ТАҢЖАРЫҚ АҚЫННЫҢ ҚЫЗЫ

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

«1946 жылдың жазы шыға бере біз анам екеуміз осындай бригадамен Күнес ауданына бет алдық. Жайлаудағы елде бір айдай болып, тау етегіне түскенімізде: «Үш аймақ басшылары­ гоминдань үкіметімен келіссөз жүргізіп, Үрімшідегі саяси тұтқындарды босатып алуға қол жеткізіпті. Бостандыққа шыққандардың ішінде Таңжарық ақын да бар екен. Сүйінші!» деген хабар жетті. Мына сөзді естігенде шешем екеумізде ес қалмады. Қалаға жетуге асықтық. Құлжамен екі арадағы жолда Тоғызтарау деген жер бар. Міне, сол елді мекенге жете бергенімізде алдымыздан бір топ атты адам көрінді. ­Орталарында – әкем! Жылап-еңіреп тұра ұмтылдық. О ­баста: «Алты жыл тар қапаста жатқан адам ғой, әбден азып-­тозып біткен шығар» деп ойлағанбыз. Сөйтсек олай емес, өңі жақсы көрінді. Кейін білсек, әкем түрмеден қыс аяғы бітіп, қар ери бастағанда босапты. Содан Үрімшіде үш айдай ес жиып ­барып, елге содан кейін келіп тұрған беті екен».

Таңжарық ақын… Осы бір тамаша талант иесі туралы қалың көпшілік бертінге дейін көп ештеңе білмей келді. Оған себеп, біріншіден, ол ХХ ғасырдың басында шетелде туып, өмір сүрді. Сондықтан да шығармалары отандастарына өз уақытында жете қоймады. Екіншіден, 60-жылдары арғы беттен ұлы көш қозғалып, Таңжарықтың туындылары кеңестік Қазақстанға солар арқылы енді келе берген кезде екі мемлекет арасындағы саясат өзгерді. Соған байланысты ақынды байқап насихаттап, сақтықпен таныстыру қажет болды. Өйткені ол Қытайда әлі ақталмаған тұлға болатын.
Десек те, осы бір ғажап адамның аты мен үні құбылмалы мінез танытқан саясаттар ызғырығы арасындағы сәл-пәл туа қалған жылымық кездерде оқырмандарымызға естіліп қалып жатты. Сондай бір сәттерде оны өз Отанына ең алғаш таныстырған адам – ақсақал жазушымыз Сәбит Мұқанов еді. 1956 жылы ҚХР-ға КСРО Жазушылар одағының атынан үш қаламгер ­­ша­қырылған. Аталмыш елге солардың бірі болып барған Сәбең көрші мемлекеттің қазақтар мекендейтін Шыңжаң өлкесін асықпай аралап, қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігімен кеңінен танысқан. Елге қайтып келген соң «Алыптың адымы» атты танымдылығы мол деректі кітап жазған. Міне, сонда Таң­жарық ақын, оның мұғалима қызы Сара мен күйеу баласы, жазушы Бұқара Тышқанбаев туралы тұңғыш рет егжей-тегжейлі айтылған-тын. Одан соң… иә, одан соң арада 17 жыл уақыт өткенде әнші Дәнеш Рақышевтің орындауы­мен Ташкенттегі бүкілодақтық «Мелодия» — дыбыс жазу студиясынан Таңжарықтың «Амандасу» әні жеке күйтабақ болып шық­қаны, 1974 жылы «Жазушы» баспасынан ақын­ның «Арман­тау» жыр жина­ғының жарық көріп, есімі 1977 жылы Қазақ совет энцик­лопедиясының 10-томына енгені бар.
Біздің білуімізше, кеңестік кезеңде Таңжарық ақын туралы Қазақстанда атқарыл­ған жұмыстар, міне, осылар. Ол және оның шығармашылығы туралы ауқымды істер еліміз тәуелсіздік алған соң одан әрі дәйектілікпен жалғаса түсті деуге болады. Оған 1992-2002 жыл­дар аралығында Шыңжаңнан кел­ген әдебиетші-ғалым Оразанбай Егеубаевтың Алматыда ақынның екі томдығын шығаруды қамтамасыз еткені, зерттеуші Дүкен Мәсімханұлының «Сарап» кітабында өзіміз сөз етіп отырған тұлғаның шығармашылық қырлары егжей-тегжейлі талданғаны, жазушы Тұрлыбек Мәмесейіттің «Таңжа­рық» роман-дилогиясын жазып, дүниеге әкелгені дәлел.
