Әйел махаббаты

Қуырдақтай қуырылған қу жанын қоярға жер таппай әбден қиналған Кәмила қақпанға түскен аш қасқырдай аласұрды. Күні кеше ғана сап-сау еді, аяқ астынан жүрегі ауырып, азапты ойлармен алысқалы бүгін үшінші күн. Қос өкпеден бірдей қадалған қатерлі дерттің бірі – қызғаныш, екіншісі – намыс. Мұның тып-тыныш өмірін бұзған сол бір түн, сол бір сәт көлбеңдеп көз алдынан кетер емес. Соңғы кездері жүрісі сұйыла бастаған күйеуі Қапалбай сол күні тағы да үйге кеш келген. Келе сала мұнымен тілдеспестен төсекке құлай кеткен. Шырт ұйқыда жатқан ерлі-зайыпты екеуін мезгілсіз соғылған телефон даусы оятты. Төсектен атып тұрған Қапалбек дәлізде тұрған телефон трубкасын көтеріп әлдебіреумен сөйлесіп жатты. «Түн ортасында телефон шалған кім екен?» деген әуестік жеңген Кәмила ақырын басып, кабинетіне кірді де бір нөмірге қосақталған екінші телефонның трубкасын құлағына тоса қойды. Ар жақтан асығып-аптығып сөйлеп жатқан Анар есімді қыз екен. 

Кәмиланың бұл қыз жайлы дерегі мол. «…Ол университеттің журналис­тика факультетінің төртінші курсында оқиды. Өзі өлең жазады. Ана жылы жас ақындардың «Жігер» атты фестиваліне қатысып, Қапалбай басқарған секцияда өлеңдерін талқыға салыпты» деп естіген. Содан бері сол қыз оқта-текте үйге телефон шалып тұрады. Қапалбай сол қызбен жүреді екен, екеуі құдайдың құтты күні кездеседі. Жәй сүйісіп жүрсе бір сәрі, төсекте төстері түйісіп, ләззат ойынын ойнайды. Қапалбай осыдан бір ай бұрын сол қызбен бірге спальный вагонда Оңтүстікке бірге барып қайтты деген хабарлар да Кәмиланың құлағына жеткен. Кәмила сол жайлы әңгіме қозғағанда, Қапалбай: «Иә, Анардың анда-санда хабарласып тұратыны рас. Ол менің шәкіртім ғой. Көре алмаған көп дұшпан не демейді? Сен өсектің өртіне шалдығып, босқа шаршамай-ақ қой» деп, сөзді қысқа қайырған. Енді, міне, күйеуі сол қызбен телефон арқылы тілдесіп ­жатыр.
Телефон трубкасын ұясына қойып, асығыс киінген Қапалбай сыртқа шыға жөнелді. Сол сәт телефон трубкасы қолынан түсіп кеткен Кәмила басына ауыр соққы тиген адамдай мең-зең болып тұрып қалды. Сәлден соң есін жиып, балконға атып шықты. Дала қап-қараңғы. Қаракөк аспан қабағын түйіп, түнеріп тұр. Ай қап-қалың қара бұлттың арасына жасырыныпты. Аспанда жымыңдасқан жұлдыздар да жоқ. Шелектеп құйған жаңбыр терезені дамылсыз ұрғылайды. Жолдың қарсы бетінен қол ұстаса жүгірген Анар мен Қапалбай Кәмила тұрған балконның астына келіп паналады. Мұны байқаған олар жоқ. Екеуінің дауысы үшінші қабаттағы Кәмилаға анық естіліп тұр.
Қапалбай. Жаным-ау, көйлегің денеңе жабысып қалыпты ғой. Желең жүргенің не?
Анар. Мен жатақханадан шыққанда жаңбыр жауған жоқ еді. Сен де не плащ кимей, не қолшатыр алмай шығыпсың ғой.
Қапалбай. Оған мұрша келді ме?
Анар. Далада жаңбыр жауып тұрғанын білмедің бе?
Қапалбай. Қайдан білейін, түн ортасында төсектен жұлып алған жоқсың ба?
Анар. Ту, тоңып кеттім ғой.
Қапалбай. Мә, мына менің пиджагімді киіп ал.
Анар. Өзің ше? Тоңасың ғой.
