Дуалды оқыту – оңтайлы тәсіл

Елімізде дуалды білім беру жүйесі қолға алынғалы да біршама уақыт болды. Елбасы Н.Назарбаев 2012 жылы жариялаған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында «Әрбір адам, соның ішінде, әсіресе, жастар белгілі бір кәсіптік саладан өз болашағын көргісі келетіндігін мойындау қажет. Бұл – өте қалыпты жағдай. Өйткені адам өзінің қайда бет алғандығын анық көрген кезде ғана биікке қарай күш-жігермен ұмтылады» деп атап көрсетіп, дуалды кәсіби білім беруді дамытудың маңыздылығына тоқталған еді.

Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында да бұл мәселеге баса назар аударылды.
Сөз жүзінде бәрі дұрыс, ал іс жүзінде қалай болып жатыр? Білім берудің мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асқаннан бері, іс жүзіндегі нәтижені білмекке Алматыдағы кәсіптік білім беретін мемлекеттік арнаулы орта оқу орны – Алматы мемлекеттік политехникалық колледжіне арнайы бас сұқтық.
Іргетасы Алматы мемлекеттік ­кинотехникумы мен Алматы машина жасау техникумы негізінде 1995 жылы құрылған колледжде алты мамандық бойынша дәріс береді. Дуалды оқыту жүйесі 2016-2017 оқу жылынан бастап енгізілген. Алғашқы топ – «Есептеу техникасы және бағдарламалық оқыту» мамандығы бойынша 25 студент білім алып, биыл дуалды оқытудың алғашқы түлектері ұядан ұшқан.
Аталған колледж директорының оқу-өндіріс жұмысы жөніндегі орынбасары Құралай Жұмабекқызының айтуынша, 2016 жылы дуалды оқыту жүйесі ­бойынша «Электронды есептеуіш техника ­операторы» тобы 25 оқушымен ашылған. Олар 2 жыл 10 ай оқып, биыл 22 студент оқуды тамамдапты. «Колледжде 57 топ ­болса, соның тең жартысы қазақ тобы. Биыл дуалды оқыту бойынша алғашқы түлектерді дайындап шығардық. Олар оқу барысында «Ұлттық ақпараттандыру орталығы» АҚ, «EXPOBEST» – тауарлар мен қызметтерді өндірушілердің халықаралық қауымдастығы, Ш.Айма­нов­ атындағы «Қазақфильм», «Poly-МИР», «MTI-Global» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «КазТранс­Газ Аймақ» АҚ секілді ірі мекемелерде өндірістік тәжірибеден өтті. Сту­денттердің теориялық білімін жетілдіруде тәжірибе кезінде бір жерден шектеліп қалмай, әр мекемеге апаруға тырысамыз. Мақсат – кез келген жұмыс орнында тіл табысып, жұмыс істеп, өзінің білімін жан-жақты жетілдіруі керек.
Бұған дейін бізде дуалды оқыту жүйесімен бір топ бітірсе, 2019-2020 оқу жылында екі топты оқытамыз деп жоспарлап отырмыз. «Фирма БЕНТ» ЖШС, «Арго» ЖШС, «Daryn productions» ЖШС, «Айтбеков» ЖК, «Алатау» дәстүрлі өнер театры сияқты бірнеше өндіріс орындары мен ­мекемелерден мамандарға сұраныс түсті. Олардың сұранысы бойынша «Механикалық өңдеу, өлшеу – бақылау құралдары және өндірістегі автоматика», «Радиоэлектроника және байланыс» мамандықтары осы жүйемен оқытылады» дейді Қ.Жұмабекқызы. Оның айтуынша, колледж дуалды оқыту бойынша биыл бітірген түлектермен тығыз қарым-қатынаста. Түлектердің көпшілігі Алматы қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында Жастар тәжірибесі бойынша қызмет етіп жүр.