2004 жылы еді. Өмірінің тең жарты­сы қуғын-сүргінде өтіп, Қытай елінде сенімсіз эле­мент атанған, ол ауыр айып­тан тек ХХ ғасырдың 80-жылдарында ғана арылып, жұлдызы сонан соң ғана барып жанған тума таланттың туғанына 100 жыл толатын уақыт жақындап келе жатты. Сондай сәтте ақынның бұл мерей­тойын екі мемлекет те кеңі­нен атап өтуге қам жасады. Соның қарсаңында біз Таң­жарық Жолдыұлының сол уақытта көзі тірі қызы Сара апаймен жолығып, әңгімелескен едік.

– Көзі қарақты оқырман бұл күндері ақынның шығармашы­лығымен жақсы таныс деуге болады. Бірақ ел оның отба­­сы­лық өмірінен және ұрпақ­та­рынан хабарсыз. Көп ештеңе біл­мейді. Алдымен, міне, осы жөнінде айтып берсеңіз.
– Әкем екі рет шаңырақ көтерген кісі. Алғашқы шешемізден Уәлихан есім­ді перзент болған. Ол Шыңжаң педагогикалық институтын бітіріп, Құлжа уәлаятының Аралтөбе деген жерінде жұмыс істеді. Өкпе ауруына шалдығып қайтыс болғанда, артында бір ұлы қалған. Сол бала қазір Уәлиханның отын өшірмей, Шыңжаңның Күнес ауданында тұрып жатыр.
Мен әкемнің екінші қосағы Бәтидің қызымын. Анам өжет, ісмер, әнші адам еді. Көзі ашық, сауатты кісі-тін. Кіш­кентай кезімдегі есте қалғаны: алдымен ауылда тұрдық. Содан соң Құлжа ­қа­ласына көшіп келдік. Мекеніміз үлкен шаһардың ортасындағы қазақ уишмасы (ұйымы – ред.) деген орам еді. Оның ауласында үлкен клуб бар болатын. Міне, сонда ұлтымыздың Іле аймағындағы бас көтерер зиялылары жиналып, біреуі көркемөнерпаздар ансамблін құрып, екіншісі драма үйірмесін ашып, үшіншісі талапты жастарды фотосурет студиясына тартып, кеудесінде сәулесі бар жанның бәрін жаңалыққа үндеп жататын. Со­лардың ішінде жарқылдап әкем де жүрді. Ол кісінің жұмысы өзі негізін 1936 жылы қалаған «Іле» газетін шығарып, тарату болатын.
– Ақынның қалай ұсталғаны есіңізде ме? Тұтқындау қай жерде, қа­лай, не себепті жүргізілді? Ол кезде сіз қанша жаста едіңіз?
– Есімде. Бәрі де көз алдымда. Ұмыт­қаным жоқ. 14-15 жастағы кезім ғой. Гимназияда оқитынмын. Сабақтан қайтып келе жатсам, қақпадан бір фаэтон шыға берді. Гоминдань әскерінің формасындағы екі шеріктің ортасында әкем отыр. Басы салбырап, қабағы түсіп кеткен. Көшедегі мені көрмеді-ау, бірдеңе айтар ма екен деп арба артынан дауыстай жүгіріп едім, естімеді. Не істерімді білмей үйге келіп кірсем, бөлмелерді асты-үстіне келтіре тінтіп жатыр екен. Жылаған күйі босағадағы шешемнің жанына отыра кеттім. Бұл 1940 жылдың қысы болатын.
Ертесінде: «Сендерге бұл жерде енді тұруға болмайды» деп, қазақ уишмасы орамындағы үйден шығарып тастады. Жоға­рыда айттым ғой, шешем пысық кісі еді деп. Мына қиындыққа ол кісі асып-сасқан да, абдыраған да жоқ. Керісінше, қайраттанып, бір ұйғырдың үкінің ұясындай құжырасын жалдап алды. Сөйтті де елдің көйлек-көн­шегін тігіп, дәулетті адамдардың қыз-қыр­қын­дарын үйіне барып оқытып, мені асы­рауға, ешкімнен кем қылмай өсіруге кірісті.
Күн аралатып Құлжаның орталық түрмесіне барамыз. Күзет бастығы әкеммен жолықтырмайды, тек әкелген тамақты ғана ішке кіргізуге рұқсат етеді. Осылайша бес ай өтті. Содан кейін бәрі де сап тыйылды. Сөйтсек, ол кісіні Үрімшіге алып кеткен екен.