Қапалбай. Сенің құшағыңда өрт боп жанам ғой.
Анар. Жүр… кетейікші…
Қапалбай. Қайда, жаным-ау?
Анар. Білмеймін. Қайда болса да бір жаққа алып кетші мені. Тез такси ұстайық. Сосын ақылдасамыз қайда баратынымызды.
Екеуі осыны айтты да қол ұстасып тұра жүгірді. Көшенің арғы бетіне өте беріп, «көзі» көкшиіп келе жатқан көгілдір таксиге отырып кете барды. Соны көріп тұрған Кәмиланың бойы мұздап, жүрегіне у толып кетті. Көзі қарауытып, басы айналған ол киімшең төсекке құлады. Алқымына ашу, көзіне жас тығылды. Әйтсе де қыстығып жылай алмады. Кеудесі удай ашыды. Жүрегі сыздады. Ұйқының ауылы алыстап кетті.
Енді бір сәт ол ой орманын кезіп кете барды. «Өмір жолы соншама бұралаң болар ма? – деп ойлады Кәмила. – Тағдырдың ащы дәмін бір кісідей татып келемін. Жарық дүниенің есігін ашар-ашпаста ата-анамнан айырылдым.
Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып ән салушы ем. Бірде астанадан келген қонақтардың алдында өнер көрсеткенім бар. Салған әнім сол топтың ішіндегі атақты жазушы Әуезовке қатты ұнаса керек. «Мына бала ғажайып әнші ғой» деп сүйсінген Мұхтар аға мені Алматыға алып келді. Жетелеп жүріп жатақханаға орналас­тырып, жетелеп жүріп консерваторияға оқуға түсірді. Жоғары оқу орнын бітіргесін Опера және балет театрына жұмысқа орналасып ем, «көркі мен дауысы бірдей келіскен мына жас сұлудан тезірек құтылмасақ өнердегі мансабымызға бөгет болуы, байларымызға жанасып, өмірімізге зияны тиюі мүмкін» деп сыбырласқан мүйізі қарағайдай әнші әпкелерім мүйіздеп, мүйіздеп қуып шықты. Содан драма ­театрына келдім. Жайын ауыз, жалпақ бет режиссер Әуезовтің «Абайын» сахнаға шығарғалы жатыр екен. Ол маған бір монолог оқытты да, Қарлығаштың рөлін берді. «Сен бұл рөлді екінші кезекте ойнайсың, – деді қою мұрты тікірейіп, үлкен көздері алая қараған ол. – Байқа, қызым, әгарәки, осы рөлді алып кете алсаң театрда қаласың, шығара алмасаң, келген ізіңмен қайқайып кері кетесің». Төбеден түскендей дүңк ете қалған сөзі мен сұғы сүңгідей қадалған көзінен қорқып кетсем керек: «Шығарамын, ағатай, өлсем де шығарамын» деппін. «Тәйт әрі, мына қаршадай қыз не дейді? Өлме, қарағым, өнер жаса! Өлсең қайтіп рөл ойнайсың?» деді ала көзін онан сайын алартып.
Сол күннен бастап драма театрдағы жұмысқа жанымды сала кірістім. Алғашқы рөлім режиссерға да, халыққа да ұнады.
