«Бірліктің» берекелі істері

Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде татулық пен бірліктің үлгісін көрсетіп отырған ұйым ғана емес, сонымен қатар қоғамымызда өз міндетін абыроймен атқарып келе жатқан мекеме.

Өткен жылдың ерекшелігі, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында қоғамдық келісім кеңестерінің құрылуы болды. Ол бүгінде барлық елді мекендер мен ірі кәсіпорындарда жұмыс істеп тұр. «Аналар кеңесі» мен «Бірлік» жастар қауымдастығы да қоғамдық келісімді нығайтуға, ұлттық бірлікті сақтауға, патриоттық сезімді қалыптастыруға үлес қосып келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар да ауқымды. Кәсібі нық азаматтар туған жерлеріне көмектесіп, мектеп, балабақша салуға, көшелерді жөндеуге үлес қосып жатыр. Ал «Рухы бекем, киелі мекен Жетісу» экспедициясы қасиетті орындарды аралап, қызықты деректер жинады. Осылардың барлығы Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында атқарылып жатқан игі шаралар.
ҚХА облыстық филиалы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайдың айтуынша, Жетісудың киелі жерлерінің есебі жасалып, ол жерлер туралы аңыз әңгімелер жинақталды. Ол жөнінде алғашқы кітап жарық көрді. Бұл Жетісу жері үшін үлкен жетістік. Расымен де, кітаптан асқан құнды дүние жоқ. Аталған кітапта киелі де қасиетті Жетісу жерінің көрікті де киелі жерлері туралы мәлімет жинақталған. Жоғарыда атап өткен «Аналар кеңесі» өздеріне бекітілген арнайы жоспар бойынша, өз жұмыстарын атқаруда. Олардың мақсаты – бүгінгі жас қыздардың, жас отбасылардың кеткен кемшілігі мен теріс қылықтарына тосқауыл қою. Мәселен, өткен жылы іскер әйелдердің басын қосып, ауыл-аймақта қолынан өнері тамған қыз-келіншектердің басын қосып, оларға шағын кәсіппен қалай айналысуға
болатыны туралы кеңінен жиын өткізген. Соның бірі – Жанар Алмасқызы сол жиында алған шабытымен бүгінде бір ауылдан шеберхана ашып, бірталай келіншекті жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Одан бөлек жоғары сыныпта білім алатын қыздармен кездесіп, оларды үлкен өмірге дайындау, аналық ақ тілектерін айтып, оң жол көрсетуде «Аналар кеңесінің» атқарып жүрген жұмысы ерен. Әсіресе, жас келіндермен бірігіп өткізген кездесудің маңызын ерекше атап өткеніміз жөн. Бұл аталған кеңес мүшелерінің санаулы жұмыстарының бір парасы ғана екені анық. Болашақта бұл жұмыстың деңгейі бұдан да жоғары болары хақ.
«Бірлік» жастар қауымдастығының жұмысы да мақтауға әрі мақтануға лайықты. Қазір цифрланған ғасыр екені баршаға аян. Ал осының пайдасынан зияны көп деп дабыл қағып жатқандары қаншама. Бірақ бұл жүйенің зиянын емес пайдасын көріп жүрген осы қауымдастықтың жастарын тілге тиек етсек болады. Олар арнайы бекітілген жоспар бойынша жұмыс істейді. Дегенмен де, олардың әрқайсысының өзіндік ойы, пікірі, мақсаты бар. Жастармен тілдескен алдыңғы буын ағалар олардың айқын мақсат жолында еңбек етіп келе жатқандығына қуанады. Бір мақтанатынымыз, бұл қауымдастықта әр этнос өкілдерінің балалары бірлескен. Олар бір үйдің балаларындай бір істі қолға алса, жұмыла жұмыс істеуді негізгі мақсат еткен. Сол үшін де, татулық оларға бәрінен қымбат. Жастардың бүгінгі беталысына ризамыз. Әсіресе, олар мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға көмек қолын созуда алдарына жан салмайды. Бұл істе үлкендер де жол сілтеп отыратындығы бәрімізді қуантады. Мұндағы мақсат – жастарды татулыққа, бірлікке шақыра отырып олардың ертеңгі күндерінің жарқын әрі кемел болуына біздің аз да болса өз үлесімізді қосуымыз. Ең бастысы – татулықтың туы биікте желбіресе болғаны.

Камила ОМАРБЕКОВА,
ҚХА-ға қарасты қазақ салт-дәстүр
орталығының қолөнер шебері
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.