Жұмабайдың қос ерлігі

Жұмабай Қартқожақовтың есімі Атырау, Орал өңіріне жақсы таныс. Ол өткен ғасырдың небір зобалаңын бастан өткерген, соның ішінде болған тарихи тұлға. Қандай қиын уақыт болса да, өзінің азаматтық келбетін, ар-ожданын жоғалтпаған. Жұмабайдың еліне, халқына жасаған жақсылығын бүгіндері былайғы жұрт аңыз қылып айтып жүр. Сонымен, биыл қазақтың алғашқы чекистерінің бірі, заңгер, ­адвокат­ Жұмабай Қартқожақовтың туғанына 115 жыл толып отыр. Бұл жазбамызда қайраткер өмірінің кейбір сәттерінен сыр шерттік… 

ОГПУ-дың чекистері банды атанған Аманғалидың ізіне көптен бері түскен болатын. Ел ішінде тыңшылық қылатын. Ауылдағы жансыздары арқылы да оның бағытын, баратын жерлерін алдын ала біліп отыруға тырысатын. «Аманғали банды Жайықтың Бұхара бетіне өтіп, адай руының правителі Тобанияз Әлниязовтың үйіне келеді» деген суыт хабар мұндағылардың құлағына тигесін қарсы 7-8 адам болып, Буракөл жаққа шұғыл аттанған. 1924 жылы Ордадан келген қарулы топтың басшысы, чекист Е.Шкоковпен болған келіссөзден кейін, Аманғали Кенжеахметұлының ізіне шөп алып түсу доғарылғандай болып еді.
«Сендер маған тиіспесеңдер, мен сендерге ұрынбайын» дегенді кесіп айтқан Аманғали баяғы салтына басып, ел-жұртын аралап, әнін салып, думанын құрып жүре берген. Аманғали он алтыншы жылғы патша жарлығы бойынша қара жұмысқа кісі алғанда сол тізімде болып, жұмысқа алынып, Қазан төңкерісіне дейін сонда болып қайтады. Кезінде қызыл советтік милицияның қатарында болып, Нарында ақ гвардияшылармен соғысқан.
Оның жүріс-тұрысы, сыр-сипаты, ақындық өнері, серілік қасиеті, өршіл азат болмысы жергілікті шенділерге бәрібір жақпайтын еді. Ағайын, құда- жегжат арасындағы болмашы кикілжің бойынша болысқа, уездік милицияға шағымданғандар соңынан шам алып түсуін қоймайды. Тумысынан ерек мінезді, палуан денелі, жанына өнерпаздықты серік еткен Аманғали жаны жабырқағанда шығарған әніндегі мына бір шумақ соның дәлеліндей:
Қолымда бір қамшым бар сәліңгірдей,
Кей жаман сөз сөйлейді әлін білмей.
Бір сері ел ішінде жүрмей ме екен,
Соңымнан неге түстің бәрің бірдей?
Анығында Е. Шкоковтың қарулы отрядымен болған қақтығыстан соң, Аманғали жеке басына азаттық алғандай болып, ел ішін еркін кезіп, Қайнар, Иманқара, Қойқара жақтағы ағайын-тумасын аралап жүруді әдетке айналдырған. Сонда да ­ойында сақтық бар еді. «Екіұдай күн туа қалса жауға матап бермес» деген ішкі оймен правитель Тобанияздың маңайын сағалап жүргені рас еді.
Бұрынғыдай бейсауат жүрмейтін. Сақтық бар еді. Бұл жолы да қасына әйелін, баласын және екі нөкер жігітін ертіп, Тобанияздың аулына келген. Руы жағынан Тобанияздың нағашылығы бар еді. Үй иесі қонағасына қой сойдырған.
— Шырағым Аманғали, күнде келіп жатқан жоқсың. Сен де бір тордағы ­тотыдай болғың келмей, еркіндік іздеген мақсатыңнан қайтпай келесің. Оны біреу құптар, енді біреу жат қылық көрер. Артыңнан ерген сөз де жетерлік. Оны өзің түсінесің. Менің саған жат пиғылымның болмағанын білесің. Неқылғанмен де сен менің бүгінгі құдайы қонағымсың. Қолыңа ал домбыраңды, сал әніңді, – деп ақжарыла ақтарылып, Аманғалидың үркектеп отырған көңіліне сенім ұялатып еді.