Тағдыр шығар, театрға жұмысқа тұрған жылы өзімнен көп үлкен режиссерға тұрмысқа шықтым. Арада бір жыл өткенде тұңғышым Сырым дүниеге келді. Аналық сезімімді оятқан сәбиім бір жасқа жетер-жетпес қайтыс болды. Өмірімнің мәні де, сәні де сахна деп ұққан мен сонан кейін бала тумауға бекем бел байладым. Бар өмірім театрда өтті. Күндіз репетицияға барамын. Күнде кешкісін сахнада ойнаймын. Одан шыға салып, үйге де соқпастан, киностудияға тартамын. Онда дубляж жасаймын. Не киноға түсемін. Сөйтіп жүріп не балаға, не байға қарамадым. Оған уақыт қайда? Күйеуімнің не театрда, не кинода жолы болмады. Жыл өткен сайын мен жоғары өрлей бердім, ол байғұс төмен құлдыраумен болды. Творчествода жолы болмағанына қайғыра, мені көрінгеннен қызғана жүріп, ішіп кетті. Оған «құдай үшін осы арақты қойшы» деп жалындым да, жыладым да. Емдетіп те көрдім ол байғұсты. Одан өзге қолдан келер қандай қайран бар? Ол болса тілдегені аздай, қол жұмсауға көшті. Сонда да болса­ тілімді тістеп, көндім бәріне. Сөйтіп жүргенде, осы Қапалбайға кездестім. Бұл да бір жанып тұрған от екен. Сүйем де күйем, өртенем де өлем деп, қыр соңымнан қалмай қойды. Жалғыздықтан ауыр не бар? Аты бар да, заты жоқ күйеудің түрі анау. Не болса, ол болсын Қапалбектің етегінен ұстайын десем, басы бос емес. Әйелі, бір ұл, бір қызы бар. Жасы да менен көп кіші. Жалғыздықтан жүдеп-жадап жүргенде Қапалбай қабағымды бағып, көңілімді тауып, жан дүниемді жаулап алды. Екеуміз туристік сапармен Еуропаға да барып қайттық. Үнемі ұрланып кездескен әйел мен еркектің күні құрысын. Сөйтіп жүргенде, мен жүкті болдым. Сол кезде еншіме тиген жаңа рөлімді қимай аборт жасаттым.
Тағдырдың тағы бір тәлкегі қарсы алдымнан қасқиып шыға келді. Қапалбайдың екі бөлмелі үйі бар екен. Ол оны бөле алмай, жалғыз чемоданын көтеріп шықты үйінен. Менде бәрі де бар болатын. Үй төрт бөлме. Машина, дача, тіпті анау-мынау жеркепеге бергісіз гаражға дейін. Мен соларды күйеуіммен бөлісейін десем, Қапалбай тағы да қасарысып қарсы болды. Сондағысы: «Сенің менен жасың ғана емес, атағың да үлкен. Егер сен күйеуіңмен дүние бөліссең, менің жігіттік намысым тапталады. Мына жұрт мені саған «махаббатпен емес, есеппен үйленді» дейді. Ал мен сені шын сүйемін. Сен үшін бәріне де дайынмын. Ертеде ғашықтар таудың қуысына тығылып та күнелткен жоқ па? Біз де бір күнімізді көрерміз. Бүгін менің атақ-даңқым сенен төмен болғанымен, әлі-ақ сені қуып жетіп басып озамын. Сол кезде төртеу емес, бес бөлмелі үйде тұратын боламыз. Оның ішін де сықиған мебель мен сыңғырлаған сервизге толтырып беремін. Оған дейін аз күн қиындық көрерміз. Есесіне абыройымызды сақтап қаламыз. Мен десең, уақытша қиындыққа төз» деді. Содан екеуміз «Жетім бұрышты» жағалап, пәтерден-пәтерге көшіп екі жыл жүрдік.
Менің өмірге икемім жоқ. Қапалбай пысық екен. Бастықтарды жағалап жүріп екі жылдан соң үш бөлмелі пәтер алды. Арада тағы екі жыл өткенде бес бөлмелі үйге көштік. Өзі айтқандай, бөлмені шетелдік мебель мен дүние-мүлікке толтырды. Екеуміз екі жақтап күректеп ақша таптық. Машина да, дача да сатып алдық. Үйленгеннен кейін мен Қапалбайды бұрынғыдан да жақсы көріп кеттім. Оның өзін жақсы көргізбей қоймайтын мінезі көп. Екеуміздің бір-бірімізге ­деген ­махаббатымызды мойындаған алыс-жақын дос, туыстың бәрі де бізді біресе Еңлік пен Кебек, біресе Қозы мен Баянға, кейде Ләйлі мен Мәжнүнге теңейтін. Тіл тиді ме, көз өтті ме, күндердің күнінде Қапалбайым нілдей бұзылып шыға келді. Алдымен ішетін, сосын қыз-келіншектермен қыдыратын «өнер» тапты.
