Рашид АЮПОВ, Түркістан қаласының әкімі: Креативті индустрияны дамыту біз үшін маңызды

– Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегінде жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажеттігін, Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналатынын атап өтті. Рашид Абатұллаұлы, осы орайда өзіңізге сеніп тапсырылған қаланы қай бағытта дамыту көзделіп отыр?
– Иә, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп атап өткен болатын. Бүгінде Түркістан облысы­ның құрылуы, Елбасының мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, рухани жаңғыруға тың серпін беріп келе жатқанына көз жеткізіп келеміз. Бұрынғы мәдени ошақтар шоғырланған Түркістан рухани жаңғыруға өзіндік септігін тигізуде. Ал қала бас жоспарға сәйкес айқындалған бағыттар бойын­ша дамитын болады. Яғни облыс орталығына айналған Түркістанның енді инфрақұрылымы дамып, өзіне тән ерекшелігі болуы керек.
Бүгінде қалада соған сай, маған дейін де басталған ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы Түркістан инфрақұрылымына көбірек көңіл бөлуді, көбірек көгалдандыруды қажет етеді. Бұл туризмді дамытудың, шаһарымызға келетін туристерге жасалатын жағдайдың негізгісі болмақ. Өйткені Түркістанда өндіріске қажетті мұнай, газ жоқ. Бар байлығы – VI ғасырдан басталатын терең, бай тарихы. Соны дұрыс насихаттап, туристерге Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сияқты Әзірет Сұлтан кешенінің маңына топтасқан тарихи орындарымызды көрсетіп, қаланың мәртебесін халықаралық деңгейге жеткізуіміз керек. Қазіргі басты мақсатымыз да қаланың деңгейін көтеріп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, барынша ыңғайлы да жайлы жағдай жасау және әлемге таныту. Бұл аз жұмыс емес, көп еңбектенуді талап етеді. Бірнеше халықаралық ұйымдарға кіруіміз, солардың стандарттарына сәйкес болуымыз керек.
Түркістан қаласына келетін турис­­тер 4 категорияға бөлінеді. Біріншісі – тарихи жерді көргісі келетіндер. Екіншісі – тек архитектуралық ғимараттарды тамашалауға қызы­ғатындар. Үшіншісі – зиярат етушілер ниеттеніп келеді. Төртіншісі – өтіп бара жатып, орайы келсе Түркістанға ат басын бұратындар. Әрине, келушілер қатарын арттыру үшін әр категорияға барлық мүмкіндік пен жайлы жағдайды жасауымыз керек. Мысалы, зияратшыларға – жуынатын, киім ауыстыратын, намаз оқитын орындар, ал сырттан келетіндерге мавзолейден бөлек, тамақтануына ыңғайлы, ас мәзірі бай, тынығатын, уақыт өткізетін орындар ұсынуымыз қажет. Турис­терге толыққанды ақпарат берудің де маңызы үлкен. Мысалы, тарихи ғимараттың кірпіші неден жасалды? Қай жылы құйылды? Қандай шебер, қандай сәулетші тұрғызды? Туристер тұрмақ, мұны жергілікті халықтың өзі толық білмеуі мүмкін. Тағы бір топқа Қожа Ахмет Ясауидің кім болғанын айтуымыз керек. Түркі әлеміне әйгілі ғұламаның шәкірттері Жерорта теңізіне дейін барып, қазіргі Түркия жерінде қалып қойған. Олар туралы мағлұмат көп. Бірақ Ясауидің өз өмірі туралы ақпарат өте аз. Халық арасында айтылатын аңыз әңгімелердің бәрін жинақтап, қорытып, сан-саққа жүгіртпей, ғылыми негіздеуіміз қажет.
