Зияткерлік күретамыр

Гаухар ЖҰМАБЕКОВА,
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің
аға оқытушысы

 Әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін, алдымен­ біз рухымызды­ көтеріп, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуымыз керек. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өз бастауын 2004 жылғы «Мәдени мұра» бағдарламасынан алады десек те болады. Өйткені елдегі тарихи-мәдени ескерткіштердің жаппай бой көтеріп, жаңғыруы рухымызды күшейтіп, одан әрмен ынталандыра түсті.

Тәуелсіздіктің арқасында төл тарихымызды жаңғыртуға мүмкіндік алдық. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» мемлекеттік бағ­дарламасы негізінде дүниежүзіндегі түрлі мұрағаттардан өзіміздің ұлт тарихымыз туралы мол мағлұматтар, деректер алып, оны жинап, зерттеуге мүмкіндік туды. Бұл біздің тәуел­сіздігіміздің айқын бір белесі болды.
Рух, ұлттық сана, ұлттық код жаңғырмай, алысқа көз алартып, ұзаққа бара алмасымыз анық. Ұрпақтың ұлттық кодты сақтап қалуы ұлттың рухани құндылықтарының астарында жатыр. Ұлттық код, алдымен ұлттың тілінде, ділі мен дінінде, салт-дәстүрі мен мәдениетінде. Бірақ біз бір нәрсені жақсы ұғынып, іске асыруымыз керек. Ол – тек қана өз шеңберіңде қалып қоймай, басқа озық елдерге қарап бой түзеп, дәл ­солай бола алмасақ та, «ұқсап бағып» алға ұмтылу, тырысу, мойындату. Әйтпегенде, заман көшінен қалып қоюымыз ғажап емес. Бүгінгі күн тың идеялардың, әрі интеллектуалдар, әрі прагматиктердің заманы. Сондықтан да еліміз мәңгілік болу үшін ұлттық тамырдан нәр алып, заманға сай көш ілгері нық қадам басуымыз қажет деп білеміз. Мысалға, Елбасымыз үнемі көтеріп жүрген бәсекеге қабілеттілік, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілді білім беру», латын әліпбиіне көшу сияқты іргелі бағдарламаларды атауға әбден болады.
«Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану­ көрегенділікті көрсетеді» (Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы).
Демек, бұдан не түюге болады? Біріншіден, қазіргі қоғамдағы кейбір әлеуметтік мәселелерді аңғарамыз. Қазіргі ысырапшылдық пен астамшылық қазақтың төрінен орын алғаны соншалық, шамасы жететіні бар, жетпейтіні бар ақпа-төкпе той-томалақ жасауға бейіл. «Қанағат қарын тойдырады» деген қағидадан алшақтап, алды-артымызға қарамай, «көрпемізге қарап көсілмей» прагматизмнен аттап ­барамыз.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық ­сананы жаңғыртпай, іргелі ел ­болып қалуымыз екіталай. Неге десеңіз, мемлекеттің негізгі ұстыны – ұлт, қазақ ұлты. Ал қазақ ұлтын құрайтын атрибуттар, әлбетте ұлт тілі, ұлт әдебиеті, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық білім мен ғылым, ұлттық өнер және мәдениет, ұлтқа жанашырлық деп білуіміз тиіс. Әрбір қазақстандық «Мен мемлекетіме не бере аламын?» деген принципті ұстанса, оны баласының санасына сіңірсе, сапалы ұрпақтың жемісі өз кезегін көп күттірмейтіні анық.
Осы ретте, ұлттың тұтастай жаңғыруы үшін «ақырын жүріп, анық басатын» қадамдардың алғышарттарын алға тартуы­мыз әбден заңды. Бүгінгі күні тек рухани­ даму, толысу жеткіліксіз, біз рухани әрі материалдық игіліктердің үйлесімін тапқанда ғана бәсекеге қабілетті, терезесі тең, керегесі кең, шаңырағы биік Мәңгілік Елге айналамыз. Ал осы заманның материалдық игілігі зияткерлікте болып отыр. Мәңгілік Елге айналудың тетіктері сан алуан. Солардың ішіндегі маңызды әрі нәтижелі тетік – технология, технократтық білім. Бүгінде заман талабына сай жаңа кәсіптердің толқыны лек-легімен пайда болады деп болжам жасалуда. Мәселен, IT-генетика маманы, мультивалюталық аудармашы, космотуризм менеджері, генетикалық кеңесші, виртуалды әлем дизайнері, IT-дәрігер, желілік заңгер және басқа да сұранысқа ие болатын кәсіби білікті мамандардың заманы туады. Ел болып ұйысудың негізі рухани құндылықтармен қатар, инновациялық, ақпараттық-технологиялық жаңалықтардың ұштасуы, тоғысуы дер едік. Алысқа көз жүгіртпей-ақ, Азиядағы Жапония, Корей елдері осы аталған бағыттарды сауатты ұштастырудың арқасында әлемді аузына қаратып отырғаны бізге үлгі-өнеге болуы керек деп ұғынуымыз керек.