Арғы-бергі нәрселерді айтып, ұзақ сұхбаттасып, енді ет желіне бергенде ауыл сыртында дабыр-дүбір ­молайып кеткен. Кісінеген жылқы мен сөйлеген адамдардың дауысынан секем алған ­Тобанияз бен Аманғали бір-біріне қараған. Ә дегенде-ақ, бұл дабырдың тегін емес екенін сезе қойған Аманғали шапшаң ұшып түрегеліп, есікке қарай беттеген. ­Дастарқан басында отырғандар да үрпиісіп, орындарынан тұрған. «Сен тұра тұр» деп ым қаққан Тобанияз Аманғалиды кейін ысырып, есікке қарай өзі ұмтылған. Іші бір жаманшылықты сезген.
Сөйткенше болмай, сырттан әлдекімнің: «Аманғали банды, тысқа шық, өз еркіңмен беріл! Әйтпесе күш қолданамыз» деген өктем үні естілген. Үйдегілер ОГПУ-дың адамдары екенін бірден білді. «Қап, қапияда ұсталдым-ау!» деген өкінішті ой Аманғалидың санасын оттай болып шарпып өткен.
«Осы пәлекет сенен келген жоқ па?!» дегендей оймен Аманғали Тобаниязға отты көзімен жалт қараған. Тобанияз басын шайқаған. Онысы «пәлекет менен емес» дегені еді. Аманғалидың өңі қуарып, танауы қусырылып Тобаниязға зілді қараспен қарап тұрған болатын.
– Тобанияз, Аманғалиды алып шық! Совет үкіметінің жауын үйіңе паналатқаның үшін әлі-ақ жауап бересің, правитель, – деген әлгінің дауысы дәл есіктің ар жағынан шыққан.
– Кім болсаң да, Аманғали – менің ­құ­дайы қонағым. Қазақта қонаққа тиіспейтін дәстүр барын ұмытып қалдыңдар ма? Мына адайлардың ертең-ақ Аманғалиды Тобанияз үйінде ұстатып жіберіпті деп шу ете қалмасына кім кепіл? Аманғалиды ұстағыш болсаңдар, түзде ұстаңдар! – Тобанияз үй ішінде тұрып, сыртқа айқай салған. Тобанияз айтып ауыз жиғанша мылтық кезенген бес-алты солдат ішке ентелей кіріп еді. Жан дәрмен атылған Аманғали алдыңғы екі адамды допша домалатып, үшіншісіне қарай тап берген. Аманғалидың келіншегі Мұхсина дауыс салып жылап, қарғап жатыр.
– О, Құдай, пәлеге тап болған жері­міз осы ма еді? Аңдыған жау алмай қой­майтыны рас екен. Құдай төбелеріңнен жүрсін, жауыздар! – Әйелдің ащы дауысы құлақ тұндырардай еді.
Аманғали анау-мынау екі-үш жігітке әл бермейтін қара күшке қаптал еді. Соны білген солдаттар оған жабыла кетті. Қимылы әбжіл орыс солдат мылтықтың дүмімен көкжелкеден келіп ұрғанға дейін Аманғали мен інісі арпалысып жатқан болатын. Аманғалиды ұрып талдырып, байлап алғасын, далаға сүйрей шығарғанда ілесе шыққан Тобанияз ат үстінде тұрған Жұмабайды таныған. Бірдеңе демекке іркіліп барып, жалынышты көзбен қараған Тобанияздың не демек болып тұрғанын сезген Жұмабай оның құлағына аузын тақай беріп: «Ағасы істің ақырын күтіңіз» деп сыбыр еткен.
