Адамзатты таңғалдырған Франция!

Адамзат баласы жаралғалы бері зұлымдық ізгілікті қанша тұншықтыруға тырысып баққанымен, адамдықтың ­алтын сәулесі сөнген емес. Оның күн сөнгенше сөнбесі анық.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Британияның Ковентри деген шағын қаласы фашизм нәубетінен қатты зардап шегіп барып, зорға аман қалған екен. Қала халқы 1944 жылы фашизмнің қанқұйлы ­шабуылына тап болған Сталинградқа көмек қолын созуды өздерінің борышы­ ­санайды. Сөйтіп, еңкейген кәрісінен ес білген баласына дейін 6 пенстен жинап, 4516 фунтты Қызыл Әскерлер үшін рентген аппаратын сатып алуға жібереді. Қоршауда қалып аштан қырылған қаһарман қала тұрғындарының рухын көтеру үшін Ковентридің 830 әйелі бауырластық ниетпен үлкен дастарқанға есімдерін кестелеп ­жазып, қаражатпен қоса Сталинградқа аттандырады. Осы күні сол дастарқан Волгоградтағы Мемлекеттік қорғаныс музейінде сақтаулы тұр.

Сол күннен бастап осынау «бауыр­ластық» дейтін ұғыммен нәрленген адамдықтың ақ нұры әлемдік қозғалыстың алтын арқауына айналды.
Бүгінде әлемнің 17 қаласы Алматымен бауырластық қатынас орнатқан. Соның бірі – Францияның солтүстік-батысындағы Бретания аймағының орталығы Ренн қаласы.
Сол жаққа барып, көп жайларды көзіммен көріп, көңілге түйіп, көкірек сәулесінен өткізудің сәті түсті. ­Бретания халқының өмір салты, дәстүрі, мәдениетінің сан сырына қанық болып, жүрек тереңіне сіңіріп қайттым.

СЫРЫ МЕН ЖЫРЫ БӨЛЕК БРЕТОНДЫҚТАР

Француздардың ішкі әлеміне бойлау үшін бар ғұмырыңызды сарп етуіңіз мүмкін. Оны қанша білем дегеннің өзінде де, бір күні күтпеген жерден бір тосын қылығы сопаң етіп шыға келеді. Жер бетінде мінезін дөп басып болжауға болмайтын бір халық болса, ол – француздар-ау…
Француздың да французы бар. Бретондық француздардың жыры да, сыры да бөлек. Бұл өзі керемет патриот халық. Тарихына аса берік. Сан ғасыр бойы мұрты бұзылмай сақталған қамалдарын айтпағанда, 200 жыл бұрын ата-бабасы салған үйді көзінің қарашығындай күтіп-баптап, әлі күнге сонда тұрып жатқан бретон отбасын көрдім. Сүріп тастап, орнына заманауи жаңа үй салып алмағанын айтсаңызшы! Сол заманда пайдаланған аяқ-табақ, таба, ожауларына дейін асүйінің қабырғасына жәдігер ретінде әспеттеп іліп қойыпты.
Тарихи тұлғаларын қатты құрметтейтіні соншалық, доңызына Напалеон деген атау берген адам сотталады. Арнайы заң шығарып қойған.
«Судың да сұрауы бар» деген мәтелге нысапшыл әрі үнемшіл бретондықтар да бойұсынатындай. Қоршаған орта мінсіз. Көшелері де жылан жалағандай. Сыртта киіп келген аяқ киімін шешпестен жүре береді. Есесіне бүгін киген жейдесін ертең қайта кимейді, тазасына ауыстырады. Табиғи қоқысты тастамай іске жаратады. Қалдықсыз технология. Көкөністер мен жеміс-жидек қабықтарын кептіріп, уатып, бақтағы ағаштар мен гүлдердің түбіне төгеді. Химиялық тыңайтқыш сатып алып шығындалмайды. Орынсыз шашылу, дарақылық дегенге жол жоқ. Бір тиын шығынның он есе қайырымы болатын істі ғана төңіректейді. Тұрмыс-тіршілігі өте қарапайым. Айналасы көгал мен гүлге бөленген құстың ұясындай үйлердің бөлмелері шап-шағын. Артық тұрған дүние жоқ. Барлық жерде минимализм көрініс тапқан.
Халқы қоғамдық мәселелерге келгенде өте белсенді. Ереуіл өмір салтына айналған. Түкке тұрмас мәселеге бола шулап-шұрқырап ереуілге шыға салады. Оқытушылар мен студенттер айлар бойы ереуілдетіп, оқу процесі тоқтап қалса таңғалмаңыз. Бұл – қалыпты жай.
Спорт – жалпыға тән көрініс. Демалыс­ күндері бәрін тастап, міндетті түрде табиғатқа шығады.
Бретондықтарда әлеуметтік статусқа бөлу деген ұғым жоқ. Ең бай немесе аса ­лауазымды адам көпір астында түнеп жатқан қайыршыға қайырылып барып тілдесуден арланбайды…
Француздар қоғамшыл келеді. Ұрпағын көзін тырнап ашқаннан атаның емес, адамның баласы болуға, отансүйгіштікке тәрбиелеп өсіреді. Ел-жұртына, туған қаласына қайткенде де бір пайда келтіру – әр француздың қасиетті борышы!

