ҚАСИЕТ ТҰНҒАН КИЕЛІ МЕКЕН

Түркістан облысы бойынша 24 жалпыұлттық, 76 жергілікті маңызы бар, жалпы – 100 қасиетті, киелі орын есепке алынған. Облыстағы киелі орындарды ретке келтіру, дамыту үшін өткен жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 686,0 млн теңгеге және демеушілердің 208,4 млн теңге қаржысына тиісті жұмыстар жүргізілген. Бұл бағыттағы нәтижелі істер Елбасының бағдарламалық мақаласынан кейін қарқынды қолға алынғанын айта кетелік. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз» дей отырып, Елбасы Н.Назарбаев: «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек» деп атап көрсетті.

ТУРИЗМ ТЕТІГІ

Бүгінде бағдарламалық мақалада ұсынылған жобаларды жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан, қолға алынған жұмыс көп. Мысалы, Отырар қалашығын туристік нысанға айналдыру мақсатында қалашық қақпасын қайта құру, іргелес аумағын абаттандыру, көгалдандыру жобасына облыстық бюджеттен 28,8 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Айта кетелік, облыста биылдың ­І жартыжылдығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыттары бойынша 2200-ден аса іс-шара өткізіліп, 487 000-нан астам тұрғын қамтылған. Ал «Туған жер» арнайы жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында 62 жоба жүзеге асырылды. Түркістан облысында ұйымдастырылған «Тарихы терең Түркістан» ақпараттық турдың мақсаты да өңірдегі киелі орындар тізіміне енген нысандарды таныстыру, насихаттау, танымалдығын арттыру, ұлттық сананы жаңғырту және ішкі туризмді дамыту. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері апта бойы аймақтағы киелі орындарды аралап, тарихымен, бүгінгі ахуалымен танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ күні кеше Түркістан облысына бір топ шетелдік басылымдардың тілшілері келіп, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне саяхат жасады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын халықаралық деңгейде ілгерілету шеңберінде шетелдік БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз турын Сыртқы істер министрлігі және облыс әкімдігі ұйымдастырып отыр. Австрия, Германия, Италия, ­Корея, Қытай, Мысыр, Ұлыбритания, Үндістан, Франция, Швеция, Швейцария­ сынды мемлекеттердің, нақтырақ айтқанда, «Specchio Economico» (Италия), «Global Times» (Қытай), «Le Figaro» ­(Франция), «Korean Broadcasting System» телеарнасы (Корея), «The Holiday Magazine» (Ұлыбритания) сынды ақпарат құралдарының 20-ға жуық журналисі алдымен Арыстанбаб кесенесіне аялдады. Ондағы көне жәдігердің архитектуралық ерекшелігі мен тарихи мән-маңызына қанығып, «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейі мен көне Отырар қалашығында болды. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығын да аралап көрді. Бүгінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Қабірхана, Үлкен Ақсарай және Құдықхана бөлмелерінде қайта жаңарту жұмыстары жүруде. Сонымен қатар Қ.А.