Қырық үйден тыймасақ та…

Қай ұлтпен салыстырсақ та, қазақтай қыз баласын «Ел анасы» деп қастерлеп, құрметтейтін ұлт жоқ шығар, бәлкім. Қазақ қыз баланың тәрбиесіне жастайынан аса мән беріп, оны төрге шығарып, қырық түрлі тыйыммен ұлттың айнасы ретінде ұялмай көрсете білген.

Қазақ қызының нағыз бейнесі дегенде, көз алдымызға сәукелелі, етегі ұзын көйлекті, сыңғырлаған шолпы, жүзінде ұяңдығы бар, шашы ұзын, басқан ізі білінбейтін, инабатты, ибалы жан елестейтіні сөзсіз. Ата-баба­мыз қызды еркін ұстай білген, бірақ тым еркінсітпеген. Соның арқасында қызды қырық үйден тыйып өсірген ұлтымыз ешқашан ұятты болған емес. Әрине, бұрынғы қазақ қызының нағыз бейнесін айта берсең ауыз ауырмайды, жаза берсең қолың талмайды. Оны, тіпті ақын-жазушыларымыз шығармаларына, әншілеріміз әндеріне қосып, қазақ қызын керемет бейнелеп өткен. Дегенмен, қазіргі заманның қыздарынан дәл осы бейнені бүтіндей көре алмайтынымыз өкінішті. Заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме, ашық-шашық киініп, тәнін сатып, баласын қоқысқа лақтырып, денесіне сурет салып, түтіндетіп шылым шегіп, шарапқа тойып жүрген қазақ қыздарын көргенде, «жоғарыда суреттелген қазақ қызының нағыз бейнесі қайда?» деп ойланасың. «Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді» демекші, сол қарын майды шірітіп жүргендер қазір біреу емес, бірнешеу, тіпті одан да көп болып бара жатқаны рас. Бірде Байзақова деп, кейіннен Шырын деп жүргенімізде, мұндайлардың қоғамға үйреншікті болып бара жатқаны, ешқандай шара қолдана алмай отырғанымыз шындық. Қоғамның ықпалынан ба, ата-ананың тәрбиесінің осалдығы ма, әлде баланы тым бетімен жібергендігіміз бе, кінәлі тарапты табу қиын. Қазіргі қыз – ертеңгі ана, ал сол анадан тәрбие көретін ұрпақ болашақтың көрінісі екенін ұмытпағанымыз жөн. Ендеше, «тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, қызды қырық үйден тыйып ұстамасақ та, дұрыс тәрбие беріп, ақты – ақ, қараны – қара деп үйреткеніміз, қазақ қызының нағыз бейнесінің жоғалып кетпеуіне септігін тигізер ме еді…

Әмина ЕРТАЙ,
студент
АЛМАТЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.