Бір күні қызық, қызық деймін-ау, шыжық болды. Түнде кеш келген Қапалбай таңертең ас үйде шай ішіп отырып маған тесіле қарай берді, қарай берді. Тіпті ­менен көзін ала алар емес. ­«Неменеге қарай бересің, немене мені жаңа көрдің бе?» дедім мен. «О, Алла-ай, сен Кәмиладан айнымайсың-ау, айнымайсың» деді ол. Менімен аттас біреуді айтып отыр екен деп ойлаған мен: «Кәмилаң кім айтып отырған?» десем, Қапалбай: «Ол менің әйелім ғой» деп қарап отыр. «Сол әйелің мен емес пе, немене жасыңа жетпей алжиын­ деп пе едің?!» деймін ғой мен. Сөйтсем, түндегі мастығынан әлі айықпаған ол өз үйін ләззат ойынын ойнап жүрген көңілдесінің үйімен шатастырған екен. Шатаспай қайтсін, спальный да, ас үйі де, ондағы жиһаз бен ыдыс-аяқ та, тіпті қабырғаға ілінген картина да бірдей болғасын. Осындай талай күнәларын кешірдім ғой мен бейбақ.
Басына қайғының қара бұлты үйірілген Кәмиланың бетінде тамшы қан жоқ. Қасіреттің уытты уы өне бойына жайылып бара жатқан бақытсыз әйелдің жүзі жан шошырлық еді… Оған ұясынан жаңа шыққан күн де батылы барып қарай алмады…
* * *

– Қайда барасыңдар? – деп сұрады көзі көкшиген көгілдір таксидің жүргізушісі артқы орындыққа отырып жатқан Анар мен Қапалбайға мойынын бұрып.
– Әуежайға! – деді Қапалбай.
– Онда не бар? – деді Қапалбайдың иығына басын сүйеп, бауырына кіре түскен Анар.
– Әйтеуір бір жерге бару керек қой.
– Одан да Талғарға тартып кетпейміз бе?
— Талғарда бізді паналататын біреу бар ма, Анаржан?!
– Онда қонақүй бар. Сол жерде сенімен бірге жанамын, жаным!
– Кеттік онда Талғарға. Өзім салған өртті өзім өшірейін бүгін.
– Ол өрт ешқашан өшпейді, жаным!
– Өліп-өшіп сүйсем де сөнбей ме сенің отың Анаржан.
– Сөнгенің не, онан сайын лаулап, лапылдап жанады.
– Онда екеуміз бірдей жанып кет­пейміз бе?
– «Жалыннан мен бе болар қорқынышты, жалыны өз жанымның одан күшті» деп өлеңдегі пірі Қасым ­жырын жатқа айтатын Қапалбай ақын қайда? Қайда менің жанып сүйген Қапалбайым?!
– Байқасаңшы, ботам!
– Өзіңменен бір болсам, өртіңе де, дертіңе де дайынмын.
– Өзіңменен бір болсам өзге дү­ниені ұмытып, есі кетіп, есінен бір танатын жаныңда отыр қара шалың – Қапалбайың, Анарым!
Бір-біріне құмар егіз жүрек, екі ақын ішпей-жемей, сел сезімге мас ­болып ­ауызша айтыса отырып, Алматы шаһарының іргесіндегі Талғарға қалай тез жеткендерін байқамай да қалды. Көгілдір такси шағын қаладағы екі қабатты кішкентай қонақүйдің алдына келіп тоқтады. Ішке кіріп шыққан Қапалбай:
– Орын бар екен. Әйтсе де, мұнда қала алмаймыз.
– Неге?
– Бөлмелерін көріп шықтым. Аңғал-саңғал. Ат қора сияқты азынап тұрған бірдеңе. Іле ауданының орталығы Энергетический үлкен поселка ғой. Онда жібі түзу қонақүй болуы тиіс.
— Өзің біл, жаным!
Іле ауданының орталығында да бұлардың жолы болмады. Мұнда қонақүй жоқ екен. Қапалбайдың ойына ескі танысы­ Саржан оралды. Ол Алатау бөктеріндегі «Медеу» қонақүйінде директор болып істейді. Ана жолы елден келген кластасын сонда орналастырғаны бар. Енді бұлар ат басын Алматыға бұрып, келген жолымен кері қайтты. Түні бойы кірпігі айқаспаған Анар қайтар жолда Қапалбайдың қара
санын жастық қып ұйықтап қалды.
