ТӘРБИЕСІЗ БІЛІМ – АДАМЗАТТЫҢ ЖАУЫ…

Нұр-Сұлтан қаласында дәстүрлі Тамыз конференциясы өткені баршаға мәлім. Ұстаздар қауымы асыға күткен шараға еліміздің түкпір-түкпірінен екі мыңнан астам ұстаз келді. Бас ұстаз, тағайындалғанына екі ай ғана болған сала министрі Асхат Аймағамбетов ұйымдастырған биылғы Кеңестің басты ерекшелігі – алқалы жиынға ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзінің қатысуы.
Биылғы Тамыз кеңесінің салмағы жылдағыдан ерекше болды. Себебі – Тәуелсіздік дәуірінде 18 министрді ауыстырған
салада қордаланған мәселе аз емес еді… Мемлекет басшысы білім беру саласындағы күрделі түйткілдерге арнайы тоқталып, Үкімет пен жауап­ты органдарға бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Енді бәрін рет-ретімен баяндайық…

Алқалы жиында сөз алған Мемлекет
басшысы еліміздегі білім және ғылым саласының қызметкерлерімен кездесу үшін арнайы келгенін айтты. «Сіздердің арқаларыңызда тұтас бір буынның құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік… Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде: «Әрбір тәрбиеші баланы ұлт дәстүрімен тәрбиелеуге міндетті» дейді. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады» деді. Жаңа технологияның күн сайын қарқынды дамуы адам капиталына, білім саласына мүлдем өзгеше талап қоятынын алға тартты.
Шынында да, қазіргі еңбек нарығына көз жүгіртсеңіз, осыдан бірнеше жыл бұрын сұранысқа ие болған газет беттеуші, терімші сияқты мамандық иелерін таппайсыз. Олардың бәрі саласын ауыстырып, басқа қызметке бейімделіп кетті. Себебі технология кей жұмыс түрлерінде адам капиталын ығыстырды. Енді адам бұрынғыдай адаммен емес, технологиямен бәсекелес болуға тиіс. Мәселен, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік бағдарламалар мен кадрлық қажеттілікті болжау негізінде 2025 жылға дейін 100 сұранысқа ие кәсіптер тізбесін әзірлеген еді. Оның басым бөлігін сервистік және индустриялық қызмет түрлері құрайды. Бұл білім беру саласына, Президент айтқандай, «жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу міндетін қойып отыр. Осы ретте Мемлекет басшысының Үкіметке берген тапсырмаларына тоқтала кетейік.

САҚ БОЛЫҢЫЗ, РЕФОРМА!

Ең алдымен көңілге қуаныш ор­натқаны – білім саласына жасалып жатқан реформалар туралы айтқаны. «Бүгінде мұғалімдерді кәсіби тұрғыдан дамыту Білім және ғылым министрлігінің салалық құрылымдары өткізетін курс­тармен және семинарлармен шектеледі. Мұндай шаралардың қажет екені түсінікті. Дегенмен, аталған курстарда мұғалімдер қауымын толғандыратын өзекті мәселелер назарға алынбай қалады» деді Қ.Тоқаев. Мәселен, 2018 жылғы сертификаттаудан өткізу нәтижесінде педагогтардың 35 пайызы шекті деңгейден өте алмаған. Өйткені мұғалімнің дайындық деңгейі біржақты бағаланады. Қайта-қайта жасалып жатқан реформалар жаңылдырады. Ал төмен нәтиже көрсеткен ұстаздарға білім ошағының басшылығы қысым көрсетеді. Себебі баға мектеп рейтингіне әсер етеді. Бұл – шындық. Оқушы кезімізде мұндай жағдайға бірнеше рет куә болғанбыз. Тек ол бұрын ұстаздардың айналасында ғана айтылатын еді. Биік тұғырдан айтылғаны бірінші рет. Президент мұғалімдерді міндетінен тыс жұмысқа тартатын әкімдер мен директорларды сынады. Үкіметке бұл мәселені шұғыл түрде шешуді тапсырды.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы ұстаздардың еңбекақысы мөлшеріне көңілі толмайтынын жеткізді. «Турасын айту
керек, ұстаздардың жалақысына қосы­ла­тын үстемелер базалық лауазымдық жалақыдан есептелгендіктен, еліміздегі 500 мың педагог айлығының өскенін сезіне алмай отыр. Мұғалімдердің еңбекақысы – ең төменгі айлықтардың бірі. Экономикадағы орташа еңбекақының 65 пайызын ғана құрайды. Әрине, мұнымен келіспейміз. Сондықтан Үкіметке білім жүйесіне білікті мамандар тарту мақсатында және педагогтардың мәртебесін көтеру үшін мұғалімдердің еңбекақысын 4 жылдың ішінде 2 есеге арттыруды тапсырамын» деді Президент. Қуандық. Қазір ұстаздардың мәртебесіне еңбекақы мөлшерінің әсер етіп отырғаны жасырын емес. Жалақысы аз жұмысқа білімді жастардың қызығушылығы да төмен. Ыбырай Алтынсарин мектептің жүрегіне теңеген мамандық иелерінің еңбегі бағаланып жатса, қалай қуанбайсың. Тек бұл ретте Президент айтқан «екі есе» тағы да базалық лауазымдық жалақы арқылы есептеліп кетпей ме екен деген сауал туындайды. Әліптің артын бағайық…
Бұл жағымды жаңалықтың соңы емес. Күні кеше ғана орынтағын ауыстырған, сол күнгі жиынға Премьер Министрдің орынбасары лауазымында қатысқан Гүлшара Әбдіқалықова «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасын 1 қыркүйекке дейін Парламентке енгізуді тапсырды. Ол заң 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін қабылдануы тиіс. Сөздің орайы келгенде айта кетейік, мұндай заң Еуропаның көптеген елдерінде бар. Мәселен, Австрия, Бельгия, Грекия, Дания, Испания, Италия, Люксембург, Португалия, Финляндия, Франция, АҚШ және Канада елдерінде мұғалімдердің барлығы мемлекеттік қызметкер болып саналады. Біздің елде де ұстаздарымыздың мәртебесі заңмен бекітіліп, аққа қарамен жазылғандай, айқындалатын болды. Бұл білім беру сапасын арттырады деген сенімдеміз.

