САТЫ САЙЫНДА

Атың барда – жер таны желіп жүріп…
Халық нақылы

Қазақ тарихында орны бөлек 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай, осы тақырыпта бір ­повесть жазған едім. Ондағы негізгі оқиғалар біз сөз еткелі отырған Саты сайындағы жайлауларда өтеді. Повесті жазуға дайындық кезінде сол жерлерді еркін аралап, Сатының тума табиғатына бір кісідей-ақ қанық болдым. Ол повесть ішінде «Тау басынан – қиқулап ұшқан ұлары; жартасынан – тауешкі-таутеке аңы; орманынан – бұғы-марал мен елігі; шатқалынан – қонжығын ерткен аюы; өзенінен – ақшабақ, патшабалығы үзілмейтін ертегідей ерекше бір жер бар. Ол – Саты сайы» деп шынайы бейнеленді.

Бұл жердің сұлу табиғатын балаларыма да көрсетіп, біраз ағайындарға тамсандыра айтып бергенмін.
Бір күні өзім қатты сыйлайтын бір құда балам телефон соғып: «Аға, алда үш күн қатарынан демалыс екен, қаланың у-шуынан алысқа, әлгі өзіңіз айтатын Саты сайына барып, тау аралап, өзен жағалап, таза ауа жұтып, қымыз ішіп дегендей демалып келейікші» деді қиыла сөйлеп.
Ойлап көрсем ол үш күнде мен де той-томалақтан бос екенмін. «Жарайды, қарағым, айтқаның болсын» деп, өтінішін қабыл алдым. Одан кейін жолға не алып, не қоятынымызды айтып, қаладан шығатын уақытты белгіледік.
Сөйтіп, уәделі күні сағат он бірде «Саты, қайдасың?» деп, Алматыдан аттанып кеттік. Жол бойындағы Байсейіт ауылының базарынан картоп, сәбіз, пияз сияқты көкөністерімізді алдық. Көкпек асуында бұлақ басындағы ағаш көлеңкесінде отырып жақсылап тамақтанып, жарты сағаттай демалдық. Содан қайтадан жолға шығып, кешкі сағат 5-терде Саты сайының аузына таман оңаша отырған орманшы ініміздің үйіне ат басын тіредік.
Олар түгелімен үйде екен. Есік алдына шығып, жылы шыраймен қарсы алды. Қол алысып, құшақтаса амандасқаннан кейін, бірі іні, бірі қарындастай болып кеткен Мырқияс пен Бануға қасымдағы Аралбайды таныстырып, жайымызды айттым:
– Мына алдарыңда тұрған жігіт – менің туған құда балам. Аты – Аралбай, кіші жүз, Әлім, батыр елдің баласы, полиция полковнигі. Екі-үш күн тау аралап, өзен жағалап демалайық деп келген жайымыз бар. Оған жағдайларың қалай?
– Сізге есігіміз әрқашан ашық қой, аға. Өзіңіз көрген тауыңыз, әне, тұр. Өзеніңіз, міне, сарқырап жатыр, жатын орын да, қымыз да бар. Жүріңіздер, – деп, Мырқияс бізді ас бөлмеге алып кірді.
Ауылдың құрт-май, қаймақ-ірімшігі тұрған үстел басына келіп отырдық. ­Тегешпен қымыз да келді. Әңгімелесе отырып, қанғанша іштік те, қаладан ала келген азық-түлік заттарымызды Бануға өткізіп беріп, жатын бөлмемізге келіп жайғастық.
Біраз тынығып алған соң, сыртқа шықтық. Күн таудан асып, сайға көлеңке түсе бастапты. Өзен жағалап өр жаққа кеттік те, біраз жерге барып кері қайттық. Бір-екі иірімге аялдап, кешкі жайылымда балықтың шолп етіп жем қаққанын тамашаладық.
Үй иелері биелерін ағытып, қойларын қоралап, сиырларын да сауып біткен кезде біздер де серуеннен оралдық.
Сәлден кейін-ақ Мырқияс кешкі тамаққа шақырған. Төрт көзіміз түгел отырып тамақтандық. Қымыз ішіп, әңгіме-дүкен құрып біраз отырдық та, ұйықтауға кеттік.