Ясауи және Рәбия Сұлтан Бегім ана кесенелерінің күмбездері жаңартылуда. Құрылыс жұмыстарын «Қазқайтажаңарту» РМК-нің Алматы, Қызылорда, Түркістан филиалдары жүргізуде. Бұл жұмыстар Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты тарихи орындарды анықтау, қайта қалпына келтіру мақсатындағы жобасы шеңберінде қолға алынған. Осы орайда қаладағы басты 18 тарихи-мәдени мұра нысанын реставрациялау және қайта жаңғырту жоспарланған болатын. Ең алдымен, алдағы 3 жыл ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің басты бөлімдері жаңғыртылады. Кесененің ішін жылы ұстау және жарық ету үшін жарықтандыру және желдеткіш жүйелері тарихи қалпына келтіріледі. Қазақ хандарының мәжіліс өткізетін және елшілерді қабылдауға арналған Үлкен Ақсарай бөлмесін қайта қалпына келтіруде сол дәуірдегі ұлттық ерекшелігі сақталмақ. Қ.А.Ясауи қабірханасы екі қабат күмбезбен көмкерілген. Ганчтан жасалған өрнекті әшекей Қабірхана төбесін жауып тұрған төменгі күмбезді жасырып тұр. Сырттай Қабірхана төбесіне биік барабан үстінде тұрған сәнді көп қатпарлы (52 қатпар) күмбез орнатылған. Қабірхананың сыртқы күмбезінің диаметрі – 10 метр. Үлкен Ақсарай – Қазандықпен, Кіші Ақсараймен дәліздер арқылы жалғасады. Дәлізде екінші қабатқа шығатын баспалдақ бар. Ақсарайда кейіннен ХV-ХVІ ғасырларда Қазақстан мен Орта Азия сәулет өнерінде алғаш рет пайдаланған аркалардың қиылысу конструкциясы қолданылған, сондықтан бөлме құрылысы өз заманындағы аса бағалы сәулет ескерткіші болып саналады. Ал Құдықхананың аты осындағы құдықпен байланысты. Тарихи дереккөздерде құрылыс кезінде су алу үшін қазылған, кейіннен дін иелері құдықтан тартылған суды да шипалы деп жариялағаны айтылады. Құдық айналасы дөңгелене кірпіштен қаланған, диаметрі – 80 см. Бұрын су 7-8 метр тереңдіктен шығатын болса, қазір жерасты суларының көтерілуіне байланысты су 5-6 метр тереңдіктен алынады. Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ХІV ғасырда негізі қаланған құдықтан «жамағатхана» бөлмесіндегі алып Тайқазанға су толтырылып, зияратшыларға арнайы ­таратылып отырғаны тарихтан белгілі. Құдық ХІХ ғасырдың бастапқы ширегіне дейін жұмыс істеген. 1992-1999 жылдар аралығында Түркияның «Вакф ­Иншаат» фирмасы кесенеге жүргізілген реставрациялық жұмыстарға байланыс­ты құдық суы мүлде жабылған болатын. Қорық-музей қызметкерлерінің айтуынша, 2018 жылдың қазан айында ­Елбасы Н.Назарбаев Түркістан қаласына ресми сапары барысында Қожа Ахмет Ясауи­ кесенесіне арнайы атбасын бұрып, ортағасырлық құдықты халық игілігіне жаратып, іске қосу туралы тапсырма берген. Осыған орай, құдық суына ­тазарту жұмыстары жүргізіліп, су құрамы барлық тиісті сараптамалардан өтіп, тиісті құжаттар дайындалған. Өткен жылы Тәуелсіздік күніне орай аталмыш құдық қайта іске қосылды. Қазіргі таңда құдықханаға келушілердің қарасы мол. Ал ХV ғасырдың ескерткіші – Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-шығыс беткейінен 60 метр қашықтықта орналасқан. Ескерткіш 1980-жылдардың бас кезінде толығымен қайта қалпына келтірілген. Сондай-ақ ақпарат құралдарының өкілдері Қарнақтағы Шәммет ишан мешіт-медіресесі, Мыңжылдық тұт ағашы, Үкаша ата құдығы, Жылаған ата сарқырамасы, Сауран қалашығы, Есім хан, Күлтөбе (Ясы) қалашығы, Әлқожа ата, Гауһар ана, Арыстанбаб кесенелері, Отырар қалашығы, Қажымұқан кесенесі, Ишанбазар мешітінде болып, киелі орындар жайлы толыққанды мағлұмат алды.