1491 ЖЫЛҒЫ ҚҰЖАТ

Парижге барып жүргендер баршылық. Ал Францияның сонау солтүстік-батысындағы Бретания аймағының орталығы Ренн қаласын тамашалауды кім армандамайды дейсіз. Бұл өзі 250 мыңға таяу халқы бар, ежелгі заманда іргесі қаланған тарихи қала. Ертеде бұл араны Кельт халқының редон деген тайпасы жайлаған екен. Ренн деген атауды да ­солар берген дейді. Әуелде өз алдына жеке дара тәуелсіз герцогтігі болған. Француздар бұларды жаулап алмақ ­болып үздіксіз соғыс ашыпты. Соңында Франция королі Карл VIII Бретанияның бар аймағын басып алғанымен, Ренн қаласына жеткенде жергілікті әскер өліспей беріспей шайқасқан. Қала қанға бөккен. Мұны көріп шыдамаған герцогиня Анна ­Бретонская 1491 жылы Франция құрамына ену келісіміне қол қояды. Бірақ ол бір шартты алға тартады. Және ол шарт осы күнге дейін күшінде. Бретания­ аймағының халқы өз заңымен, өзіне тән ежелгі дәстүр-салтымен өмір сүреді. Тәуелсіз Парламенті бар. 1720 жылы Ренн қаласы алапат тілсіз жаудың салдарынан түгелдей дерлік өртке оранғанда Парламент сарайы аман қалыпты. Көшелері перпендикуляр сызық бойымен орналасқан жаңа Ренн қаласы классицизм үлгісімен түгелдей қайта салынған.
Бүгінде бұл мекен – студенттер қалашығы. Ондағы Ренн-1 университетінде – 25 мың, Ренн-2 университетінде 17 мың студент математика, физика, механика, химия, философия, филология, т.б. мамандықтар бойынша білім алуда.
Халқының жартысынан астамы­ ­сауда, транспорт, қызмет көрсету ­саласында еңбектенеді. Бретанияда ауылшаруашылығы және электрондық инженерия саласы жақсы дамыған. Әр адамның орташа жылдық табысы 20 мың еуродан асады. Бұл – жалпы Франция бойынша алғандағы көрсеткіштен біршама артық. Демек, Францияның өзге аймақтарына қарағанда бұл өңір ауқатты тұрады деген сөз. Тәртіп қатал. Салық төлеуге міндетті әр адам жыл сайын мерзімінен қалдырмай салық деклорациясын тапсыруы тиіс.