«Болашақ» бағдарламасымен Британияда оқып жүрген кезімде туристер көп баратын орындарды көруге тырыстым. Сонда өзіңіз білетін Стоунхендж деген жер бар. Жай ғана қада тастар тұр… Кейбір суреттерде «өздері жасаған» деп көрсетеді. Кейбірінде «ең бірінші пайда болған адамдар жасағаны» айтылады. Екеуіне де сенуге болатын дәлелдері бар. Күн сайын сол тастарды көруге мыңдаған турист барады. Визит орталығы бар, кірсеңіз адам көп, бірақ бірде-бір гид жоқ. Өйткені барлығында заманауи құралдарды пайдаланады. Егер тіл білмесеңіз, арнайы аппаратты алып, сондағы әр тасқа, әрбір жәдігерге жақындатсаңыз толыққанды ақпарат береді. Әлемдік деңгейде мойындалған 6 тілде мәлімет ұсынады, бейнетаспасын көрсетеді. Смартфоныңыз болса, сол арқылы да көруге болады. Бізде де туристерге осындай жағдайлар жасалуы қажет. Туристер келгенде қысқа ақпаратпен шектелмей, кеңірек және нақты мағлұмат бергеніміз жөн. Қызықтыратын ақпараттар жеткілікті. Оны тыңдаған турист өз еліне оралғанда отандастарына, басқа елге саяхаттап барса, жолай сөйлескен адамдарына қызықтырып айтса, олардың Түркістанға келуге деген ықыласы туады. Біздің мақсат сол.
– Туристердің төрт түрлі категориясы туралы айттыңыз. Бізге тарихымызды таныту үшін бірінші кезекте шетелдік туристер маңыздырақ па, әлде зияратшыларды көбірек тартуға жағдай жасау керек пе?
– Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, өткен жылы Түркістанға 1 миллион 200 мың адам келген. Бұл тек сыртқы туризм бойынша. Біз Кентаудан, Шымкент­тен, Жетісайдан келгендерді, жалпы Қазақстан саяхатшыларын санап жатқан жоқпыз. Бұл – бір. Екіншіден, барлығына мүмкіндік жасауымыз керек. Ішкі туризм де ұмыт қалмауы тиіс. Бірақ бұл жерде басқа мәселе бар. Сырттан келетін азаматтарға не үшін бұл жер қызық? Біз оларға қызығушылығын оята алатындай не көрсете аламыз? Мысалы, Түркияның азаматы Францияға емес, Түркістанға не үшін келуі керек? Сұрақты өзімізге осылай дұрыс қоя білуіміз де маңызды. Соған әрекетімізбен, жасаған жағдайымызбен жауап бере алуымыз қажет. Түркияны мысалға келтіріп отырған себебім, Ататүрік құрған мемлекет Еуропаның
ортасында орналасқан. Азаматтары Еуропаны өте жақсы біледі, Еуропаға бейімделген. Бірақ түріктер Түркістанды атажұрт деп есептейді. Осыны дұрыс пайдалануымыз керек. Олар дінді таратқан Ясауидің шәкірттерін, Түркиядан қалай келу керектігін де жақсы біледі. Ендігі мәселе идеологиялық тұрғыда.
Мысалы, біздің Ясауи туралы айтатынымыз араб елдеріне ұнамауы мүмкін. Көзқарастары басқа
болуы да ғажап емес. Оған да дұрыс қаратуымыз керек. Тек қана Ислам дініне қарай бұра беретін болсақ, онда басқалар жоламауы мүмкін. Сондықтан жоғарыда айтылған төрт категорияның әрбіріне жеке-жеке қарап, жалпы ешкімге зияны тимейтіндей контент әзірлеудеміз.
– Түркістанды көгалдандыруды маңызды жұмыстың бірі ретінде атадыңыз. Осы орайда, қаланың Бас жоспарына сәйкес қандай жұмыстар атқарылмақ? Туризмді дамыту мақсатында қандай жаңа жобалар жоспарланып отыр?