Айта кетелік, Түркістан облысы аумағындағы қасиетті, киелі жерлердің басым көпшілігіне инфрақұрылым тартылған. Аталған 100 қасиетті, киелі орындардың көпшілігінде туристерге арналған жолсілтемелер, 18-інде танымдық QR кодтар орналастырылған. Облыс көлемінде анықталған 104 сакралды нысанның 40-ы туристік бағыттар тізіміне енгізілген. Биыл ол нысандарға 1-2 және 3 күндік маршруттар әзірленді.

ЖАРАТЫЛЫС КЕҢІСТІГІ  БЕЙНЕЛЕНГЕН ЖАЙНАМАЗ

Түркістан өңіріне келушілер, оның ішінде туристер қызығатын тағы бір ­нысан – Қарнақ ауылының батыс шетінде орналасқан Мыңжылдық тұт ағашы. Бұл ағаштың жасы шамамен 1300-де екен. Аңыз-әңгімелердің бірінде бұл тұт ағашын елді исламға шақырған, мұсылманшылықты насихаттаған үлкен діндар кісі Имам Бақли отырғызғаны, енді бірінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әскер басылары осы тұстан өтіп бара жатып, тұт ағашының шыбығын жерге қадап кеткені айтылады. Ауыл адамдары алып ағаштың қасиеті бар деп санайды. Сондықтан оны балтамен шаппайды, бір жерін түртіп, жапырағын жұлып, зиян тигізсе адамның түсіне небір жаман оқиғалар кіреді деп сенеді. Тұт ағашын көру үшін алыстан ат арытып, арнайы келетіндер де көп. Олар ағашқа ақ мата байлап, тілек тілеп, бұлақтан су ішіп жатады. Мыңжылдық тұт ағашының кәрі діңі әлдеқашан қурап қалғанына қарамай, тамыры әлде де болса нәрлі. Жыл сайын теріскей беттегі бір бұтағы көгеріп, жеміс салады екен. Сол салған жемісінен жақында көшет өндіріліп, кәрі ағаш жанына қондырылыпты. Сегіз адамның құшағы әрең жететін ағашқа баратын аяқжолды тұрғындар реттеп, айналасын гүлдендірген. Бүгінде осынау табиғи ескерткішті ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы қорғауына алу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде екен. Сондай-ақ биыл осы Қарнақта Тайқазанның құйылғанына 620 жыл толуына орай ас берілмек. Тайқазанды жеті метал қоспасынан құйған ­Шарафаддин Тебризидің ұрпағы осы Қарнақта тұрады екен. Сол шебердің бір қауым ел болған ұрпағы жиылып ас бермек. Қарнақ демекші, ауылдың атауы және ауыл маңындағы көне қала орнының «Ішкент» деп аталуының бір-біріне қатысты үйлесімі бар. Қазақ тілінде «қарын» және «іш» синоним сөздер екені мәлім. Яғни бұл ауыл ортағасырларда діни және сауда орталығы, Қаратаудың күнгейі мен теріскейін жайлаған елдің кіндігі қызметін атқарып, содан осылай аталса керек. Тарихшылар ХІХ ғасырдың өзінде мұнда әр көшеде бір-бірден 27 мешіт, 5 медресеге дейін болғанын айтады. Сондай-ақ ортағасырларда бұл өңір көшпелілердің кенді Қаратау қойнауынан метал айыратын металлургиялық орталығы қызметін атқарған.