РЕНН МЕТРОСЫ

Шағын ғана Ренн қаласында метро бар. 2002 жылы іске қосылған. Билет бағасы – 1,5 еуро.
Қызық! Қайда барсам алдымнан Норман­ Фостер шығады. Атақты ағылшын архитекторы. Елордамыздағы Ханшатыр мен Бейбітшілік және келісім сарайын жобалаған. Фостер жобалаған Лондондағы Британ музейін көріп аузымды ашып қалғаным… Енді, міне, Ренн қаласында да хас шебердің қолтаңбасы. Метроның эстакадалық станцияларының жобасы Норман Фостердің ғажайып өнер туындысы екен. Әдемілігі мен бірегейлігін өздеріңіз көзге елестете беріңіздер.
Бұл қаланың метросында рельс жоқ. Вагондар резіңке дөңгелектермен жүреді. Иә, иә, кәдімгі резіңке дөңгелектер! Ал метро жолы арнайы бетон мен құрыштан құйылған. Бұл – жаңа технология. Электр қуатымен қозғалысқа түсетін вагондарда жүргізуші де жоқ, орталықтан бар болғаны 4-ақ адам басқарады. Есік автоматты түрде ашылып-жабылады. Станция мен пойыз­ жолының арасы жылжып ашылатын әйнек есікті қабырғамен қоршалған. Келіп тоқтаған пойыздың есігімен бір мезгілде әлгі қабырғаның есігі де ашылып, адамдар пойызға кіріп кеткен соң, бірге жабылады. Бітті. Пойыз жолын көре алмайсыз. Құрыштан құйылған, рельсі жоқ метро жолы мен пойыздың резіңке дөңгелегін көргім келіп, қатты құштарлығым оянған. Бірақ оны мен түгіл, рендіктердің өздері де көрмепті. Қауіпсіздік шаралары деген – осы. Қауіпсіздік шаралары демекші, жүргізушісі жоқ пойыздың есігі жабыла бергенде кіріп келе жатқан адамның етегін қысып қалса не болады десеңізші. Түк те болмайды екен. Біріншіден, ондай жағдайда пойыз орнынан тапжылмайды. Есік қайта ашылады. Екіншіден, бар болғаны бір ғана сызық бойымен жүретін, 15 аялдамасы бар пойыз жолын 120 бейнекамера бақылайды. Жолдың жер үстіндегі бөлігінен жер асты бөлігі басым. 12-сі жер астында. Өйткені резіңке дөңгелекпен жүретін пойыздар үшін қолайсыз ауа райы қауіпті. Рас, Бретанияның ауа райында мұндай құбылыстар сирек. Бұл аймақтың климаты жұмсақ, қоңырсалқын, жанға жайлы. Рельс болмағасын, пойызда ­дыбыс та болмайды, сырғып қана отырады. Дөңгелектерді жиі ауыстыруға байланысты қымбатқа түсетінін ескерсек, кез келген қаланың мұндай жолдар салуға шамасы жете бермесе керек.
Реннге келген күннің ертеңіне Алматы­дан барған бауырластық делегациясы Бретания Парламентінің депутаты әрі қала мэрінің халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасары мадам Бужардың қабылдауында болды.
Қала мэрі ғимаратының мансардындағы аядай бөлме. Төр жақта тұрып қолыңды жоғары көтерсең төбеге тигендей. Есікке қарай қабырға биіктей береді. Шатырдағы ұзыншақ терезеден түскен күн сәулесі бөлмені нұрландырып тұр.
Мадам Бужар өте қарапайым екен. Кездесуден кейін ұйымдастырылған фуршетте үлкен-кіші демей, бәрімізбен емен-жарқын, еркін тілдесуі, әзіл-қалжыңы да, салмақты сөздері де, жымия жылы тартуы да тез арада бауыр басып, жақындаса түсуімізге дәнекер болды. Бұл жақтың шенеуніктері маңғаздану, кісімсу, жоғарыдан қарау дегенді білмейді екен. Еркін шүйіркелестік. Шенеунікті жарыса мақтау болған жоқ. Шарапты өзің құйып алу – француз әдебіне жат қылық. Бұл даяшының немесе үй иесінің төл шаруа­сы. Сосын үсті-үстіне бастырмалатып құя беру де француз мәдениетіне жат. Бокалыңды сарқа ішкен соң ғана келесі порция құйылады. Ал жартылай тауысып, бокал соңына ішімдік қалдырып кетсең, сусын ұнамады дегенді білдіреді екен.
Францияда әкімдерді де халық сайлайды. Жұрт сайлайтын адамын жақсы таниды. Өйткені үміткер сайланбай тұрып халықпен қоян-қолтық араласады, жұмыс істейді, орны үшін күреседі. Сайланғаннан кейін халықпен арадағы сенім шынайылығы мен тұрақтылығы үшін күреседі.
Бретанияда халық – ғаламат күш. Олармен ақылдаспай бір тал қурай да сындырылмайды. Ауладан балалар қалашығын салу үшін де сол ауланың тұрғындарымен ақылдасады.
Екі қала бауырластығының жұмысына алғаш рет араласып тұрғандықтан, кәсіби журналист ретінде мені мынандай сұрақ қызықтырмауы мүмкін емес еді: бауыр­ластық жұмысынан екі жақ не күтеді?
Француз жағы Алматы қаласының тұрмыс-тіршілігі арқылы қазақ ­деген халықтың болмысымен, салт-дәс­түрімен, тіршілігімен танысып, мүмкін болғанынша қазақ жастарының француз тілін үйренгенін қалайды екен.
Француздар өз ана тіліне ұлттық тарихы мен мәдениетінің бір бөлігі ретінде зор құрметпен қарап, көзінің қарашығындай сақтайды. Бұл тілді білмесең де білуге тырысқаныңның өзі, тіпті бірнеше сөзді шатып-бұтып сөйлеуіңнің өзі олар үшін үлкен қуаныш. Француздар үшін өз тілін дүниежүзіне кең таратудан асқан қызмет жоқ. Сондықтан да үкіметаралық және қоғамдық ұйымдардың алдына бұл іс ұлы мақсат етіп қойылып, «франкофония» ­деген термин пайда болған. Төл мәдениетін сақтап, мемлекетаралық қарым-қатынасты дамытудың бірден-бір жолы – франкофония деп санайды олар.
Әлемдегі көшбасшы тіл ағылшын тілі болса да, қазақтар француз тілін үйренуге құлықты. Дүниежүзінің 29 елінде ресми тіл ретінде мойындалған французшаны меңгеру жаман ба? Мысалы, жер бетіндегі өмір сүру деңгейі ең жоғары деп саналатын Бельгиядағы үш ресми тілдің бірі – француз тілі. Белгияның – 5 миллион, Швейцарияның – 1,5 миллион халқы осы тілде сөйлейді. Канада, Америка мен Африканың да кейбір халықтары француз тілінде сөйлейді. Бұл тіл – БҰҰ-дағы 6 жұмыс тілінің бірі. Бүгінде әлемнің 500 миллион халқы француз тілінде сөйлейді. Қала берді ол – Вольтер мен Дидро сынды ­данышпан философтардың, Мопассан, Виктор Гюго, Эмиль Золя, Жюль Верн, Александр Дюма секілді ұлы жазушылардың тілі. Францияның бір кездегі Премьер-Министрі Лионель ­Жоспен: «Ағылшын тілі халықаралық байланыс тілі болса, француз тілі мәңгілік элита тілі болып қала береді» дегенді бекер айтып кетпесе керек.
Кездесу барысында Алматы қаласындағы мектептерде 14 француз факультативтері ашылғаны және оны ары қарай да көбейте берудің жолдары мен ­жоспарлары сөз болды.

