«ТАМЫЗ, КЕЛДІҢ БАЯУЛАП…»

Жадыраған жаздың екі айын артқа тастап, енді, міне, үшінші айының да алғашқы күнін қарсы алып отырмыз. Бүгін – тамыздың бірінші күні.
Тамыз, келдің баяулап, басың жалын,
Жаймашуақ аяғың тартты салқын.
Піскен өнім шығынсыз жиылсын деп,
Барлық күшті аямай салды халқым, – деген өлең жолдары бар еді. Осында айтылғандай, ақырын басып тамыз да табалдырықтан аттады.

Жылдың қай айының да бө­тендігі жоқ. Әр айдың өзіне тән ерекшелігі бар. Тамыз туралы не айтуға болар еді?
Жаз айы болғаннан кейін тамызда да ыстықтың беті қайта қоймайды. Айдың алғашқы жартысы аяқталар сәтте ғана ептеп күздің белгісі біліне бастайды. Олай болса, әсіресе балалар үшін жаз қызығы әлі таусылған жоқ. Суға шомылуға, тау-тасты аралап, табиғаттың кереметтерін тамашалауға толық мүмкіндік бар.
Тілімізде «сарша тамыз» деген тіркестің де барын бәріміз жақсы білеміз. Мұның мағынасы – сары, сарғайған шақ. Расында да, осы кезде жер құрғап, өсімдіктер сарғыш тарта бастайды. Көктемде егілген қауын-қарбыздың, жеміс-жидектің нағыз тіл үйіріп пісетін уақыты бұл.
Шығыс жылнамасы бойынша­ тамыздың «сүмбіле» деген атауы­ да болған. Бұл тамыздың соңы, қыркүйектің басы аралығында түнгі аспанда пайда болатын сүмбіле жұлдызына байланысты аталса керек. Сүмбіленің тууы ауа райының салқын тарта бастағанын аңғартады.
…Сыртта тамылжып тамыз тұр. Табиғаттың бұл да адамдарға тарту еткен әдемі шағы. Тамызда табыстарымыз да, қызық-қуаныштарымыз да көп болғай деп тілейік.

Нұркен Жандәулетұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.