РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ТІЛДЕН БАСТАЛАДЫ

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
Халықаралық «Қазақ тілі»
қоғамының президенті,
ҚР ҰҒА академигі

Ең алдымен, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының осы жылдың аяғына таман өтетін 6-Құрылтайына дайындықтың жүріп жатқанын айта кеткім келеді.
Қоғамның 5-Құрылтайы 2011 жылы Көкшетау қаласында өткен болатын.
Содан бері 8 жыл өтіпті. Жарғы бойынша кезекті Құрылтай бес жыл сайын, яғни 2016 жылы өтуге тиіс еді. Алайда түрлі себептерге байланысты бұл Құрылтай мерзімінен кейінге созылып келеді.

Байқасаңыздар, осы кезге дейін Қоғамның әр Құрылтайы еліміздің әр өңірінде өтіп келді. Бастапқы қос Құрылтайымыз Алматы қаласында өтсе, кейінгі Құрылтайларымыз Нұр-Сұлтан, Көкшетау қалаларында болды. Сөйтіп, кезекті басқосуымыз қасиетті Түркістан қаласында өтпекші. Бұл тегін емес. Мұның символдық та мәні бар.
Түркістан қаласы – еліміздің ғана емес, жалпы түркі жұртшылығының қасиетті ордасы, киелі астанасы
десек, артық айтқандық болмас. Бұл оқиға елімізде Елбасының бастамасымен латын жазуына көшу шарасына да тура келіп отыр. Тұтас түркі жұртшылығының латын жазуының аясында бірігетін кезі де алыс болмас. Егер әліпбиімізді бірегейлендіре алсақ, ғалымдардың есептеуінше, түркі халықтарының бірін-бірі түсінісу деңгейлері 30 пайыздан аса жақындамақ. Бұл үлкен күш, алып нарық. Ғылыми, мәдени тұрғыдан әлеуетімізді арттыратын, алапамызды асқақтататын ерекше құбылыс. Міне, Түркістан қаласын таңдауымыздың тағы бір мәні осында.
Екіншіден, қалай десек те, ширек ғасырлық уақытта елімізде қазақтың саны да өсті, сапасы да артты. Егер біз Қоғам құрған 1989 жылы қазақтың елдегі үлес салмағы 39 пайыз болса, бүгінде 70 пайыздан асып отырмыз. Мұны Дүниежүзі қазақтарының өткен Құрылтайында Елбасының өзі арнайы мәлімдеді.
Үшіншіден, бұл Құрылтай ұлттық жаңғыру кезеңіне сай келіп отыр. Өткен жылы Елбасы «Рухани жаңғыру» бастамасын көтеріп, зор серпіліс әкелді. Біз осы кезге дейін елімізде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мәртебесін қамтамасыз ету бойынша күш салып келсек, енді бұдан былайғы уақытта тіліміздің сапасын, оны ­заман талабына сай дамытып, байытып, жетілдіріп отыру жайына көбірек мән бермекпіз.
Мұның барлығы да Қоғамымыздың уақыт ағымына сай жұмыс істеп келе жатуымен бірге, оның тұрақты көтеріп келе жатқан мәселелерінің де біртіндеп шешімін тауып отырғанын көрсетеді.
Сонымен, «Қазақ тілі» қоғамы» бес белестен өтіп, алтыншы асуға қадам басуда. Алдымызда атқарар іс мол. Оларға тоқталмас бұрын, мен алдымен Қоғамның Көкшетауда өткен бесінші Құрылтайында алдымызға қандай міндеттер қойып едік, олар қалай шешімін тапты, сонымен қатар осы екі Құрылтай аралығында Қоғам нендей істер атқарды, көпшілік алдында осы мәселеге есеп бере кетейін.
Қоғамның 5-Құрылтайы мынадай шешімдер қабылдаған еді. Ол үлкен екі бөліктен тұратын. Біріншісі, жалпы еліміздегі тілдік ахуалдан туындайтын келелі мәселелерге арналса, екінші топ Қоғамның ішкі құрылымдық мәселелерін қамтыған. Енді соларға ретімен тоқталайын.
Бірінші, Қоғам Жарғысына өз­ге­рістер мен толықтырулар енгізу жайы.
