«ҚАЗАҚТАНУ» ЖОБАСЫ

«Қазақтану» жобасының идеясы ең алғаш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясының отырысында айтылған болатын. Одан соң аталмыш жоба қоғамнан қызу қолдауға ие болды. Осы орайда бұл жоба еліміздегі барша ұлттардың арасында жергілікті ұлт қазақтардың салт-дәстүрін, адамгершілік принциптерін, менталитетін, ұлттық құндылықтарын, қазақи артықшылықтарын дәріптеуге арналғаны барша жұртқа аян. Бүгінде «Қазақтану» жобасы аясында көптеген іс-шаралар өтуде. Яғни «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан «Қазақтануға» арналған іс-шаралар барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының, ортақ тарихи санасының негізінде жалпы халықтың бірлігін нығайтуды көздейді.

Әйтсе де «Қазақтану» жобасының ауқымын кеңейтіп, әр қырынан ашуға ­тырысу байқалады. Жалпы «Рухани жаңғыру» арқылы бүгінде ұлтымыздың рухани құндылықтарын, ұмытылып бара жатқан тарихи айшықтарын қайта жаңғыртып, сананы жаңғырту міндеті тұрса, «Қазақтану» арқылы қазақ халқының ұлт ретіндегі ұлттық менталитетін, бүгінгі ұлттар бірлігін сақтаудағы рөлін ашып көрсету басты мақсат болып отыр. Жаһандану заманында рухты жаңғырту арқылы, заманауи үрдістерге жұтылып кетпей, ұлттық, рухани артықшылықтарымызды сақтап қалу әрекеті бүгінде қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болуда. Өткенімізге үңіліп, жоғымызды түгендеп, ұлттық рухты дүр сілкінтуге бағытталған бұл шаралардың қайсысы болмасын еліміз үшін қымбат.

Асылы ОСМАН,
қоғам қайраткері, тіл жанашыры:
— Мен бұрыннан қазақ халқының жүрегінің кеңдігін, көңілінің дарқандығын айтып келе жатырмын. Бүгінгі мамыражай тіршілігіміздің сырын қазақтың болмысынан іздеу керек деп сан рет қайталап айтып келемін. Осы орайда қазақты танып қою аз, оның тілін меңгеріп, қазақ ұлтына деген құрметімізді көрсетуіміз керек. Қарап отырсақ, қазақтың салт-дәстүрінің өзі басқаларды бауырмалдыққа, қайырымдылыққа баулиды. Мәселен, «Асар» дәстүрі – барша адамның жұмылып біреуге көмекке келуі, «бітімгершілік» – бүгінгі медиация. Дауласқан жандардың тезірек бітімге келіп, өзара татуласып, ешкімді түрмеге қамап, жазаламай-ақ ат-шапан айыбын төлеп, өз кінәсін мойындауы. «Ерулік» – жаңадан көшіп ­келген ­жанды сыртқа теппей, бауырға тартып, тезірек сіңісіп кетуі үшін қонаққа шақырып, сый құрмет көрсетуі. Осы секілді ұлттық салт-дәстүрлердің барлығында үлкенге құрмет, кішіге ізет, татулық, бірлік, сыйластық, қайырымдылық секілді ізгі қасиеттер көрініс табады. Қазақ халқының керемет болмысын ашатын дәстүрі тұрған кезде ел ішінде береке-бірліктің болмайтынына күмәнмен қараудың түк қажеті жоқ. Қазақ халқының керемет болмысының арқасында 140 ұлт сіңісіп, бір шаңырақ астында өмір сүріп келеді. «Қазақтану» арқылы осының барлығын ашып көрсетіп қана қоймай, нақты іс-әрекеттер жасалып, қазақ ұлтының мәртебесін көтеретін шаралар жасауымыз керек.
Жасыратыны жоқ, қоғамымызда Ассамблеяға қатысты сын пікірлер де көп
айтылады. Өзге ұлт өкілдерінің елімізде сан жылдардан бері тұрып жатса да, тілімізді үйренуге тырыспайтыны, оларға барлық жағдайды жасап жатсақ та Ассамблея ұйымына қатысты сын пікірлер айтылып қалып жатады. Алайда осындай кезде өзге ұлт өкілдері тарапынан «Қазақтану» жобасының қажеттілігі жайлы пікірлер
айтылып, олардың тілімізді де білуге қатысты ұмтылыстары да қуантып тастайды. Олар құр сөзбен емес, өздерін іс-әрекеттермен де дәлелдеуде. Соның айғағы — бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан «Қазақтануға» қатысты іс-шаралар.

Е.Ержан
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.