Жас ұрпақтың сауатын ашуға мүмкіндік бүгінгі Бәйдібек ауданында да жасалған. Тарихи деректерге қарағанда, ХІХ ғасырдың басында Шаян өңірін ­мекендеген жұрт өзара ақылдаса отырып, балалардың сауатын ашатын мешіт-медресе салу қажет деп шешеді. Осы мақсатта олар Түркістаннан ағайынды Қосым және Құлатай деген араб тілін жетік білетін, діндар азаматтарды шақыртқан. Сөйтіп, жергілікті халық асарлатып Шаянға қам кірпіштен мешіт салады. Мешіт-медресе ашылғаны туралы хабар тез тарап, Қаратау, Теріскей, арысы Шу, Әулие ата өңірінің халқы балаларын оқытуға алып келе бастайды. Медреседе оқу мерзімі үш жылдан жеті жылға дейін созылып отырған, ал шәкірттер дәрісханада білім алып, құжыраларда тұрған екен. Жергілікті жерден ғана емес, Шаянға білім іздеп Қарқаралы, Жетісу, Атбасар, Іле, Талас, Сарысу, Сыр өңірінен де шәкірттер келген. Тарихи деректерге қарағанда, осында білім алғандардың қатарында Ұлбике ақын, Кенесарының ұлы Садық сұлтан, өңірдегі атақты ақынның бірі, аты аңызға айналған Манат қыз да болған. Асарлатып салынған шағын мешіт уақыт өте тарлық етеді. Осыдан кейін ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қосымның баласы Сейдахмет еуропалық үлгідегі күйдірілген қыштан мешіт-медресенің құрылысын бастайды. Деректерге жүгінсек, 1830-40 жылдары басталған кешен мешіт-медресе, 29 құжыра, азанхана, дәрісхана сияқты бірнеше бөліктен тұрған. Соңғы құрылысы 1906 жылы аяқталған мешіт-медресенің кейінгі тарихы ел аузында «Аппақ ишан» деген атпен танылған Сейдахметтің ұлы Аппақ Мақсұммен тығыз байланысты. Сейдахметтің ­балалары 1895 жылы әкелері өмірден өткен соң, атадан жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша бала оқытуға көшеді. Алайда 1926 жылы Кеңес одағында дін ұстануға тыйым ­салынып, қожа-молдалар қуғын-сүргінге ұшырағаны мәлім. Осы саясаттың салдарынан ­Сейдахмет ұрпақтарының тоз-тозы шығып, Ташкент өңіріне бас сауғалауға мәжбүр болған. Ал мешіт-медресе жұмысын тоқтатқан. Сопылық ағымды ұстанып, ғұлама атанған Аппақ ишан 1930 жылы тұтқынға алынған. Сондай-ақ, мұрағат мәліметтеріне қарағанда, Аппақ ишан 1931 жылы ­Ташкент түрмесінен Шымкенттегі абақтыға жеткізілген. Содан кейін ­Павлодар облысындағы түрмелердің біріне ауыстырылып, сол жылы 67 жасында бақилық болды. Шаян мешіт-медресесі сол отызыншы жылдардан елуінші жылдарға дейін ескіліктің қалдығы ретінде қараусыз қалған. Атауы 2000 жылы Бәйдібек аудандық сәулет-көркем мұражайы болып өзгертілген Аппақ ишан мешіті Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көзделген мақсаттарға сәйкес, «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» арнайы жобасына енген. 2000 жылы аудандағы мекемелер асар әдісімен медресенің бөлмелерін қайта қалпына келтіріпті. Осы кезден бастап мұражай Бәйдібек ауданының тарихына қатысты жәдігерлермен толыға бастаған. Мешіт-медресенің бүгінгі заманымызға жетуіне үлкен үлес қосқандардың бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы, этнограф Өзбекәлі Жәнібеков. Атеизм өршіп тұрған өткен ғасырдың сексенінші жылдары Ө.