Жұмабайдың бір нәрсені алдын ала ойластырып тұрғанын шамалаған Тобанияз­ ақырын басын изеген. Үнсіз түсіністік. Дегенмен де, Тобанияздың көңілі күпті еді. Сенгені – бір Құдай, сосын Жұмабай. Аяқ-қолы байлаулы Аманғалиды жетектегі атқа теріс мінгізіп, Гурьевке әкетіп бара жатқанда Тобанияз ұзақ қарап тұруға дәті шыдамай, бұрылып кеткен болатын.
Тобанияздың айтқаны дәл келді. Адайлар солай деп шу ете қалды. ­«Тобанияз Аманғалиды ұстатты» деп. Тобанияз болса Жұмабайдың айтқанын көңіліне медеу қылып, «істің ақырынан» жақсы хабар күтіп жатқан. Екі күн өтпей, «Аманғали жолда қашып кетіпті» ­деген тосын хабар ел ішінде тез тараған. Әркім әр саққа жүгірткен. Аманғалидың аман құтылғанына Жұмабайдың себепші болғанын Тобанияз ғана білген болатын.
Қалай құтқарды, оны білмейтін еді. Бірақ ол туралы ешкімге тіс жарып ештеңе демеген. Сол үндемеген күйі өмірден өтті. Осы хабарды естігенде Тобанияз тек ішінен: «Аман құтылғаның мұндай жақсы болар ма, Аманғали-ау?! Жұмабай бауырым, көзсіз іс қылған екенсің ғой, аман жүрші, азаматым!» деп, тілеп қалып еді.
Өкінішке қарай, чекист Жұмабай Қарт­қожақов, Аманғалиды екінші рет құтқара алмады. 1928 жылы қуғыншылар тағы да Аманғалидың соңына түсіп, ақыры есіл ер оққа ұшып, мерт болады.

ӘБДІРАХМАННЫҢ  ӘҢГІМЕСІ

Ел іші дүрбелең. Қыр қазағы үрей үстінде отырған. Әр жерде «Пәленбайды ұстап кетіпті. Түгенбайды соттапты» деген алыпқашпа әңгіме гулеп тұрған. «Бандылар мен моллалар – Сәбет үкіметінің жаулары» деген қасаң ұстаным қазақ даласын түгел шарлап, ел ішіндегі ескіше оқығандар мен жаңа үкіметке қарсыласты деп танылған азаматтар ат құйрығына жегілген уақыт болатын. Жоғарыдан келген бұйрық пен нұсқауды орындау – бұлжымайтын міндет. Әсіресе, ГПУ-дың шолақ белсенділері мұндайда қамшы салдырмайтын.
Жұмабай осы ГПУ-дың бел ортасында жүрсе де асыра сілтеп, жоқ жерден жау іздеп, тауып, құртып, жоюға белсеніп тұратын мұндайларды түсінбейтін. Ол осындай асыра сілтеушіліктің талайын көрді де. Баяғы бір замандардағы өштікті қоздатып, туысқанын оққа байлап бергендер де болды. Мұндай оспадарлықтың төркінін адам бойындағы тексіздік пен білімсіздіктен іздейтін. Обал мен сауап дегенді ұмытқан қызылкөздер «халық жауларын» көзінен тізіп, қойша көгендеп соттауға, үкім шығаруға құлшынып отыратын еді. Кей жағынан осыған қазақтың өзі де кінәлі ма деп ойлайтын.
Кімнің «жау» екенін анау Мәскеуде отырған Сталин болжап біле ме? Үкіметтің қырына ілікендердің бірі – Әбдірахман деген азамат еді. Жұмабай сырттай ғана білетін. Баяғыда бір Есбол жақта көргені бар. Әбдірахман – ескіше сауатты, ауыл маңында моллалық құрған, жуас, біртоға жігіт болатын. Оның бар кінәсі сол – «жаңа заманға икемделмей, ескіше оқып, дінді насихаттағаны екен». Оның үстіне Жайық бойындағы, анау Маңғыстау жақтағы бандылармен астыртын «байланысы» бар көрінеді-мыс. Қысқаша айтқанда, таптырмайтын «халық жауы».