Бұл мәселені тереңірек қарас­тырғанда, Қоғамның қолданыстағы жарғысын жамап-жасқаудан гөрі, мүлдем жаңа Жарғы қабылдау қажеттілікке айналғанын аңғардық. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қабылданған Жарғыны өзгертіп, толықтыру аздық ететін секілді. Сондықтан қазірше осы ескі Жарғы негізінде әрекет етіп, алдағы Құрылтайда көпшілікпен кеңесе отырып, жаңа Жарғы қабылдамақ болып шештік. Өйткені заман өзгерді, заңдар толықты. Бұрынғы ережемен жүре беру дамуды қамтамасыз ете алмақ емес. Мемлекетіміздің этнодемографиялық құрамы да айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Сондай-ақ құндылықтарды қайта бағалау процесі қарқын алды, руханият саласында жаңа парадигмалар қалыптасты. Тиісінше, Қоғамның алда қабылданатын жаңа Жарғысы осы жағдаяттардың барлығын барынша толық ескергені жөн.
Екінші, шешімде қамтылған мем­лекеттік органдардың, кез келген мен­шік нысанындағы ұйымдардың бірінші басшыларына Тіл туралы заң талаптарының орындалуына жауапкершікті күшейту шараларын қолға алуды қоғамдық қадағалау
жайына келетін болсақ, бұл мәселе Қоғам құрылған кезден бастап бір сәтке де тоқтамай, тұрақты жүргізіп келе жатқан ісіміз. Қоғамның төралқасы да, сол секілді жергілікті ұйымдары да қал-қадарынша осы істі атқарып келеді.

Қазақстан Үкіметі жанынан құ­рыл­ған мемлекеттік тіл мәселесі жө­ніндегі кеңесте де аталған мәселер тұрақты көтеріліп, тиісті шешімдердің қабылдануына ықпал етуде. Мұның сыртында бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде де жұртшылықтың назарын аударып отырмыз. Олардың бас-басына жекелеп тоқталу біраз уақыт алады. Мұның барлығы да көпшіліктің көз алдында өтіп жатқан дүние ғой. Десек те, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды бір жүйеге түсіріп, мәселелерді көтеру, ұсыну, шешімін қадағалау тізбектерін қамтитын тетікті әзірлеу қажеттігі байқалады. Ақпараттық технологиялар дамыған қазіргі кезеңде мұны республика аумағында іске асыру аса қиындық тудырмас деп білеміз.
Үшінші, Қазақстан Республи­ка­сындағы Тіл туралы Заңның 23-бабында көрсетілген мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі тиіс лауазымдық қызметтердің тізбесін жасау және оны бекіту мәселесін жеделдету Қазақстан Республикасы Үкіметінен сұралсын деген талап қабылданған еді. Мұны тиісті орындардың қаперіне салудан кенде емеспіз. Өкінішке қарай, Тіл туралы заңның осы бабы әлі күнге орындалмай келеді. Осы салаға жауапты ресми уәкілетті мекеме кезінде осы тізбені түзген болатын. Алайда оның қабылданып, бекітілуі кешеуілдеп келеді.
Сондықтан да осының салдары үнемі алдымыздан шығып отыр. Ұзаққа бармай-ақ, бұған мысал ретінде таяуда ғана «Эйр Астана» ұшағында орын алған жағдайды айтсақ та жеткілікті. Мұның сыртында қоғам назарына түспей қалған осындай фактілер қаншама. Алдағы уақытта бұл мәселені тоқтаусыз қайта қаужай беретін боламыз.
Осы жерде тағы бір назар аудара кететін мәселе, қолданыстағы заңдардың орындалуын, заң нормаларының сақталуын, бұзылмауын ресми тұрғыдан қадағалау жайы. Әлбетте, Қоғам – ресми құзырлы мекеме емес. Сондықтан ол тек қоғамдық бақылау, қоғамдық пікір тудыру секілді істерге ғана қауқарлы. Ал еліміздегі заңдардың бұзылмауы мен сақталуына ресми­ тұрғыдан жауапты да уәкілетті мекеме – прокуратура органдары. Ендігі кезекте елімізде Бас прокуратурадан тартып, оның облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі құрылымдық бөлімшелеріне дейін тіл заңының сақталуын қадағалауын, тиісті шара қабылдауын Қоғам ретінде талап ететін боламыз. Басқасын былай қойғанда, заң шығарушы орган – Парламенттің өзі көршілес еліміздің мемлекеттік тілін аударма тілге айналдырып, шет мемлекеттің тілінде заң шығармашылығымен айналысуын немен түсіндіруге болады?! Мұны қандай заң нормасымен түсіндіреміз?
