Киіз үй шебері

Қолөнер шебері Туғанай Жалмұратованың есімі Жамбыл облысына көптен таныс. Ол киіз үй жасау шебері. Осы мақсатта «­Би-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін де құрған.

Аталған кәсіпорын өз жұмысын ел Тәуелсіздігінің елең-алаңында, яғни 1991 жылы бастаған. Біздің республикада киіз үй ­жасайтын кәсіпорындар жоқтың қасы. Соны байқаған Туғанай қиындығы мол іске тәуекел еткен көрінеді. Серіктестік он адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Суретшілер Нұржан Қазыбеков, кілемші Мақсат Ізтілеуов өздеріне қолайлы деп түн мезгілін таңдап, жұмыс істейді. Мұның өзі көркемдеу, әсемдеу жұмысының инемен құдық қазғандай күрделі жұмыс екенін айғақтайды.
– Біздің мақсат – қазақы ұлттық құн­ды­лықтарымыздың өркендеуіне қалай жол ашамыз деген ой. Қазақтың киіз үйі – құндылығымыз, қазақтың ою-өрнегі, шапаны мен ұлттық киімі – байлығымыз. Бізде 10,12, 16 қанатты киіз үйлер жасалады. Киіз үй жасауға жылға жуық уақыт кетеді. Кейде күрделі жұмыстар үш жылға дейін созылады, — дейді кәсіпкер.
Әр қазақы құндылық үшін осындағы ­мамандар көз майын тауысып еңбектенеді. Басқұрлардың ою-өрнегінің әсемдігі, көркемдігі – басты міндет. Киіз үй жаб­дықтарының көркемдігіне бұл кәсіпорын ерекше мән береді екен.
Мұнда киіз үйден бөлек, кілем,алаша, шапан, түрлі ұлттық бұйымдар әзір­ленеді. Тараздағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің және сән колледждерінің студенттері осында еңбек тәжірибесінен өтеді.

Есет ДОСАЛЫ
Тараз

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.