Алтын арқау

Алматы облысында Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен рухани­ кеш өтті.

«Ғибратты қазына» атты рухани кешке танымал дінтанушы мамандар мен өрелі өнер иелері қатысты. Мұндай игі шара бір-бірінен бөле қарауға болмайтын дін мен дәстүр сабақтастығын жан-жақты дәріптеу арқылы халықтың діни сауатын арттыруға бағытталды. Екі айда бір көрсетілетін бағдарлама жергілікті «Жетісу» телеарнасынан беріледі. Діни бағдарламаға теолог ­мамандар мен қызуғышылық танытқан адамдар қатыса алады. Онда ­Алматы облысының тұрғындары көкейінде жүрген сұрақтарына жауап ала алады.
Басқосуда алдымен белгілі дін­танушы Айбек Нәби ислам дінінің кіршіксіздігі, қазақ халқының тарихи­ ұстанымы жайын­да жан-жақты түсіндіріп берді. Осыдан соң, белгілі ақын, дінтанушы Кәмнұр Тәлім: «Ұлтымыздың ғасырлар бойы сана-сезіміне сіңіп, салт-дәстүрі ­болып қалыптасқан діни ұстанымдарының орны ерекше. Себебі бұл қазақтың ұлы ғұлама, ақын-жазушыларының даналық сөздері, жыр-дастандары арқылы жұрт жүрегінен терең орын алған. Оған кешегі қиын-қыстау замандарда қарсы қойылған небір қитұрқы әрекеттер де еш бөгет бола алмаған. Қайта, ұрпақтан ұрпаққа тарап, төл мәдениетіміз бен әдет-ғұрпымыздың алтын арқауына айналды. Бүгінгі ­жастар ата-бабаларымыз ұстанған сол бағыттан таймаса, еш адаспайды» деді. Сонымен­ қатар облыс тұрғындарының діни сауатын арттырумен бірге, дәстүрлі емес діни бағыттарға қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында түрлі форматта іс-шаралар өткізіледі. Өткен жылы облыс бойынша дін мәселесін түсіндіруде жалпы 3274 іс-шара өткізіліп, оған 247 907 адам қатысты. Ол алдыңғы жылғы салыстырмалы шаралар санымен 77-ге артып отыр. Шара барысында өнерпаздар дін мен дәстүр сабақтастығын ұлтымыздың от ауызды, орақ тілді шешендерінің терме-толғауларымен жеткізсе, кеш жүргізушісі Жұмахмет Жайлаубаев даналар сөзімен түйіндеді. Кешті қорытындылаған облыстық Дін істері басқармасының басшысы ­Рахмет Есдәулетов бұл шара жастардың дін туралы түсінігін айқындап, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға тигізер пайдасы зор деп атап көрсетті. «Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтары еліміздегі үйлесімді конфессияаралық қарым-қатынасты қалыптастыруға, нығайтуға, халықтың діни сауатын арттыруға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-насихат, түсіндіру жұмыстарын іске асыру үшін құрылған. Сонымен бірге облыста әртүрлі ұлт өкілдерінің көптігіне байланысты миссионерлік қызметпен келген дін өкілдері мен құрылған діни бірлестіктер жұмыс атқаруда» деді Р.Есдәулетов.
Айта кету керек, облыстық Дін істері басқармасының тағы бір тың жаңалығы «Рухани керуен» атты кітаптың шығуы болды.

Айнұр ДОСЖАНҚЫЗЫ,
Алматы облыстық Дін істері басқармасының баспасөз хатшысы

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.