Шынтуайтына келгенде, еліміздегі мемлекеттік тілдің қолданысы мен қарым-қатынасын реттейтін заңдық құжаттардан кенде емеспіз. Қолданыстағы бұл құжат­тардың өзі-ақ мемлекеттік тілдің өз дәрежесінде қолданылуын белгілі деңгейде тәп-тәуір қамтамасыз етуге жарамды. Мәселе соның талапқа сай орындалмауын­да болып отыр.
Алдағы уақытта осыған байланысты да жүйелік шешімдер әзірлеу қажет деп ойлаймыз.
Төртінші, қазақ тілін, мәдениеті мен әдебиетін өзге өңірлерге таратуды, ­насихаттауды жолға қою үшін шет елдерде Абай үйлерін ашу туралы уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсыныс түсіру жайына келсек, осы бағытта еліміздің шет елдердегі бірқатар елшіліктеріне тиісінше ұсыныс хаттар жолдадық. Бұл мәселе еларалық келісімдерді, қомақты қаражатты талап ететін болғандықтан, толыққанды шешімін таппай келеді. Елбасының Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайында шеттегі қазақтарға қолдау көрсетуге арналған арнайы қор құруды тапсырғанынан жұртшылық хабардар. Енді біз аталған Абай үйлерін осы қордың қамқорлығымен ұйымдастыру жайын көтермек ниеттеміз.
Бесінші, Қазақстан Республикасының Үкіметінен, Қазақстан Республикасының Парламентінен 2018 жылынан кешіктірмей «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын әзірлеп, қабылдау сұралсын» деген шешімге келсек, бұл мәселе де ұзақ жылдардан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселелер қатарында. Тіпті кезінде бірнеше заң жобасы дайындалған да еді. Алайда ол Парламент қабырғасына жетер-жетпестен кейінге ысырылып, арты сұйылып кетті. Елімізде қолға алынған «Рухани жаңғыру» үдерісі осы мәселенің оң шешілуін тездетеді деп үміттеніп қоймаймыз, осыған қайта күш салатын боламыз.
Алтыншы, Қазақстан Республика­сының Үкіметінен кирилл жазуынан ­латын әліпбиіне көшу бастамасына және осы бағыттағы іс-шараларына қолдау көрсету сұралсын деген шешім қабылданған еді. Бұл орындалды.
Бұл да Қоғамның құрылған сәттен бастап үнемі көтеріп келе жатқан бастамаларының бірі болатын. Алғаш Қоғамның президенті, академик Ә.Қайдар тоқсаныншы жылдардың басында әліпби ауыстыруды ғылыми негіздеп берген еді. Содан бергі кезеңде де бұл бастаманы үнемі күн тәртібінен түсірмей келдік. Қоғамның талмай көтеруінің нәтижесінде биылғы жылы ең жоғары деңгейде Елбасы тарапынан саяси шешім қабылданды. Аталған істі жүзеге асыру бойынша арнайы комиссия құрылды. Қазіргі таңда латын графикасына негіз­делген қазақ әліпбиін қалыптастыру ісімен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қызу айналысуда. Қазақ тілінің төл дыбыстық ерекшеліктері мен заңдылықтарын ескере отырып түзілетін әліпби тілімізді ғана емес, санамызды да жаңғыртатын ерекше іс болар деп ойлаймыз.
Жетінші, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Орталық аппараты, облыстық және қалалық ұйымдары Елбасының дәстүрлі халыққа Жолдауларындағы ­рухани салаға, мемлекеттік тілге қатысты жерлерін жұртшылыққа жан-жақты түсіндіру мақсатында ақпараттық шараларды тиісті құзырлы органдармен бірлесе отырып қолға алсын. Бұл ретте, Жолдау­да белгіленген «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 80 пайызға дейін жеткізу болса, ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» деген талаптың орындалуына қоғамдық бақылау, қоғамдық талап ету, қоғамдық тыңдау шараларын ұйымдастыруға баса назар аударсын деген шешімнің орындалуына келсек, Қоғам өз тарапынан бұл мәселені тұрақты назарында ұстап келеді.