– Бұдан кейін сіздер қайтіп өмір сүр­діңіздер? Ел ішінен анаңыз екеуіңізге көмектескен адамдар болды ма? Ақынның артынан Үрімшідегі түрмеге достары іздеп барған деседі. Олар кімдер еді? Есіңізде ме?
– Осыдан кейін бізге енді Құлжада қалудың мәні болмады. «Елге барайық, сондағы жөн білетін үлкен кісілермен ақылдасып, әкейдің артынан іздеп баратын адам табайық» деген оймен шешем екеуміз ауылға қайттық. Мен сол 1940 жылғы жазда гимназияның жетінші сыныбын аяқтаған едім. О заманда бұл институт, техникумды бітір­генмен бірдей үлкен оқу болатын. Сондықтан да кеудемде: «Күнеске жетсек, жұмысқа орналасып қалармын» деген ой да жоқ емес еді.
Әкеміздің туыстары Іле өңіріне белгілі адам – атақты Сасан бидің ауылымен бірге отыратын. Өзі бай, өзі болыс болған сол адамның Жайырбек деген ер көңілді ұлы бар-ды. Міне, сол кісі: «Ақынның отбасын тарықтырмайық. Бұлар бізді ел деп іздеп келді ғой. Сондықтан жағдай жасайық» деп, мені Бестөбе ауылына мұғалима етіп орналастырды. Шешеме екі бөлмелі үй беріп, жазда жайлауға шығарып тұрды.
1942 жылы Үрімшідегі әкемнен өз амандығын айтып, киім-кешек сұратқан хат келді. Мына хабарды естіген жұрт: «Ой, сабаз-ай! Тірі екен ғой!» деп бір дүрлікті. Сөйтті де әкеме бүкіл ауыл болып сәлем-сауқат әзірлей бастады. Көлемі бір тең болатын бұл жүкті Жайырбектің ақылымен Үрім­шіге жөн-жосықты білетін Қонысбай деген кісі алып кетті.
Ауылда біз осылайша үш жыл тұрдық. 1944 жылдан бастап гоминдань үкіметінің десі қайта бастады-ау деймін, ішкергі жақтағы түрмелерден босаған адамдар келе бастады. «Әкейден де бір хабар болып қалар ма екен» деп, біз енді Құлжаға барып тұруға жиналдық. Онда баяғы қазақ уишмасы бар емес пе?! Міне, сондағы орталық клуб өз жұмысын мықтап қолға алып, неше түрлі мәдени шараларды жандандыра бастапты. Әдебиет секциясын кейін Алматыға көшіп келген белгілі қаламгер Құрманбай Толыбаев басқарса, ән-күй үйірмесіне күні кешеге дейін ЖенПИ-де сабақ берген өнертану ғылымының профессоры Әмина Нұғыманова апамыз жетекшілік етеді екен. Осы жерде мен қайтадан шыға бастаған «Іле» газетінің редакторы әрі гимназиядағы сурет пәнінің мұғалімі Бұқара Тышқанбаевпен таныстым.
– Әкеңіздің түрмеден босағанын кімнен естідіңіздер? Бұл хабар елге қалай жетті? Достары, тілеулестері ақынды қай жерде қарсы алды? Сол оқиғаның ішінде сіз өзіңіз болдыңыз ба?
– Ол уақытта Құлжадағы қазақ зиялыларының тіршілігі мынадай-тұғын. Ұлтымыздың оқыған-тоқығандарының бәрі күз, қыс, көктем бойы үкімет мекемелеріндегі жұмыстарын тапжылмай істейтін де, жаз шыға қырдағы ел арасына барып сауатсыздықты жоюға, концерт қойып, медициналық сауықтыру шараларын жүргізуге, түрлі тақырыптарда лекция оқуға аттанатын. 1946 жылдың жазы шыға бере біз анам екеуміз осындай бригадамен Күнес ауданына бет алдық. Жайлаудағы елде бір айдай болып, тау етегіне түскенімізде: «Үш аймақ басшылары гоминдань үкіметімен келіссөз жүргізіп, Үрімшідегі саяси тұтқындарды босатып алуға қол жеткізіпті. Бостандыққа шыққандардың ішінде Таңжарық ақын да бар екен. Сүйінші!» деген хабар жетті. Мына сөзді естігенде шешем екеумізде ес қалмады. Қалаға жетуге асықтық. Құлжамен екі арадағы жолда Тоғызтарау деген жер бар. Міне, сол елді мекенге жете бергенімізде алдымыздан бір топ атты адам көрінді. Орталарында – әкем! Жылап-еңіреп тұра ұмтылдық. О баста: «Алты жыл тар қапаста жатқан адам ғой, әбден азып-тозып біткен шығар» деп ойлағанбыз. Сөйтсек олай емес, өңі жақсы көрінді. Кейін білсек, әкем түрмеден қыс аяғы бітіп, қар ери бастағанда босапты. Содан Үрімшіде үш айдай ес жиып барып, елге содан кейін келіп тұрған беті екен.
