ТАҢБАЛЫТАС


Маң дала маңғаз қалпынан жаңылмай көсіліп жатып алды. Ұшы-қиыры жоқ ұлан далада біз бабалар ізін іздеп келе жатыр едік.
Баялышты, қара жусанды, қызыл изенді, жуалы жазықтың жұпар иісі бас айналдырады. Алдымыздан оқта-текте орғытып ор қоян өтеді. Қарсақ жолымызды кес-кестейді. Кешегі қойдай өріп жүрген киіктерді, ақбөкенді бүгін емге таппайсыз.

Шын мәнінде, Елбасы Н.Назарбаевтың Ұлытаудағы толғауы руханиятқа қозғау салды. «Айғақ» телекомпаниясының бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш пен Созақ ауданының әкімінің біріккен жобасымен біз Қаратау мен Ұлытаудың жуан ортасындағы байырғы Шұбар теңізі жағалауында Нұра деген жердегі таңбалытастың бүгінгі ахуалы және оны қорғаудың жолдарына арналған экспедициямен суыт жолға шыққанбыз. Экспедиция құрамына Бәйдібек ауданындағы Қалдыбай Байменов­ атындағы жалпы орта мектебінің директоры Сәлкен Жорабеков, «Мырзаната» өндірістік кооперативінің төрағасы Айдар Байысбеков, ордабасылық өлкетанушы, тарихшы Сейфулла Шадықожа, сондай-ақ қаламгерлер, тележурналистер енді. Созақ аудандық әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Әбенұлы, Степной поселкесінің әкімі Шекербек­ Ошақапов, Жуантөбе ауылының биі Тұрсынбек Әбілдаев экспедицияға көмектерін көрсетіп, жолбасшы болғанын айта кеткеніміз абзал.
Қыземшек поселкесінен ерте шыққан біз Шеңгелдіге дейін шаршамай жеттік. Дәл осы тұстан таңбалытасқа дейін әлі жиырма шақырым бар болатын. Мидай жазық далада қарауытқан белгі көрсек, арнайы бұрыламыз. Бірақ таңбалытас тығылып қалғандай оңайлықпен ­табыла қоймады. Асылы, «тығылып» ­деген сөзді аузымызға Алла салып тұрған сыңайлы. «Қытайдың құпия шежіресі», «Моңғолдың құпия шежіресі» дегендерді әркім-әркім-ақ біледі. Кітабы мен қағаз-қаламы жоқ бағзы замандарда бабаларымыз Бетпақдаланың құпия қойнауында шежіресін сырт көзден таса жерге таңбалап кеткеніне көңіл кәдімгідей иланады. Қабақ аталатын биіктен қарасаңыз, төменде теңіз табаны анық көрінеді. Бір замандарда мұнда телегей теңіз болғаны тарихтан белгілі. Теңіз жағалаулары қазірге дейін жақсы сақталған. Нұраның қара табанында екі ақтаңдақ бірден көрінеді. Сорда тұздың мол қоры бар. Екі ақтаңдақтың бел омыртқасынан батысқа қарай өрлесеңіз, шағын жыраның екі беткейіндегі таңбалытастың дәл төбесіне түсесіз.
Осы таңбалытас туралы тұжырым қазақтың дара ғұламасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларынан табылған. «Бетпақ шөлінде таңбалы Нұра деген жер бар еді. Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Үш жүздің баласы қазақтың таңбаларында талас болса, сол тасқа барып қарасады. Алаша ханның жарлығымен басылған таңба деседі» депті шежіреші. Әлкей Марғұланның жазбаларында да таңбалытас туралы деректер бар. Ол «қазақ сахарасындағы мәдениеттің бір жарқын түрі – тарихи дәуірлерде осы араны қоныстап келген тайпалардың тас бетіне қалдырған белгілері» деп жазады. Осы орайда таңбалытасты 1840 жылы ресейлік ғалым А.Шренк зерттегені еске оралады. Шренк: «Таңбалытастың зор атаққа ие болуынын себебі бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бір ел болып қосылған жері» дейді. Жазбаларға үңілсек, тайпалардың атақты билері мен батырлары осы жерде кеңес құрып, елді қоныстандыру мәселесін шешіп отырған. Әр тайпаға арнап таңба берілген. Сол таңба тасқа түскен. Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың да таңбалытасқа табаны тиген. «Қазақтың қазақ болған, ту тіккен жері осы таңбалытас өңірі» деп тұжырымдайды академик атамыз. Ал жазушы Ілияс ­Есенберлин: «Керей мен Жәнібек хан тұсында қазақ рулары­ Нұраның Қаратұзына жиналып, үш жүздің жүйесін жасап, Асан қайғының ұйғарымымен таңба үлестірген» деп ­жазады.
Ұзақ жылдан бері Созақ жерін зерттеп жүрген тарихшы әрі қаламгер Сүлеймен Тәбрізұлының «Таңбалытас – қазақ тарихының шоқтығы биік ескерткіші» атты кітабында Керей мен Жәнібек, Қасым, Ақназар, Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай, Кенесары хандар кезінде Таңбалытасқа тәу еткен делінеді.
