Мақсатқа жету жолында

Кәсіпорындардың табысты қызмет етуі – ел экономикасының бірден-бір қозғалтқыш күші. Ол үшін ғылым мен өнеркәсіп өндірісі өзара үздіксіз және ұдайы байланыста болуы, бәсекеге сай ғылыми-техникалық жетістіктерді тиімді қолдануы қажет. Әлемде табыс әкелетін, нақты нәтижеге жетуге мүмкіндік беретін ғылым саласы мен өндіріс секторы бөлімшелерін бірыңғай құрылымға орынды біріктіру тәжірибесі бар. Сол арқылы ғылыми жетістіктер өнеркәсіп өндірісіне жедел және ұтымды енгізіледі.

Бүгінде өндіріс тиімділігін арт­тыруға мүмкіндік беріп, ондағы ғылыми мәселелерді шешуге ықпал ететін және инновациялық жобаларды іске асыруға байланысты кластерлерді құру маңызды. Бұл тәжірибе мен инновациялық ғылыми ұсыныстар арасындағы айыр­машылықты азайтады. Сәйкесінше, өндіріс үрдістеріне ғылыми бақылау жасауға ықпал етеді, кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Елімізде белсенді дамып келе жатқан тамақ өнеркәсібі ­кә­сіпорын­дары бар. Оларды дамыту­ үшін кәсіпорындарды алдыңғы қатарлы заманауи технологиялармен қамтамасыз етумен қатар, белгілі бір өнімдерді шығаруда ұлттық және этникалық тәсілдерді қолданатын, жергілікті шикізат көздерін пайдаланатын жаңа технологияларды іздеуге, жоғары та­ғамдық және биологиялық құн­дылығы мен бағытталған про­филактикалық қасиеттері бар өнім­дер алуға мүмкіндік беретін ұмыт қалған технологиялар мен дәстүрлерді жаңғыртуға ерекше мән берілуі тиіс. Бұл ретте кластерлерді пайдаланудың бір­қатар артықшылықтары бар. Алдымен, өндірістің тиімділігін арттыруға және инновациялық жобаларды іске асырудағы қауіптерді азайтуға қатысты. Сондай-ақ клас­терлік технологиялардың басым бөлігіне ғылыми әзірленімдерді же­дел іске асыру мен нақты табыс алу мүмкіндігін қосу қажет. Нақты осындай артықшылықтар ел экономикасын дамытуға, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық айыр­машылығын реттеуге, құрылымдық-салалық сипаттамаларды өзгертуге, инвестициялар тартуды күшейтуге, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда,­ бір ескеретіні, тамақ өнеркәсібі ­саласында ірі инновациялық клас­терлер құру мақсат емес. Себебі бұл шикізат сатып алуға, тұтынушылар іздеуге және шикізатты өңдеу мен дайын өнімді шығару бойынша ірі көлемді кәсіпорындар құрылысына байланысты. Ал салыстырмалы ша­ғын инновациялық кластерлер икемді өндіріс құруға мүмкіндік береді, ғылыми және өндірістік кәсіпорындарды нақты мақсатқа, мысалы, атап айтқанда, балаларға арналған және емдәмдік тағам өнімдерін өндіруге жұмылдыра алады. Сүт және ет өнімдерін өңдеу бойынша ғылым мен бірқатар өндіріс орындарын біріктірген осындай кластер «Қазақ тағамтану академиясы ҚБ» ЖШС, «Ордабасы құс» ЖШС, «Амиран» зауыты, «Зеренді» асыл тұқымды мал шаруашылығы, «FoodExco» ЖШС, «Евразия Инвест ЛТД» ЖШС аясында құрылған.