– Түркістанның климаты құрғақ, шөлді, жаз мезгілі ұзақ болатыны мәлім. Яғни қаланы көгалдандыру мақсатында ең алдымен суландыру жүйесін жетілдіру маңызды. Жаздың аптап ыстығында егілген ағаштар мен гүлдер, шалғындарға су жеткізу өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылды. Қаланың бірнеше бағытынан келетін каналдар күрделі жөндеуден өтіп, лоток арықшаларға су
тарту жұмыстары жүргізілді. Мұндай жұмыстар жалғасын табуда. Қала аумағындағы көпшілік орындар мен орталық көшелер бойынан қоғамдық гүлзарлар мен аллеяларды көбейту, демалыс алаңшаларын салу жоспарланып отыр. Қаланың әр аумағынан жаңа гүлзарлар жасалады. Орталық аймақта орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін көшелерге, жаңадан салынатын гүлзарларға және қолданыстағы саябақтар мен аллеяларға биыл жыл соңына дейін 1 миллион түп гүл, 100 мың түп ағаш отырғызу көзделген. Осы арада айта кетейін, Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегінде Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болатынын айтты. «Бұл әсем өсімдіктер біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады. Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі» деді Елбасы аталмыш еңбегінде. Міне, осы орайда, креативтік индустрияны қолдана отырып, жаңа жыл мерекесінен кейін көптеген шараларды ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Мысалы, 500 мың түптен артық қызғалдақ егеміз де қызғалдақ фестивалін өткіземіз. Оған шетелдіктерді шақырамыз. Голландия елімен келісіп, осы жерде қызғалдақ көрмесін ұйым­дастырып, қалай өсетінін жан-жақты көрсетеміз. Одан кейін
Наурыз мейрамында тамақ фестива­лін өткізіп, салт-дәстүріміздің қайдан шыққанын көрсетіп, тарихымызбен таныстырамыз. Ал сәуір айын­да жеміс ағаштарының гүлдейтін кезін тиімді пайдалануға тырысамыз.
Мысалы, Сингапур мемлекетінде жабық климатикалық жағдайда сақтайтын өздерінің саябағы бар. Кірсеңіз, Африкада да өсетін, Ресей­де де өсетін, басқаларда да бар, гүлдейтін ағаштарды көресіз. Олар жыл сайын Еуропадан түрлі ағаштарға тапсырыс береді. Әкеліп егеді, одан кейін соның гүлдегенін көрсетеді. Туристер тамашалап кеткен соң, алады да қоқысқа тастайды. Келесісін тағы шақырады. Сөйтіп, шығарған қаржысы келген туристермен еселеп қайтады. Қаншама табысқа кенеледі. Ол ағаштар Сингапурде өспейді, климатын жерсінбейді. Бірақ туристер үшін жасайды. Ал көп көшет біздің топыраққа жерсінеді. Сондықтан гүлдейтін ағаштарды өзіміздің іс-шараларда пайдалана отырып, туристерді шақырсақ деген де жоспарымыз бар.
– Туризм де табыс көзі. Дегенмен, Түркістанда өнеркәсіп саласын дамыту да маңызды болар?
– Бұрын Түркістанда индус­триалды аймақтың аумағы 40 гектар болған. Қазір оған 310 гектар қосылып жатыр. Еліміздің басқа қалаларында индустриалды аймақтар салалық болып бөлінеді. Мысалы, аграрлық индустриалды аймақ деген секілді. Ал Түркістанда барлығы бір жерде орналасады. Кез келген инвестор қаржысын салып, қалаған бағытында жұмыс істей алады.
Жалпы бәрін топтастырып, бір аймақта орналастыру өте дұрыс шешім деп есептеймін. Өйткені жеріміз сонша үлкен емес, бар болғаны 19 мың 600 гектар. Оның 350 гектары индустриалды аймақ. Инвесторларды Түркістанға тарту үшін қажетті инфрақұрылымның болуы маңызды. Қауіпсіздік бірінші кезекте тұрады. Мұнда келіп, кафе, ресторан ашатын болсаңыз, ешқандай салық төлемейсіз. Тек, келіп салсаңыз болды. Сырттан қараған адам «мұның мемлекетке не пайдасы бар?» деп ойлауы мүмкін. Мемлекетке пайдасы, біріншіден, қаржы кіреді. Екіншіден, жұмыс орны ашылады. Үшіншіден, инфрақұрылым дамиды. Төртіншіден, технология­лар келіп жатса, біздің азаматтар оны үйреніп, өзі де кәсіп ашуға тырысады. Түркістан индустриал­ды аймағында ешқандай шектеу жоқ. Ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуге де, жаңа технология шығаруға да болады. Өзіміздің кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан қолдаудың барлық бағдарламалары жасалған. Ол әрі қарай тоқтамайды, дами береді. Яғни өнеркәсіп саласын дамыту да басты назарымызда. Бірақ бізге қазір креативті индустрияны дамыту маңызды болып тұр.
– Түркістан қаласының бас жос­парында Шығыс базары жобаланған. Оны дамыту мақсатында қандай стратегиялық жоспарларыңыз бар?
