Кестеге сай атқарылуда

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс бойын­ша көрсетілген қызметтер үшін 630 миллиард теңге төледі. Қаржы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті (ТМККК) шеңберінде бөлінді.

«2019 жылдың 19 тамызындағы мәліметтер бойынша, Қормен келі­сім­шарт бекіткен жеткізуші компания­ларға 630 млрд теңге төленді. Бұл кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасының 71 пайызын құрайды. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр» деді МСҚ басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Жақсылықова.
2019 жылы МСҚ кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген медицина ұйымдарымен 889 млрд теңгенің келісімшартын бекіткен болатын. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 6 пайыз артық.
Биыл мемлекеттік тапсырысты орындауға 1416 медицина ұйымы атсалысып жатыр. Оның ішінде 708 жекеменшік клиника да бар. Биыл олардың саны 2018 жылмен салыстырғанда 64-ке артқан.
Мемлекеттен тапсырыс алған жекеменшік клиникалар саны жағынан Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы­ қалалары мен Қызылорда және Жамбыл облыстары көш бастап тұр.
Естеріңізге сала кетсек, МСҚ 2018 жылдан бастап ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша сатып алады.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.