СЫРШЫЛ ҚАЛАМГЕР

Қазақ ­прозасына өз үні, өз соқпағымен олжа салған белгілі жазушылардың бірі – Сәбит Дүйсенбиевтің жасы алпысқа толып отыр. ­Мерейтой қарсаңында қаламгердің шығармашылық жолына барлау жасап, қолда бар кітаптарын қайта парақтап, оқып, қазақ көркемсөзіне қандай жаңалық әкелгенін саралау, пікір түйіндеу үшін қолға қалам алған жайым бар. 

С.Дүйсенбиев, әсілі, «ақырын жүріп, анық басатын», ешқашан асып-саспайтын қаламгер. Содан да болар, оның жазған шығармалары да автордың дәл өзіндей байсалды, орнықты. Қай туындысы болмасын, оқырман жүрегін дөп басатын нәзік сезімге, лирикаға, сағынышқа толы.

***

Жазушының сүйекті шығармасының алғашқысы – «Суық жаңбыр» повесі. Бұл әжесінің бауырында өсіп, өз шешесін «жеңеше» деп атап кеткен он жасар Сейіттің алдындағы әпкесі Айгүлді көрші ауылдың бір жігіті алып қашып кеткен соң, оны сағынып іздегені, кейіннен әпкесін алғандары үшін құдалардың «қалыңмал» деп ақша беруі, ол қаржыны азырқанған жеңгесінің тұлан тұтып, ашулануы, әжесімен ұрсысып қалуы, соңында әжесінің үйден кетіп қалуымен аяқталатын хикаят.
Он жасар Сейіт үлкендер арасындағы қызғаныш, көреалмаушылық, екі­жүзділік, өтірік сөйлеу сынды ерсі, жағымсыз қылықтарды аса түсінбейді. Оның ойынша, бала пайымдауына сай бәрі де таза, адал, әділетті болуы керек. Өкінішке қарай, ересектердің кейбір жағдайдағы қулық-сұмдықтарынан ада бала жүрегі өз пайым-болжамына ғана сүйенеді.
Жеңешесі мен әжесі сол күнгі оқиғадан соң, қайта-қайта ұрсысып қала беретін болған. Сейіт болса еш нәрсені түсінбейді. Мына ұрысты, үй ішіндегі айқайды қалай тоқтатуға болады? Көкесіне айтса ма екен? Бастапқыда олардың неге ренжіскендерін білмеген. Кейін белгілі болды. Жеңешесі әпкесінің үйінен әкелген ақшаны аз дейді екен. Әрі Айгүлдің күйеуінің бір көзінің ағы бар. Құдалары ақшаны көп бергенде, жеңешесі Айгүлдің күйеуін соқыр деп айтпас па еді?!
Әпкесі тұрмысқа шығып, оның қайта бұл үйге келмейтінін ойлап құса болып жүргенде, ақшаға бола жүз шайысып, ақыры үйден кетіп қалған сүйікті әжесінің орны үңірейіп, қайғы үстіне қайғы, уайым үстіне уайым жамады Сейіт.