– Өзіңіз білесіз, еліміздің оңтүстік өңірінде азаматтарымыз кәсіпке бейімделген. Кез келген кәсіптің жолын көрсетсеңіз болды, әрі қарай дамытып әкетеді. Бас жоспарға сәйкес, Шығыс базары Түркістанның мәдени және демалыс орталықтары аймағында
орналасатын болады. Қазір жобаны егжей-тегжейлі жоспарлау, инвес­торлар тарту жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, «Қолөнер­шілер орталығы» бар. Біз оны мүмкіндігінше халықаралық деңгейге көтерсек дейміз. Өйткені жай ғана құмыра, кесе, пиала жасаңдар десек, сол деңгейде қалып қоямыз. Бізге жаңа технологиялар, жаңа білім, жаңа ғылым керек. Сондықтан сырттан мамандар шақыру бойынша да келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жалпы ол жердегі нысандардың коммерциялық мүмкіндіктерін қа­растырудамыз. Ол жерде, біріншіден, туристерге қолдан жасап жатқан бұйымдарымызды көрсетеміз. Қызығады ғой. Бес доллар төлесе, шеберлер жасап көрсетеді. Турис­тер үшін бес доллар көп емес. Бірақ, мыңдаған адам келер болса, әжептәуір табыс көзіне айналады. Екіншіден, қолөнерді үйренгісі келетіндерге осы жердегі оқу орнына түсуді ұсынамыз. Мектеп оқушыларын әкеліп, көрсетіп тұру жолдарын да қарастырып жатырмыз. Жасалып жатқан затты қасынан көріп, қолөнерге қызығатындар, сонымен айналысқысы келетіндер табылар. Ол да, жаңа айтып өткені­міздей, креативтік индустрия! Жаңа бір нәрсе ойлап тауып жатса – тіпті тамаша! Мысалы, қалада қазір Неке қию сарайы ашылып жатыр. Ол, білесіз, шаңырақ көтергендердің некесін қиып, куәлігін қолына табыс ете, шығарып салатын жер ғой. Біздің ойымыз, ол жерді кәсіпкерлікке бейімдеу. Алматы, Нұр-Сұлтан, Тараз қалаларындағы секілді тұрмыс құруға бейімдеу орталығын ашсақ, одан кейін психологиялық қолдау орталығы, сосын бала тәрбиелеу ор­талығы жұмыс істесе, солай кон­тентін толтыра берсек, өте пайдалы тірлік болар еді. Солай Неке сарайының жартысын бизнестік бағытта дамытуға болады. Осылай әрбір ғимарат бойынша жеке-жеке контент жасап жатырмыз.
– Енді бес жылдан кейін Түркістан бюджетінің қанша пайызын туризмнен табуы мүмкін?
– Бүгінде кәсіптен, табыстан, салықтан, шетелдік азаматтарға қызмет көрсетуден, басқа да түсетін түсімдердің бәрін қосқанда, Түркістан қаласының бюджеті 5,2 миллиард теңгені құрайды. Республиканың және облыс әкімдігінің қолдауымен көрсетіп жатқан дотация – 98
пайыз! Яғни алдағы екі-үш жылда қаланы дамытуға өте мұқтажбыз. Келешекте сол облыстың беретін 98 пайызын Түркістанға келетін туристер есебінен толтыруымыз керек. Әлемдік тәжірибе бойынша, әрбір турист 100 АҚШ долларын қалдырады деп есептесек, кемінде екі күн Түркістанда аялдайтын жағдай жасасақ, 200 доллар деп есептеуге болады. Былтыр 1 миллион 200 мың турист келгенін ескерсек, қала бюджетін өзі толтыруы үшін 10 есе, кемінде туристердің саны 20-30 миллионға жетуі тиіс. Оған мүмкіндік бар. Ол үшін кәсіпкерлікті қолдап, барлық мүмкіндікті дұрыс пайдалануымыз керек. Туристер үшін қалаға келгенде ыңғайлы да жайлы және қауіпсіз жағдайдың жасалуы маңызды. Адами факторларды болдырмау, алдын алу үшін Түркістанда бейнекамералар орнатып жатырмыз. Қазан айына дейін қаламызда 500 бейнекамера болады. Оның ішінде аналитикалық ойлау қабілеті бар, жасанды интеллектімен қазірше 10 пайызын қосамыз. Жақсы нәтиже беріп жатса, барлығын қосатын боламыз. Бүгінде «Қауіпсіз қала» бағдарламасы іске қосылып, сол бойынша қалада адамдарды көшенің кез келген тұсынан емес, белгіленген орындардан өткізу, үйрету жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Негізінде, бұл бағыттағы үлкен жұмысымыз – тұтынушының жол жүру картасы. Турист Түркістанға келмей тұрып, барлығын білуі тиіс. Мысалы, вокзалдан қалаға қарай шыққанда нақты қандай бағыттағы қоғамдық көлік қайда баратынын, қай жерде ақшасын айырбастауға
болатынын, қай жерде дәріхана барын, қайда қандай кафе бар екенін, бағасы қанша екен білетін болады. Осындай жағдайлардың барлығын жасап, келесі жылы туристердің қатарын 2-3 миллионға жеткізсек, соның өзі үлкен жетістік. Негізінде, алдағы 3 жылда 10 миллионға жеткіз­сек деген мақсатымыз бар. Осы бол­жам жүзеге асқанда, қаламыздың экономикасына қан жүре бастайды.