ТАҢБАЛЫТАС ЖӘНЕ АЛАН ШЕРОН

Француз зейнеткерлері қоғамдық жұмыспен айналысуды мәртебе санайды.
Ренн бауырластық комитетінде Алан Шерон деген профессор физик бар. Ғылым докторы. Зейнеткер деген аты ғана. Көрген-білгенін одан әрі зерттеп, онысын тап-тұйнақтай жұмырлап, көпшілікке ұсынуды тұрақты дағдыға айналдырған екен.
Өткен жылы Қазақстанға келгенде алматылықтар француз қонақтарды Таңбалытасты көрсетуге апарған. Содан бастап Алан Шеронға адамзат баласының алғашқы белгілері таңбаланған тастар сыры маза бермесе керек. Ерінбей-жалықпай ғаламтордағы әлем ғалымдарының Таңбалытас жайлы ғылыми еңбектерін жинақтапты. Жүйелеп, саралап, жер бетіндегі басқа да осындай таңбалытастардың құпиясымен салыстырған. Өзі қосқан болжамдар мен пайымдары тағы бар. Сөйтіп, ғылыми-танымдық мәні зор бүтіндей бір бейне­фильм жасап шығарыпты. Тап-таза ғылыми еңбек.
Қала мэрінің достық залында өзі жасап шығарған бейнефильмге өзі комментарий­ жасай отырып, Қазақстаннан келген бауырластық комитетінің мүшелеріне көрсетіп шықты.
Қатты әсерлендім. Айдаладағы бір француз қазақ жерінің құпия сырын дәріп­теп, құнын шарықтатып, Бретан хал­қына ұсынып отыр.
Алан Шерон жасаған шаруаны қа­зақтар жасаса жарасып кетпес пе еді?..
Алан Шерон өзі жасаған бейнефильмді Ренн университеттерінің студенттеріне, жалпы көпшілікке көрсетіп жүрген жайы бар.

