САҒЫНТАЕВ ЖАЗУШЫЛАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Өткен жұма күні Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында қаламгерлермен кездесті. Жазушылар одағының 85 жылдығына орай ұйымдастырылған жиында қаламгерлерге қатысты мәселелер талқыланды.

Қала басшысы ақын-жазушыларға қолдау көрсетуді Жазушылар одағының ғимаратын жөндеуден бастайтынын айтты.
– Ғимараттың тозғаны көрініп тұр. Смета жобасы бекітілді. Бюджеттен 250 миллион теңге бөлдік. Құрылыс басқармасының өкілдері ғимаратты көріп кеткен соң, Мәдениет басқармасы жөндеу жұмысына конкурс жариялайды, – деді ол.
Әкімнің айтуынша, әкімдік одақтың 85 жылдық тарихынан сыр шертетін «Әдеби өңір шежіресі» және «Қазақстан жазушылар анықтамалығы» кітаптарын жарыққа шығаруға қолдау көрсетеді. Сонымен бірге «Алматы» телеарнасына ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығына арналған жоба әзірлеу тапсырылған.
Бақытжан Сағынтаев «Қазақ әде­биеті» газетінің жағдайына да тоқталып өтті. Әкімдік тарапынан газетке қаржылай қолдау көрсетілетінін айтты. Ал 2020 жылы «Алматы – еліміздің өркениет ордасы» атты халықаралық әдеби байқау өтетінін хабарлады.
– Алматы – елдің өнері мен мәде­ниетінің қара шаңырағы. Қаланың ­тарихын көпшілікке дәріптеу мақсатында 2020 жылы одақпен бірлесе отырып, халықаралық «Алматы – еліміздің өркениет ордасы» атты әдеби-жанрлық байқау өткіземіз, – деді әкім.
Сонымен қатар ересектер мен балаларға арналған драматургия шығармалары байқауын ұйымдастыруды ұсынды.
– Жазушылар одағына байқау ұйым­дастыруды ұсынамын. Жеңімпаздарды барынша ашық анықтағандарыңызды қалаймын. Бірінші орын беруге лайық шығарма болмаса, ол орын берілмесін. Үздік пьесалар театрда сахналансын. Бұл ретте театрларға да бюджеттен қосымша қаржы қарастырылады, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Қала басшысы қаламақы мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Оны біртіндеп шешу үшін қыркүйек айынан бастап 30 ақын-жазушыға грант беруді ұсынды. Оның көлемі мен иегерлерін анықтауды одаққа тапсырды. Басты талап – грант алған қаламгер каржыны шығармашылық еңбекке жұмсауы керек.
Айта кетейік, Жазушылар одағының ғимараты мен жері жалға алынып отыр. Бақытжан Сағынтаев бұл мәселенің алдағы уақытта шешілетінін айтты. Сондай-ақ қала аудандарында заманауи шағын кітапханалар ашу туралы жоспарымен бөлісті.
Қаламгерлер қала басшысының одаққа бас сұққанына риза болып, түрлі ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Қабдеш Жұмаділов,
Қазақстанның халық жазушысы:
– Алматы – қазақтың рухани аста­насы. Тәуелсіздік туы осы жерде көтерілген. Желтоқсан көтерілісі осы жерде болған. Қазақ абыройының ошағына айналған, зиялыларының шоғырланған қаласы.
Жазушылар одағының қазіргі ­ғи­мараты алғашында Ет-сүт министр­леріне салынған үй болатын. Ол кезде Жазушылар үйі Көк базар жақтағы «Пролетарский-11» деген мекенжайда еді. Ұлыларымыз Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтың ұсынысына Дінмұхамед Ахметов қолдау білдіріп, осы ғимарат қаламгерлерге берілген. Осыдан біраз уақыт бұрын қазақ даласындағы киелі жерлерді тізімге алды. Сол тізімге осы одақты да енгізуді ұсынамын.
Елімізде жаңа бастамалар көп. Кейбіріне көңілім толады, кейбірі көңіл көншітпейді. «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» деген бағдарламалар кеш те болса, қолға алынды. Бұған дейін экономиканы бірінші орынға қойдық та, рухани дүниемізді құлдыратып алдық. Қоғамда қатыгездік көбейді. Ол қайдан шықты? Рухани кедейліктен. Халық кітап оқудан қалды. Адамдарды қатыгездіктен, қылмыстан қорғайтын бір-ақ дәрі бар. Ол – көркем әдебиет. Абай, Пушкин, Лермонтов, Қасым, Мұқағали, Мағжандарды сүйіп оқыған адам ешқашан қылмыс жасамайды.
Алматы – үлкен қала. Бізде кітап тарату механизмі жолға қойылмаған. «Тағдыр», «Соңғы көш», «Атамекен» деген романдарым кезінде 40 мың ­данамен шығатын. Қазір 2 мың данамен әрең шығарамын.
Сонымен бірге менің өмірім сырт­тағы қазақты атамекенге алып келумен өтті. Сол үшін көші-қон мәселесіне бейжай қарай алмаймын. Біздің өкіметіміз кейінгі кезде сырттағы диаспораға тым салғырт қарайтын болды. Сайрагүл қарындасымыздың ісін бір жарым жыл қарадық. Ақыры соған босқын деген ат бермей, қазақтың кең даласына сыйдыра алмадық. Міне, осындай жағдайлар біздің демократиялық ел екенімізді жоққа шығарып жатыр.

