Цифрлық сауаттылық – заман талабы

Қазіргі таңда елімізде цифрландыруға көп көңіл бөлінуде. Бұл орайда аталған мәселеге байланысты әртүрлі шаралар өтіп келеді. Мәселен, Алматы қаласының Түрксіб ауданында «Цифрлан! Трендте бол!» акциясы осы тұрғыда ұйымдастырылған болатын.

Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалы бірлесіп ұйымдастырған шараның мақсаты – халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, ағарту-насихат жұмыстарын жолға қою және көшбасшы жастарды осы жұмысқа тарту.
«Цифрлық Қазақстан – болашаққа бағдар» тақырыбындағы іс-шаралар аясында маусым айында бастау алған «Цифрлан! Трендте бол!» акциясына қатысушылар саны арта түсуде. Жастар, студенттер өз қатарластарын үйретуде. Акцияға қаланың Мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері де қолдау көрсетіп қатысты. Алдағы уақытта мұндай шаралардың маңыздылығы артып, цифрлық сауатты тұрғындар көбейе береді деп үміттенеміз» дейді шара ұйымдастырушысы, халықаралық «Жанашыр» қорының президенті Жаңыл Әпетова.
Шара барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпо­рациясы Алматы қаласы филиалының мамандары Түрксіб ауданының әртүрлі санаттағы тұрғындарына электрондық үкімет порталынан цифрлық қызметтерді алу, ЭСҚ-ны, смартфондағы Telegram қосымшасының «Egovkzbot» және «Mgov» қосымшаларын пайдалану жолдарын үйретті.
Корпорацияның Түрксіб аудандық фронт-офис басшысының орынбасары Гунари Матсуба онлайн режимде алуға болатын мемлекеттік қызметтер жайлы баяндаса, мамандар әрбір қызметті алуды қадам бойынша слайдпен түсіндірді. Қолдағы телефон арқылы да мемлекеттік қызметті алуға болатынын естіген аға буын, таңданыстарын жасыра­ алмады.
Жиынға қатысқан Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі президиумының мүшесі Майра Сағымбекова «Цифр­лық Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасының маңыздылығына тоқ­талды. Айта кетейік, қазіргі уақытта телеграм-бот (@EgovKzBot) ар­қылы мемлекеттік қызметтердің 25 түрі қолжетімді. Бұл мекенжай анықтамаларын, зейнетақы аударымдары туралы анықтамаларды, психо және наркодиспансерден анық­тамаларды, сондай-ақ кезекті ­онлайн брондау, дәрігерді үйге шақыру тәрізді анықтамаларды алуға болады. Мобильді mGov.kz қосымшасы арқылы білім беру, отбасы, жылжымайтын мүлік, денсаулық сақтау және т.б. сала бойынша тоқсан мемлекеттік қызмет қолжетімді. Смартфон иелері бұл қосымшаны былтыр 1,3 млн рет жүктеп, 3,6 млн қызмет алған.

Салтанат Қажыкен

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.