Өр рухты Махамбет

С.Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасында Махамбет Өтемісұлының туғанына 215 жыл толуына арналған «Ереуіл атқа ер салмай» атты кеш өтті. Кеш мақсаты – ХІХ ғасырдың бірінші жартысында сұрапыл жырларымен халықты күреске шақырып үндеген Махамбеттің ақындық дарынын өлеңдері арқылы жасөспірімдерге түсіндіре отырып, өлеңмен ой салып, халық санасын оятуға күш жұмсаған ерекше қасиетін жастардың бойына дарыту, өлеңдері мен күйлерінің ерекшелігін аша отырып, олар жөнінде түсінік беру, ерлікке, Отанды қастерлеуге шақыру, өршіл жырлары арқылы ерлікті ту еткен Махамбет есімін қастерлеуге баулу, елінің адал азаматы болуға тәрбиелеу. Шара барысында Махамбет туралы­ бейнежазба көрсетіліп, ақынның «Мен – мен едім, мен едім», «Қызғыш құс», «Ереуіл атқа ер салмай», «Атадан туған аруақты ер», тағы да басқа өлеңдері оқылды. Сонымен қатар «Өр рухты дауыл­паз ақын» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды. Көрмеге Махамбет­ туралы әдістемелік құралдар, баспасөз басылымдары, ақын туралы кітаптар қойылды. 

Қазақ халқы талай қиын кезеңді басынан кешірді. Елін, жерін көзінің қарашығындай қорғаған, оның мүддесі үшін қабырғасы қайысып, қасық қаны қалғанша қорған ­болуды мақсат еткен дара тұлғалар көп болған. Міне, осындай көрнекті өкілдердің бірі – ­Махамбет Өтемісұлы.
Махамбет – дауылпаз ақын. Оның ерлікке, елдікке шақыратын «Мұнар күн», «Ұлы ­арман», «Біртіндеп садақ асынбай», «Ереуіл атқа ер салмай», «Жалғыз дүние», «О, Нарын!»­ және Исатайға арналған «Исатай деген ағам бар», «Арғымаққа оқ тиді», «Тарланым», «Соғыс», «Мінген ер», «Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай», «Исатай сөзі», «Арыстан одан кім өткен?», т.б. көптеген өлеңдері бар. Махамбеттің өлеңдерінің бастан аяғына дейін жырлаған негізгі өзекті тақырыбы – жастарды елін, туып-өскен жерін қорғау үшін жалаулы найза қолға алып, туған халқы, елі үшін кездес­кен қиыншылықты жеңе білуге шақыру.
Махамбет өз өлеңдерінде адамды қандай да болмасын қиындықты жеңе білуге, туып-өскен Отанын, елін сүюге, елжандылыққа үндейді. Мысалы, «Қызғыш құс» атты өлеңінде еліне деген сүйіспеншілігі тамаша өрнектелген. Ол психологиялық параллелизмді шебер қолдана отырып, қызғыш құспен өз тағдырын салыстырады. Махамбет көл қорыған қызғыштай елі үшін отқа түседі. Көтеріліс кезінде де Исатай бастаған қолдың алдында тұрып, серіктерін Жеңіске жетелеп, ұран көтеріп, өлеңмен жігер берген Махамбет ақынның басты құралы – өршіл жырлары болды. Көтеріліс жеңіліске ұшыраса да, ол өз рухын жоғалтпады. Халықты көтеріліске қайта шақырып, өлеңмен ой салып, халық санасын оятуға күш жұмсады. Амал не, қараңғы халық оның ойын түсінбеді, өлеңінің құдіретіне бас исе де, ақынның соңына ермеді. ­Махамбет ақын мен ­Махамбет батырдың осы қасиеттерін біз күйші ­Махамбеттен де, композитор Махамбеттен де анық байқағандаймыз. Егер біз Махамбет тағдырын ел кегін жоқтаған ердің ереуіл ғұмыры деп танитын болсақ, оның жырларын сол ереуіл өмірдің поэтикалық шежіресі деп білеміз. Жеті күй, яғни «Жайық асу», «Қайран Нарын», «Жауға шапқан», «Жұмыр қылыш», «Өкініш», «Исатайдың Ақтабаны-ай», «Шілтерлі терезе» бізге сол асқақ ақын, асқаралы азаматтың жүрек соғысы мен жүрек тынысының үнмен ­жазылып қалған кардио­граммасындай көп жайды аңғартып, көп нәрсені түсіндіріп тұр. Мұнда да Махамбеттің сол таныс ­даусы, таныс шабыты, Махамбет жүрегінің сол таныс дүрсілі. «Исатайдың Ақтабаны-ай»­ баяғы ереуіл атқа ер салғандардың дегені болып, тасы өрге ­домалап тұрған қайран дәурендерін жарқыратып көз алдыңа келтірсе, «Шілтерлі терезе» сол өктем көңіл, өр жүректің торға түскен торғайдай бұлқынған, бірақ қиянатшыл тағдырға көнбей тайталасқан арпалыс халінен зар төккендей. Онда да тауы шағылып, таусылған мүскіннің мүсәпір жылап-сықтауы емес, намысына қыл бұрау түсіп, бұлқынған арыстың арпалысып буырқанғаны естіледі. Біз осы хәл, осы әуенді Махамбеттің «Өкініш» атты күйінен де жақсы аңғарамыз. Онда қалт жіберіп, қапы соққан кісінің ызасы тепсінгенімен, «мұны неге істедім?» деп өкінген өксік жоқ. Күйдің әуен бітімі оның Исатайдан айырылып, көтерілістің дағдарысқа ұшыраған тұсында туғанын аңғартады. Бірақ сондай жер жарылып, аспан шытынаған кездегі күйші жүрегі неткен сабырлы, күйші зары неткен мәнді, ұстамды! Махамбет күйінің бір бояудан ғана тұрмайтынын қапысыз таныта алатын тағы бір шығармалар санатына «Жұмыр Қылыш» пен «Қайран Нарынды» жатқызуға болады. Орындаушылар «Қайран Нарынды» Махамбеттің ақындық шығармашылығының басты арнасына айналдырған туған жер, туған елдің мүддесі мен мерейі жолындағы ұрыс тақырыбына арнаған. Күйден «аһ» ұрған зар, қайнаған ыза, езілген мұң, серпілген арман, ашылған күндей шуақты қиял қатар білінеді. Ал «Жұмыр Қылышты» Исатайдан айырылып, жалғыз жортқан Махамбетті Баймағамбет сұлтанның қанды қақпанынан құтқарып қалған байбақты батырлары Жұмыр мен Қылышқа арналған деседі. Осылай болуы ғажап емес. Күйде шалт қимылды батырлыққа лайық аршынды ырғақ, адуын серпін бар. Ол күмбірлей төгілген қоңыр сазбен ара жігі білінбей, әдемі жымдасқан.
Міне, поэзияның шебері Махамбет Өтемісұлы – қазақ халқының азаттығы, теңдігі жолында, ақ найзасымен, азаткер асқақ жырымен, қасық қаны қалғанша күрескен, тіпті сол жолда құрбан болған ­батыр ақын. Ол ерлікті, өрлікті өзі ғана жасамай, бүкіл поэзиясына ту етті, оны кейінгі ұрпаққа өлмес мұра ғып қалдырды.

Гүлнұр БЕКЕНОВА,
С.Жиенбаев атындағы облыстық
жасөспірімдер кітапханасының
қызметкері

АҚТӨБЕ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.