Жәнібековтің бастамасымен «Көркем-сәулет кілем және кілемнен жасалынған бұйымдар» мұражайы ашылып, Шаян мешіт-медресесі алғаш рет тарихи жәдігер ретінде мемлекет қорғауына алынды. Аталмыш нысанда реставрация жұмыстары 2017 жылы басталған. Бірінен-бірі биіктеліп, сатыланып жасалынған, мешіт ішінде дыбыс күшейткіш міндетін атқарған 35 күмбез қалпына келтірілген. Мешіттің үстінде биіктігі 11,5 метрлік бас күмбезі бар. Өткен жылы 29 құжыраның барлығы жөнделіп, қазіргі таңда, мешіттің, дәрісхананың ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы мұражай он сегіз экспозициядан тұрады. Бастапқы есігі дәрісханадан басталады. Мұндағы кітапхана қорын Аппақ ишанның туыстары жинақтаған. Абыз тұлғаның 150 жылдығына арналған жиында туыстары­ 40-қа жуық кітап өткізіпті. Медреседе білім алған шәкірттердің пайдасына жараған кітаптар ескі шағатай, түрік тілінде түсірілген. Мұражайдағы әрбір жәдігердің өзіндік тарихы бар. Халқымыздың ежелден тұрмыста қолданған заттары мен батырлардың жаугершілік заманда қолданған қарулары да мұражайдан орын алған. Ал этно­ауыл жасалған құжыралардың бірінде киіз үй тігілген, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін арнайы экспозициялық бөлме бар. Сонымен қатар мұражай ішінде ауданның дамуына үлес қосқан азаматтарға көрме бөлмелері арналған. Мұражайда сақталған ең құнды жәдігер – Аппақ ишан қолданған жайнамаз. Музей қызметкерлерінің айтуын­ша, жайнамазды Аппақ ишанның әжесі ХVIII ғасыр соңында, тықыр кілем әдісімен тоқыған. Жаратылыс кеңістігі бейнеленген қастерлі жайнамаздағы бейнелерде жаннаттың сегіз есігі, бес парыз, кәлима, Нұрпайғамбар, рух әлемі, өмір тіршілігі, тозақтың жеті есігі көрініс тапқан. Бұл жайнамаз – мұражайдағы ең көне жәдігердің бірі.

САН ҚЫРЛЫ САУРАН

Елбасы тапсырмасына сәйкес, елімізде белгіленген киелі жүз нысанның бірі – ХІІ ғасырда негізі қаланған ­Сауран қаласы қазіргі күнге тұтас жеткен жәдігер. ХІІ-ХVІІІ ғасырларға тән Сауран қалашығы – «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РМҚК құрамындағы Республикалық маңызы бар ескерткіш. Ортағасырлық Сауран Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 46 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі таңда Сауран қаласы солтүстіктен оңтүстікке қарай 850 метр, шығыстан батысқа қарай 660 метр созылып жатқан қорған қамалмен қоршалған. Қамалдың сақталған қабырғаларының биіктігі кей жерлерде 3-6 метрге дейін жетеді. Оған солтүстік және шығыс беттегі екі қақпа арқылы енуге болады. Қаланың қақпалары мен бұрыштарына 7 қорғаныс мұнарасы тұрғызылған, қорған қамалының ұзындығы – 2360 метр. Қамал қабырғалары, 2-3 метрлік едені кесектен және пахсадан тұрғызылған. Ең биік мұнарасы солтүстік бұрышында, биіктігі – 6 метр. Қамалдың сыртында тереңдігі – 1-3 метр, ені 15-20 метр болатын ор іздері бар. Қала Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан дамыған, халқы өте мәдениетті болған. Мамандардың ­айтуынша, шаһардың дамығанын қайта қалпына келтіру кезінде қабырға ішіндегі өте тығыз орналасқан күйген қыштан салынған ерекше үйлерден де байқауға болады. ХІІІ ғасырда қала Ақ Орданың иелігіне өтіп, біршама уақыт астанасы да болған. ХIV ғасырда шаһарды Әмір Темір жаулап алып, өзінің бекінісіне айналдырған. Қалада өте құнды әрі ­жауапты келіссөздер жүргізіліп отырған. Көне нысанда биік қорғандар, мұнаралар болғанын Түркістаннан 45 шақырым жерде жатқан қаланың сыртқы сұлбасы әлі күнге қашықтан мен мұндалап көрінуі растай түседі. Сонымен қатар Сауран қаласының өз дәуірінде сауда-саттық, алыс-беріс жүйесінде де маңызы өте зор болған. Оған дәйек боларлық заттай мұралар қала топырағын қазған кезде көптеп табылған. Олардың ішінде Қытай жерінен келетін өндіріс өнімдері, түрлі әшекей бұйымдар, құнды маталардың қалдықтары бар.