Жаңа оқу жылы басталғанда сынып жетекшісі Жеңіс апай «Менің әжем» ­деген еркін тақырыпқа шығарма жазғызып, соның ішіндегі ең үздігі Сейіттің туындысы болып шығады. Сейіттің шығармасын мақтаған Жеңіс апайы оны аудандық газетке ұсынады. Аудандық газетке өз қолымен апарып берген Сейіт «кел» деген соң ертеңінде редакцияға тағы барады.
Редакциядағы аға әжесі жайында жазылған әңгімені оқымаған екен. Сейіттің көзінше тартпадан алып, дәптер бетіне жазылған үш-төрт бет шығармаға асығыс көз жүгіртіп өтті де: «Біздің газет шығарма жарияламайды, – деді. – Осы ауданда неше мың оқушы бар, солардың бәрінің шығармасын жариялай берсек, не болмақшы?!».
Сейіт селк етті. Әжесімен байланыс­тырып тұрған көзге көрінбейтін асыл жіп быт-шыты шыға үзілді. Орнынан әрең тұрып, сыртқа шықты. Дала неге сұрқай?! Дала неге көңілсіз?! Арлы-берлі өтіп жатқан адамдарды көрер емес, жүріп келеді, жүріп келеді
Бір кезде әжесі екеуі паналаған ауыл шетіндегі тас қорғанға келіп отырды. Кенет аспанды торлаған ала-шарбы бұлт арасынан жарқ етіп найзағай ойнап, жаңбыр жауа бастады. Ызғарлы, суық жаңбыр артынша-ақ селдете құйды келіп. Сейіттің көзінен де баданадай-баданадай жас домалады.
Бұл құйтақандай баланың – кішкен­­тайынан әбден бауыр басқан, өзі ерекше жақсы көретін мейірімді, сүйікті әжесіне деген сағыныштан туған көз жасы еді.
Селдете жауған суық жаңбыр, түнер­ген аспан сіздің де жүрегіңізді қарып өткендей болары анық.
Кезінде, қазақ балалар әбебиетінің атасы Мұзафар Әлімбаев («Лениншіл жас» газеті. 10 қазан, 1989 жыл) аталмыш повесть жайлы өз пікірін төмендегідей сөздермен білдірген болатын:
«Менің қолыма «Тәтті алма» деген кітап түсті. Кітапқа әңгімелер мен бір ­повесть енген. Жас жігіттің тырнақалдысы бола тұра, қолына жарты ғасырдай қалам ұстаған кәрі дөңге – мені әлгі повесть өзінің нәзік сыршылдығымен, ғибраттылығымен, қарапайым баланың сүйкімділігімен баурады.
Повестің аты да өзіне лайықты, бас кейіпкердің көңіл күйіне сәйкес – «Суық жаңбыр». Жан-жүректі де мұздатқан жаңбыр. Шыншыл шығарма шап-шағын, шып-шымыр. Оқиға тартымды, сюжет сыршыл, түзілім – композиция берік. Бостекі, басы артық детальдар жоқтың қасы.
«Суық жаңбыр» повесі – көркем қуыршақтың көйлегіндей көп-көрім!»