Түнде ертерек жатқандықтан таңертең ерте оянып, ерте тұрдық. Өзеннің ­батыс бетіндегі биік қырдың арғы жағы көрінбейтін. Аралбай екеуміздің таңертеңгі шайға дейін сонда барғымыз келді. Оған керлеп те, ирелеңдеп те шығатын соқпақтар көрініп тұрды. ­Солармен кәдімгідей ентігіп қырға шықтық. Оның үсті бұйратты тепсеңдеу жер екен. Шөбі соны, әлі мал түспеген. Қызыл, сары, көк гүлдер арасынан еңлік гүлін де көп көрдік. «Бұл теңіз деңгейінен 2500 метр биікте өседі екен» деп, Аралбай оны суретке түсіріп жатты. «Шәң-шәң-шәң» деген суыр даусы естілді. Сол жаққа жалт қарадық. Төскейде мекендері бар екен. Біреуі ін аузында балаша тік түрегеліп, басқаларын сақтандыра шәңкілдеп тұр. Екеуі бірін-бірі қуып ойнап, біреуі жайбарақат жайылып жүр.
Мен өзім білетін бір жайды Аралбай да білер ме екен деп, сынай сұрадым:
– Мына жерде ешбір бастау, бұлақ жоқ. Өзен бір шақырымдай төменде ­жатыр. Сонда бұлар суды қайдан ішеді?
Аралбай да оны жақсы біледі екен:
– Бұлар жеген балауса шөбінің бойындағы сөлімен, шөпке тұрған шық, жауын-шашын тамшыларымен-ақ шөл қандырады дейді ғой.
Көп жүрмей, үй жаққа бет алдық. Үйдің төбесі көрінетін қырға келгенде тау жаққа қарап, құйрық басып біраз отырдық. Шатқалдың орта тұсындағы сонау қалың қарағайлы қырдан шоқтығы озып, мен мұндалап тұрған ақ жартас көзіме түсті. Оны қолыммен нұсқай көрсетіп, ол туралы елден естігендерімді Аралбайға айттым:
– Сонау көрінген ақ жартас «Әлиманның ақ тасы» деп аталады екен. Баяғы жаугершілік заман, жоңғар шапқыншылығы кезі болса керек. Ат ­жалын тартып мінуге жараған ер азматтар тегіс соғысқа кетіп, ел ішін жоқшылық пен аш-жалаңаштық жайлайды. Сонда Әлиман деген ана бар малын айдап, ­балаларын алып осы тауға келеді де, осы ақ тастың астын мекен етеді. Басқа ешқайда бармай, қысы-жазы осында болады. ­Малын өсіреді, ауырған, мертіккені болса өзі емдейді. Малының айран-сүт, құрт-май, ірімшік, етін тамақ етеді, жүн, терісін киім етеді. Істің көзін тапқан ақылды ананың бұл тіршілігін естіген біраз жетім-жесірлер келіп, шаруасына көмектесіп, барын ішіп-жеп жан сақтайды. Қайырымды да қамқор ана өз аузынан жырып, біраз аш жандарға құрт-май, ірімшік те апарып береді. Әке-шешесіз қалған аш-жалаңаш талай жетімді өзі әкеліп асырайды. Сөйтіп, қайырымды да мейірімді, қамқор ананы құрметтеген халық бұл жерді сол кісінің атымен атап кетіпті.
Біз қыр жақтан еңістеп, үйге таяғанда өзен жағасындағы желіге құлындарын байлап Мырқияс та келді. Қол жуып, жаюлы дастарқан басына жайғастық. Шай үстінде ол маған қарап:
– Аға, бүгінгі пыландарыңыз қалай? – деді.
Мен «Аралбайдың қалауы білсін» деген сыңаймен оған қарадым.
– Біраз тау аралап келсек, – деді Аралбай.­
– Мен де бірге барсам болар еді. Бірақ бір кісілер келетін болып тұр. Менсіз де аға бұл таудың жолын жақсы біледі ғой, – деп, Мырқияс бірге бара алмайтынын білдірді.
– Е, жолды білем ғой. Машинаны жолдың өзі де жетектеп отырады. Бізге алаң болма, өзіміз-ақ бара береміз, – дедім мен.