БРЕТАНДЫҚТАРДЫҢ ТАҒАМ МӘДЕНИЕТІ

Француз мәдениетімен, өмір сүру салтымен жақынырақ таныстыру мақсатында ондағы бауырластық комитетінің ­мү­шелері Алматыдан барған қазақтарды үйді-үйлеріне бөліп жатқызды. Арамызда француз тілін білетін бір-бір адам бар. Жолдан шаршап жеткеннен бе, алғашқы күні ұйқыдан кеш тұрдық. Оның үстіне Еуропамен арадағы уақыт айырмашылығы бар.
Үй иелері бізді тамақтандырды да өздері дастарқанға отырмады.
Күнде қыдырыс. Шаршап келеміз де кешкісін аяғымыз аспаннан келе құлаймыз. Екінші күні де ұйқыдан кеш тұрдық. Үй иелері тағы бізбен тамақтанбады. Мұнысы несі деп таң болып жүрдім. Сөйтсем, мәселе былай екен: 73-ке келген, сылып алар артық еті жоқ, сүліктей сылаңдаған Мэрэй мен оның шалы Реймонның тамақтану дәстүрі ерекше. Негізінде барлық ­бретондар осылай тамақтанатын көрінеді. Үш мезгіл белгілі бір уақытта ғана, қатаң график бойын­ша ас қабылдайды. Және «бармағының шұңқырына» ғана сиятындай мөлшерде тамақтанады. Олардың ет алмайтын себебінің сыры осында деп естідік. Расында, Бретанияда болған екі аптаның ішінде толық адамды кездестірмедім.
Ыстық тамақты түс пен кешке қалдырады. Сенсеңіз, сонда болған екі аптаға таяу уақытта екі рет қана ет тамақ жедім. Қалған уақыттың барлығында теңіз өнімдері күтіп тұрды.
Барлық ресторан түскі 12 мен 14 аралығында және кешкі 19.00-дан кейін ғана ыстық тамақ әзірлейді. 12-ге дейін, 14 пен 19 сағат аралығында ресторандар жабық. Ашық болған күннің өзінде ол арадан кофеден басқа ештеңе таба алмайсыз. Тамақтандыру орындарындағы бұлжымас тәртіп осындай.
Француздар үшін дастарқанның сервировкасы маңызды. Әдемі дастарқан, майлық, 3-4 түрлі бокал, сусындар, ақ, қызыл, күлгін шараптар, қытырлақ, жаңғақтар, т.т. Дастарқанды самсатып, тағамға толтырып қоятын біздің көзге бұл тым жұтаң көрінгенмен, ана жерден ешкім аш қайтпайды. Шүпірлеп тұрған бокалдар мен ішімдіктер дәстүрін өздері аперитив деп қояды. Қызыл шарап пен ақ немесе көк шарап, виски, коньяк құятын ыдыстар өз алдына бөлек.
Ыстық тағам келгенше бір-бір бокал шарапты сораптағасын араның кәдімгідей ашылып, келесі ұсынылған тәрелкедегі асты түк қалдырмай, тақыл-тұқыл қыласың. Бретандықтардың ерекше бір дәстүріне таң болдым. Тамағын тауыса жеп, одан қалды нанмен тәрелкелерін жалтыратып тұрып жалап-жұқтап қояды екен. Тапшылықтан емес, әрине.
Қазақтардың еттің артынан қымыз ­немесе бір тостақ айран ішетін дәстүрі бар емес пе? Сүт өнімдерінің тамақты қорытуға ықпалы зор екенін ата-бабамыз ешбір ғылыми зерттеулерсіз-ақ білген. Француздар жылқының қымызы түгіл, етін де жей бермейді. Бұлардың бар өнері сыр тағамына шыққан. Ас ішіп болған соң, міндетті түрде дастарқанға қойылатын сыртабаққа бұл өнімнің кем дегенде 7-8 түрін салады. Сыртқы қабаты қытырлаған багет нанның бір үзіміне ешкінің бір түйір жұмсақ сырын жағып, аузыңа салып жіберсең, майдай кетеді. Сыр кез келген тағамды тез қорытып жібереді. Десертке пирог, балмұздақ, жеміс-жидек.