Бұлар көп қабатты қонақүйге келіп жеткенде ұясынан тұсау бойы көтерілген күн ақ иық Алатаудың иығына асылып, айналаны нұр шұғылаға бөлеп тұр еді. Тау бөктеріндегі жасыл жапырақтар арасынан қиғаштай құйылған күннің сүт сәулесі Медеу мұз айдынымен шағылысып өзгеше бір сұлулықпен құбыла құлпырады. «Қырсыққанда қымыран іриді» деген осы. Саржан орнында болмай шықты. Әйтсе де, қажет болса жүзіктің көзінен өтетін Қапалбай кезекші ұйғыр әйелдің көңілін сөзбен де, ақшамен де жібітіп бір номерге ие болды. Номер болғанда қандай! Анау-мынау емес, екі бөлмелі люкс. Мұны көрген Анардың шала ұйқысы шайдай ашылды. «Ура!» деп қолын шапалақтап, жас балаша шаттанған ол билей басып келді де, ақ білегін Қапалбайдың мойнына арта сап, оны ернінен шөпілдетіп сүйе берді, сүйе берді.
– Ой, менің Қапашым, сұлтаным, сұңқарым!
– Қойшы енді, Анаржан.
– Қоймаймын! Сені қанша сүйсем де тоймаймын, – деп, көзі жайнап, қаны қайнап шыға келген Анар Қапалбайды төсекке алып ұрды. Алпамсадай жігітті қоян алған бүркіттей бүрген қаршадай қыздың өне бойы өртеніп бара жатты.
– Тұрсаңшы… Тұр енді, – деді Қапалбай орнынан тұрмақ болып жұлқынып.
– Тұрмаймын. Тұрғызбаймын, – деді Анар алқынып.
— Тұр енді. Шешінейік.
– Шешінсек шешінейік, – деп атып тұрған Анар тез-тез шешіне бастады.
Қапалбай шешіне жүріп, есікті кілттеді.
– Как я вам нравлюсь, молодой
человек, ­— деп сыңғыр ете қалды Анар.
Анадан жаңа туғандай жалаңаш тұрған Анарға Қапалбай қадала қарады.
– Немене, мені жаңа көрдің бе? – деп қасын керіп, наздана сөйледі Анар.
Анар осыны айтты да, кең ашылған жанарын жұмды. Құшақтай алған Қапалбайдың бауырына тығылып, ернін тосты.
Қапалбайдың алдымен өлеңіне, ­сосын өзіне ғашық болып, оны сүйіп қалған Анар сорлы жүректің жанын сыздатқан солқылын басып, өне бойын алып кеткен алапат өртті бір сәтке сөндірген соң, жаңа босанған жас анадай рақат бір сезімге бөленіп ұйықтап кетті. Барлық гүлі мен барша асылы жаңа ашылған жас қыздың бұла күшіне әрең төтеп берген қызуқанды Қапалбай да қалжырап қалып еді. Ләззат ойынынан шаршап, ұйқы қысқан оның да жанары жұмыла берді.
Сол күні кеш жатқан олар ертесіне кеш тұрды. Анар қайнатқан шайды қанып ішкен Қапалбайдың жағасы жайлауда, көңілі көкте. Екеуі тағы да талай әңгіменің басын қайырып, теледидар көріп отырғанда күн ертеңге ауып кеткен-ді.
– Менің ыстық ас ішкім келіп отыр, – деді Қапалбай бір кезде.
– Менің де, – деді Анар.
–Тұр онда, кеттік мейрамханаға.
– Біреу-міреу көріп қоймай ма?
– Көрсе көрсін. Су перісіндей сұлумен отырғанымды көріп, қызғаныштан іштері күйсін.
– Басқаға мақтансаң да әйеліңе батырлық көрсете алмассың.
– Оның рас. Бірақ біздің мұнда екенімізді ол қайдан біледі?
– Кім біліпті? Ел құлағы – елу. Ақын-жазушының тырнақшаның ішіндегі достары көп қой. Біреуі болмаса біреуі телефон шалып, сүйінші сұрауы да кәдік.
– Ол да мүмкін. Сонда да деймін-ау, сондай хабар алған күнде де Кәмиланың мені іздеп осы жерге келмесі анық.
– Неге?
