Ою-өрнектерді қолдану амалдары

Байахмет ЖҰМАБАЙҰЛЫ,
этнограф

Ою-өрнектерді қолданудың қиып түсіру, ойып қиыстырып түсіру, кестелеп түсіру, сызу арқылы түрлі жіппен тоқып түсіру, басып түсіру, ойып түсіру, сызып түсіру, металл бұйымдарға жапсыру,­ тоқымалау, соқпалау, термелеу, дәнекерлеу түрлері бар.
Қиып түсіру. Ең әуелі оюды қиып алып, бұйымдардың үстіне жапсырып орналастырады. Мысалы, түрлі бұлдардан оюды қиып алған соң, оны киіз үстіне жапсырып, шетін жиектейді.

Ойып қиыстыру. Киізді алуан түрлі етіп бояп, олардан өз алдына оюды қиып алып, одан кейін түрлі оюды бір-біріне қиюластырып орналастырады.
Кестелеп түсіру. Түрлі киім, үй жиһаздарына түрлі жіптермен бізкесте сияқты тәсілдермен түсіреді.
Сызу арқылы түрлі жіппен тоқып түсіру. Киіз немесе басқа бұйымдарға әуелі ою-өрнекті сызып алып, сол сызылған ортаны түрлі үйлесімді жібек және жүннен істелген бояулы жіптермен толтырып шығады.
Басып түсіру. Киіздің үстіне түсірілетін ою үлгісін ағашқа (қалыпқа) түсіріп алған соң, түрлі ­бояуды ыдысқа қайнатып қойытылады да, қалыпты бояуға малып басу арқылы бояуды киізге сіңіру тәсілімен түсіретін өрнек. Мұны халқымыз «текемет» дейді.
Ойып, батырып түсіру. Ойып түсіретін өрнектер темір, алтын, күмістерге өрнекті шеберлер арнаулы шапқылар, қаламшалар арқылы ұрып түсірумен бірге, шегіп, тырнап, қырнап түсіреді. Әсіресе, тері бұйымдарға «тұскиіз», «оқшантай», «қын» сияқты бұйымдарға кейде қалыпты жасап, кейде өрнек түсірілген қатты бұйымдармен ұру арқылы түсіреді.
Сызып түсіру. Бұл зергершілік бұйымдардың бетіне қаламша, ­болат, темір ұшымен ою-өрнек сызып түсіреді.
Метал бұйымдарға түсіру. Метал бұйымдардың бетіне ою-өрнекті ұрып, батыру арқылы немесе металдардан ою-өрнекті қиып алып, оларды ағашқа, тері бұйымдардың бетіне шегелеу арқылы түсіреді. Бұйымдарды тіпті де әрлендіру үшін мыс, жез, қорғасын, күміс, алтындармен темірлерді бір-біріне қаралау, ақтау, булау тәсілі арқылы ою-өрнектің ажарын аша түседі. Міне, бұлар – ою-өрнек түсірудің түрлі амалдары.

Зерігерлік бұйымдарды жасау

1. Келі ауыз сырғаға «айшық» пішінінде, «гүл» өрнегін түсіру.
2. Тіркеме сырғаға «итқұйрық» өрнегін бейнелеу.
3. Ай сырғаға «қошқармүйіз» өрнегін түсіру.
4. «Шырмауық гүл» өрнегі түскен жүзік.
5. Салпыншақ сырғаға – құймаланып түсірілген «мүйіз» бедері.

Ойып жасау  әдістері

Ою-өрнекті ойып (қиып) алу арқылы жасауда алғаш нобайлап сызу әдістері болғанымен, онда бұрыш, құлақтардың тең шықпауындай олқылықтар көп кезігетіндіктен, шеберлер оны әуелі қағаз немесе басқа материалдардан көлеміне қарай дәлдеп қиып алып, өз мақсатына алған ою-өрнекті бүктеп сызып қию амалымен өте көрікті, дәл, тура етіп шығара алған.
Мысалы, ең әуелі сырмақ оюларын қажет етер болсақ, әуелі оюдың көлеміне қарай материал не қағазды дайындап, одан шығаратын үлгінің жіңішке-жуан немесе көлемді-кішілігіне қарай әзірленген материал мен қағаздың сыртынан оюды сызып, сызық ізімен қайшымен қиямыз. Мұндай ою-өрнек қиюда ою-өрнектің күрделілігіне қарай бір, екі, үш, тіпті он неше бүктеу тәсілмен қиып, түрлі үлгідегі оюларды әрі дәл, әрі көркем шығаруға болады.

6. Әйелдердің қапсырмасына (киімнің алдыңғы түймелігі) түсірілген «құсқанаты» өрнегі.
7. Қапсырма басына түсірілген «өсімдіктер» үлгісі.

8. Жапсырма бұйым «өрмекші» және «тұмар» өрнектері.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.