ТӘРБИЕСІЗ БЕРІЛГЕН БІЛІМ…

Жуырда Атырауда 1999 жылғы және 2001 жылғы жасөспірімдердің өз-өзіне қол салғаны туралы жантүршігерлік ақпарат тарады. Жаңалықтар лентасында мұндай тақырыптар жиі көрініп жүргені де жүрекке ауыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2000-2016 жылдар аралығында жүргізген зерттеу қорытындысы бойынша, Қазақстан суицид жасаудан Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы қатарда тұр. Ал балалар мен жасөспірімдер суициді бойынша ресми статистика жоқ. Дегенмен, Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас
директоры Айнұр Айыпханованың сөзіне сүйенсек, жыл басындағы бес айда 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында 43 суицид тіркелген. Директор бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде өткен 2019 жылдың 1-жарты жылдығының қорытындысы мен жыл соңына дейінгі жос­парлар бойынша алқа отырысында айтқан болатын. Жап-жас балалардың осындай қадамға бару себебін мамандар нақты айта алмай отыр. Мемлекет басшысы бұл мәселені де назардан тыс қалдырмады. «Біз олардың неліктен мұндай қадамға барып жатқанын ойлануымыз қажет. Тәрбиелеу процесі сапасының негізгі өлшемі – тұрақты өмірлік ұстанымдарды қалыптастыру. Ерік-жігері берік және өмірлік қиындықтарды жеңе білетін оптимистердің жаңа буынын қалыптастыру – біздің баршамызға ортақ міндет. Басқаша болмайды» деді ол. Келісеміз. Жас жауқазынның ерте жұлынғаны кімді де болса толғандыруға тиіс.
Әрі қарай Президент елімізде
балаларды ұрып-соғу туралы ақпараттың көбейгеніне назар аударып, Үкіметке мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеудің жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды заңнамалық тұрғыда шешуді тапсырды.