Жастардың ұстанымын, ойын білмекке қаладағы Наурызбай аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істеп жүрген Алмаз Жеңісбекке хабарласып, дуалды білім беру жүйесінің ерекшелігі жайында көзқарасын білдік.
Алмаз Қуанышбекұлы Жамбыл облысының Төле би ауылындағы Ермұхан Бекмаханов атындағы мектепті бітіріп, бағдарламашы мамандығы ­бойынша оқуға түсуді армандайды. Білім ордаларын аралап жүріп, аталған колледжге келгенде дуалды оқыту жүйесі енді ашылып жатқанын естіп, толық ақпаратқа қаныққан соң, өз таңдауын жасаған.
«Дуалды оқыту – мемлекеттің жастарға жасаған жеңілдігінің бірі деп есептеймін. Өкінішке қарай, қазір жастардың арасында жұмыссыз жүргендер көп. Ал колледжде оқу барысында теориямен ғана шектелмей, оқыған-тоқығаныңды өндіріс­тік тәжірибеде қолданып, көзбен көріп, қолмен ұстап, таңдаған маман­дығыңның қыр-сырына қаныға бастайсың. Көп уақытың өндірістік мекемелерде өтеді. Тәлімгерден үйренесің, ортаға қалыптасасың. Айналаңмен, халықпен жұмыс істеуді меңгересің. Бір сөзбен айтқанда, оқуды бітірген кезде дайын маман иесі болып шығасың.
Қазір оқимын, жұмыс істеймін ­деген жастарға мемлекет көп қамқорлық жасап жатыр. Мәселен, мен Жастар тәжірибесі аясында қаладағы Наурызбай­ аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істеп жүрмін. Ай сайын 63 мың теңге еңбекақы аламын. Еңбек өтілі есептеледі, зейнетақы қорына төленеді. Алты айдан кейін тест тапсырып, одан жақсы өтсең, өзің қаласаң сол жұмыс орныңда қалуыңа ­болады. Егер жоғары оқу орнына тапсырамын немесе өзге жұмысқа орналасамын десең – ол да өз таңдауың. Бұл жағдайда ­Жастар тәжірибесі аясындағы өндірістік тәжірибеңді аяқтап, еңбек өтілің бар, біліміңді әрі қарай жоғарылатып ­немесе қалаған жұмыс орныңа орналасуға мүмкіндік мол.
«Электронды есептеуіш техника опера­торы» мамандығы «құрастыру және бағдарламашы» бағытында үйретеді. Қазір өзімнің мамандығымды одан әрі дамыту үшін колледжге 4-курсқа «техник-бағдарламашы» мамандығына сырттай оқу бөліміне тапсырып қойдым, Алла қаласа оны келесі жылы бітіріп, жоғары оқу орнына тапсырамын.


Атап өтерлігі, мен оқыған по­ли­техникалық колледж біздің ­жағ­дайы­мызды­ жасады. Оқуға көмектесті. Өндірістік тәжірибеден өтетін мекемелерді өздері тауып беріп, жұмысқа орналастырды. Демек, дуалды оқыту – алыс өңірдегі ауылдан арман-мақсатын арқалап қалаға келетін мен сияқты жастарға өте тиімді» деп сөзін аяқтады жас маман.
Жоғарыда сөз болған Жастар тәжі­ри­­бе­сінің 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына сәйкес, түлектердің оқу бітірген соң 3 жыл ішінде өзінің алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтауына арналғанын айта кеткен жөн.
Дуалды оқытудың басты мақсаты – нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды мең­геруге дайын жұмысшы мамандарын даярлау, яғни техникалық және кәсіптік кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру екені мәлім. Жас маманның әңгімесінен түйгеніміз, алға қойған мақсат-мүддеден шығып, елімізді жарқын болашаққа ­бастайтын нұсқаның бірі дуалды білім беру екеніне көзіміз жетті.

Бағдагүл Балаубаева
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.