***

Балаларға арналған мөлтек әңгімелер мен шағын мысалдар, ертегілер жазу екінің бірінің қолынан келмейді. Өйткені бүлдіршіндерді қысқа да, тартымды туындылармен ойға шомдыру қиын.
«Меніңше, балаларға арналған әдебиет, сол балалармен қатар үлкендер де оқитын дәрежеге жеткенде ғана қызықты, құнды әдебиет болса керек» (Ғ.Мұстафин) деген тәмсіл Сәбитке арналғандай. Бұл орайда Сәбиттің қаламы балалар тақырыбына аса жүйрік. Бала мінезі мен бала психологиясын жетік меңгерген оның шағын шығармалары балалардың өздеріндей мөлдір, таза. Ал бала біткен табиғатынан ойынқұмар, қиялшыл, жақсылыққа талпынғыш. Олардың жан дүниесі ақ қағаздай тап-таза, сөздері адал, тіпті қулықтары мен өкпе-реніштері де көл-көсір шаттық пен қуаныштан тұрады.
Сәбиттің «Оның аты – Дос» деп аталатын әңгімесінің бас-аяғы жып-жинақы. Мұнда интернатта жатып оқитын сотқар, қиқар Дос пен жаңадан келген Тұңғышбектің арасындағы балалық кикілжіңмен басталған теке-тірестің соңы, суға кетіп тұншыққан Тұңғышбекті құтқарған Достың адамгершілігімен аяқталады.
«Мен ғашық емеспін» жинағындағы балаларға арналған «Тәтті алма», «Велосипед», «Ана мейірі», «Қақпашы», ­«Алдан, ақтөс және үш жетім лақ», «Шырша», «Қарлығаштың ұясы» әңгімелеріндегі кішкентай кейіпкерлердің қылықтары аса қызықты. Аталмыш әңгімелерді оқып отырып, базарлы балалық шаққа барып қайтқандай сезімде болдық.
Шағын шығармалардың еңсесін көтеріп тұрған Сәбиттің шырайлы, шұрайлы тілін де атап өткен жөн.
«С.Дүйсенбиев көпшілік оқырманға ауыл мен қаланың арасын қосып, XXI ғасырдың шынайы кейіпкерлерінің ­нанымды бейнесін жасап жүрген ­жазушы. Қазіргі заманның қасіреттеріне шипа іздеген қаламгер оның шешімін ­табуды оқырманға қалдырады. Шаңды борпылдатып жүрген ауыл балалары мен бозбалалардың, бойжеткендер мен қыз-келіншектердің, немерелерін бауырларына басып, әке-шешесінен қызғанған ата-апаларымыздың мінез-құлқын шынайы бейнелеген жазушы шығармаларында ұлттық бояу басым» дейді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының ­докторы Гүлжаһан Орда.