Осы орайда мына жайтқа назар аударғым келеді. Елбасының Жолдауларында көтерілген мәселелер жақсы-ақ. Алайда оның атқарушы билік тарапынан орындалуында кемшін тұстар мол. ­Мысалы, аталған тапсырманың орындалуын өлшеу тетіктері қандай, оны неге сүйеніп анықтаймыз, ол үшін нақты қандай шаралар қолға алынған деген сансыз сауалдарға жауап бұлыңғыр. Айталық, биыл 2019 жыл аяқталады. Жолдауда айтылған 80 пайыз орындалды ма? Оған кім жауапты? Егер бұл тапсырма орындалған болса, онда еліміз неліктен мемлекеттік тілдің қолданысын 80 пайызға жеткізбейді? 2020 жылға да аз-ақ уақыт қалды. Елбасы тапсырмасы бойынша, 2020 жылға қарай ел халқының 95 пайызы қазақша білу керек. Ең жоғарғы деңгейде қабылданған бұл шешімнің орындалуы қалай болмақ? Бұл тапсырманы іске асырудың қандай жоспарлары жасалған? Сұрақ көп, жауап мардымсыз.
Біз осы кезге дейін Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында берілген тапсырмалар мен бастамалардың орындалуы бойынша әрбір жылдың соңында талдау жасалып, қорытынды берілгенін көрмей келеміз. Тиісінше, орындамағаны үшін де бір адамның жауап бергенін естігеніміз жоқ. Сондықтан ендігі кезекте Қоғам тарапынан осы мәселені барынша қатаң қадағалау шараларын қолға алуымыз керек. Осы мәселені тиімді атқарудың тетіктерін ұсынып, көп болып талқылауға тиістіміз.
Елбасының 2012 жылғы 14 желтоқсан­дағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Мен қазіргі тілде жазылған кемінде жүздеген қазіргі кітаптардың тізімін жасап, қазақ тіліне қазіргіше аударуды ұсынамын. Бәлкім, жастар арасында конкурс жариялау керек шығар: өздеріне не нәрсе қызықты әрі пайдалы екенін олар да айтсын» деген болатын. Содан бері табаны күректей жеті жыл өтіпті. Бүгінгі жүз оқулығымыз да соның кебін кимей ме? Қозғалыс бар, шүкір.
Бұл туралы қазіргі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың респуб­ли­калық Egemen Qazaqstan және Aiqyn газеттеріне берген сұхбатына назар аударғым келіп отыр. «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл – өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады» деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың пікірінше, отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет. «Біз мем­лекеттік тілдің мәртебесін көтеру ба­ғытындағы жұмыстарды үздіксіз жал­ғастыра береміз» деп атап өтті. Яғни мемлекеттік тілді дамыту мәселесі әлі де назардан тыс қалған жоқ.
Жалпы 2020 жылы елімізде мемлекеттік тілді меңгергендер қатарының 95 пайыз болмаса да соған жетеқабыл деңгейге жететініне күмәніміз жоқ. Қазіргі кезде қазақтың саны 70 пайыздан асты. Оған түркі халықтарын қосыңыз. Қазақша үйреніп жүрген өзге ұлт өкілдерінің де қатары артуда. Былтырғы оқу жылы бірінші сыныпқа барған балалардың 89 пайызы қазақ тілінде білім беретін мектептерді таңдаған. Демек, халық қазақ тіліне басымдық беріп, белсенді тұтынуда. Болашағын қазақ тілімен тығыз байланыс­тыруда.
Енді әлгі қалған бес пайыз кім ­деген мәселе туындайды. Меніңше, сол бес пайы­зымыз биліктің ұшар ­басында отырған ана тілінен мақұрым қандастарымыз болмасын деген күдігім басым. Билік бас­палдақтарындағы, ірі ұлттық ком­па­ниялардағы дәулетті бес пайыз­ азамат мемлекеттік тілді меңгермесе, тіл ­туралы заңға жүре қараса, қалған тоқсан бес пайыздың сөйлегені кәдеге аспай қала ма деп қауіптенемін. Қазірдің өзінде Қазақстанда бір-бірінен мүлдем бөлек қос тілді: қазақ және орыс тілді әлем қалыптасты. Билік пен қарапайым халық екі тілде сөйлесе, қандай береке болмақ? Бұл түптің түбінде үлкен толқуға әкелмей ме?! Осы жағына ерекше мән беруіміз керек.