Шайдан кейін жолға біраз тамақ, қымыз алып, Аралбай екеуміз тау жаққа тарттық. Алдымызда қапталдары қайысқан қалың қарағай, ұшар басы жалаңаш жасыл жота, шатқалдары ит тұмсығы батпайтын жыныс болып келетін биік тау тұрды. Мен жол бойы осы тауға, Саты сайына қатысты кейбір мәліметтерді айта отырдым:
– Машина Жаңғырық деген жерге дейін бара алады. Одан ары қарай атжолы ғана бар. Ол Саты асуына апарады. Асудың бергі жағы – қазақ жері, арғы жағы қырғызға қарайды. 1856 жылы Шоқан Уәлиханов Ыстықкөл сапарынан қайтқанда Саты асуынан асып, осы саймен жүріпті. Өз күнделігінде қия беттегі көлденең жатқан ағаштан аты секіргенде өзі ауып түсіп, атының шатқалға құлап кеткенін жазады. Сөйтіп бұл сай – Шоқанның ізі қалған жер, Аралжан.
Жоғары таман барғанда жол екіге айырылды. Мен Аралбайға 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде сұмдық қырғын болып, «Қырғынтекше» аталып кеткен жерді көрсеткім келді де, жыраны өрлей оң жаққа кеткен жолды нұсқадым. Сәл өрлеп барып тоқтадық. Машинадан шығып, Қырғынтекшенің қырына жаяу көтерілдік. Алдымызда бір кезде он шақты үйдің қонысы болған көлбеулеу текше жатты. Көп жерінде ертеректе қолдан егілген біркелкі қарағайлар қайысып тұр. Ашық жерлері шөбі белуардан келетін шабындық екен. Біз дабырлап сөйлегенде бір топ ақ бас балдырғанның арасынан бір еліктің текесі салдырлата атып шығып, қарағайға кіріп көрінбей кетті.
– Нән теке екен! – деді Аралбай.
– Енді шөп арасына бұға тұрайық. Мен бір нәрсені байқап көрейін, – дедім.
Екеуміз де қалың шалғынға шөге отырдық. Бір қияқ шөпті екі бармағымның арасына қыстыра үрлеп, елік лағының даусын салдым. Жоғарыдан салдыр естілді де, бір еліктің ешкісі аңқалаңдап орманнан шыға келді. Мен шөпті тағы шиқылдатып едім, ол шапқылап қарсы жағымызға өтті.
– Жарайды, қинамайық жануарды, – деп орнымыздан тұрдық.
Елік жалт беріп орманға кіріп, «бәәу, бәәу» деп бақырып бара жатты.
– Осында лағы болу керек, соған жан таппай жүргені ғой жануардың, – дедім мен.
Аралбай текшенің бас-аяғын көзбен бір шолып өтіп, маған бұрылды да:
– Аға, бұл текшенің екі бірдей елігін көрдік. Енді әлгі 1916 жылы осында болған оқиғаны айтыңызшы, – деді.
