Әлемде мойындалған еңбек

Елбасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы» еліміздің білім беру жүйесі мен ғылымының дамуына серпін берері сөзсіз. Осы жоба аясында 2017 жылы 18 оқулық ағылшын, француз тілдерінен аударылып қазақ тілінде жарық көрді, ал 2018 жылы 30 оқулық дайындалды. Осы ретте Грегори Мэнкью мен Марк Тейлордың «Экономикс» оқулығының маңыздылығы және оның аудармасы туралы пікір білдіруді жөн көрдік. 

Аталған оқулық АҚШ оқу орын­­­дары­ның бакалавриатында­ ең көп оқылатын және экономика оқулықтарының әлем нарығында бүгінгі заманауи талаптарына бейімделген нұсқасы. Кітап жоғары оқу орындарының экономика мамандығында оқитын студенттерге, оқытушыларға, экономика бойынша білімін жетілдіргісі келетін оқырман қауымға арналған.
Бірден айтарымыз, бұл іргелі еңбектің қазақ тіліне аударылуы дер кезінде қолға алынған, өте құптарлық жұмыс деп бағалауға тұрарлық. Әсіресе, аудармашылар ұжымы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдарының қосқан үлесін ерекше атау керек.
Жалпы экономика саласында мұндай еңбектің қазақ тілінде жарық көруін тұңғыш деуге де болмас. Өйткені осыдан 70 жыл бұрын К.Маркстың «Капитал» атты іргелі еңбегі ағылшын, неміс, орыс тілдерінен қазақ тіліне аударылып, тек экономистер үшін ғана емес, басқа саланың мамандары үшін де әдіснамалық, әдістемелік оқу құралы ретінде қолданыста болғаны көпшілікке белгілі. Дәл бүгінде «Капитал» теориялық, практикалық рөлін жоғалтқан жоқ. Бүгінгі пікір білдіргелі отырған «Экономикс» оқулығының өзінде авторлар тарапынан оған бірнеше сілтемелер жасалған.
«Экономикс» оқулығы тек «Эко­но­­микалық теория» пәні үшін ғана емес, «Макро­ және микроэкономика», «Кәсіпорын экономикасы мен кәсіпкерлік», «Ақша, қаржы, несие, салық, банк жүйесі», «Бизнес», «Халықаралық сауда валюта жүйесі», т.с.с. салалық пәндердің арнайы курстарын жүргізуші оқытушылар үшін де аса пайдалы. Ал студенттер қауымына міндетті оқу құралы болатындығын сеніммен айтуға болады.
Оқулық құрылымдық-мазмұндық тұрғыдан көп бағытты, күрделі ғылыми, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қамтитындығына қарамастан, барлық теориялық-практикалық материал­дар­ды­ баяндау тәсілі ұғынықты, аудармашылардың тілі мүмкіндігінше қарапайым. Оқулық 15 бөлімнен, 38 тарау­дан тұрады: «Экономикске кіріспе», «Сұраныс пен ұсыныс – нарықтың қозғаушы күштері», «Нарықтар, тиімділік және әл-ауқат», «Қоғамдық сектор экономикасы», «Тиімсіз нарықтық ассигнация», «Фирма мінез-құлқы және нарық құрылымы», «Нарық факторлары», «Теңсіздік» және т.б.
Көріп отырғанымыздай, оқулық құ­рылымдық-мазмұндық сипатына қарағанда нарық экономикасының теориялық, практикалық проблемаларын талдауға арналған, яғни нарықтың құрылымдық, қозғаушы күштерінің өзара байланысы, әрекеті, заңдылықтарына, ерекшеліктеріне тереңнен салыстырмалы талдау жасалған. Бұл бағытта АҚШ-тың, басқа да Еуропа елдерінің нарықтық тәжірибесі кеңінен қам­тылған. Осы тұрғыдан қарағанда еңбек ғылыми ­сипатта әзірленген. Үлкен бір ерекшелігі – әрбір бөлім, оның тарауларының соңында оқушы-қауым үшін аса маңызды, методикалық тұр­ғыдан аса пайдалы­ кеңестер берілген. Атап айтқанда, сұрақтар, түйін, шолу сұрақтары, мәселе және шешім, жаңалықтар, сызбалар, экономикалық категорияларға қысқаша сипаттама, есептер, салыстырмалы деректер, өздік жұмыстар, глоссарий, формулалар жүйелі ұсынылған.
«Экономикс» оқулығы, әсіресе «Экономика», «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Менеджмент», «Маркетинг»,­ «Әлемдік экономика», «Қаржы» және «Есеп» мамандықтары бойынша ­арнайы білім алатын жастардың қолынан түспейтін оқу құралына айналуы керек деп ойлаймыз. Өйткені онда баяндалған сұрақтар бакалавр бағдарламасы шеңберінде қарастырылған әрбір бөлім мен тараудан кейінгі берілген маңызды кеңестер студенттердің қызы­ғушылығын арттыратыны сөзсіз. Оқулық авторлары өз оқырмандарын үнемі пікірталасқа шақырып, сұрақтар қою арқылы олардың өзіндік көзқарасын қалыптастыруға ықпал етуге, сонымен қатар субьективтілікке, жаттандылыққа бой бермеуге меңзейді. Әлбетте, мұны авторлар көзқарасы, оқырманға ойланып шешім қабылдауға кеңесі деп қабылдаған дұрыс.