***

Шығармашылық жолын балаларға арналған мөлтек әңгімелер мен шағын ертегілерден, лирикалық повестерден бастаған Сәбит көп ұзамай байсалды прозаға, оның ішінде мәңгілік махаббат тақырыбына бет бұрды.
«Махаббат миниатюралары» («Мен ғашық емеспін», «Қазақпарат» баспасы, Алматы, 2012 жыл) алақандай ғана жеті әңгімеден тұрады. Мұндағы бозбаланың алғаш сүйген қызына ғашық болуы, арман-қиялға, сезім жетегіне беріліп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылуы сенімді, шынайы, таза екендігіне көз жеткізесіз.
«…Ол түк болмағандай жанымнан өте берді. Жыным мұндай келмес. Жетіп ­алдым да, бас салып құшақтап, өзіме икемдеп, ернінен сүйе бердім, сүйе бердім. Ал ол көптен бері осыны күткендей, үндемеді. Жүрегім дәл баяғыша аттай тулап, кеудемде қуаныш нұры ойнап қоя берді. Көп тұрып қалыппыз. Бір сәт талай мәрте көзіне ілмей, қасымнан өтіп кеткені есіме түсіп, оны сол сәтте өзімнен ажыратып, жай ғана салмақпен:
– Мен саған ғашық емеспін, – дедім.
Ол қабағын қатайтып:
– Мен де саған ғашық емеспін, – деді.
– Енді неге сүйесің?
Кенет ол шыдамай күліп жіберді. Мен де шыдамай, күліп жібердім…».
Аталмыш мөлтек әңгімелердің мазмұнын баяндаудан гөрі, ондағы оқиғаларды жүрекпен сезінген жөн сияқты. Хәкім Абай атамыз айтпай ма:
Ғашықтың тілі – тілсіз тіл,
Көзбен көр де, ішпен біл, – деп.
2003 жылы сәуір айының ортасында «Жас Алаш» газетінде «Махаббат ­миниатюралары» аталатын әңгімелер топтамасы жарық көрген соң, газеттің бір данасы әйгілі махаббат жыршысы, халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың қолына тиеді. Қарт қаламгер сүйсініп оқып, өзінің әсерін айтып, тебіреніп хат жазады:
– Құрметті редакция! Сіздің газеттен Сәбит Дүйсенбиевтің «Махаббат миниа­тюралары» деген мөлтек әңгімелерін оқыдым. Қатты қуандым.
Қуанатыным: «Осы күнгі жастар ­махаббаты қандай екен! Біздікіндей ме екен, біз үлгі алған баяғы ғашықтардыкіндей ме екен? Әлде, қазіргі кинолардағыдай тұрақсыз, тұрлаусыз ба екен?» деп ойлаушы едім.
Жоқ, асыл махаббат ешқашан өзгермейді екен! Мәңгі-бақи сол суымайтын ыстық, айтылмайтын адал қалпында қалады екен! Оның бір мысалы – осы әңгіме. Мұндағы алғашқы таныстық та, көшедегі кездесулер кезіндегі күйзеліс те, жігіт пен қыздың қосылардағы қызғаныш, қуанышы да, жолаушы кеткен жарға деген сағыныш та, асыл жардан айырылып қалғандағы мұң да – бәрі рас. Жүрек сыздатады.
Біз бастан кешіп, бізден бұрынғылар­дан мұра боп қалған асыл махаббат алыс­тап кетпеген екен. Махаббат мәңгі өмір сүреді екен. Мөлдір махаббатты лайлап, «махаббат жоқ» деп жүргендердің өрісі ұзаққа бармайды екен. Автордың өз әңгімесінде осыны жеткізе білгеніне риза болдым. Қазіргі жастардың құлақтарына құятын махаббат сабағы осы деп ұқтым. «Сұлушаш» пен «Мөлдір махаббатты» жазған атақты Сәбит Мұқанов атасымен аттас кіші Сәбитке алғыс айтамын.
Өз бетінде осындай әңгіме жариялаған «Жас Алаш» газетіне ризалық білдіремін.
Зор құрметпен – қарт авторларың Әзілхан Нұршайықов. («Жас Алаш», № 51. 29 сәуір, 2003 жыл)
Мұның сыртында бұл әңгімені қаншама жастар оқыды десеңізші! Жазушы бақыты деген осы шығар.
«Монологқа құрылған алақандай әңгімелер маған да қатты ұнады. Қиып алып, қойын қалтама салып қойдым. Жұмыстан қатты шаршаған кездері алып оқимын. Шаршағаным басылып, жадырап қаламын. Жігіт пен қыздың қылықтарына сүйсініп, еріксіз күлемін. Газет әбден қырқылуға айналды. Бір күні «осыны мен қойсам қайтеді?» деген ой келді. Бірде мен шәкірттеріммен Алматы­дан Мәскеуге сапар шектім. Жолда әлгі әңгіме есіме түсті де: «Балалар, менде бір туынды бар еді, соны сахнаға шығарсам деп жүр едім, оқып көрсеңдер қайтеді?» дедім. «Кәне, оқиық» деді олар. Жас актерлер Әділ Ахметовке де, Дәурен Серғазинге де, басқаларға да туынды бірден ұнады. «Қояйық» деп шулады олар. Өзі алақандай жеті әңгімеден тұрады екен. Шәкірттерім «мен мынаны оқимын, мен мынаны оқимын» деп таласып-тармасып бөліп алды. Әбден июін қандырдық. Ара-арасына попурри әндер қостық. Қайтар жолда тағы пысықтадық. Сөйтіп, «Махаббат миниатюраларын» алғаш Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының сахнасында қойдық. Бұл менің шәкірттерімнің дипломдық жұмысы болды. Мен сонда ұстаздық еткен едім. Қойылымды жастар өте жылы қабылдады. Ал 2007 жылы Астана Жастар театры ашылғанда сахнаға шыққан алғашқы туындылардың бірі болды. Содан бері он екі жыл өтті. Әлі репертуарымыздан түскен жоқ» деп еске алады Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Нұрқанат Жақыпбай.