«Үштіктің» тергеуі мен үкімі айналасы он минуттың ішіне сыйысты. Үкім – ату жазасы! Дала сотының төрағасы орыс нәсілді жігіт еді. Ол барынша қатқыл мінез танытып, қабағын түйіп тұрып, ең ауыр жазаның үкімін салтанатты түрде оқыды. Осындай үкімнің шығатынын Жұмабай әлдеқашан білген болатын. Үкім оқылғанда көз қиығымен ақырын Әбдірахманға қараған. Тура қарауға дәті бармаған. Үкімді естігенде Әбдірахманның өңі қудай болып, шөке түсіп отырып қалған еді. Ату жазасын өзгертетін ­немесе жеңілдететін ешқандай күш жоқ. Үкім шықты ма, ол сол күні орындалуы керек. Ешкімде қақ-соғы жоқ, өзімен-өзі күнелтіп, ел ішінде тып-тыныш жүрген бейуаз жігіттің ешқандай ауыр қылмыссыз ату жазасына кесіліп кеткені Жұмабайдың арқасын аяздай қарығаны рас. Сот төрағасына бірдеңе дейтін шама мұнда жоқ. «Халық жауын ақтап отырсың» деп, өз басына пәле тілеп алатынын бұл жақсы біледі. Бір ауыз сөзден ұшынып тұрған ­заман мынау.
«Қайткенмен де бір амал қылу керек» деген ой мазасын алған. Не амал қылмақ? Қолынан не келеді? Үкімді орындау негі­зінде түн ортасы ауып бара жатқанда таңға жуық орындалады. Әбдірахманды ату Жұмабайға бұйырылған. Қалай да бұйрықты орындау керек. Жазықсыз аза­маттың жанын бұл қалай жаһаннамға жібереді? Көзі қиып, қалай оққа байлайды? Нақақтан қаны төгілейін деп тұр ғой. Сол қан мұны жібере ме? Осыны ойлағанда Жұмабайдың аза бойы қаза болған. Екі оттың ортасында қалған Жұмабайдың әбден қиналған сәті осы болды…
Таңға жуық винтовкасын асынған Жұмабай екі қолы байлаулы Әбдірахманды алдына салып, атуға алып шыққан. Тереңдеу сайдың ішінде бұрындары қазылған ескі құдық бар болатын. ­Солай қарай алып жүрген. Жол бойында Әбдірахманға тәпіштеп тағы түсіндірген. Бұл мылтықты айдалаға атады. Ол бүк түсіп құдыққа құлап, өлген адамдай қимылсыз, сұлық жатады. Жұмабай «үкім орындалды» деп айтқасын, қалай да бір әскерің келіп, тексеруі әбден мүмкін. Бұрыннан солай.
«Құдай қош көрсе аман қаларсың. Аман қалсаң алды-артыңа қарамай таң қараңғысымен зыт. Бұл жақтан қараңды батыр. Әйтпегенде екеуміз де бірдей оққа ұшамыз. Менің бұл ісімді білсе, мен де бұл дүниенің адамы болмайтыным түсінікті. Не қылғанмен, нар тәуекел деп тұрмын» деп кесіп айтады.
Жалғыз оқты айдалаға атып, шығын қылып келген жас чекист Жұмабай ­Қарт­қожақов беті бүлк етпестен, «Бұйрық орындалды, жолдас қапитан!» деп баян еткен. Әдеттегідей бұйрықтың орындалғанын тексеруге алаңғасар, ақикөз орыс жігіті барып, ол да «үкімнің орындалғанын» растап қайтады. Тағы да бір «халық жауын» жер жастандырған капитан ұйқылы-ояу жатып, басын ­изеген де қойған. Сонда ғана Жұмабайдың маңдайынан суық қара тер бұрқ ете түсіп еді. «Әй, сорлы бауырым-ай, су ішерің бар екен ғой. Енді маған өкпең жоқ. Тірі жүрсек бір көрісерміз» деп іштей күбірлеген.