Француздар таңертеңгісін жеңіл тамақтанады.
Таңертеңгі ас мәзірі: құймақ, иогурт, бір стақан жеміс шырыны, француз багеті, түрлі жемістер, сары май, түрлі конфитюр, мусли және сүт, кофе. Қазақтардың шайды көп ішетінін ескеріп, Мэрэй мен Реймон пакеттегі қара, көк шайларды алып қойыпты. Ағылшындардай емес, француздар шайды аса көп ұната бермейді. Күріш пен кус-кустан басқа дәнді дақыл жармаларын өте сирек пайдаланады.
Бретанияға келіп тұрып, Ла-Манш бұғазына бармай кету өкініш болар еді. Осында үш күн аялдадық.
200 жыл бұрын бұғаздың Солтүстік теңіз жағы мұз басқан көл болыпты.­ Кейіннен мұзды жарып лықсыған теңіз суы Ұлыбритания мен Францияны бөліп жатқан құрлыққа жайылып, Атлант мұхитымен жалғасады. Сөйтіп, Британ аралдарын басқа континенттерден бөліп тұрған жіңішке канал – Ла-Манш бұғазы пайда болған. Қызық: бұғаздың бір басында – теңіз, екінші басында – мұхит. Бұғазға байланысты қызықты жайлар бір бұл ғана емес. Осыған дейін Ла-Манш деген халықаралық атау болар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, «Ла-Манш» деген бұғаздың французша атауы ғана, ал ағылшындар «Ағылшын каналы» дейді екен. Бұғазды өздеріне иемденгендегісі.
Ұзындығы 578 шақырымға созылатын бұғаздың батыс бөлігінің ені – 250 шақырым да, шығыс бөлігі жіңішкере келе 32-ақ шақырым болып қалады. Соның ең саяз (23,5 м.) әрі жіңішке тұсының астын үңгіп, Франция мен Англияны жалғастыратын жер асты пойыз жолын жүргізіпті. Шығынды екі ел бірге көтерген. Жалпы ұзындығы 52,5 шақырымға созылатын тоннельдің 38 шақырымы бұғаздың астымен кетеді. Ұзындығы жағынан әлемде үшінші орын алатын бұл тоннель қазіргі заман ғажаптарының тізіміне енгізілген. Тауды тесіп жол салып машықтанған еуропалықтарға су астынан жол салу қиынға соғып па?!
Бұл бұл ма, 2007 жылы бұғаздың жіңішке тұсын (37 км.) 7 сағатта жүзіп өткен адам бар екен! Австралиялық Трент Гримси деген жүрек жұтқан біреу. Адам ақ аю емес, осынша уақыт мұздай суда қалай қатып қалмады десеңізші! 7 сағат ештеңе емес, бұғазды ең алғаш 1895 жылы бағындырған Мэтью Уебб деген ағылшын жүзгіші бұған 22 сағат жұмсапты.
Таяуда Ла-Манш бұғазын бағындырған батырлардың қатарына қазақ та қосылды. 2019 жылдың 4 шілдесінде алматылық Ержан Есімханов деген заңгер жігіт өзінің инстаграм парақшасында бұғаздың 34 шақырымдық тұсын 14 сағат 21 минутта жүзіп өткенін жариялады. Рас, ол гидрокос­тюмде болған және онымен қатар арнайы қайық жүріп отырған.
Тағы бір қызығы, осы уақытқа дейін бұғазды мыңға жуық адам жүзіп өтіпті, бірақ бұл Эверест шыңын бағындырғандардың санынан әлдеқайда аз екен. Демек биіктеген сайын тынысты тарылтатын айбынды Эверестің мұзды шыңдарына көтерілу желі ұйтқыған, қою тұманды, ағысы жойқын бұғазды жүзіп өтуге қарағанда жеңілірек болғаны да! Өзінің тарихында талай кемені жалмаған Ла-Манш адам құдіретінің алдында қауқарсыз деуге аузың бармайды екен…