– Өзің білесің, 1916 жылы бүкіл қазақ даласын қамтыған ұлт-азаттық көтерілісі болды ғой. Оның Жетісудағы ең үлкен ошағының бірі Қарқара көтерілісі еді. Ол жауды қуып, Қарқара жәрмеңкесін алды; Темірлік, Талдыбұлақ, Жалаңаш почта-телеграф станцияларын жойды; патшаның сойылын соғып, көтеріліске қарсы оқ атқан казак-орыс кенттерін қиратты; Қарақолдың қанды-қасап түрмесін талқандап, өзін қоршауға алды. Дегенмен, халық патшаның мұны ­жауапсыз қалдырмай, жазалаушы әскер жіберетінін білді. Сондықтан әр болыс жігіттерді атқа мінгізіп ауылдарға ие етті. Қауіпсіз жерге көшетіндерін көшірді, көшпеген ауылдарды сыртынан күзетті. Әскер келетін жолдарға күзет қойды. Қарабұлақ, Саты, Күрметі жақтағы елдерге Алматы,­ ­Жаркенттен келетін ­жазалаушылар Жалаңаш арқылы келеді деп, ол бағыттағы күзетті мықтылады. Сол кезде осы текшеде Сатылған деген кісінің он шақты үйлі ауылы отырады. Бұдан төменіректе Манақ қажының ауылы болады. Естияр жігіттер Қарқара, Қарақолдағы жасақтарға, жол күзетуге, «патша райынан қайтып, бұрынғыша боп қалар» деген үмітпен шөп шабуға кетіп, ­ауылда кілең бала-шаға, кемпір-шал қалады. Көзі ашық, көкірегі ояу, ел қамын ойлаған Манақ қажы «Мына Жалаңаштың бізді «тамыр» деп жүрген біраз казак-орыстары патшаға қолшоқпар болып, көтеріліске қарсы оқ атып жүр дейді ғой. Олар жер жағдайын жақсы біледі. Біз жазалаушы әскер Жалаңаш арқылы келеді деп, сол жақты күзетіп жүргенде, жаңағы «тамырларымыз» бастап, Сатының асуын асып қырғыз жақтан келсе қайтеміз!?» деп ойлайды да, Жаңғырық қысаңының жалғыз аяқ қиын жолына бір-екі қарағайды көлденең жығып, жолды жабады. Бірнеше бозбаланы кезекпен күзетке қояды. «Жаудың төбесі көрінісімен дереу жүгіріп келіп ауылға хабарлайсыңдар. Олар жолды ашуға айналып жатқанда адамдар орманға, тау-тасқа тығылып үлгереді» дейді.
Осылайша балалар жолды күзетеді. Бір күні Шыныбек деген баланың кезегі келіп, ол жол жиегіндегі қарағайдың ­басына шығып, қарауыл қарап тұрғанда, аржағынан сау етіп бес солдат шыға келеді. Бала қарағайдан түсейін десе, олар көріп қоятындай болады. Көрсе ататыны белгілі. Амалсыз қарағайға жабысып, тым-тырыс тұра қалады. Олар бөгетке келіп, ызалана­ балдырласады. Жолды ашқалы артқа бұрылып барып аттарын байлап жатқанда, Шыныбек те қарағайдан жерге түсе ­бастайды. Оны олардың ерткен иті көріп қалып, арсылдай жүгіреді. Бала апыл-ғұпыл жерге түсіп, ауылға қарай жүгіре бергенде дереу атады. Оқ тиген бала «аһ?» деп жығылып, қия беттен шатқалға құлап кетеді.
Содан жендеттер жолды ашып келіп, ауыл адамдарын бірнеше үйге қамап қырады. Сол кезде ауылға араша түсейін, өлсем шейіт болармын деп, қолына ақ жайнамазын алып, атпен шауып келген Манақ қажыны да атып тастайды. Сөйтіп олар қырық неше адамды қырып, мүліктерін тонап, желіде тұрған жылқыларды айдап жолға түседі. Бұл қырғыннан ат арқандап кеткен Мәжби деген бозбала, анасы тайқазанның астына төңкеріп кеткен Смағұл деген нәресте және әлгі қарауылда тұрып оқ тиген ­Шыныбек қана тірі қалады. Өлгендер осында бірнеше ортақ қабірге жерленеді (Жандары жаннатта болғай).
– Әлгі күзетте тұрып оқ тиген Шыныбек­ қалай тірі қалды екен?
– Е, ол есін жиып, екі-үш күн өткенде ауылға келіп, қаңырап қалған жұртты көреді. Бір сынық айна, шашылып қалған бірнеше құрт тауып алады. Қарағайдың түбінде бір сауын сиыр байлаулы қалған екен, соны жетелеп су бойына, тоғайға келіп паналайды. Арқасындағы оқ ­тиген жері құрттап, оны айна арқылы күн сәулесін түсіріп, құрттан тазалайды. Сиырды еміп жан сақтап, кейін елге қосылады. Міне, Аралбай, бұл жерде осындай-осындай жан түршігерлік жайттар болған. Оның толықырақ түрін менің «Қырғынтекше оқиғасы» деген повесімнен оқуыңа болады, кейін сол кітабымды беремін.