Жоғарыда қазақ ұлтын құрайтын негізгі атрибуттардың бірі – ұлттық білім мен ғылым жайында сөз қозғаған едік. Ұлттық білім мен ғылымды екі тараптан қарастырсақ, алдымен мемлекеттің гүлденуі үшін сол мемлекеттің ана тілінде білім мен ғылым кең қанат жайып, алып бәйтерек сияқты тамырын терең жіберуі керек. Оған нақты айғақ ретінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан, әлі де асатын «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын келтіре аламыз. Бүгінгі нәтиже – әлемде үздік деп танылған он сегіз оқулықтың қазақ тіліне аударылуы. Осы ретте, дерекке сүйенсек, 2016 жылы білім саласына 95 млрд теңге бөлінгендігін айта кеткен жөн. Екіншісі, әрбір қазақстандықтың кәсіпкерлікпен айналысуына мемлекет тарапынан жағдай мен қолдаудың көрсетілуі. Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясындағы ұлттық экономикамыздың жетекші күші – кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, отандық кәсіпкерлікті дамытудың алғышарттарын нықтап берді. Егер кәсіпкерліктің түп мәніне үңіліп, бажайлап қарайтын болсақ, біз тек экономикалық жағын ғана көрумен шектелмей, оның тереңдігі әлдеқайда арыда жатқаны, яғни кәсіпкерліктің салдары ұлттың интеллектуалдық, рухани мәйегіне кеп құятынын саналы түрде ой елегімізден өткізген жөн деп тұжырамыз.
Ал енді келесі атрибутқа тоқталайық. Ұлттық тілдің тағдыры келешектің қамын ойлайтындар үшін жауапкершілігі зор, пәрменді әрекетті көп талап ететін халықтық мәселе. Қоғамдық сана жаңа трансформацияға ыңғайлануы қажет. Кеңес өкіметі заманында бар қазақ орыс тілін игеруге ұмтылғанын тарихтан жақсы білеміз. Өйткені сол кез үшін орыс тілі оқу, білім, ғылым, күнкөріс, коммуникацияның тілі болғаны аян. Енді қазіргі кезге зер салайықшы. Бүгінгінің талабы ағылшын тілін меңгеру және жай ғана үйреніп қоймай, оны өмірдің барлық салаларына енгізу, қолдану болып отыр. Қазір еліміздің 18 млн тұрғындарының 1,8 миллионы ғана ағылшын тілін біледі екен.
Жаһандану дәуіріне төтеп беріп, ұлт, мемлекет боп сақталып қалу үшін әр ел өзіндік түрлі бағыттағы модельдерді ойлап тауып, шамалары келгенше жүзеге асырып жатыр.
Ең алдымен, Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары мен стратегияларын, түрлі мемлекеттік бағдарламаларын, мақалаларын жете ұғынып, әрбір ­қа­зақстандық сол бағыт-бағдарда күш-қуатын салып, болашақ үшін әрекеттер жасау қажет деп санаймыз.
Екіншіден, ағылшын тілі арқылы біз әлемдік ақпаратқа еркін қол жеткізіп, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңей­те­міз.
Үшіншіден, ағылшын тілі арқылы түрлі цифрлық, IT-технологиялар, 3D, 4D және басқа да түрлі форматтардың кәсіби тіліне жол ашамыз.
Төртіншіден, латын әліпбиін қарқынды әрі жіті меңгеруімізге септігін тигізеді. Демек, біз тек ұтатын боламыз. Латын әліпбиіне көшсек, мемлекеттік тілдің мәртебесі динамикалық тұрғыдан өрістейді, гуманитарлық, жаратылыстану ғылым салалары жаңаша көзқарасқа икемделіп, контент сапасы неғұрлым арта түседі, ағылшын тілін үйренуді оңтайландырады, бүкіл түркілік ынтымақтастық бағыттарды нығайтады. Ал бұл мәселе біз үшін де, басқа түркі халықтары үшін де жалындап тұрған жаһандану отына жұтылып кетпеудің, сақтанудың бірден-бір жолы болмақ.
Құнарлы, философиялық, бейнелі де бай тілімізді қызыл сөзбен безендірмей, нақты іспен дәлелдейтін кез жетті. ­Дерекке сүйенер болсақ, дүниежүзінде тіл байлығынан 1 миллион 200 мың сөздік қоры бар араб тілі алдыңғы қатарда, ал екінші орынды 750 мың сөздік қорымен ағылшын тілі алса, 500 мыңнан аса сөздік қоры бар қазақ тілі үшінші орынға ие. Қазақ тілінің ендігі болашағы инновациялық-технологиялық тетіктерді іздестіруде деп білеміз. Ұлы даланың ұлы мұраттарына жету үшін ұлттық тілді заманауи үлгілермен сөйлету, таныту жолдарын қолға алсақ ­деген лебізімізді де жасыра алмаймыз.