Аумалы-төкпелі заман өтіп, уақыт өзгеріп ұзақ жылдар хабардар болып, араласып-құраласып, ақырында, фәнидің сағаты түгесілген соң бір қауымда қатар жатамыз деп сол кезде ойлады ма екен екеуі де? Тағдыр деген осы.
Әбдірахманға қатысты бір әңгімені Ада әжей – Жұмекеңнің келіні, ұлы Мұ­хамеджанның зайыбы Адальфина­ маған айтқан болатын. Жұмабай ақсақалдың туып-өскен елі Махамбет ауданына әдейілеп барғанда Ада әжеймен әңгімелесудің реті түскен еді. Сонау 1951 жылы шаңыраққа келін болып түскен Рога Адальфина Эрвиновна ұлты латыш қызы еді. Бұл өмірдің соқпағы дегенді қойсаңызшы, Алматы медучилищесін бітірген өрімдей жас қыз жолдамамен алыс қиырдағы Гурьев облысының Махамбет­ ауданына келеді.
Осында өндірдей жас жігіт Мұхамед­жан­мен дәм-тұздары жарасып, отбасын құрады. Содан бері, міне, 68 жыл бойы табан аудармай осы өңірде тұрып келеді. Көңілдері жарасқан Мұхамеджан екеуі бақытты шаңырақ құрып, елге қызмет қылып, осы Махамбетте тұрады. Ада әжей қазір тірі. Қайынатасы Жұмабай мен Әбдірахманға қатысты мына бір жайды Адальфина Эрвиновна айтып беріп еді: «Ерте көктемнің мезгілі. Ауа райы жайсыз. Қорамызда бес-алты тоқты-торпақ бар еді. Олардың да жем-шөбі біткен. Аш мал маңырап, аядай қораны басына көтеріп, ызың-шу қылып тұрды. Мұхамеджан бір шаруамен алысқа кеткен.
Осы жағдайды көрген көке (көке деп отырғаны қайынатасы Жұмабай) бір жүк машинасын тауып келіп, мына қойларды бір жаққа апаратынын, сәлем-сауқат түйіп алып, өзімен бірге жүретінімді айтты. Көкенің айтқанына қарсы тұруға бола ма, мен үнсіз келісіп, тәтті-тәбізімді орамалға түйіп, бірге баратын болдым. Сонымен, не керек, маңыраған қойларды артып алып, жолға шықтық. «Қайда барамыз?» деп сұрамадым да. Біраз жол жүріп, бір ауылға келдік. Онда таныс біреудікіне тоқтадық. Мен кабинада отырдым. Үн-түнсіз түсіп кеткен көке сәл кідіріп, қайта оралды. Қасында өзі тұрғылас егде адам бар екен. Қауқылдасып, әр нәрсені айтысты. Ауа райының қолайсыздығын сөз қылды. Мен қолымдағы сәлемдемемді әлгі үйдің келініне бердім. Сөйтіп, артып барған қойларымызды сонда қалдырып, Махамбетке­ қарай шықтық.
Бағанағыдай емес, көкенің жүзі ­жылып, бір іс тындырғанына іштей риза болған кейіпте отырды. Тек үйге келгенде ғана, «Ол менің баяғыда қылған жақ­сылығымды ұмытпапты» деп, бұлдырлау бір әңгіменің шетін шығарды да қойды. «Ол кім?» деп мен де сұрағаным жоқ. Ол кісінің кім екенін кейіннен білдім ғой. Сөйтсем, ол адам отызыншы жылдары біздің көке ату жазасынан аман алып қалған Әбдірахман деген кісі екен. Құдайдың құдіретін қараңызшы, сол Әбдірахман аға мен көке екеуі бұл өмірден өткен соң бір қауымда қатар жатады деп кім ойлаған» деп, Ада әжей әңгімесін аяқтай бере, көкесі Жұмабайға деген ­риясыз ризашылықтан, үлкен сағыныштан туған көңілмен көздері жасаурап отырып, «Әй, көке-ай!..» деп сәл жымиған еді. Расында, Жұмабай мен Әбдірахман бір зиратта қатар жатыр.

Ерболат БАЯТ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.