Көркемсөз оқу шеберлерi бақ сынасты

Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдерінің республикалық фестивалі аясында Аққулы ауданында Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өткізілді. 

Көркем әдебиеттi насихаттауды жандандыру, қазақтың ұлы жазушыларының және ақындарының шығармаларын ­насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне, ділі мен дініне ­деген жастардың құштарлығын арттыру мақсатында өткізілген шараға 17-29 жас аралығындағы қалалық және аудандық конкурстардың жеңімпаздары қатысты.
Өңірлік деңгейде көркемсөз оқу шебері атанған қатысушылар байқаудың ережесіне сәйкес екі кезең бойынша бақ сынасты. Бірінші кезең – Бейімбет Майлиннің, Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай, аталған қалам­герлердің шығармаларынан немесе қазақ әдебиетіндегі көрнекті прозалық шығармаларынан үзінді оқу. Екінші кезеңде Сәбит Дөнентаевтың, Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдығына және Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай, поэзиялық шығармаларынан үзінді оқу талаптарын орындады.
Аталған шараның құрметті ­қо­­­нақ­­тары болып академик, философия ғылымының докторы, абайтанушы, Павлодар облысының ­Құр­­метті­ азаматы Ғарифолла Есім, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айзада Құрманова, «Ғазиза» қоғамдық қорының директоры, журналист Мақсан Жарылғасынұлы, филология ғылымының кандидаты Шаңбай Тұрсын, Ресей Федерациясы Алтай ­өл­кесіндегі қазақ диаспорасының төрағасы Сапарбек Маусымбаев қатысты.
Үмiткерлердiң өнерiне тіл ­жанашы­ры, зиялы қауым өкілі Даниял­ Әсенов, С.Торайғыров атындағы ПМУ «Қазақ тілі мен журналистика» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, профессор ­Айман Зейнулина,­ Аққулы аудандық білім бөлімінің әдіскері ­Айжан Макишева­ қазылық етті.
Байқау қорытындысы бойынша­ Бас жүлдені Успен ауданының үміткері Ербақ Құрметжан иеленсе, І орынға Ертіс ауданының үміткері Қуанышбек Шарипов, ІІ орынға Аққулы ауданының үміткері Айбек Тілеген, ал ІІІ орынға Павлодар ауданының үміткері Әйгерім Хауметхали лайықты деп танылды. Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға басқарма тарапынан ­диплом, алғыс хат және бағалы сыйлықтар табысталды.
Облыстық конкурстың жеңiмпазы Ербақ Құрметжан Талдықорған ­қа­­ласында өтетін республикалық байқауға қатысуға жолдама алды.

Аманнұр Бағдолла

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.