– Биылғы 7 айда Түркістанға келген туристердің саны 720 мың болған. Салыстырмалы түрде айтсақ, көрші елдің астанасы Ташкентке келген шетелдіктердің саны 3,5 миллионға жетіпті. Ташкентке келген шетелдіктерді неге Түркістанға тартпасқа?
– Біз бұл жайтты зерттегенбіз. Көрші елдің астанасы тұрақтауға керемет. Бірақ туристердің баратын жері – Самарқанд, Хиуа, Бұхара. Бұл жерлерге жедел пойыздар қатынайды. Барсаңыз, кішкентай балаларға дейін ағылшынша сөйлеп, «зат алыңыз» деп қиылып тұрады. Туристерге үйренген. Шетелдік саяхатшыларға да керегі сол. Олар келмей жатып, баратын жерлері туралы толық ақпарат алады. Аялдайтын жерін де, сататын орнын да біледі. Ал Ташкентке қыдыру үшін барады. Дегенмен, бәсекелестікті де ұмытпағанымыз жөн. Бұл орайда Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатынын атап көрсеткен болатын. «Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» делінген Елбасы мақаласында. Яғни туризмді дамыту үшін бүгінде жас мамандардың тіл білуі, шетелдіктермен жұмыс істей алуы маңызды. Маман даярлау мәселелері де біздің назарымыздан тыс қалған емес. Ал екі ел арасындағы қатынасқа келсек, облыс әкімдігі Үкіметпен бірлесе, Түркістан – Шымкент – Ташкент бағытында жедел пойыз жүргізуді қарастырып жатыр. Бұл байланыс маңызды, әрине.
Десек те, Түркістан облысының өз потенциалы барын ұмытпаған жөн. Мысалы, Түркістанға келген адамға тарихы терең Сауран қалашығы туралы айтып, неге сол жерді көрсетпеске? Динозаврдың сүйегі табылған Оранғайды, табиғаты тылсым Ақмешітті көрсетуге әбден болады. Неге Гауһар анаға апаруға болмайды? Ондай баратын жерлер көп. Бізде тек ақпарат өте тапшы. Өзбекстан сияқты кең мағлұмат жоқ. Егер жоғарыда айтқанымдай, тұтынушының жол жүру картасын жасап, ақпараттармен толық қамтуға қол жеткізсек, Түркістанға бір күнге келген турист Сауран, Оранғайға бару үшін екінші түнге қалуы мүмкін. Сауран Түркістаннан алыс емес. Оған мүмкіндік бар, жол керемет! Тек толық контентімен гид, яғни саяхатшыларға қызмет көрсететін маман керек. Укаш атаға да баруға болады. Оның басына «куар-код» қойылғанымен, ол жерде интернет жоқ. Сондықтан сауатты гид
керек. Бірақ бұл бағытта кейбір азаматтарымыз басқаша аңыз айтып кетеді. Ондай болмас үшін бізде арнайы даярланған мамандар
болуы керек. Қазір осы бағытта тиісті облыстық басқармамен жұмыс істеп жатармыз. Яғни бай тарихымызбен қатар, демалыс аймақтарымыздың да мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алсақ, көршілерден асып түсуге әбден болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Еркін ӘБДІЖАППАРҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.