Смағұл Елубай,
жазушы:
– Алматы – қасиетті қала. Жазушылар одағы – сол қаладағы қасиетті шаңырақ. Алайда бұл қаланың бір үлкен кемшілігі бар. Ол – оңбай орыстанғаны. Біз осыны қорыта алмаймыз. Күн сайын­ төңірегімізде былдырлап орысша сөйлесіп тұрған қаракөздерді көріп, жерге қараймыз. Бұны шешу жалғыз біздің қолымыздан келмейді. Билік тарапынан қолдау керек. Ел басқарған азаматтар ең болмағанда жарты жыл орысша сөйлемесе, барлық халық қазақша сайрап кетер еді. Жақында түк бітірмеген Тіл заңына отыз жыл толады. Бұл заң мемлекеттік тілді қорғай алмады. Тіліміз төрге шықпады. Осыған үлгі көрсететін бір адам керек сияқты. Оны Алматыдан бастасақ, ғажап болар еді. Ал еш бастық қимылдамайтын болса, Тәуелсіздіктің құны қанша? Халық не үшін қан кешіп жүріп күресті? Ұлтты сақтау үшін. Ал біз не істедік? Отыз жылдың ішінде отыз ауыз қазақша сөз үйренбегендер толып жатыр. Осы ма жеткен жетістігіміз? Бәрі қалпына ­келер, экономика да, қаражат та… Бірақ ұлт құндылықтарынан қол үзуге болмайды. Сондықтан осы тіл мәселесін шешуді ұсынамын.
Қазір балаларға арналған қазақша сапалы кітап табу да қиын. Сондықтан алдымен балалар әдебиетіне арналған байқау ұйымдастыру керек. Үлкендерді тәрбиелеудің қажеті жоқ. Үлкендер – шаруасы біткендер. Болашағымызды тәрбиелейік. Болашағымызға ие болайық.

Кәдірбек Сегізбаев,
жазушы:
– Тіл мәселесін неге айта береміз? Себебі ол – әбден шегіне жеткен мәселе. Менің ойымша, оны шешудің бірнеше жолдары бар.
Ең алдымен, кез келген басшы өзі қазақша сөйлеуі керек.
Екінші, азаматтарды мемлекеттік қызметке алғанда міндетті түрде қазақ тілін білуін талап ету қажет.
Тілімізді қор қылып отырған тағы бір нәрсе – дұрыс аударылмаған жарнамалар. Радио мен теледидар тілбұзар болды. Қазір адамдар «бас миы», «арқа миы» деп сөйлейтін болыпты. Қазақ арқаның миын – «жұлын», бастағыны – «ми» дейді. Сонымен бірге «Ауыз қуысы» дейтінді шығарды. Осыдан құтылу үшін тіл комитетінің немесе­ әкімдіктің жанынан аудармашылар комитетін құру керек. Ондағы қызметкерлердің жалақысын жарнама берушілердің қаржысымен-ақ қамтамасыз етуге болады.
Бұдан бөлек, газет саудасы да ақсап тұр. Қазір көшедегі дүңгіршектерден қазақша газет табу қиын. «Караван» дүңгіршегінен қазақша газет сұрасаң, бетіңе қарап күледі. Сондықтан осы мәселені де жолға қою керек.

Әсел САРҚЫТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.