***

Бір көргеннен кісіні үйіріп ала қоятын тартымдылығы бар, өзі әнші, өзі сері, қияқ мұртты, қалың бұйра шашты Сұлтанханның аңдамай басқан жалқы сәттік қадамы, ақкөңіл, адал Сәуленің тағдырын тас-талқан еткен «Қаздар қайтқанда» әңгімесін де бейжай отырып оқи алмайсыз.
Махаббаттың мәні өліп-өшіп сүюде емес, оны қорғаумен де өлшенбей ме? Сәуленің аяғы ауыр екенін білген Сұлтанхан тура осы тұста сыр берді. «Мен әлі жалаңаяқ студентпін, оған қалай үйленем?» деген оймен сырғақсып, кеше ғана ғашық болған қызына жоламай кетті. Ұяң мінезді Сәуле табан астында өзгерген жігітінің бұл қылығына таңғалғанымен, артынан жүгіріп, өзінің одан жүкті екенін айта алмады.
Күзде, ауылдан оралған бетте Сәулені іздеп барған Сұлтанхан қыздың сыртқы бөлімге ауысып кеткенін білді. «Балаң болса да алам» деп артынан қалмай қойған кластасына күйеуге шыққан Сәуле тағы опық жегенін білді, ажырасып кетті. Одан соң әзербайжан жігітімен тұрмыс құрды. Бұл жігіттен де бақыт тауып, шекесі шылқи қойған жоқ. «Түлкінің терісі өзіне сор» демекші, Сәуленің сұлулығы өзіне сор болды. Әзербайжан жігітінен үш ұл сүйді. Қызғаншақ әрі мінезі жайсыздау ол күйеумен бірге тұрғанымен, ұрыс-керіс кикілжіңдерден жүйкесі жұқарып, ауруға шалдығып, ақыр аяғында дүниеден өтті.
Басқа келген бақытын тепкен Сұлтанхан Сәуленің өліміне өзін кінәлі сезінді. Қай жағынан келгенде де, бұған жар болуға лайықты жан Сәуле еді. Оң мен солын анық танымаған жас кезде жолықты да, қадіріне жете алмады. Бәрі кеш енді! Өкініштен өзегі өртенген Сұлтанхан «Қаздар қайтқанда» деген ән жазды! Осы әнді тыңдап жүрегі езіледі, бармағын шайнайды.
Күрең күз. Әне, сонау зау биікте әуелеп, жылы жақты бетке алып қаңқылдап қаздар қайтып барады. Соңындағы біреуі, Сұлтанханға қарай мойын бұрып, алаң көңілмен бара жатқан секілді.
Бұдан өзге «Әйел мұңы», «Қарашаның ызғары», «Жеңге», «Жапырақтар да ­жылайды» әңгімелеріндегі қилы-қилы адам тағдыры, неше алуан сезімтал, нәзік, сыршыл лириканы ретімен, орнымен берген жазушының шеберлігіне риза болдық.
«Әр жазушының тіл байлығы мен сөз машығына қатал сынның бірі – әдеби шығармадағы адамдарды сөйлету» дейді әйгілі сыншы, атақты ғалым Зейнолла Қабдолов.
Бұл тұрғыдан келгенде Сәбит Дүйсен­­биевтің кейіпкерлері бала – ­балаша, үлкен – үлкендерге тән өз тілімен сөйлейді.

***

Әкесі мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болатын. Үйде «Жұлдыз» журналының неше жылғы саны, қазақ әдебиеті классиктерінің кітаптары тізіліп тұратын. Соларды бала Сәбит бастауыш класта жүргеннен құмартып оқыды. «Сенің есіміңді атақты жазушы Сәбит Мұқановқа тартсын деп, Сәбит қойғанбыз» деген әңгімені әке-шешесінен естіп білген ол ­4-класта жүргенде «Мөлдір махаббат» романын оқыды. Жан дүниесі сезімтал, өнерге өлердей ғашық баланы көркем әдебиет өзіне еріксіз баурады. Әлі есінде, ­тарих пәнінен сабақ беретін Сәрсебек Иманқұлов ағайлары ­6-класта оқып жүргенде: «Абай жолын» кім оқыды?» деп сұрағанда, жалғыз Сәбит қана қол көтерген болатын.
9-класта жазған ең алғашқы «Аптап» аталатын әңгімесі «Жалын» альманағында 1977 жылы жарық көрді.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданының табиғаты ерекше. Асқар Алатау мен қарт Қаратау түйіскен жерге орналасқан Сәбиттің туған жері – Шақпақ Баба ауылы да жәннәтті мекен. Шақпақ Бабаның ауа райы, әсіресе тамыз айында тамылжып тұратын.
Сәбит Дүйсенбиев шығармаларына Әзілхан Нұршайықов, Мұзафар Әлімбаев сынды үлкен жазушылар назар аударып, баспасөз бетінде жылы пікір білдіргенін жоғарыда айтқанбыз. Сол аға толқын қатарына Мемлекеттік сыйлықтың ­лауреаты Қажығали Мұханбетқалиевті қоса кетсек, артық болмас. Қажағаң Сәбиттің «Ақ жаңбыр» деген әңгімесін оқып, кезінде «Қазақ әдебиеті» газетіне мақала да жариялаған.
Сәбит 1989 жылы жас жазушылардың Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық 9-кеңесіне қатысқан болатын. Оның қалам алысына сүйсінген КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Анатолий Алексин: «Балалар жазушысы­ боп туғандардың қатарында мен қазақстандық Сәбит Дүйсенбиевті де атар едім» деп жазды («Литературная газета», №21. 24.05.89.).
Осылардың өзі С.Дүйсенбиевтің сыршыл,­ лирик қаламгер екендігін білдірсе керек.

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ,
жазушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.