– Оған оның өзімшілдігі мен өркөкіректігі жібермейді. Қорықпа!
– Сен жанымда болсаң мен жанған отқа түсуге де пейілмін. Бар ойлайтыным сенің қамың. Саған көлеңкем түспесе болғаны.
Екеуі сөйлесе жүріп, бірінші қабаттағы мейрамханаға келді. Кісі аз екен. Соған іштей шүкіршілік еткен бұлар түкпірдегі қаракөлеңке орынға келіп жайғасты.
Анар мен Қапалбай қайтып келгенде люкс номердегі қызыл телефон шоқ басқан баладай шырылдап жатыр екен. Қапалбай телефон трубкасын құлағына тосқанда ар жақтан інісі асыға сөйледі:
– Қонақүйден тез кетіңіз, – деді ол.
– Иә, жай ма?
– Жаңа белгісіз біреу Кәмила тәтеме телефон шалып, сендердің сонда екендеріңді хабарлады.
– Кәмила қайда?
– Ол телефон трубкасын лақтырып жіберді де, түрі өрт сөндіргендей болып түтігіп, спальныйға барып жатып қалған болатын. Біраздан соң «бұл қорлықты көргенше автобустың астына түсіп өлгенім артық» деп үйден шығып кетті.
– Жүгір! Қуып жетіп, үйге алып кел. Ашу үстінде жазым болып жүрмесін.
Телефон трубкасын тастай салып, өңі қашып үнсіз тұрған Қапалбайдың бетін жұп-жұмсақ, салалы саусақтарымен сипаған Анар ақырын ғана үн қатты:
– Не болды, айтшы, жаным?! Түсің бұзылып кетті ғой, – деді. Қапалбай інісі айтқан хабарды сөзбе-сөз қайталады.
– Онда қайтайық, – деді Анар. – Сен тез үйіңе жет.
– Сен ше?
– Мен жатақханаға барамын.
– Әйеліңе тез жет. Жазатайым жазым болып жүрмесін.
– Бала емес қой. Ондай ақылсыздыққа бара қоймас.
– Бармаса да обал ғой. Жаным ашып кетті өзіне.
– Қазір қалаға түсейік, – деді Қапалбай ойлана сөйлеп. – Сосын бір жерден телефон шалып, бір хабарын білеміз.
Екеуі таксиге отырып, қалаға жетті. Бұл кезде күн кешкіріп қалған еді. Батып бара жатқан күннің әлсіз сәулесі Алатаудың ақбас шыңына іліне қалған ақша бұлтты жұқалтаң қызғылт нұрға бөлеп тұр. Анар Қапалбайдың айтуымен оның үйіне телефон шалып, Кәмиланы сұрады. Сымның ар жағынан жеткен ер адамның дауысы­ Кәмиланың демалып жатқанын айтты. Көшедегі телефон автоматтың трубкасына құлағын тосқан Қапалбай інісінің дауысын тани кетті де: «Қалай, тәтең ­тынышталды ма?» деп сұрады. Інісі: «Жақсы, жақсы» деп трубканы қоя салды. Қапалбай ойланып қалды. Әйелінің ашуы тарқап, үйге аман-сау оралғанына қуанса да, тап қазір үйге барудың жөні жоқ, — деп ойлады ол. Үйге оралу үшін жолдас-жоралармен хабарласып, біраз дайындық жасау керек. Оған дейін Анармен бірге бола тұрайын. Сонда қайда барамыз? Қонақүйдің ақысы бес күнге алдын ала төленсе де онда қайтып оралу қауіпті. Енді не істеу керек? Сол сәт Қапалбайдың ойына Оралжан орала кетті. Кезінде мектепте бірге оқыған сол жолдасы мұны қайта-қайта қонаққа шақырса да, соған баруға күрмеуге келмейтін қысқа уақыт жетпеп еді. Сонда ол өкпе айтқан Оралжанға: «Көр де тұр. Бір күні шақырусыз-ақ келемін саған» деген болатын. Сол есіне түскен ол таксилетіп Қапшағайға жетіп барды. Анар екеуі «Кеш жарық» деп кіріп келгенде үй иелері кешкі асқа енді ғана отырып жатқан. Оралжан да, оның әйелі Мәнсия да осы Қапшағайдағы мектепте мұғалім. Жалғыз ұл ана жылы автомобиль апатынан опат болған-ды. Атақты ақын жолдасының шақырусыз келгеніне қатты қуанған Оралжан:
– Ал, Қапалбай, сендер Мәнсиямен бірге шай іше беріңдер. Мен Шеңгелдіге барып, қой алып келейін, – деді.