Текшеден төмен түсіп, машинамызға келіп отырдық. Артқа шегіне барып сайдағы жолға түсіп, өзенді өрлегенбіз. Сәл жүргеннен кейін-ақ бір көлденең жатқан жіңішке жыраға тірелдік. Оның ­табаны мен арғы жағы қара батпақ екен. Машинадан түсіп барып байқап едік, қиындау көрінді. Көлігімізді сонда ­тастап, ары қарай жаяу тарттық. Көздеген жеріміз – Жаңғырық қысаңы. Яғни Манақ қажының жаудың жолын жауып, Шыныбектің күзетте тұрған жері. Ол онша алыс емес болатын. Әне-міне дегенше оған да жеттік. Алдымыздағы өзеннен бері өткен жерде, астындағы жолға құдия төніп құз жартас тұрды. Одан бері – тепкішек-тепкішек тас, қияметтің қыл көпіріндей қиын соқпақ.
– Міне, Жаңғырық қысаңы деген осы жер, – дедім Аралбайға.
Жартастың астынан ары бір, бері бір өтіп, сөйлеген сөзіміздің жаңғырығын естіп, Шыныбек құлаған қия бетті көріп кейін қайттық.
Машинамызға жақындап қалғанда өр жағымыздағы орман ішінен бірдеңе салдыр ете қалды. Жалт қарасақ, құнажын сиырдай бір қоңыр аю жүр екен. Ол бізге аңыра бір қарап алды да, ары қарай қаша жөнелді.
– Мынау тамақтың иісімен келіп машинаға тиіскеннен сау ма өзі? – деді Аралбай алаңдап.
Жылдамдата келсек, ондайдан аман екен. Машинамызға отырып кейін қайттық та, жолдағы бір ашық алаңқайға аялдадық. Өзен бойындағы көлеңкелі көгалда отырып тамақтанып, бірер сағат жатып демалдық.
Ұйықтап тұрған соң беті-қолымызды жуып, салқындасын деп суға салып қойған қымызымызды ішіп, жатқан үйімізге бет алдық. Жан-жағымызға көз салып келе жатып, шатқалдың қарсы бетіндегі жартаста жүрген тауешкілерді байқап қалдым:
– Тоқта, Аралбай, ана тауешкілерді қара! – деп, оларды қолыммен нұсқап көрсеттім.
Ол кілт тоқтап, машинадан сыртқа шықты да, дүрбімен қарап:
– Жетеу екен, кілең ешкі-лақ қой, – деді.
Дүрбімен мен де қарадым:
– Иә, былтырғы және биылғы лақтарын ерткен ешкілер екен. Бұл кезде бұлардың текелері бір бөлек, ешкі-лақтары бір бөлек жүреді.
Жол бойы әңгімеміз де осы тауешкі-таутеке туралы болды:
– Бұлар жауынан қорғану үшін күзетке тұрады дейді ғой. Сол рас па, аға? – деді Аралбай.
– Е, ол – рас әңгіме. Мен аңшыларға ілесіп жүріп талай рет көрдім ондайды. Басқалары жайылып не жусап жатқан кезде үлкен біреуі биікке шығып, күзетке тұрады. Қауіпті бірдеңе сезіле қалса, ол жерді аяғымен дік еткізіп, «шақ» деген ­дыбыс береді де, қауіпсіз жаққа қарай безіп жөнеледі. Қауіптің қайда екенін білмейтін басқалары оған ілесе қашады. Тәжірибелі әккі аңшылар алдымен күзетте тұрғанын атуға тырысады. Сонда басқалары қалай қашарын білмей дағдарып қалады.
Бұдан кейін бұлардың биік жартастарды паналайтынын, қасқыр шапса да сол жартасқа шығып кетіп жан сақтайтынын және басқа ерекшеліктерін әңгімелей отырып, жатқан үйімізге оралдық.
Ертесінде үй іргесінде сарқырап жатқан өзенді жағалап, салқын суға шомылғанымыз болмаса, басқа ешқайда барғанымыз жоқ. Түсте жақсылап тамақтанып, бір ұйықтап алдық та, үй иелеріне рақмет айтып, Алматымызға аттанып кеттік.

Тұрдақын ЖЕКСЕНБАЙ,
жазушы, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.