Татулық – қастерлі ұғым

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ахыска» қазақ жеріндегі түрік этномәдени бірлестігі Қазақстанның гүлденуіне үлес қосуға аса ынталы. Бүгінде этномәдени бірлестік аясында жиырмаға жуық спорттық зал жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін өз жұмысын толассыз ұйымдастырып келеді. Сондай-ақ мемлекеттік тіл – қазақ тілінің ауқымын кеңейту шарасына да атсалысып, жыл бойы «Қазақ тілін және мемлекеттік тілді үйрену» шарасын өткізіп келеді. 

Түрік мәдени орталығы 1991 жылы ақпан айында Алматы қаласында құрылып, 1996 жылы «Қазақстан Республикасының түрік қоғамы» деп өзгертілген. Қоғамның филиалдары Қазақстанның әр аймағы мен оның аудандарында да ашылған. Орталық өз қызметін мәдениет деңгейінің көтерілуіне, әдет-ғұрыптары мен ұлттық сананың сақталып қалуына және өз ұлтының білімін көтеруге бағыттаған. Түріктердің көп шоғырланған Алматы,­ Тараз, Шымкент қалаларында түрік тілін үйрететін бірнеше оқу орны жұмыс істейді. Түрік диаспорасы өз араларында өкіл кеңесін сайлап отырады. Сондай-ақ республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде ұйымдастырылатын шараларға белсенді түрде қатысып, ­атсалысып тұрады. Қоғам филиалдары салауатты өмip салтын ұстануға, келер ұрпақты төзімділік, адамгершілік рухында тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі.
«Ахыска» Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениетін өзара байытуға, Қазақстан мен Түркия арасындағы жан-жақты мәдени байланыстарды дамытуға септігін тигізуде. Осы ұлт өкілдерінің ішінен түрік халқының тарихын зерттеу­мен, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтаумен және дамытумен, сондай-ақ мәдени ағарту қызметімен айналысатын патриот азаматтар шыққан. Түрік ұйымы диаспорада туындаған мәселелерді шешеді, Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттердің мемлекеттік және қоғамдық бірлестіктерінде түріктердің мүддесін қорғайды.
Қазақстан түріктері арасында ­«Чичеклер» атты би ансамблі құрылған. Би ұжымы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастыратын барлық мерекелік іс-шараларда белсенділік танытады. Олар көркемөнерпаздар фестиваліне қатысып, бірнеше мәрте лауреат атағына ие болған. Бейбітшілік пен ұлт ынтымақтастығын сақтай отырып, Қазақстандағы түрік қоғамының ұлтаралық қызметін ең басты орынға қойып отыр.
Қазақстанда тұратын түрік этносының «Ахыска» этномәдени орталығы өз қызметін ойдағыдай атқаруда. Ел аумағының барлық өңірлерінде филиалдары толыққанды жұмыс істеуде. Үш тілде шығатын «Ахыска» газеті де нөмір сайын жарық көріп отыр. Халықтар арасын жалғап, салт-дәстүрімен таныстырып, жақындастыратын этникалық басылымдарды халық жақсы қабылдайды. Кез келген ұлт өкілдері өздерінің үнжариясымен мақтана алады. Еліміздегі бейбітшілік пен келісім, ұлтаралық достық және қоғамдағы азаматтық ауызбіршілік – барлық этникалық басылымдардың басты тақырыбы. Байланыс құралдарының қазіргі күндегі мүмкіндігі мен ықпалы өте зор. Олар тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің үнемі сақталуына ­атсалысып, қоғамда береке-бірліктің нығаюына үлесін қосуда. Алматы ­облысында орталық тарапынан әлеуметтік жауапкершілік бағдарламасы бойынша орта мектеп ашылып, әл-ауқаты төмен балаларға талапқа сәйкес орта білім берілуде. Елбасымыздың алдымызға қойған мемлекеттік тілді меңгеру тапсырмасы аясында толыққанды жұмыс атқаруда. Қазақстанда тұратын түріктердің 80%-ы мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Қазақстандық патриотизмді әрбір азаматқа жеткізу, осы бағытта тәлім-тәрбие беру біздің бірлестігіміздің басты мақсаттарының бірі екендігі аян. Осыны жете түсінген түрік жастары Елордада бас қосып, өздерінің ұлттық мерекесін атап өтті. Кездесу барысында олар ұлттық би билеп, сонымен қатар әртүрлі ойындармен кеш көрігін қыздыра түсті. Ал Ахыска түріктерінің елімізге қоныс аударуы 1944 жылы 31 шілдеде басталады. КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің № 6279 Қаулысымен олардың тағдыры шешіліп, сол жылы, ІІХК 001176 бұйрығымен тұрғылықты жерлері Кавказдан еліміз бен Орта Азияға күштеп қоныс аудару басталады. 1989 жылғы КСРО-да жүргізілген Бүкілодақтық халық санағы бойынша 207,5 мың түрік болған. Ол түріктердің 90 пайызға жуығы – Оңтүстік Грузияның Түркиямен шектесіп жатқан бес ауданында туып-өскен. Бұл жерді көне заманнан Месхет деп атаған, «месхеттік түріктер» деген атау осыдан пайда болған. Олар болса өздерін «Ахыска түріктері» деп атайды. Заманында Осман империясының қарамағындағы жер болғандықтан, Грузия – олардың атамекені болып табылады. Түріктерді көшіру әу бастан-ақ ойластырылса керек, себебі соғысқа дейін Боржоми­ мен Валенің арасына 70 шақырымдық теміржол тартылады. 1944 жылы қарашада 220 ауылдағы 125 мың түрік туған жерімен қош айтысады.­ Сол кезде соғыста 46 мың ахалцы түріктерінің ер-азаматтары қан төгіп, 25 мыңы соғыс даласынан оралмайды. Кейін аман қайтқандары мен 8 Кеңес Одағының ­Батыры атанған ерлер туған-туыстарының артынан кетеді. ІІХК ресми деректері ­бойынша 1944 жылдың желтоқсанында 92 307 адам көшіріліп, оның 18 923-ы – қарттар мен мүгедектер, 27 399-ы – әйелдер, 45 085-і – 16 жасқа толмаған балалар еді. Түріктер мінген тауар пойыздар 22 күн жол жүріп, 1944 жылдың 9 желтоқсанында Ташкентке келіп жетеді. Аштық пен аурудан қиналған оларды пойызға күштеп мінгізерде тек үш күнге жетерлік қана азық алуға рұқсат берген екен. Осындай қиындықты бастан кешкен түріктер бүгінде егемен Қазақстан елінің тұрғынына айналды. Түбі бір түркі елі болғандықтан қазақ халқының салты мен дәстүрі, мәдениеті бізге жат емес. Біз өз еліміздің ұлттық салт-дәстүрлерін қалай құрметтеп, сыйласақ, қазақ халқының да бар өнегелі үрдісін құрметтейміз. Бұл – біздің азаматтық парызымыз. Алматы облысындағы «Ахыска» этномәдени орталығының жұмысына бүгінде көпшілік дән риза. Олар әр мерекеге асқан дайындықпен атсалысады. Әсіресе, «жыл басы» деп, Наурыз мерекесін өте жоғары деңгейде атап өтеміз. Біздің тілегіміз – еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ең бастысы, татулық жібі үзілмесін дейміз. Бейбітшілік мәңгі жасасын.

Шахисмаил АСИЕВ,
«Ахыска» этномәдени
орталығының төрағасы

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.