Шеңгелді, Нұра бойында кездесетін қорымдар басындағы құлпытастарда арабша жазулар мен таңбалар бар. Жыңғыл мен топырақтан араластыра тұрғызылған бейіттер бүгінге дейін бүтін жеткен. Олардың бастапқыдағы биіктігі 2,5-3 метрге дейін жеткен тәрізді. Кесектен тұрғызылған кесенелердің орындары әлі де көптеп кездеседі.
Алайда жырадан табылған жәдігерді көріп, қатты қынжылдық. Осында аяғы жеткендердің көпшілігі Таңбалытасқа аттарын жазып, тарихи тасты бүлдіріп кеткен. Мұнда 1948 жылы арнайы экспедиция келген екен. Олар да соңдарына «мұра» қалдыруды ұмытпапты. Жыраның беткейінде жатқан жартастар үгітіліп, құлап қалған. Бұған саяхатшылардың да «үлкен үлес» қосқаны тайға таңба басқандай көрінеді. Шашылып жатқан тастардан таңба белгілерін құрастыру мүмкін емес. Жұмсақ құмдауыт жыныс­тарды жел кеулеп үңгіп тастаған. Әлгі жыныстар мен үңгірлер ертегілердегі ғажайып көріністерді көз алдыңызға алып келеді. Әйтсе де бабаларымыздың ізі мен өсиеті қалған тарихи орынды күні бүгінге дейін күтімге алмаған керенаулығымыз күйіндіреді. Егер дәл осы таңбалытасқа туристер тартсақ, ұялмай көрсететін жәдігерлер әлі де жеткілікті.
Таңбалытастың талқандалған ­тү­рін көріп, жүрегіміз тулады. Ванда­лизм дегеніміз осы емес пе? Ата-баба­ларымыздың тарихи қолтаңбасы қалған жерді мұншалықты тоз-тозын шығарып бұзу ұлтымызға сын емес пе? Ендеше, әлі де болса таңбалытастарды реставрациядан өткізіп, бастапқы қалпына болмаса да кейінгі кейпіне келтіріп қою қажет-ақ. Бұл орайда Созақтағы көнекөз қарияларда, әуесқой зерттеушілерде, жергілікті ­тарихшыларда таңбалы тастың бұрынғы бұзылмай тұрғандағы суреттері іздестірсе әлі де табылады.
Жалпы Созақ өңірінде тарихи-мәдени ескерткіштер көп. Соның бірі – Қаратау сілемдерінің таусылар тұсындағы Ақбикеш мұнарасы. 1254 жылы Кіші Арменияның патшасы Гетум-1 сонау Қарақорымдағы Мөңке биге барып, дәргейіне бас ұру үшін Созақ сахарасы арқылы өтеді. Ол осы сапарын егжей-тегжейлі хатқа түсірген. Міне, сол жазбаларда Хендахор қаласы (Ақсүмбе) туралы тоқталады. Жазбаларда Ақбикеш мұнарасы жайлы дерек те бар. Ал Низам ад-дин Шами мен Шереф ад-дин­ Али Иезди «Зафарнама-и-Тимури» деген жазбасында «Ақсүмбе – Қарашық (Қаратау) тауының биік жотасында сорайып­ тұрған мұнара» делінеді. Осы бір сегіз ғасыр бұрынғы көне мұнараның мұңын тыңдайтын да адам табылмай тұр.
Таңбалытастан шығып, оңтүстік-батысқа қарай бет алғанымызда бір қыраттың басында ағарып тұрған белгіні көріп, бұрылдық. Бұл Таңбалытастан алынған сынық көрінеді. Силикат кірпіштен тұғыр жасап, дөңгеленген таңбалытасты осында орнатыпты. Тастың бетінде Ай бейнесі мен үш жүздің таңбасы бедерленген. Тұғырдың асты ойылып кетіпті де таңбалытас бүйірлей құлапты. Егер осылай жамбастап жата берсе, көп кешікпей мұның да сынып бүлінері сөзсіз. Сондықтан бұл тасты биікте қалдырмай-ақ, тарихи орнына апарып, жыра беткейіне қойған дұрыс тәрізді.
…Баялышты, қара жусанды, қызыл изенді дала қараңғылық құшағында қалып барады. Менің ойыма ақын Жүрсін Ерманның «Баялыш» деген өлеңі түсті.
Жылдардан кейін соншама,
Санама менің жетті нық:
Нәсілің бұта болса да,
Бар екен сенде тектілік.
Әкемнің көзі деп біліп,
Шешемнің өзі деп біліп.
Отырмын енді отыңа,
Көзімнің жасын кептіріп!
Нәсілі құмдауыт болса да, Нұрадағы таста үлкен тектілік бар емес пе еді? Осындай киелі, қасиетті жерді қандай қол қалтырамастан қиратты екен? Енді ­бабалар сөзін бізге кім айтады? Осыларды ойлағанда жүрек қан жылайды. «Санасы оянған адамдар әлі-ақ Таңбалытасқа оралады. Оны қалпына келтіреді. Сосын бұл жерге туристер ағылады. Бабаларымыздың мықты екенін айтып мақтанамыз» дейді біздегі үкілі үміт.
Иә, тарих табанымыздың астында ­жатыр. Оған көз жұма қарап, таңбалытасты тағылардай таптап, бүлдіруіміз – кешірілмес күнә. Бағзыдан жеткен бабалар үні бізге осылай дейді.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Түркістан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.