Білікті ғалымның өнегесі

Еліміздің денсаулық саласы мен медицина білімінде есімі құрметпен аталатын алдыңғы толқын ағалар аз емес. Олардың атқарған еңбектері ерен, өнегелі жол деп нық сеніммен айтуға болады. Тәрбиелеген шәкірттері ұстаздарының ісін әрі қарай жалғастырып, өздері де бүгінде беделді азаматтарға айналуда. Осы орайда ­ме­ди­­цина­ ғылымының докторы, профессор, белгілі хирург, ғалым және ұлағатты ұстаз Базарқан Досымбекұлы Тілеуф жайында азды-көпті сыр толғауды жөн көрдік. 

Ол 1939 жылдың 6 тамызында Ресейдің Челябі облысындағы Пастуханова ауылында өмірге келген. Бала кезінен зеректігімен, алғырлығымен ерекшеленген. Орта мектепте сабағын жақсы оқып, Свердловск мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, 1963 жылы тамамдаған. Бойындағы таланты мен қабілеті, білімге деген құштарлығын байқатып, дәрігерлік мамандықтың негіздерін сапалы игеруге күш салады. Әрине, әр мамандықтың өзіне тән қыр-сыры бар. Әсіресе, хирург сияқты жедел шешім қабылдап, уақытпен санаспай жұмыс істейтін маман иесі болғандықтан, алдында талай асулар, бел-белестер тұрғанын жақсы сезінеді. ­Демек, кәсіби тұрғыдан шыңдалуды, өзін үнемі жетілдіруді, аға буын әріптестерінен үйрене беруге еш жалықпайды. Еңбек жолын Верхняя ­Салда қаласында медициналық-санитарлық бөлімде дәрігер-хирург ­болып бастайды. Университет қабырғасында жүріп, ғылыми ізденістерге талаптанып жүргендіктен шығар, жұмысқа тұрғаннан кейін, көп ұзамай Алматыға қоныс аударып, Қазақ ­Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына ғылыми қызметкер болып орналасады. Мұнда қатерлі ісіктердің эпидемиологиясын зерттеуге белсене қатысады. Болашағынан зор үміт күттіретін жас ғалымға үлкен сенім артылады. Базарқан Досымбекұлы қазақтың ғалымдары әлі көп түрен сала қоймаған тақырыпқа барып, профессор С.Нұғымановтың жетекшілігімен Мәскеу қаласында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Бұл 1971 жыл еді. Қазақстанның медицина ғылымы дәуірлеп, алға қарай өрлеп келе жатқан кезең. Қаншама ізденістер жасалып, ғылыми монографиялар дүниеге келіп жатты. Сол кездегі жас таланттардың арасында Базарқан Досымбекұлы да жарқырай көзге түсті. Кеңес Одағының Денсаулық сақтау министрлігінің жолдамасымен Йемен Халықтық Демократиялық Республикасының Аден қаласына Республикалық госпитальға ­хирург дәрігер болып келеді. Мұнда жергілікті тұрғындарға және дипломатия саласының қызметкерлеріне медициналық жәрдем көрсетеді. Білікті дәрігердің шетелге ­барып еңбек етуі оның қарым-қабілетіне, дарынына берілген баға деп қарастыруға болады. Ол да өз тарапынан үмітті ақтап, екі жыл айналасында сапалы жұмыс істеп қайтады. Базарқан Досымбекұлының өмірбаяны, сан-салалы еңбек жолының ауқымдылығы мен мазмұндылығы сонша, оның бәрін егжей-тегжейлі жазуды мақсат етпедік. Әйтпесе, ғалым мен қайраткердің Қазақ үздіксіз медициналық институты Онкология кафдерасының ассистенті, Алматы дәрігерлердің біліктілігін арттыру институты Хирургия кафедрасының доценті ҚазКСР Денсаулық сақтау министрлігінің Бас хирургы болғанын, республика халқына хирургиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру мен жетілдіруге қосқан үлесін кеңінен айтуға да болушы еді. Емі шипалы, қолы алтын хирургтың ғылымдағы толайым ­табыстары, жетістіктері аз емес. Мәскеуде Бүкілодақтық лазерлік медицинаның ­докторантурасында оқыды. «Асқазан-ішек хирургиясындағы лазерлік механикалық тігіс» тақырыбында 1991 жылы докторлық диссертация қорғағаны да қазақ медицина ғылымы үшін зор табыстың бірі саналды. Осылайша, заманға сай озық білімді игерген маман өте күрделі операциялар жасап, қаншама науқастың жанын аман алып қалды. Зейнет жасына шыққанға дейін Алматы дәрігерлердің біліктілігін арттыру институтында Хирургия кафедрасының профессоры қызметін атқарды. 25 жыл бойы өз тәжірибесін әріптестеріне, Қазақстан мен одақтас республикаларының хирургтарына үйретті. Зейнеткерлікке жеткеннен кейін де кәсібінен қол үзбей, еңбек жолын жалғастыра берді. Қостанай қаласындағы «Гиппократ» жекеменшік клиникада белсенді қызмет етіп, дәрігерлерге заманауи медицина ғылымының соңғы жетістіктерін игеруге көмектесті.
Базарқан Досымбекұлы онкология мен хирургия мәселелері бойынша 150-ден астам ғылыми жұмыстардың авторы болып табылады. Үлкенді-кішілі ғылыми туындыларын тілге тиек етпегеннің өзінде, «Асқынған бауыр циррозын кешендi емдеу» (1996 ж.), «Асқазан-ішек хирургиясындағы лазер» атты екі монографиясы мен үш әдістемелік нұсқаулығы медицина теориясы мен практикасында күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқан іргелі еңбек десек, артық айтқандығымыз емес. Жасампаздық талантымен де көзге түсті. Өзі ойлап шығарған үш ғылыми жаңалық пен 10 өнертапқыштық ұсыныстары да маңызды рөл атқарды. Оның жетекшілігімен бір кандидаттық жұмыс қорғалды.
Талантты адамның өмір бойындағы барлық жетістіктері тынымсыз ізденісімен, талапшылдығымен, ынта-жігерімен, алдына биік мақсат қойып, соған қол жеткізе білуімен келетіні түсінікті. Бұл орайда өзіміз ұстаз, алдыңғы толқын аға буынның көрнекті өкілі ретінде құрмет тұтатын профессор Базарқан Досымбекұлының атақ-дәрежесі, мемлекеттік марапаттары мол. Бәрін тізіп жатпай-ақ, «Здравоохранение Казахстана» журналының редакциялық алқа мүшесі, Алматы қаласы мен Алматы облыстары хирургтарының Ғылыми қоғамдастығының төрағасы, Н.И.Пирогов атындағы Ассоциацияның және Халықаралық хирургтер ассоциациясының толық мүшесі, КСРО-ның «Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісінің, А.Н.Сызғанов атындағы Алтын медальдің иегері екенін ғана айтсақ жеткілікті шығар. Барлық төсбелгілер мен марапаттар білікті ғалымның еліміздің денсаулық саласына сіңірген айрықша еңбегі үшін, мыңдаған науқастарға шипалы емін дарытып, аман-сақтап қалу жолындағы жемісті дәрігерлік қызметі үшін берілген. Жуырда Базарқан Досымбекұлы 80-нің сеңгіріне толды. Қазір бейнетінің зейнетін көріп, заңды демалысында. Профессор салған сара жол әлі де талай жастарға үлгі-өнеге болып қала беретінін ерекше атап өткіміз келеді.

Амангелді ИБАДИЛЬДИН,
профессор
Сәуле ИБАДИЛЬДИНА,
медицина ғылымының
кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.