Бүгінде әлем елдері, ондағы қоныс­танған халықтар өзара әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынаста, яғни «шекарасыз әлем» жағдайында өмір сүруде. Осы оқулықта баяндалған теориялық мәселелер қазақстандық ғылымға да жат емес. Ал теорияны практика­мен ұштастырып дәлелдеуде келтірілген ­мысалдар, деректер оқулық түпнұсқасында ағылшын тілінде жазылғандықтан, батыс елдерінің өмір тәжірибесінен алынған.
Сондықтан оқулықта баяндаған теориялық және практикалық мәсе­лелерді Ұлттық экономиканың ерек­шеліктерімен және тыныс-тіршілігімен ұштастырып, дәрістер мен семинар сабақтарында ұтымды пайдалану студенттердің сабақты түсініп қа­былдауына ықпал етеді деген пікір­деміз. Демек, шетелдік жоғары оқу орындарының әдістемесін ұлттық оқу стандарттарымен салыстыра оқытуға мүмкіндік болады.
Жалпы оқулық сәтті аударылған. Елу жылдай уақыт мерзімінде экономика ілімінің тарихы, теориясы мәселелерімен шұғылданып келе жатқан ғалым, ұстаз ретінде айтарымыз: «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағдарламасы аясында жарық көрген «Экономикс» оқулығы оқытушылар мен студенттер қауымы үшін маңыздылығы айрықша оқу-әдістемелік құрал деп бағалауға болады.
Сонымен қатар аударма мен термин мәселесі бойынша да (тек «Экономикс» оқулығына байланысты емес) баспасөз беттеріндегі пікір алмасу, қызу талқылау журналистер, тіл мамандары мен аударма­шылар арасында орын алуда. Осыған байланысты да өз пікірімізбен бөлісуді және оқушы қауымға ой тастауды жөн көрдік. Өйткені ұсыныс-пікірлеріміз аударма саласының мамандарына азды-көпті септігін тигізер.
Ұлт газеті «Ана тілінің» 8-14 қараша 2018 жылғы санындағы Шәріп Біләлдің мемлекеттік термин комиссия бекіткен атау-жасау қағидалары ұлт тілінің аясын барынша тарылтып, оның еркін дамуына­ нұқсан келтіреді деген пікірлермен толықтай келісуге болмас. Заңдық күші жоқ термин комиссиясының мұндай шешімін сол күйінде қабылдау міндетті емес. Өйткені шын мәнінде ғылымның қай саласы да (қазақ тілі мен қазақ филологиясынан басқасы) қазақ тілінде жасалмағаны, қалыптаспағаны қаншалықты шындық болса, оның атаулары да біз үшін орыс немесе басқа да халықаралық болып танылуы шындық. Мысалы, политэкономия, философия оқулықтары Кеңес кезінде тек орыс тілінде Мәскеуден шығарылып, жоғары оқу орындарында аталған тілде оқытылды. Бұл кеңестік идеология мен саясаттан туындағаны да ақиқат. Ал бүгінде тәуелсіздіктің арқасында экономика бойынша ғылыми еңбектер, оқулықтар мен оқу құралдарын қазақ тілінде жазып шығаруда атауларды аударып қиналмағанымыз да шындық. Шын мәнінде, ұғым мағынасын толық қазақ тілінде беру немесе бір сөзбен толық баламасын табу мүмкін бола бермейтінін өмір-тәжірибесі растап отыр. Осыдан да сол жат (шет) тілде қабылдаған нұсқада терминді қолдану орын алып отырғанын да ескеру керек. Міне, осы тұрғыдан бәріне терминкомиссиясын кінәлаудың орны жоқ. Сондықтан кәсіби аудармашылар тіл мамандары, салалық ғылым мамандары бірлесе отырып, ғылыми терминдерді бір жүйеге келтіруге болады.
«Экономикс» оқулығын экономи­калық бағыттағы мамандықтарға мін­детті оқулық тізіміне енгізіп, лекция курстары мен семинар және өзіндік дайындық, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарында басшылыққа алуды ұсынар едік.

Меңдеш ИСҚАЛИЕВ,
экономика ғылымының докторы, профессор­
Гүлжахан МЫҢЖАНОВА,
экономика ғылымының
магистры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.