Әрине, билік басында отырғандарды толықтай жазғыру әділеттілік болмас. Дегенмен, мемлекеттік тілді білмейтін министр, депутат, әкім, елші болу деген ешқандай қисынға келмейді. Мысалы, Ұлттық экономика министрі, Ұлттық Банк төрағасы елдің тіл туралы талабына «алты айдан кейін мемлекеттік тілді меңгеремін» деп уәде берді.
Осы жерде сұрақ туындайды. Біз неге сол аталған азаматтарды қызметке тағайындарда мемлекеттік тілді білу талабын қоймаймыз? Мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарды жауапты лауазымдарға тағайындауға қандай мұқтаждық бар? Қазіргі кезде елімізде бірнеше тілді еркін меңгерген, әлемнің үздік білім ордаларынан білім алған білікті де білгір азаматтар толып жатыр емес пе? Олай болса, тіл білмейтін жандарды тағайындап алып, өз-өзімізге неге мәселе тауып аламыз?
Сондықтан, алдағы Құрылтайдың шешімдерінің біріне тиісті орындардан мемлекеттік тілді білмейтін лауазымды тұлғаларды қызметінен босатуды талап ету туралы шешімді енгізсек деген ұсынысым бар. Аталған лауазымды тұлғалар мемлекеттік тілді білмей тұрып, ешқандай ұялмастан Қазақстанның мемлекеттік қызметін атқаруға тартынбай кірісетін болса, ендігі кезекте ондай жандардың ары қарай құрғақ уәделеріне малданып жүре беру елдігімізге сын болмақ. Қатаң шешім қабылдайтын уақытымыз әлдеқашан пісіп жетті. Қазақтарға қазақша біл деп жалыну, талап етудің өзі – ешбір ақтауға келмейтін ұят нәрсе. Оларды оқытуға мемлекет бюджетінен қыруар қаражат бөлу, аудармашылар ұстау ақылға сыйымсыз емес пе?! Он бір жыл мектепте, алты жыл жоғары оқу орнында қазақ тілі оқытылады. Содан соң, мемлекеттік қызметке барғанда тағы да бюджет қаражатына қазақ тіл курсын ашу қай жағынан болсын, ақтауға келмейді. Сондықтан ендігі кезекте мемлекеттік тілді меңгермеген мемлекеттік қызметкерлерге ақысыз тіл курсын ұйымдастыру деген тиімсіз қаражат шашу ісін тоқтату керек. Мемлекеттік қызметке үміткерлер мен мемлекеттік қызметкерлерді толықтай қазақ тілі пәнінен сынақтан өткізіп қабылдау жүйесін енгізу және мемлекеттік мекемелердегі, Парламенттегі қазақ тілі аудармашылар институтын тарату керек деп санаймыз. Өзімізді өзіміз қашанғы алдаймыз. Бұдан былай мұндай жалпақшешейлікке, заң бұзушылыққа жол бермеуіміз керек.
Енді Қоғамның ішкі қызметін реттеуге байланысты мәселелерге келсек, бұл ретте көп алға жылжи қойдық деп айту қиын. Мұның объективті, субъективті факторлары жетерлік. Сондықтан Қоғамға да жүйелік жаңғыру шаралары қажет-ақ.
Қоғамның аталған шешімдерді орындаудан бөлек атқарылған істеріне келсек, бұл ретте мынадай жайттарға тоқталған жөн.
Қоғамның ұйымдастыруымен, «Қазақ тіл білімінің үздік үлгілері» серия­сымен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған тіл саласының білгір ғалымдарының көп томдық таңдамалы кітаптары Тіл комитетінің қаржылық қолдауымен жарық көріп келеді. Қазіргі кезде бұл серия ­бойынша 15 томдай кітап жарық көрді. Бұл игі іс жалғасын табу керек.
Бұдан бөлек, Ақтөбе, Көкшетау, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында тілге арналған ірі-ірі басқосулар өткізілді.
Үкімет жанындағы мемлекеттік тіл кеңесінің жұмысына белсенді қатысып, мемлекеттік тілге қатысты қордаланған мәселелерге тұрақты түрде назар аудартылып келеді.
Түйіндей айтқанда, Қоғам ел сана­сының қалғып кетпеуін, тіл мәселесінің үнемі күн тәртібінен түспеуін тұрақты қадағалауда, үзбей қозғау салуда.
