған жер ақын еткен.
Бұл осы ауылдан шыққан ақын Ерұлан Бағаевтың өлеңі. Бұл ауылды бұдан артық сурет­теу мүмкін еместей. Көлсай мен Қайыңды осы Саты ауылдық округіне қарасты аумақта орналасқан. Аптаның демалыс күндері ­Алматыдан 30, Талдықорғаннан 5 журналист «Көлсай-Қайыңды» сапарына шығып, отандық туризмді қолдау мақсатында демалыс орындарына бардық. Алдымен Саты ауылына келіп жайғастық. Ауылда туризмді дамыту жұмыстары, туристерді күту мәселелері оң шешімін тапқан екен. Жергілікті тұрғындар үйлерін кеңейтіп, қонақжай ұсынатындай жағдай жасап алған. Ауылдағы кез келген үйге түссеңіз, 5000-7000 теңге аралығында жатын орын үшін төлейсіз, оның ішіне таңғы және кешкі асыңыз кіреді.
Көлсай көлдерін «Солтүстік Тянь-Шанның інжу-маржаны» деп атайды. Шыршалы орманмен қоршалған көлдер желісіне 3 көл кіреді: Төменгі Көлсай немесе Саты – 1818 метр биіктікте орналасқан. Үш көлдің арасын өзара жалғап Көлсай өзені ағып өтеді. Бұлардан бөлек шығысқа қарай 11 шақырым жерде Қайыңды көлі орналасқан. Екіншісі ортаңғы Көлсай ­немесе Мыңжылқы – 2252 метр биіктікте болса, үшіншісі жоғарғы Көлсай көлі – 2850 метр биіктікте орналасқан. Ал саяхаттаушы тілшілер біріншісіне барды.
Осы ауданның тумасы, пиар маманы ­Ербол Азанбек осынау ғажап мекенді тілшілерге көрсетіп, отандық туризмді насихаттау үшін аталмыш шараның ұйымдастырылғанын а­йтады.
«Көлсай, Қайыңды көлдері Алматы облысындағы ең көрікті жерлер. Жыл өткен сайын туристер саны артуда. Туристерге қызмет көрсету сапасы да артып келеді. Жол жасалған. Жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі де жақсарған. Осының бәрін алматылық журналистер өз көзімен көрсін, білсін әрі журналистердің де ынтымағы, бірлігі артсын деген мақсатпен осы сапар ұйымдастырылды. Сапар барысында БАҚ өкілдері жетістіктерді көзімен көрді. Сүйсінді. Алматы облысының, оның ішінде Кеген ауданы әкімдігінің туризмді дамыту бағытында істеп жатқан жұмыстары туралы ақпарат алды. Әдетте ресми пресс-тур, блог-тур ұйымдастырылады. Бұл жолғы сапар бейресми болды. Өйткені Көлсайға бару идеясы БАҚ өкілдерінің өздерінен шықты. Бұл көңіл қуантады. Туризмнің дамуына жарнама, маркетинг, пиар, БАҚ-тың ақпараты өте маңызды. Журналистердің өздері туған жердің табиғатын, туризмді насихаттайық дегендері өте орынды бастама» деді ол.


Жыл бойына ұлттық парк аумағына 35-40 мыңға жуық демалушылар келеді. Сондай-ақ парк аумағында туристік ұйымдар мен туристік фирмалар: «Бласт Тур» ЖШС, «Akzhol Travel» ЖШС, «Гранд Вояж» ЖШС, «Тур Медиасис­тем» ЖШС, «Банан» ЖШС, «Казақстан ­Туризм» ЖШС тұрақты түрде жұмыс істейді.
«Өткен жылдың соңғы есебі бойынша­ ұлттық парк аумағына келушілердің саны 41 000 адамды құрады, оның ішінде шетелдіктер саны 3000-ға жуық адам болды, шектеулі шаруашылық негізінде (отын алу, шөп шабу) 100-ден аса адам пайдаланды. Демалушылардың басым көпшілігі отандық болса, соның ішінде шет мемлекеттерден де келушілер бар. Мәселен, Франция, Чехия, Индия, АҚШ, Қытай, Германия,­ ­Малайзия, Бельгия, Польша, ­Австралия, ­Түркия, Испания,­ Корея, Канада, Литва, ­Англия, Жапония, ­Ресей, Швейцария, Израиль, Голландия, ­Италия, Мексика,­ Иран, Финляндия, Тайланд, ­Румыния, Гренландия,­ Бе­ларусь секілді елдерден келеді» деді Саты ауылы­ әкімдігінің бас маманы Мәлік Ыдырысов.­
Көрсе көз тоймайтын, айтуға сөз жетпейтін Көлсайды тамашалап болған соң, екінші күні журналистер Қайыңды көліне қарай бет алды. 1910 жылдары болған қатты жер сілкінісінің салдарынан пайда болған Қайыңды көлі теңіз деңгейінен 1867 метр биіктікте орналасқан. Ұзындығы – 600, ені – 300, ал тереңдігі кей жерлерде – 30, кейбір жерлерінде 40 метр. Қайыңды көлін бұқара халық «Аруақтар көлі» деп те атайды. Мұның сыры суға батқан ­ке­ме­лерге ұқсас Тянь-Шань шыршаларының діңгектері судың ішінен 15 метрге дейін көтеріліп тұратындығында болса керек. Тағы бір атауы­ «Өлі көл», оның сыры Қайыңды суында балықтың болмауы.
Аталған шараны ұйымдастыруда Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов пен орынбасары Қайрат Омархалықтың да еңбегі зор.
«БАҚ өкілдері тарапынан болған ұсынысты қуана қабылдадық. Себебі аймағымыздың туризмін насихаттауда тілшілердің көмегі мен насихаты керек-ақ. Көлсай көлдері мен Қайыңды көлі көпшіліктің қызығушылығын тудырып, сұранысына ие болған көрікті жерлер. Енді журналистердің көмегімен одан әрі насихатталып, биыл шетелдіктерден бөлек қазақстандықтар да көптеп келеді деп сенеміз. Әлеуметтік желі – күш. Тілшілер жазған жазбалар арқылы бірнеше күн Көлсай мен Қайыңды негізгі тақырыпқа айналды. Біз ол үшін қуаныштымыз» деді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Байқайыпұлы.
Біз барған жер туристік аймақ болған соң, мұнда шетелдік қонақтар да көп келеді. Бірақ алған әсерді сол кездегі әсермен көпшілікке ұсынудың жөні бөлек. Ол үшін жақсы интернет желісі керек. Бұл маңда Beeline, Kcell, Аctiv, Қазақтелеком байланыстары болға­нымен, жылдамдығы өте баяу. Көлсай мен Қайың­ды­ның өзінде байланыс мүлде жоқтың қасы. Отандық туризмді дамыту үшін ең әуелі интернет мәселесі шешілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.