Осыдан соң көп ұзамай мен жазушы-драматург Бұқара Тыш­қанбаев ағаларыңа тұрмысқа шықтым. Әкем қатты қуанып, сол баяғы қазақ уишмасы орамының ауласындағы орталық клубта бізге үлкен той жасап берді. Сөйтті де сол күзде шешем Бәтиді ертіп, үкіметтің өзіне лайық көріп берген жұмысы – орман шаруашылығының бастығы қызметін атқару үшін Күнес ауданына жүріп кетті. Содан бір жылдан соң… иә, тура бір жылдан соң қайтыс болды ғой.
– Ол кезде, яғни ақын бақилыққа аттанған сәтте сіз әкеңіздің жанында ма едіңіз?
– Жоқ, Құлжада болатынмын. Қала мен ауыл арасына телефон, телеграфтың әлі орнатыла қоймаған кезі. Қаза туралы хабарды үш күн дегенде бізге Шапқы жайлауынан арнайы жіберген аттылы адам айтып келді. Сондықтан да жерлеуге қатысуға үлгере алмадық. Ал жетісіне аймақ басшылығының өкілдері мінген жүк машинасымен жиырма шақты кісі болып бардық. Үкімет адамдары ел-жұртқа көңіл айтып болған соң шешем олардың алдына он түрлі мәселе қойды. Ол кейін «Іле» газетіне шықты да. Сол өтініштерден қазір менің есімде қалғаны – әкемнің өлеңдерін кітап етіп шығару және ескерткіш қою жайы болатын. Кітап мәселесі 1948 жылы-ақ қолға алынып, «Алғашқы жинақ» деген атпен жарық көрген ол туынды елге тез тарап кетті. Сөз ретіне қарай айта кетейін, бұл кітапты Шыңжаңдағы қазақ ақындары шығармаларының ішіндегі тұңғыш баспа бетін көрген дүние деуге болады. Ал ескерткіш мәселесі содан көп уақыттан соң, яғни 80-жылдардың басында ақын ақталғаннан кейін жүзеге асқаны бар.
– Сіздің одан кейінгі өмір жолыңыз… Ол қалай қалыптасты?
– Әкем қайтыс болғаннан кейін шешем Бәтиді қолымызға көшіріп алдық. Мен – мұғалимамын. Бұқара – жазушы, драматург әрі киносценарист. Ал мемлекеттік қызметтегі лауазымы – Шыңжаң мә­дениет министрінің орын­басары. 1956 жылға дейін бүкіл отбасымыз боп ешбір уайым-қайғысыз өте жақсы тұрдық. 1957 жылы жағдай күрт өзгерді. ҚХР өкіметі тарапынан Бұқараға «ұлтшыл, оңшыл, қауіпті элемент» деген үш бірдей айып тағылып, Тұрфандағы еңбекпен түзеу лагеріне жіберілді. Күні кеше ғана жарқылдап ел басқарып, жұртты жаңалыққа үндеп жүрген асыл азаматтың сағын сындырып, қара жұмысқа салып қою қандай қорлық десеңші, қалқам. Соны өз көзімізбен көрдік қой. Елдің де қабыр­ғасы қатты қайысты. Құдай ондай күнді енді ешкімнің басына бермесін. Сол кезде ғой отағасы­ның: «Тұр­фанда жүрмін, Тұрфанда, Құмы аптап қуырған. Қарқарада тусам да, Тағдыр осы бұйырған. Адамның басы Алланың, «Добы» дейді, көп пе екен?! Сонша жырақ ал менің, Басымды неге тепті екен? Демек, жырақ тебілдің, Болғаның берік ол сенің. Көрсетіп өзі өмірдің, Тұрған жоқ па, өлшемін» деген өлең жолдарын жазатыны.