Енді алдағы уақытта Қоғам қандай мәселеге басымдық беру керек дегенге келсек, қазіргі кезде елімізде мынадай үш түрлі бағыттың бел алып отырғанын байқаймыз. Олар:
1) рухани жаңғыру;
2) латын жазуына көшу;
3) үш тілді білім беру жүйесін енгізу.
Аталған үш ауқымды шара да – еліміздің келесі сапалық дамуын, өзгеріске ұшырауын қамтамасыз ететін іргелі істер. Мұндағы басты мәселе – мұны қалай түсінеміз, қалай іске асырамыз, бұлар қазақ мүддесіне қаншалықты сай келеді дегенді анықтау болмақ.
Осыған ретімен тоқталайын. Бұл ретте басын ашып алар басты мәселе: шаралар – кезеңдік, ал тіл – мәңгілік. Жаңғыру – өтпелі, кезеңдік құбылыс, ал ұлт, мемлекет, тіл – жүйе құраушы, баянды, мәңгілік құбылыстар. Сондықтан мұндағы негізгі өлшем – аталған ауқымды шаралардың елдігіміз бен тілімізді қаншалықты нығайтатыны болуы керек.
Алдымен «Рухани жаңғырудан» бас­тайық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына, міне, бірер жылдан асты. Бірқатар шаралар қолға алынып, іске асырылуда. Енді осы жаңғыру дегеннің өзін қалай түсінуіміз керек? Елбасының анықтамасына ­жү­гінсек, «Жаңғыру ұғымының өзі мейлін­ше көнерген, жаһандық әлеммен қа­быс­пайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу». Бұл көнерген, өркениетті әлеммен қабыспайтын әдеттерге не жатады? Біздіңше, бұған советтік-орысшыл мінез-құлықтан арылу және жемқорлықты тыю жататын секілді. Өйткені осы екі құбылыс бірімен-бірі тығыз байланысты, бірін-бірі туындататын зиянды салдарлар. Ел Тәуелсіздігіне жиырма жеті жылдан асса да мемлекеттік тілге бет бұрмаған адам бұл мемлекеттің де, қазақ тілінің де болашағына сенбейді деген сөз. Яғни Қазақстан – ол үшін уақытша ақша ­табатын мекен. Сондықтан қолда барда қарпып қалу, онысын шетелге шығару, шетелден активтер алу, салықтан жалтарып, оффшорларға жасырыну – осының барлығы да әлгі сенімсіздіктен туындап жатқан жағымсыз құбылыстар. Әсіресе, бұл әдет іс басында отырған, қазынаға жақын атқамінер азаматтарымызға тікелей қатысты. Сондықтан да жаңғыруды қарапайым халықтан емес, ат төбеліндей атқамінер төрелерден бастау керек секілді.
Өйткені халық жаңғырар-ау, бірақ билік, іс басында отырған бірқатар шенеуніктеріміз мұның мәніне әлі жете бойламаған-ау деп ойлаймыз. Қазір елдегі этнодемографиялық ахуал адам танымас­тай өзгерді. Халықтың санасы да, сапасы да бөлек. Алайда шенеуніктеріміз әлі сол ескі дағдымен орыс тілінің ықпалынан, советтік менталитеттен құтыла алмай жүр. Демография өзгерді, бірақ орыстандыру тоқтамай отыр. Елімізге ең үлкен қауіп, дамуына ең үлкен кедергі – орыс тілді қазақтарымыз болып тұр. «Іштен шыққан жау жаман» деген осы.
Қазір өте күрделі, трагикомедиялық ахуал қалыптасты. Халық – қазақ тілді, ал оны басқарушы билік – орыс тілді. Жетпіс пайыз қазақты бір пайызға жетпейтін орыс тілді билік басындағылар өз еркінен тыс орыс тілді еткісі келеді. Бұл түбінде қақтығысқа апармай қоймайды. Орыс тілді билік басындағылардың бірқатарының шетелдерде үйлері бар екені айтылады. Бала-шағалары сонда. Әлдеқандай жағдай болса, олар бір-ақ күнде ізін суытатынында сөз жоқ. Қазақстанға керегі осы ма?! Данышпан бабаларымыз:
Бетеге кетсе, бел қалар,
Бектер кетсе, ел қалар,
Берекең кетсе, нең қалар? – деген.
