«ХАБАР» ТЕЛЕАРНАСЫ «ҚАЛАМГЕР» ДРАМАСЫН ҰСЫНАДЫ…

Биылғы жылдың күзгі маусымында «Хабар» телеарнасы көрермендерін бірқатар жаңа туындыларымен қуантпақ.Соның бірі – тарих пен тағылымға толы «Қаламгер» ­драмасы – 12 қыркүйектен бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетіледі деп жоспарлануда.Фильмнің режиссері – Мұрат Бидосов, сценарийін – Сержан Зәкерұлы жазған. 

Бұл – кеңес дәуіріндегі партия идео­логиясының қытымыр қысымында қалып, ұлтын ұлықтап жүрген «ұлылардың» өмірі туралы тарихи туынды. Сол замандағы дүйім жұрттың барын баптап, жоғын жоқтаумен жүрген қарымы мол қазақ қаламгерлерінің бастан кешкен нәубеттері, заман мен адам ағымындағы қарама-қайшылықтар, билік пен бұқара ара­сындағы байланыс, өзекті өртеген өмір бұралаңдары, қилы тағдыр тауқыметін тартқан тума талант иелерінің өмірі. «Фильмнің «Қаламгер» аталу себебі, ­Жа­зушылар одағының биік мінберінде партияның жалынды үндеулері жарияланса, Жазушылар үйінің іргесіндегі «Қаламгер» кафесінде айтылатын әңгімелердің ауаны тіпті басқа болатын. Аты аңызға айналған бұл жерде талай өлеңдердің тұсауы кесіліп, талай айтылмайтын шындықтың беті ашылатын, парасатты ойларда тоғысатын, қарама-қайшылықтағы мінездер де шекісіп қалып жататын. Компартия нұсқауларының күші жүрмейтін, цензураның қамыты қыспайтын, жазушылардың ойын ашық айтып, әзілі мен астарлы әңгімесі, қалжыңы мен қағытпасы қатар жүретін «Қаламгер» кафесі сол кездегі қоғамның шынайы бетпердесінің символы ретінде алынып отыр. Атын атауға қорқатын Мағжандар, Шәкәрімдер туралы дәл осы «Қаламгердің» төрінде зиялы қауым әңгіме қозғайтын. Сондықтан да туындының жалпы мазмұнындағы саяси астар, олардың кеңестік цензураға деген бұлқынысы осы кафеде көрініс табатындықтан туындыны «Қаламгер» деп атадық. Яғни екі түрлі мағынада. Тура мағынасында ол – біздің қолына қалам ұстаған жазушы қауымды меңзесе, астарлы мағынасында қаламгер қауымның тәуелсіздікке ұмтылған бұлқынысы, ішіне сыймаған шерлерін тарқататын орын сол уақытта «Қаламгер» кафесі болды» дейді картинаның режиссері Мұрат Бидосов.
1970 жылдардағы қазақ әдебиеті тұл­ғаларының басым көпшілігі – қарсыластан тайсалмай, жеңілістен жасқанбай, қан майданда қаза болған қазақ батырларынан қалған ұрпақ. Жастайынан өмірге ашынған олар өсе келе, қазақ әдебиетінің қаймағына айнала білді. Иә, мүмкін қатал тағдыр тәлкегінде бой түзегендіктен болар, олар адуынды адыммен әдебиет көшін биікке көтеріп, халықтың талантты тарландарына айналды. Ел есінде қалды. Сыры мен мұңын арқалап бақилық болған тұлғалар тізімі қаншама… Сол тұлғалардың тағдыры – аталмыш драманың арқауы болмақ. «Туынды кейіпкерлерінің дені – тарихи тұлғалар. Ал басты кейіпкер – жиынтық образ. Өйткені көптеген тарихи тұлғалардың образына жеке-жеке тоқталып, оқиға желісіне бәрін бірдей сыйдыру мүмкін емес. Басты кейіпкер Сәтжан образы, былай қарасаңыз, сол – уақыттың бейнесі деуге де болады. Ол бәріне куә болады. Бәріне араласады. Осы образ арқылы тарихи тұлғалардың көркем бейнесін жасап шықтық. Енді оқиғалардың барлығы дерлік өмірден алынды десе де болады. Туындының сценарийі жазылу барысында ақын-жазушылардың естеліктері, мемуарлары түгелдей зерттелді, зерделенді» дейді режиссер М.Бидосов.
Расында, бұл телехикаядан қоғамның қалпына сыймай, өмірін трагедиямен аяқтаған ақиық ақынның тағдырын да, таланты тасымаса да, партия желеуінде жүрген жазушысымақтардың сатқындық қылықтарын да табуға болады. Сондай-ақ, телехикаяда өткен ғасырдың 70-80 -жылдары қамтылғандығын ескерсек, сол заманның бояуын – бүгінгі көрерменге түсірілім тобы бір деммен қалай жеткізгендігі қызығу­шылық тудырмай қоймайды. «Түсірілім өткен жылдың күз айында толығымен аяқталды. Алматы, Павлодар және Жамбыл облыстарында жалпы бір жарым, екі ай уақыт мерзімінде түсірдік. Бұндай тарихи туындыны түсіруде көп қиындықтар кездеседі. Әсіресе, түсірілім объектісін іздеп табу өте қиын. Оның үстіне 70-жылдардағы Алматы – көп адамдардың көз алдында сурет болып сақталып қалған. Алматы көшелері және басқа да локацияларды қазір іздеп табу мүмкін емес» деп ойын жалғады ­М.Бидосов.
Тарихқа терең үңіліп, ұлт ұлыларын ұлықтаған ұлттың болашағы – берік, бірлігі – мығым болатыны сөзсіз. Осы маңызды мақсатты ұран еткен бұл туындының бүгінгі ұрпаққа жеткізер ақылы, айтар нақылы ұшан-теңіз.
Картинада басты рөлдерді Ергенбай Абуев, Досжан Жанботаев, Балтабай Сейітмамытов, Наргиз Алтайбай, Бағдаулет Шаймахан, Жалғас Толғанбай, Кенен Ақүрпеков, Айдар Аманбай және т.б. актерлер сомдайды.
Айта кетейік, туынды 12 қыркүйектен бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетіледі деп жоспарлануда.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.