ҚЫТАЙДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ ГУБЕРНАТОРЫ

Телмұхамед Қанағатовтың 100 жылдығы елеусіз қалмаса екен…

Телмұхамед Қанағатов – XX ғасырдың орта шенінде Қытай мемлекеті құрамындағы Шығыс Түркістандық ұлт зиялыларының алдыңғы қатарындағы тұлғалардың бірі. Ол 1919 жылы Семей облысы Аягөз ауданының Қарақол ауылында ауқатты отбасында дүниеге келген. Қазақстандағы «Кіші қазан» тауқыметі салдарынан елдің қуғынға, ашаршылыққа тап болуына байланысты 12 жасынан бастап, Шығыс Түркістанның дәмін татуға тура келді. Кеңес өкіметінен қуғын көрген дәулетті ата-анасы Қытайға ауады. Мұнда көзі ашық жандар балаларына білім беруге тырысады.

Телмұхамедті Үрімші қаласындағы Қытай мектебіне береді. Оқуға қабілетті ол осы мектептен қытайша бастауыш білім алып шығады. Одан кейін мұғалімдер училищесінің тарих бөлімін де қытай тілінде үздік бітіргендіктен, Бейжіңдегі Жоғарғы кадр қызметкерлерін дайындайтын оқу орнына қабылданып, оны да ойдағыдай аяқтайды. Сол заманға сай жоғары білімге қол жеткізген ол кейін Шәуешек қаласына келеді. Сол жылдары Қазақстанда кеңес өкіметінен қуғын көріп, шекара асқан алашшыл қайраткерлер мен оларды өнеге тұтқан ұлтжанды азаматтар осы қалаға жинақталып жатқан. Онда олар жай барған жоқ, қолдарына сол елдің санасын оятқан бір-бір шырақ ұстап барады. Оның үстіне осы тұста аймақ орталығы Шәуешекке Үрімшіде әр жылдар білім алған, төңкерісшіл идеядағы жастар жиналған еді. Олар Дубек Шалғынбаев, Жағда Бабалықов, Ахметқали Бітімбаев, Балқаш Бапин, Қалдыбай Қанафиндер болатын. Телмұхамед Қанағатов та Шәуешекке келісімен, солармен тығыз араласады. Бір мақсаттағы достар бұрынғы «Алаш» партиясы үлгісімен «Ұлт азаттық» ұйымын құрады.Төңкерісшіл жастардың белсенді іс-қимылы арқасында Шәуешек аймағы 1945 жылы тамыз айында бұрынғы Қытайдың Гоминьдан үкіметінің билігінен қантөгіссіз, бейбіт жолмен азат болады. Іле, Алтай, Тарбағатайды қамтыған үш аймақта «Шығыс Түркістан» Республикасы құрылады.
Телмұхамед 1950-1951 жылдары­ ұлт-азаттық қозғалысты ұйымдас­­тырушылардың бірі ретінде автономиялық халықтық үкіметі бірінші белгілеген ­«Садахат» орденімен 2 рет, «Ыстық Лалият»,­ «Азаттық» ордендерімен ­марапатталады. Әріптестері арасындағы беделінің арқасында Бүкіл Қытай ­жиналысына ұйғыр-қазақ облысынан депутат болып сайланады. Қытай Халық Республикасы Премьер-Министрі Чжоу Энь-Лайдың 1956 жылдың 13 ақпан күнгі №4290 бұйрығына сәйкес, Синьцзян-Ұйғыр автономиясының Тарбағатай аймағының губернаторы болып тағайындалады. Бұл Қытай Коммунистік партиясының қазақтан губернатор тағайындау туралы бірінші бұйрығы еді. Ал 1958-1960 жылдары Шәуешек аймақтық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Осындай биік лауазымды қызметтеріне қарамай, Телмұхамед Қанағатов 1961 жылы өзінің туған жері Қазақстанға оралады. Атажұртқа келгенде ол небары 42 жаста еді. Қызмет істеу, ел басқару тәжірибесі жеткілікті болды. Қытай және араб тілін жетік меңгерген ол көшіп келгесін орыс тілі мен ­кирилл алфавитін де меңгеріп алады. Шығармашылықпен айналысуға ден қойып, Ұлттық Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорына қызметке орналасады.
Көне қолжазбаның бәрі дерлік араб жазуында болатын. Ол жазуларды тек Телмұхамед сықылды ескі көздер ғана оқи алатын. Ел ішіне шығып, ауыз әдебиеті, фольклорлық мұраларды ­жинау да үлкен жұмыс еді. Бұл қызмет ол кісіге ел аралауға мол мүмкіндік береді. Қазіргі күні институттың қолжазба қорындағы көптеген көне мұралардың соңындағы «жазып алған Телмұхамед Қанағатов» ­деген жазуды оқуға болады. Жиырма жылдай осы қызметте істеген Телмұхамедтің елге сіңірген еңбектерінің негізгілері: қазақ қолжазбаларының алты томының ғылыми сипаттамаларын жазып талдап, жарыққа шығаруы еді. Оның екі томы эпикалық дастандар: «Қобыланды ­батыр» (2 нұсқа), «Көрұғлы» (4 нұсқа), «Дотан батыр», «Ахметбек – Жүсіпбек», «Едіге батыр», «Қарасай батыр», «Апақ батыр». Лиро-эпостан: «Зуберше мен Гүлханыс», «Әмір патша мен Таймас уәзір», «Түкібай – Шолпан», «Салиха мен Сәмен». Ғылыми сипаттаманың 4 томы – «Тарихи жырлар». Бұлардан тыс, «Қазақ ертегілерінің» 3 томын, «Қазақ айтыстарының» 3 томын құрастырушы.

Нұр-Мұхамед ҚАНАҒАТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.