Сондықтан Елбасы ұсынған ­«Рухани жаңғыру» тек халыққа ғана емес, ең алдымен билік құрылымдарына ­қа­тысты екендігін қаперге алуымыз керек. Жоғарыда атаған берекені кетірер жағымсыз әдеттерден арылуды қолға алуы тиіс. Сонда ғана еліміз дамуға, са­палық тұрғыдан өзгеруге мүмкіндік алады.
Жалпы көпшілікке қатысты жаңғы­рудың бір түріне аты-жөнімізді қазақ тілінің заңдылығына сай түзетуді жат­қызуға болады. Бұл істі өзімізден бастайық. Тіпті болмаса, осы Тәуелсіз кезеңде өмірге келген ұрпағымызды құл­дық таңбасындай болған «-ов, -ев»-тен арылтайық, ағайын.
Кезінде Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» деген мақаласы жарық көріп еді. Қоғамда қызу талқыланған болатын. Қазір соны еске алып жүрген жан бар ма?! Сондықтан бұл жаңғыру да соның кебін құшып кетпесе екен деп тілеймін.
Келесі мәселе – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Сөз жоқ, бұл – ерекше қажетті де өзекті іс. Елбасы арнайы саяси шешім қабылдады. Мерзімін белгілеп, Үкіметке тиісті тапсырма берілді. Енді мұны еліміздің ұлттық мүддесіне сай сапалы іске асыру қалуда. Латынға неғұрлым тезірек көшсек, соғұрлым жақсы. Өйткені мұнда тек жазу ғана өзгеріп қоймайды, сонымен қатар санамыз да елеулі өзгеріске ұшырайды.
Осы орайда мынадай мәселенің басы ашық болмай тұр. Латын әліпбиіне көшу қалай жүзеге асырылады? Оған кімдер көшеді? Кирилл жазуы мен латын жазуы қатар қолданыла бере ме?
Аталған сұрақтар бойынша Елбасы өз жауабын берді. Оған сүйенсек, латын әліпбиіне ауысу тек қазақ тіліне ғана қатысты. Елдегі орыс тілділер, орысша білім алатындар, орыс тілінде іс қағазын жүргізетіндер сол бұрынғысынша кириллицамен жүре береді. Дұрыс-ақ. Әрине, біз үшін орыс тілі – шет тілі, көршілес Ресей Федерациясының мемлекеттік тілі. Шет тілін латын графикасына ауыстыруға біздің құқығымыз жоқ. Олай болса, қос тілде ресми іс қағаздарын жүргізіп жатқан ұйымдарымыз бұл мәселені қалай шешеді? Осы кезге дейін қос тілді білу тек қазақ тілділерге ғана міндетті болып келсе, енді қос әліпбиде жазу да қазақ тілділерге ғана міндетті бола ма? Артық уақыт жұмсағаны үшін, артық жұмыс істегені үшін қазақ тілділерге екі есе төлене ме? Міне, осы тектес жайттардың да басын ашып алу керек.
Қалай болғанда да, Қоғамның жұмысы осы латынға көшуді насихаттау, қолдау, барынша атсалысу болмақ деп есептеймін.
Ендігі өзекті мәселенің бірі – үш тілде білім беру жайы. Бұл бастама Елбасының «үш тұғырлы тіл» идеясынан бастау алады. Сөз жоқ, бұл бастаманы орнымен, ел мүддесі тұрғысынан іске асырса, мемлекетіміздің дамуы үшін оң әсері мол болмақ. Алайда оны түсінуде, іске асыруда ортақ түсінік жоқ секілді. Енді осының басын ашып алайық.
Шет тілін үйрену деген бар және арнайы пәндерді шет тілінде оқу деген бар. Осыны Білім және ғылым министрі я жете білмей немесе қасақана ұғымдардың мәнін ауыстырып отыр. Шет тілін үйренуге келсек, оған ешкім де қарсы емес. Мемлекет айтпай-ақ, халық өзі балаларын қосымша ақылы тіл үйрету курстарына жаздырып, шет тілін үйретіп жатыр. Мәселе, жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде, бірқатар гуманитарлық пәндерді орыс тілінде беруде болып тұр.
Бұл деген қазақ тілін ғылым тілінен мүлдем алшақтату, отбасы, ошақ қасының тілі деңгейіне түсіру деген сөз. Тіпті ­Совет кезеңінің өзінде қазақ тіліне мұндай қиянат жасалған жоқ еді. Басқасын былай қойғанда, бұл азаматтың конституциялық құқығын бұзу, адам құқығын аяққа таптау емес пе?! Қазақстанда тұрып қазақ баласы өз ана тілінде – мемлекеттік тілде толықтай орта білім ала алмау деген не деген сұмдық? Білім министрлігінің бұл әрекетін қазаққа қарсы жасалған қастандық деп бағалаймыз.
