Арыс қаласының қақпасы

Арыс тұрғындарына көмек көрсету толастаған жоқ. Қазір қаладағы тіршілік қалыпты арнаға түсті.

Қай қаланың болсын ең айшықты белгісі – кіреберіс қақпасы. Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым қақпа құрылысы үшін капсула қойды және қала тұрғындарына Қазақстан кәсіподақтарының шипажайларына сауықтыру жолдамаларын табыстады.
Қала 17 секторға бөлінген. Қалпына келтіру жұмыстарына еліміздің барлық аймақтары қатысуда. Кәсіподақтар да бұл игі шарадан тыс қалмай, архитектуралық құрылыстардың бой көтеруіне өзіндік үлес қосуға бел байлады. Қасиетті Құрбан айттың құрметіне дастарқан жайып, Бақытжан Әбдірайым бұл қасиетті мереке жақсылық пен қайырымдылықтың нышаны екенін атап өтті. Кәсіподақ ұйымдары орын алған апатты жағдайға бейжай қарай алмайтынын, арыстықтармен бірге екендіктерін жеткізді.
Осы күні Кәсіподақтар федерациясының басшылығы ­жарылыс кезінде қайтыс болған бүлдіршін Аян Ерболұлының отбасына барып, көңіл айтты. Аянның туған күні – 2011 жылдың 22 тамызы. Ол Арыс қаласындағы бастауыш мектептің 3 сынып оқушысы еді. 2019 жылғы 24 маусымда орын алған төтенше жағдай кезінде жол-көлік апатына ұшырап, Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 балалар ауруханасының нейрохирургия бөліміне жеткізілген Аян ауыр жарақаттан айыға алмай, көз жұмған болатын.
Кәсіподақ өкілдері Аянның отбасына материалдық көмек көрсетіп, кәсіподақтар шипажайына сертификат табыстады.
Денсаулықтарын түзеу үшін Арыс қаласының тұрғындарына шипажайлық-курорттық сауықтыру үшін кәсіподақ сертификаттары табысталды.
– Біз Арыс тұрғындарына көмектесуді өзіміздің азаматтық борышымыз деп есептейміз. Барлық қазақстандықтарды осы оқиғадан тыс қалмай, азаматтарымызға мүмкіндігінше көмек көрсетуге шақырамыз, – деп үндеу тастады ҚРКФ Төрағасы.

Ғалым АСЫЛ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.