Зерттеу экспедициялары нәтижесінде Сауран қаласынан табылған күйіктас пен гипстің сынықтары жергілікті жерде мұсылмандар мешіті мен балалардың сауатын ашуға арналған медреселер болғанын аңғартады. Қалада екі мешіт бар. Олардың қалдықтары бүгінге жеткен. Бес жыл ішінде екі мешіт те толықтай топырақ астынан қазып алынды. XV ғасырдың соңында бой көтерген мешіттің бірі, діни-ағарту мектебі – «Байдулла ханның медресесі» деп аталады. Мешіттің аумағы – 1200 шаршы метр, ені – 31 метр. Ол Самарқандтағы Бибі-ханым, Ташкенттегі Жами мешіттеріне ұқсас етіп салынған. Тарихшылардың пікірінше, осы жерді мекендеген халықтың білімі айтарлықтай жоғары болған. Қала халқы қазақ даласындағы ең алғашқылардың бірі болып, су жүйесін қолданысқа енгізген. Қаланың әскери-стратегиялық, сауда-экономикалық және мәдени маңызды қала болғаны жөнінде тарихи деректерде де айтылады. Аталмыш қала жөніндегі алғашқы деректер Х ғасырдан бастап кездеседі. Жеті қабат дуалмен қоршалған құдіретті бекінісі бар, сол кезгі хандар үшін қорғанысы мығым, анау-мынау дұшпанға алдырмайтын қала болғаны айтылады. Жергілікті тұрғындардың саны кейбір деректерде 11 мың деп жазылған. Қала туралы мәліметтер ­Истахри жазбаларынан көрініс берген. Одан кейін шаһар туралы әл-Мақдиси өзінің «Худуд-әл-алам» шығармасында да атап өтеді. Әлем айнасына атақты болған шығармаларда да Азияда орналасқан алып шаһар туралы мол мағлұмат бар. Түркістан облысының аймағында жатқан көне Сауранға алғашқы зерттеулер шамамен 100 жыл бұрын жасалынған екен. Аталған зерттеулер жайында орыс ғалымдары П.Лерхтың туындыларында, П.Пашиноның жолжазбаларында, А.Федченконың есептерінде айтылады. Жергілікті өлкетанушылар Сауран қаласы «Түркістан қаласынан көшіп келген егіншілердің бақташылықпен айналысуы негізінде пайда болған» деп жорамалдайды. Егіншілікпен айналысу үшін де елде кәріз құдығы ерекше дамыған екен. Қаратаудан арнайы бұлақтарды осы кәріз құдығы арқылы қалаға бұрған. Оны Араб әміршісі сыйға тартқан 200 үнді құлы қазып, құрып шыққан екен. ХІХ ғасырда осы құдықтар қараусыз қалып, су келмегендіктен қала дамуы құлдырап, халық толықтай көшіп кеткен. ­Сауран қаласы 1982 жылы республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіш ретінде есепке алынған. Айта кетелік, алдағы уақытта Сауран қалашығында Сапар орталығы бой көтермек. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтар мен алыс-жақын шетелден келген туристерге төл тарихымызды таныстырып, бірнеше тілде ақпарат беру үшін арнайы мамандар және күзет бөлімін іске қосу жоспарлануда.
Біз жоғарыда Түркістан өңіріндегі киелі орындардың бірқатарына ғана тоқталдық. Жалпы облыста Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақ­станның қасиетті географиясы» бағыты аясында бүгінгі таңда ұлт тарихындағы көне қалалардың насихаты артып, киелі орындарға ерекше көңіл бөлінуде.

Еркін ӘБДІЖАППАРҰЛЫ

Түркістан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.