Жомарттық белгісі

Қайырымдылық – адам жанының нұры, ізгіліктің анық көрінісі. Қайырымдылық – адам баласы бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Адами қасиеттердің қадірлісі қайырымдылық болса, ал оны жасау қамқорлыққа зәру жандардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске қолынан келгенше көмектесіп, үлесін қосу – әр адамның адамзаттық парызы. 

Әрине, қамқорлық жасау өзіңде барды­ өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын беру жомарттықтың белгісі және ондай іс тек жомарт жандардың қолынан келері анық. Қашанда алған қолдан, берген қол қайырлы. Сондай жомарт жүректі жанның бірі – республикалық ұйғыр этномәдени орталығының аналар кеңесінің төрайымы Жахангер Мұратова дер едік. Жасы жетпісті алқымдаған әз ана отыз жылдан астам уақыт бойы еліміздің жер-жеріндегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен жетім-жесірлерге көмек беріп, қолдау көрсетіп келеді. Тоғыз көп балалы отбасын бес-алты жылдан бері өз қамқорлығына алып, бір отбасындай бауырына басқаны тағы бар. Жуырда Жахангер анамыз тағы бір үлкен ізгі амал жасап, көптің алғысына бөленді. Ауданымызға қарасты Гүлдала ауылында төрт отбасына пәтер кілтін табыс етті. Бұдан бұрын да осы ауылда Аналар үйін салып, тағдыр тауқыметін тартып, асыраушысынан айырылған жалғызілікті аналарға сүйеу болып, көп балалы он отбасын баспаналы еткен еді. Ана жүрегі әрдайым нәзік иықтағы ауыр жүкті жеңілдетуге асығып жүреді. Отбасына қорған болар ер азаматынан ажырап, қиындықтың қамытын киген әйел-аналарға назары ауып тұрады. Әсіресе, әрбір отбасындағы балалардың өз үйінде, ешнәрседен кенде болмай, саналы тәрбие ­алуына көп көңіл бөледі. Сондықтан да биылғы жылы тағы бір төрт пәтерлі үйдің құрылысын аяқтап, аз қамтылған отбасыларға тарту етті.
Салтанатты түрде өткен игі шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы ­Тол­қын Сәметова, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Мәрия Сихымбаева,­ аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Жұмағыз Бутабаева, аудандық ұйғыр этномәдени орталығының жетекшісі Имин Тохтахунов, «Уйғур авази» газетінің бас ­редакторы ­Ершат Асматов, аудандық ұйғыр әйелдерінің төрайымы Каминұр ­Супиева, Гүлдала ауылы әкімінің орынбасары ­Меруерт Әзілқияшова, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Нәдірбек Бекжігіттер куә болып, көпшіліктің қуанышымен бөлісті. Салтанатты шара барысында барлығы да ­кезекпе-кезек сөз алып, Жахангер анамыздың жұртшылыққа ­жасап жатқан жақсылығын ауыз толтыра ­айтып, қуаныш иелерін құттықтап, ақ тілектерін ақтарды. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» демекші, жетім-жесірін жылатпай, қамқорлығына алған Жахангер­ анамыз да ақ тілегін ақтарды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» немесе «Көп түкірсе – көл» демекші, игі істі жалғыз өзі ғана емес, көптеген кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асырғанын алға тартқан ана үйдің салынуына қол ұшын берген азаматтарды атап, алғысын айтты. Сөз соңында жаңадан бой көтерген төрт пәтерлі үйдің кілтін көп балалы аналар Бағилаш Жаңатаева, ­Татьяна Хулхачинова, Зарина Чурукова мен Зульфия­ Исраиловаға табыс етті. Шашу шашылып, пәтер иелері мәре-сәре болып, жаңа қоныстарына бет алды. Қуаныштан көзге жас алған аналар Жахангер анаға алғыс жаудырып жатты. Үй ауласына ақ шаңқан үй тігіліп, жиылған қауым қоныс тойын­ күн ұзаққа тойлады.

Перизат НҰРҚАЕВА
Алматы облысы
Талғар ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.