Жас суретшінің көрмесі

Жуырда Алматы қаласындағы мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында қылқалам шебері Алмас Нұрғожаевтың шығармашылық көрмесінің тұсаукесері өтті. Аталған шара «Жастар жылының» аясында жүзеге асты. Тұсаукесерге 100-150-ге жуық өнерсүйер қауым қатысқан. Бұл көрмеде жас суретшінің 15 кескіндемелік туындысы көрермен назарына ұсынылды. Шараның ашылуына суретшінің ұстаздары – Жұмақан Қайранбаев, Өмірбек Жұбаниязов, Евфрат Бағдатұлы қатысты.
Талай байқаулардың жүлделі орын иегері болған Алмас Нұрғожаев осы жолы жеке шығармашылық көрмесін өт­кізуді жөн көріпті. Сол себепті көр­мені «DEBUT» деп атаған. Яғни дер­бес көрмесін өткізудегі алғашқы қада­мы. «Жұртшылыққа тарту етілген туын­дыларым – қажырлы еңбектің, тынымсыз ізденістің нәтижесі» дейді суретші. Шы­ғармашылық жұмыстарына зер сала отырып, оның қиялы мен арман-тілегі, мақсат-мұраты, жан дүниесіндегі тебіреністер анық байқалады. Айтуынша, көбінесе тарихи және ұлттық жанрда сурет салып жүргенімен, соңғы екі жыл­да бағытын өзгертіпті. «Бейнелеу өне­ріне деген қызығушылығымды қол­даған, шабыт берген әкем» дейді Алмас. Туындыларының тақырыбы да «Әке қанаты», «Суретшінің жолы», «Ұшу ойыны» болуы сол себепті. Сондай-ақ сезімтал суретшіге жеке өмірі, күнделікті күйбең тіршілік те ой салатынын жасырмайды.
Алмас Нұрғожаев – 2012 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тамамдаса, 2017 жылы осы аталған оқу орнының магистратурасын бітірген. Қазіргі таңда О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде ұстаздық қызмет атқарып келеді.

Риза НҰРҚЫДЫРОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.