Ұлт Көшбасшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында екі үлкен мәселеге аса үлкен мән берілген: біріншісі – ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт. Екіншісі – тарихи сананы жаңғырту. Елбасы­ атқа міну мәдениеті, ұлы даладағы ежелгі ­металлургия, аң стилі, Алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны, ­архив – 2025, ұлы даланың ұлы есімдері, түркі әлемінің генезисі Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы», ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі, дала фольклоры мен музыкасының мың жылы, тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі сияқты келелі тақырыптарды алға тартты.
Осы мақаланың ішіндегі «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің бесігі», «Түркі әлемінің генезисі Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» бөлімдеріне тоқталмақшымыз.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың ұлы есімдері» бөлімінде нақты тапсырмалар берді. Мәселен, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің галереясын жасау, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру.
Бұл орайда ұлы даланың ұлы есімдерін, оның ішінде қазақ хандарын толыққанды дәріптеуді, насихаттауды, әлемге таныту­ды бірауыздан қолға алсақ ұлттық ­тарихымыз жаңғырып, рухымыз асқақтай түседі. Қазақ хандығы кезіндегі белгілі тұлғалар мен елеулі кезеңдерге тереңдеп еніп, барлай алуға үлкен мүмкіндік пен зор жауапкершіліктің, сынның мезгілі келді. Әрине, осы күнге дейін де бірталай игі шаруалар атқарылғаны белгілі. Дегенмен, бізге бұл аздық етеді. Ұлы халық екенімізге ешкімнің шүбәсі болмас, күмәні тумас! Ұлан-байтақ жерін ұрпағына мұра, мирас етіп қалдырған, қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектен бастап, соңғы ханымыз Кенесарыға дейін әспеттеп, жақсы көру сезімін алты жастағы баладан еңкейген қарияға дейін көңілімізге ұялату керек. Біз сонда ғана елдің, жердің қадірін түсінетін боламыз.
Қазақ хандығының ұлы да құдіретті әміршілері Керей, Әз Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуекел бахадүр, Еңсегей бойлы Ер Есім, Салқам Жәңгір, Әз Тәуке, Абылай бахадүр, Кенесары хандардың аруағына тағзым! Ләйім солай болғай!
Ұлы даланың осындай ұлы есімдерін қарапайым халықтан бастап, зиялы­ қауымға бірдей ұғынықты болатын ­насихаттау жұмыстарын жүргізіп, хандарды танытудың жаңа, түрлі форматтарын ойлап тауып, заманауи технологияларды қолдануды қолға алуымыз керек. Қоғамның барлық өкілдерін қамтитындай іс-шаралар жүргізілсе, мәселен, мульт­фильм, қысқа метражды бейне­роликтер, ­радио, телебағдарламалар,тіпті тарихымызға арналған арнайы телеарна ашу (мысалы,­ History сияқты), газет-журналдарда ­арнайы айдар арнау, интернет басылымдарда шығару, деректі фильмдер мен тарихи, көркем фильмдер түсіру, балабақшадан бастап, жоғары оқу орындарында қосымша сабақ, үйірме, факультатив, элективті сабақтар ретінде өткізуді қолға алсақ ­келешекте ұрпағымыздан алғыс жауары хақ. Әрбір ханға жеке кітап шығарып, аударма ісін қолға алсақ та артық етпес.
«Түркі әлемінің бесігі» дегенде,­ әлемдік өркениеттің мақтанышы, ­ойшылы әл-Фараби мен рухани көсем Ахмет Ясауиге арналған мұражай, зерттеу орталықтарын ашу мемлекетіміздің рухани, экономикалық, зияткерлік, туризм салаларына айтарлықтай септігін тигізетін еді.
Бүгінде мемлекет тарапынан қазақ елінің ежелгі астанасы киелі Түркістанды жан-жақты дамыту қолға алынғандығы мәлім. Болашақта Қазақстанның мәртебесі мен беделін Түркістанның арттыратынына сеніміміз мол. Қазақтың ойшыл ақыны М.Жұмабайұлының «Түркістан» өлеңінде:
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой, – деп жырлауы тегін емес.
Жазушы Ә.Кекілбайұлының «Тәуел­сіздікке қолы енді жеткен еліміздің де бірден-бір ұлттық мүбәрәгі – Түркістан» деуінің мәні зор болса керек.
Ұлы даланың ұлы мұраттарын жаза берсек, «Мың бір түн» хикасынан да көп болары анық. Дегенмен, ұлтты ұлы мұраттар алға жетелейтінін де естен шы­ғармайық. Ұлы даланың рухани-зияткерлік күретамыры төл тарихымызда, биік рухымыз бен ұлттық кодымызда жатқанын түйсінсек болғаны…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.