АУЫЛ ЖӘНЕ ҚАЛА

Қазір елімізде жалпы орта білім беретін нақты 7 014 мектеп бар. Қ.Тоқаев оның
128-і үш ауысымды, ал 31-і апаттық жағ­дайда екенін мәлімдеді. «2019-2020 жылдары республикалық бюджет есебінен үш ауысымды мектептерді жою мақсатында – 35, апаттық мектептерді алмастыру мақсатында 7 мектеп салу жоспарланған» деді Президент. Ел басшысының мәліметіне қарағанда, Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда барлығы 1198 мектеп салынған. Бірақ Мемлекет басшысы бұл мәселеде де аса ұқыпты болуға шақырды. Білім ошағын салудан бұрын, аймақтың демографиясын, көші-қон мәселесін зерттеуді тапсырды. Көптеген ауылдарды мектеп сақтап отырғанын да ашып айтты. Мектеп жабылса, халық тұрақтамайды. Сол себепті ауылдық жердегі мектептерді жабудан бұрын, сақтап қалуға тырысу
керек екенін алға тартты.
Президент ауыл мен қала мектебіндегі білім айырмашылығын жоюды да тапсырды. Бұл мәселе тапсырма түрінен нақты іске айналса, көптеген ауыл балаларының болашағы жарқын болар еді. Шыны керек, ауылдағы талантты балалар кейде түрлі мүмкіндіктің болмауынан тасада қалып қояды. Ол мүмкіндік – білімді ұстаз, сапалы оқулық, қолжетімді интернет, түрлі үйірмелер мен байқаулар. Жалпы жұрт арасында ауыл баласы ұяң, жасық келеді деген стереотип бар. Оған себеп – бала қанша жерден білімді болса да, оны көрсететін жер аз: түрлі олимпиадалар мен байқаулар қалада өтеді. Ал спортқа, биге, музыкалық аспаптарға қызығушылығы бар балалар үшін ауылда жеткілікті жағдай жасалмаған. Әрине, барлық елді мекенде солай деп айта алмаймыз, дегенмен көп. «Тек тұрған су тез борсиды» деген бар ғой. Бос уақыты көп бала түрлі ойға берілгіш, бұзақылыққа үйір болып кетуі мүмкін. Себебі «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» (әл-Фараби).

ӘЛІППЕ МЕН АҒЫЛШЫН

Тамыз конференциясында шешімін тапқан тағы бір түйін бар. Ол – үштілді білім беру жүйесі. Енді балалардың ағылшын тілін бірінші сыныптан
бастап оқуы міндетті емес. «Үштілді жүйеге көшу оқытушылар мен білім беру бағдарламаларының дайындығына қарай жүзеге асады. Бұл ретте, ғылыми-жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндігіне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс… Ағылшын тілін оқытуды 2-3-сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын. Ал жоғары сыныптарда жаратылыстану-техникалық пәндерді мектептердің дайындығына қарап жүргізу қажет» деді Президент.
Жалпы алғанда, Президенттің
баяндамасы көңілге біраз үміт ұялатты. Мәртебемізді асырды. Мемлекет басшысы әр сөзін әл-Фарабидің, Абайдың нақылымен бекітіп отыруымен қатар,
Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұма­баев­­тың да еңбектерінен сілтеме келтір­ді. Бұл жиын биік мінбеден Алаш ар­дақтыларының есімі жиі аталғанымен де есте қалды.
ҚР Білім және ғылым министрі ­Асхат Аймағамбетов «Әліппе» туралы айта келіп, оның Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде қайта енгізілетінін мәлімдеді. «Біз әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы өздеріңізге жақсы ­таныс қазақ тіліне бейімделген ­Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде енгізілетін болады. Қазір осы жұмысты жүргізіп жатырмыз» деді ол. Министр өз сөзінде «Әліппенің» бірнеше нұсқасы қарастырылғанын тілге тиек етті. «Оларда ешқандай логика жоқ. Баспалардың бірі 11 дауыссыз, 11 дауысты әрпі бар нұсқасын алып келіпті. «Неліктен? Мүмкін басқаша бір әдістеме бар шығар?» деп сұрай бастасаң, ешкім де түсінікті түрде жауап бере алмайды. Әліппе – тәжірибе жасайтын алаң емес. Бізде баяғыдан – нақты қазақ тіліне бейімделген әдістеме бар. Ол – Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі. Сондықтан ештеңені ойдан шығармай, осы әдістеменің негізінде жұмыс жүргізетін боламыз» деді министр. «Әліппенің» осыған дейін ұсынылған нұсқаларын жатырқап жүрген көпшілік бөркін аспанға атты.
Бұл конференция бұрынғыларынан осылайша ерекшеленді. Жоғарыда ай­тылғандардан бөлек, бала құқығы, балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі, мамандық таңдау, ғылымның қаржыландырылуы, ата-аналар қауым­дастығын құру мәселелері де сөз болды. Үкіметке біраз тапсырма берілді. Барлық айтылған дүние 2025 жылға дейінгі «Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында» толық қамтылуы тиіс. Енді бағдарлама мен «Ұстаз мәртебесі туралы» Заңның қабылдануын күтеміз. Бастысы, сең қозғалды…

Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.