– Асықпа. Отыр. Бүгінге осы шай да жетеді. Қойыңды ертең жейміз, – деді Қапалбай. Шай ішіп болғасын Қапалбай Оралжанды балконға алып шығып, былай деді:
– Мезгілсіз келгеніме кешір, Оралжан! Көріп тұрсың ғой, қолыма қонған мына аппақ құсты ұшырып алмайын деп, саған ғана сеніп, осында келіп қалдым. Мәнсия жөн білетін ақылды әйел ғой. Жөні келсе сендер бізді бүгін оңаша қалдырыңдар. Кейін Кәмила екеуміз сендерге арнайы келіп, сәлем береміз. Тірі болсам бұл айыбымды жуамын.
– Ертең жексенбі ғой. Өзіміз де Алматыға барғалы отыр едік. Есік алдында тұрған ескі Москвичке отырып, қазір-ақ тартып кетеміз Алматыға.
– Онда тіптен жақсы, – деп қуанып кетті Қапалбай. — Бізге бұдан артық сый-сияпат жоқ. Қашан қайтасыңдар?
– Сен қашан қайт десең, сонда қайтамыз. Үш-төрт күн бөгеле тұруымызға да болады.
– Үш-төрт күн көп болады. Ертең қонаға орала беріңдер. Біз түстен кейін Алматыға қайтамыз. Ал енді кілтті кімге қалдырамыз?
– Кілтті есіктің алдындағы төсенішке тастай салыңдар. Сендер түстен кейін қайтсаңдар, біз де кешке қарай оралармыз. Оған дейін ешкім үйді тонап кетпес. Құдайға шүкір, біздің Қапшағайда ұры-қары жоқ, әзірге.
Осы әңгімеден соң Оралжан мен Мәнсия Алматыға кетті де, Қапалбай мен Анар Қапшағайда қонып қалды.
Төсектен сергек тұрған Қапалбай Анар қайнатқан қою шайға қанып алды да, Ерасылға телефон шалды. Оған бар жайды түсіндірді. Сосын: «Айгүл екеуің біздің үйге барыңдар. Сендер барғасын Кәмила дастарқан жайып, қазан көтерер. Шай ішіп, әңгіме айтып, Кәмиланың ашуын басыңдар. Ет піскен кезде мен де шаң беріп қалармын. Кәмила Айгүл екеуіңді қатты сыйлайды. Екеулеп осы жолы мені Кәмиланың қаһарынан құтқара көріңдер. Бұл жақсылықтарыңды өлсем ұмытпаспын» деп жалынды. Қапалбай бұған қоса тағы бір досына сондай өтініш айтты.
Ерасыл мен Айгүл келгенде үстіне қара көйлек киіп, басына қара орамал тартқан Кәмила сыздаған жүректің солқылын баса алмай, жатын бөлмеде қайғыдан қан құсып жатыр еді. Үйде жалғыз болғандықтан есікті өзі ашты. Аз күнде адам танымастай азып кеткен Кәмиланы көріп, Айгүл мен Ерасыл шошып кетті. Шақыртусыз, ескертусіз келген достарын көріп, Кәмила да ыңғайсызданып қалды. Шу дегенде сансыраған санасында: «Бұлар шақырусыз, не алдын ала телефон шалмай келмеуші еді ғой. Әлде, Қапалбай бірдеңеге ұшырап қалмады ма екен? Не де болса, өзі аман болса екен» деген ой жарқ ете қалды. Ондай жамандық хабар болмаған соң, Кәмила барлық ­сырын жайып салды.
– Мына қап-қара киімің не? – деді Айгүл.
– Байы өлген қаралы қатын қара ­жамылмай қайтушы еді. Мен үшін Қапалбай өлген…
– Қой, өйтіп жаман ырым бастама!