Қамалдар, корольдер, рыцарьлар – бала шағымда оқыған кітаптардан «тіріліп» шығып, ғұмырыммен үзеңгілес келе жатқан ғажайыптар. Франция мен үшін – дәл сол қиялымдағы ертегілер елі. Орта ғасырдан қалған әрбір архитектуралық ескерткіш ­Еуропа өркениетінің, ғылымы мен өнерінің, мәденитінің тарихи куәгері десе болғандай.
1340-1370 жылдары тұрғызылған Бретанияның солтүстік-шығысындағы Ла-Латте қамалы Кап-Фреэль елді мекенінің оңтүстік-шығысында орналасқан.
Бұғаз суына үш жағынан кіріп тұрған үшкір тұмсықтың 60 метр биіктігіне салынған қамал өзінің алты ғасырлық тарихында небір қанқұйлы соғыстарды бастан өткерген екен. Алғашында ­Гийон Матиньонски деген байдың сарайы ­болыпты. Кейін келе француздардың жаудан қорғанатын бекінісіне айналған.
Қамалдың ортасынан дөңгелек мұнара-донжон мойнын соза түскен. Тар баспалдақтардың қос қапталына тартылған арқаннан ұстап, тік өрге өрмелегенбіз. Төбедегі ашық алаңға тіліміз салақтап зорға жеттік.
Ах, неткен сұлу көрініс! Ғұмырыңның дәл осы сәтіне дейін көрмеген, сезбеген­ сұлулық! Бір сәт көк аспанмен астасып, балқып-толқып жатқан жақұт түстес мұхиттың тұңғиығына екі көзіңді шарт жұмып алып, күмп бергің келеді. Жо-жоқ, мынау дүлдүл дүниенің көркем келбетін қалай қимақсың? Одан да осылай масайрап, маужыраған қалпыңда ес-түссіз қалшиып тұра бер! Жұдырықтай жүрегің ғажайып күйге бөленсін! Тулаған сезім арнасынан асып төгіліп, анау көк толқындарға сіңіп барып жоқ болып кеткенде, тілің байланған күйі көкжиектен көз алмастан жәудіреп тұрғаның тұрған.
Енді бір сәт ми қатпарларында мың-миллион ойлар ойқастап, санаң тарих қойнауын шарлап кетеді. Бір замандарда анау көкпеңбек боп толқып жатқан мұхит суына барып тірелетін қамалдың тіп-тік жар қабырғасын сүйкей зулаған зеңбірек оғының дыбысы, жауға қарсы жан ұшыра шабуылдаған әскер ұраны, оқ тиіп ыңыранған адамдардың жан тәсілім етер сәттегі тыпыры, садақ жебесі тиіп быт-шыты шыққан байғұс құс, әнебір ұшып бара жатқан құс қанатының ұлпасы көз алдыңнан тізіліп өтеді. Бір сәт жаның түршігіп, кеуде тұсыңды жарып жіберердей болған бір дүрсіл құлағыңа келеді. Жақұт жағалаудан ашылатын анау ғажайып көрініс осы қазір жан дүниеңді осқылап өткен жағымсыз әсердің бәрін әп сәтте жуып-шайып жүре береді. Жаратқанның дәп саған дәп осы «ертегіні» тартулағанына сенеріңді де, сенбесіңді де білмей түс пен өңнің арасында күй кешесің.
Атақты Кирк Дуглас пен Тони Кертис басты рөлдерді сомдайтын «Викингтер» деген фильм осы Ла-Латте қамалында түсіріліпті.

P.S.    Адамзат арасын көзге көрінер-көрінбес «шекаралар» бөліп тұрған бүгінгідей аласапыран заманда ортақ тіл табысып, игі мақсатқа жұмылудың, осынау ізгілік нышанын болашақ ұрпаққа аманаттаудың маңызы ұшан-теңіз. Адамзатқа, ел мен елге, қала мен қалаға, тіпті жай ғана көршіге дейін ауадай қажет әрекет бұл. Бауырласа жүріп жасаған тірліктің игілігі мол. Бүкіл әлемнің гүлденіп-түрленуі, түлеуі бауырластық ниетімен егіз.

Гүлмәрия БАРМАНБЕКОВА,
журналист

АЛМАТЫ – ПАРИЖ – РЕНН – ЛА-МАНШ – АЛМАТЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.