Осындай кластердің құрылуына сай елімізде алғаш рет сиыр сүті негізіндегі балалар тағамы өнім­дерінің ерекше технологиясы енгізілді. Оны Қазақстан мен Орталық Азияда­ ­балалар тағамын шығаратын жалғыз өндіріс ошағы – «Амиран» зауыты қолға алды. Сондай-ақ ­«Тайбурыл» зауытында балалардың бие сүті негізіндегі қосымша қорегі, ана сүтіне ұқсас өнімдер, мектепке дейінгі және мек­теп жасындағы ­балалар тағамы өнімдері, балмұздақтың ерекше ­рецептуралары мен технология­лары іске асырылуда. Сонымен­ қатар Ақмола облысындағы «Зеренді» асыл тұқымды мал шаруашылығында балаларға арналған ешкі сүті негізіндегі сұйық және паста тәрізді өнімдердің рецептуралары мен технология­лары; сиыр сүтін көтере алмайтын балаларға арналған «соя сүті» негізіндегі ерекше қо­рек-өнімдер; алғаш анықталған өкпе туберкулезіне шалдыққан науқастарды кешенді емдеу үшін бие және ешкі сүті негізіндегі арнайы өнімдер; онкологиялық дерттерге, жүрек-қантамыр ауруларына, улануға, асқазан-ішек ауруларына, күйік жарақатына, т.б. шалдыққан науқастарға арналған профилактикалық мақсаттағы, имму­нитетті ынталандыратын, антиоксиданттық және уытсыздандыратын қасиеттері бар өнімдер; бал мен омарта шаруашылығы өнімдерінің негізіндегі өнімдер өндірілуде. Оларды­ пайдалану бойынша ғылыми негізделген ұсы­ныстар мектепке дейінгі және мектеп жасындағы ­балалар мекемелерінде, реабилитация орталықтарында, спорттық мектептерде, балалар ауруханаларында, т.б. енгізілген.
Ал «Ұлытау» кондитерлік ­це­хында әлемдік тәжірибеде ­бұ­рын-соңды болмаған бие сүті ­қо­сылған, құрамында қант, май қыш­қылдарының трансизомерлері, ­хо­лес­терин болмайтын емдәмдік ­шо­коладтың рецептуралары мен технологиялары, шоколадтың өнеркәсіптік шығарылымы ұйым­дастырылды.
Бие сүті, жеміс-көкөніс және ас­тық дақылдары негізіндегі бағыт­талған медициналық-биологиялық қасиеттері және қазақ ұлттық та­ғамының элементтері бар «Дастарқан» бағдарламасы шеңберіндегі арнайы өнімдер Халықаралық Ғарыш Стансасына жеткізілді.
Күркетауық еті негізінде ұлттық дәстүрлі қазақ тағамдарының рецеп­тілерін пайдаланумен жаппай және арнайы бағыттағы ерек­ше функционалдық өнімдер – бағытталған емдәмдік және про­филактикалық қасиеттері бар ­«Күр­­ке­­тауық етінен қазақтың дәмді тағамдарының» рецептуралары мен технологиялары да жолға қойылды. Жоба нарықты салауатты тамақтануға арналған жоғары сапалы, бәсекеге сай, импортты алмастыратын және әлеуметтік қолжетімді өнімдермен қанықтыруға бағытталған. Ол Қазақ­стандағы күркетауық еті өнімдерін өндірумен айналысатын жалғыз кәсіпорын – «Ордабасы құс» ЖШС терең өңдеу цехының аясында іске асырылады.
Жаңа арнайы тағам өнімдерінің көмегімен жұқпалы және жұқпалы емес ауруға шалдыққан жандардың тамақтануына қатысты ғылыми негізделген тәсілдер әзірленіп, өнім­дердің клиникалық тиімділігіне бағалау берілген.
Барлық әзірленген өнімдер халықтың ұлттық және этникалық тамақтану ерекшеліктерімен байланысты, жоғары тағамдық және биологиялық құндылығымен ерек­шеленеді және экспортқа шығаруға бағдарланған.
Айта кетейік, жоғарыда айтыл­ған балаларға арналған және ем­дік-профилактикалық, ұлттық маз­мұндағы тағам өнімдерін ғылыми әзірлеу және өнеркәсіп өндірісі бойынша инновациялық кластер құру арқылы тамақ өнеркәсібінде, өңдеу саласында жоғары тәжіри­белік мәні бар нәтижелерге қол жеткізіп, Қазақстанда алғаш рет балаларға арналған және емдік-профилактикалық тағам индустриясын қалыптастыруына орай аталған жұмыс әл-Фараби атындағы Ғылым мен техника, білім саласындағы Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік сыйлығына үміткерліктің 2-кезеңіне өтті.

Төлебай РАҚЫПБЕКОВ,
медицина ғылымының докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.