Кәмила қазанға ет салып, Айгүл шай қайнатып жатқанда Қапалбайдың
аманатын арқалаған тағы бір досы келді жұбайымен. Екі әйел мен екі еркек екі жақтан басу айтқасын Кәмиланың арнасынан асып төгілген ашу-ызасы да күркірей тасып, тез қайтқан көктемгі тасқын судай сабасына түсе бастап еді. Бір кезде есіктің қоңырауы шыр-шыр етті. Әйелдер ас үйде піскен етті түсіріп, турап жатыр еді. Есікті Ерасыл ашты. Сол сәт ас үйден атылып шыққан Кәмила өзінің елу жылдық тойында Дағыстанның Халық әртісі сыйлаған ұшы үшкір, жүзі өткір болат қанжарды алды да, есік алдында тұрған Қапалбайға қарай лақтырды. Құлаштай лақтырған қанжар Қапалбайдың кеудесіне барып қадалуы керек еді. Кәмила да бар күшін жинап қапысыз-ақ сілтеді. Қапалбай қас-қағым сәтте жалтарып үлгерді. Болат қанжардың өткір ұшы есіктің жоғары жағына барып қадалды. Алтын жалатқан күміс сабы дір-дір етті. Басына қара орамал тартып, үстіне қара көйлек киіп, қаншырдай қатып, түндей түнерген әйелдің жанары бөлтірігін алдырған көкбөрінің көзіндей қанталап, көкжасыл жалын шашып тұр еді. Өңменінен өткен сол өткір жанарға Қапалбай тура қарай алмады. Ашулы арыстандай айбатты әйелінен жүзін тайдырып әкеткен Қапалбай: «Кәмиланың қызғаныш пен намыстан жаралған ашу-ызасы мен кеудесін кернеген кегі жаңағы қапысыз сілтенген наркескеннің ұшында кетті. Енді оның тау суындай тасыған ашуының зәрі мен зілі қатты сілтенген ­болат қанжардың бойында қалды» деп ойлады. Қапалбай қателескен жоқ. Ас-су ішіліп болғаннан кейін Кәмила
бастап, өзгелері қостап Қапалбайдың бар кінәсін бетіне басты. Әйелі мен жолдастары айтқан айыптауларды үнсіз тыңдаған Қапалбайдың қазандай басы салбырап, көріктей кеудесіне құлады. Еңгезердей еркектің жанарына жас толып, жан-жағына жаутаң-жаутаң қарағанына Кәмила алғашында намыстанса да соңынан оны аяп кетті.
– Ал енді не айтасың? – деп шүйілді оған Ерасыл.
– Кәмилаға қояр кінәм жоқ. Бәріне айыпты өзім, – деді Қапалбай дауысы­ дірілдеп. – Кешіре алсаң, кешір Кәмилашым!
– «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген даланың данышпан шалдары.­ «Кешіре білу мықтыларға ғана тән, әлсіздер кешірімді білмейді» деген екен үнді халқының әкесі атанған Махатма Ганди.­ Сен кекті емес, тектісің. Кешір енді, Кәмила, – деді Ерасыл.
– Бұдан кейінгі тірлігің не болмақ? – деді Айгүл.
– Қалған өмірімде Кәмилашымды алақанға салып өтемін, – деді салбырап­ кеткен басын көтеріп, отырғандарға қыдырта көз тастаған Қапалбай.
– Құдай кешсе, мен кештім, – деді Кәмила.
– Ой, ақылыңнан айналайын, Кәмилажан, – деп қуанып кетті Ерасыл.
– Е, жөн.
«Ақылды адамның сөзі осылай болса­ керек-ті» десті ерлі-зайыпты екеуді түтістірмей бітістіргеніне қуанған Қапалбай мен Кәмиланың жанашырлары.
Жынданған әйелдің жынын қалай қағып тастауды бір еркектей білетін Қапалбай қонақтар кетісімен Кәмиланы төсекке алып ұрды. Ашуы әлі де толық тарқай қоймаған Кәмила әрі-бері бұлқынып көріп еді, өзгеше бір құштарлықпен құшқан темір құрсаудан босана алмады. Алпамсадай алып еркектің салмағына жаншылып, алапат өртке оранған әйелдің буыны босап, тұла бойы балқып бара жатты…

Сәбит ДОСАНОВ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.