Бұқара Тұрфан құмын­дағы еңбекпен түзеу лагерінен 1960 жылы ғана босап келді. Сөйтті де Үрімшіде бақылауда жүрді. Бұған да шүкір дедік. Өйткені түрмеде емес, үйде, алыста емес, көз алдымызда ғой әйтеуір. 1962 жылы жергілікті үкіметке білдірмей Шыңжаң астанасындағы Кеңес өкіліне барып жолықтық. Мақсат – Қазақстанға өтіп кету. Ол кездегі консул Байғарин деген иманжүзді қазақ жігіті еді. Жағдайымызды бірден түсінді. Сөйтті де біз өтініш бергеннен кейінгі алты күннің ішінде бүкіл құжаттарымызды қолымызға сақадай сай етіп ұстатып, Қорғас шекарасынан өтіп жатқан ұлы көштің алдыңғы легінен бір-ақ­­ шығарды. Бақылау аумағы қақпасындағы қытай әскерилері біздің жүк тиеген машинамызды тоқтатып қойып, тура алты сағатқа жуық тексерді дейсің. Кітаптан басқа байлығымыз жоқ-ты. Міне, солардың бәрін сілкіп көріп, мұқият қараумен болды. Сондағы артымызда кезек күткен елден айналайын! Күні бойы ыстық күннің астында иіріліп, жіпсіз байланып тұрғандарына қарамай, біздің тілеуімізді тілеумен болды. Ақыры көптің ниеті қабыл болды-ау деймін, кеш бата қытай жағы шлагбаумды көтерді. Осылайша біз бергі бетке өттік.
Жаркенттен бізді осы жақтағы туысымыз Сейдәлім Тәнекеев деген партия-кеңес қызметкері қарсы алды. Ол кісінің ақылымен мен бала-шағама ие болып, сол Панфилов ауданындағы Қоңырөлең ауылындағы мектепте сабақ беруге қалдым да, Бұқара Алматыға барып жеке өзі қызмет істеуге кетті. Ағаларыңның кейін айтқан әңгімесі ғой, сол сапардағы жұмыс арасында уақыт тауып, Сәбеңе жолығыпты. Ақсақал жазушы оны құшақ жая қарсы алған. Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафинге ертіп апарып: «Ел-жер деп келді ғой. Көмектесейік» дейді. Ақыры үш қария бірігіп жүріп көп кешікпей қалалық атқару комитетінен бір бөлмелі үй алып бергізіпті. Ол баспанамыз қазіргі Әуезов пен Төле би көшелерінің қиылысында болатын. Ал 1964 жылы, иә, сол жылы тағы да Сәбең, Ғабең және Сафуан Шаймерденов бас болып, Интернационал көшесіндегі жаңадан пайдалануға берілгелі жатқан үйден үш бөлмелі пәтердің кілтін ұстатты. Жақсылық деп осыны айтар болар, сірә. Сондықтан да бұл кісілерге деген менің алғысым шексіз! Жә, көп айтып қайтейін, сол 60-жылдары Алматыда осылай қатарға қосылып кеттік қой.
– Дұрыс екен. Енді мына соңғы сұраққа жауап берсеңіз. Таңжарық ақынның зираты қайда, қай жерде? Басында белгі бар ма? Сіз өзіңіз 1962 жылдан кейін ол жаққа бара алдыңыз ба? Барсаңыз, ақынның елінде Таңжарыққа байланысты нендей шаралар жүзеге асқан деп ойлайсыз?
– Әкемнің зираты Құлжа облысының Күнес ауданындағы Шапқы жайлауы деген жерде. Басында күмбез жоқ. Бірақ белгі бар. Бестөбе қаласында ескерткіш орнатылған. Ол жаққа 1962 жылдан кейін тек 1996 жылы ғана баруға мүмкіндік туды. Туысқандарды араладым. Әкемнің зиратының басына барып Құран оқыттым. Үрімшідегі «Халық» баспасынан Таңжарық ақынның 2000 жылы ханьсу тілінде бір томдығы, ал 2001 жылы қазақша екі томдығы жарық көріпті. Сөз ретіне қарай Шыңжаңда «Таңжарық» деп аталатын 5 сериялы фильмнің де өмірге келгенін айта кетейін. Елдің бізге, атамекенге деген ықыласы ерекше. Жақсы хабар күтіп елеңдеп отырады екен.

АВТОРЛЫҚ АНЫҚТАМА.

Сара апаймен жоғарыдағы әңгіме 2004 жылдың бас кезінде болған еді. Содан көктем, жаз бойы республикалық газет-журналдар Таңжарық ақын туралы көптеген материалдар берді. Тұғыры биік тұлғаны елге танытуда Қазақ телевизиясы мен радиосы да жақсы жұмыс істеді. Ал күзде Қазақстан Жазушылар одағы Алматы мен Құлжада салтанатты жиын өткізді. Сара Таңжарыққызы осы және одан кейінгі іс-шараларды көріп, 2018 жылы өмірден озды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.