ОРТАҚ МҮДДЕ ЖОЛЫНДА

Еліміздегі ынтымақ пен бір жұдырық болып жұмылған ерекше татулық арқасында ұлттар бірлігінің қазақстандық моделі қалыптасты. Бүгінде бұл қазақстандық ­модель әлемнің назарын аудартып, өзіндік тәжірибемен бөлісуді сұрап жатқан елдер жетерлік. Ал осы қазақстандық модель неден бастау алып еді?

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, 1992 жылы егемендігіміздің бір жылдығына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында Ассамблея ұйымы керектігі туралы ұсыныс айтылды. Одан соң, Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының 1995 жылғы 1 наурыздағы Жарлығымен Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды. Одан бері жиырма төрт жылдық тарихында Ассамблея қарқынды түрде дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді, сан түрлі қызмет атқара бастады.
Ең бастысы, жоғарыда атап өтке­німіздей, оның дамуы барысында Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың бастамасымен этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толыс­ты. Халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Сондай-ақ бүгінде Ассамблея ел президенті төрағалық ететін конституциялық орган­ болып табылады. Бұл оның ерекше­ мәртебесін айқындайды. Ассамблея ­жанынан этномәдени бірлестіктер, ғылыми сараптамалық кеңесі, медиация кеңесі, Журналистер кеңесі, Қоғамдық кеңесі, Аналар кеңесі құрылып, ел болашағы ­жолында жүйелі де нәтижелі жұмыс істейді.
Осы орайда кез келген мемлекет үшін қоғамдық келісімнің маңыздылығы ерекше.­ Халық үшін бейбіт заманда ­мамыражай өмір сүруден артық ешқандай бақыт жоқ. Сондықтан елімізде татулық пен тұрақтылыққа Тәуелсіздік алған жылдан бастап ерекше мән беріліп келеді. Қазақстанда өмір сүріп жатқан этнос өкілдерінің мүддесі мемлекетіміздің тікелей қадағалауында. Сондықтан қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты ­жү­зеге асырушы маңызды құралға айналып, елімізде тұрмыс кешіп отырған барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші рөлге ие бірден-бір ұйымға айналды. Жиырма төрт жылдық тарихында аталған құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы құралға айналғанын уақыттың өзі дәлел­деп отыр. Ассамблеяның негізгі бағыты барлық этностық топтарды ортақ мақсатқа жұмылдыру болып табылатындығын атап өткен Елбасы Ассамблеяның өміршеңдігінің ең басты ерекшелігі – этностық топтардың қызметін бақылаумен айналысатын қарапайым ұйымға ғана емес, сонымен қатар еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың мүдделерін бір арнаға тоғыстырушы, барлық азаматтардың этностық, діни ерекшеліктеріне қарамастан, құқығы мен бостандығын сақтаушы толыққанды саяси институтқа айналғандығын бірнеше рет атап айтты.
Ассамблеяны 2020 жылға дейін дамыту­ Тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Соның негізінде аталмыш органның қайырымдылық, медиация бағытындағы жұмыстары жанданып келеді. Ассамблея дүниеге келген жиырма төрт жылдан бері атқарған қызметі мен жүріп өткен сара жолы қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісінің әлемдік қауымдастық алдында беделді ұйымға, ел қоғамының құрам­дас бөлігіне айналғанын көрсетті. Сондықтан Қазақстан халқының бірлігін бұдан әрі жетілдіру міндеті мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналып отыр. Қазақстанның экономикалық дамуы, этносаралық қатынастардың әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалуы, ең алдымен, қазақ ұлтының еншісінде екендігі анық.
Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, елімізде тұрақтылықты сақтау мен оның дамуына аса зор үлес қосып келеді. Ең бастысы,­ Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі нәтижесінде елімізде этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциялық һәм азаматтық құқықтары мен еркіндігін толық қолдана алатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты.

Надежда ВОРОБЬЕВА,
ардагер ұстаз
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.