Бұл ел үшін орны бөлек мәселе – үштілділікке қатысты Президентіміз Қ.Тоқаев та өз пікірін білдірді. Прези­денттің ойынша, бала алдымен қазақ және орыс тілдерін меңгеріп алуы тиіс. Содан кейін ғана ағылшынша үйретсе болады. Тоқаевтың жеке ұстанымы осындай. ­Демек, оқушыға балабақшадан ағылшынша үйретуге білек сыбана кіріскен педагогтар енді аптығын басуы мүмкін.
Осы орайда тағы бір мәселе басын ашуды қажет етеді. Үш тілді білім беру жүйесіне тек қазақ тілінде білім беретін мектептер көше ме әлде орыс тілді мектептер де көше ме? Жаңа білім реформасына сай мектептерді орыс, қазақ деп бөлмей, бірдей мектеп қалыптастырыла ма? Осы арасын нақтылау керек секілді. Қысқасы, осындай басы ашылмаған дүдәмал тұстар көп.
Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз айқын: шет тілін тіл ретінде оқытуды қолдаймыз, ал пәнді шет тілінде беруге қарсымыз.
Үш тілді білім беруді енгізу жүйесінің 90 пайыз қазақтың баласы қазақ тіліндегі мектепті таңдаған кезде ұсынылғаны таңдандырады. Ұлтымыз есін жиып, өз ана тіліне осылай илігіп тұрған кезде үш тілдік деген саясат қайдан шықты?
Бір сәтке өткенге үңіліп көрейікші. Тарих қайталанады деген рас екен. Кезінде осыған ұқсас жағдай 90-жылдың басында да орын алып еді. Елдің бәрі қазақ тіліне икемделіп, қазақтармен қатар, өзге ұлт өкілдері балаларын жаппай қазақ балабақшалары мен мектептеріне бере бастаған болатын. Сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Үкімет қаулысын шығарып, қазақ тілінің болашағына балта шапқандай болып еді. Сөйтіп, қазақ тіліне беті бұрылып қалғандардың барлығы «ее, қазақ тілінің болашағы жоқ екен ғой» деп, бір-ақ күнде теріс айналған болатын. Сөйтіп, тіл жанашырларының алдында атқарған істерінің барлығы да зая кетіп еді. Мынау үш тілді білім жүйесі бастамасының да көздегені Қазақстанда орыс тілділердің позициясы мен басымдығын сақтап қалудан туған қитұрқы амал секілді. Бұл Қазақстанда жаңа субұлттың, нақтылап айтқанда, орыс тілді қазақтардың ­(«казахстанец») биліктегі, бизнестегі басым жағдайын сақтап қалу бағытындағы әрекет деп бағалаймыз. Бұл да қазақтың арасына үлкен жік салатын, әлеуметтік, азаматтық қақтығыстарға әкелетін өте зиянды әрекет. Мұның алдын алуымыз керек. Сондықтан бұған ешқандай жол беруге болмайды. Онда біз отаршылдықтан құтылса да, элиталық тобының сатқындығынан сол бұрынғы құлдық қамытынан ажырамаған бірқатар бейбақ елдердің кебін құшамыз.
Мысалы, Австралиядағы аборигендер, Жаңа Зеландиядағы мао­рилер, Америкадағы үнділер, Латын Америкадағы ацтек-майялар, Африкадағы Нигерия, ­Камерун, Мозамбик тайпалары – барлығы өз тілдерін ұмытып, ежелгі қожайындарының тілінде сөйлеп жүр. Құлдық жойылғанына 100 жылдан асып кетсе де, тәуелсіздіктерін алса да, көптеген елдер «элиталық» тілді таңдады. Текті халықтың ұрпағы болсақ, мұндайға жол бермейміз ғой деп сенемін.
Енді Қоғам бұдан былайғы кезеңде тілдің жайымен қатар, басқа да өзекті елдік талаптарды жиі көтеруге көшкені жөн болар деп топшылаймын. Жалпы тіл саясатында жүйесіздіктер бар секілді. Сондықтан алдағы уақытта жүйелі әрекеттерге көбірек бейіл берген жөн.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.