Жеті бағытқа басымдық берілді

Түркістанда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының Саяси кеңесі өтті. Жиында Нұр-Сұлтан қаласында өткен партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қаралған өзекті мәселелер мен оны облыс аймағында іске асырудың тиімді жолдарын талқылау сөз болды.

Мәжіліске «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық фи­лиалының төрағасы, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен саяси кеңестің мүшелері, қоғам өкілдері мен аудандық мәслихат хатшылары, фракция жетекшілері қатысты.
21 тамыз күні Елордада Елбасы, «Nur Otan» партия­сының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаң­ғырту бағдарламасын ұсынған болатын.
Осы орайда, өңір басшысы Ө.Шөкеев жаңғырту бағдар­ламасына кеңінен тоқталып, облыс­та жүзеге асыру барысы бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.
«Бірінші, партияның бел­сенді мүшелерін айқындап алуымыз қажет. Партияда ел дегенде жанашырлықпен жұмыс істейтін, халыққа шын жаны ашитын бел­сенділер жүруі керек. Арыс қаласындағы жүйе секілді әр ауданнан белсенді 10 адамнан жинап, партия атынан халықпен тығыз жұмыс істейтін оперативтік топ құруды тапсырамын.
Екінші, жастар жылы­на орай, әкімдік, басқарма басшылары, зиялы қауым, белсенділерді тарта отырып, «Жас Отан» жастар қанатымен бірге диалогтық алаң құрып, пікір-сайыстар өткізуіміз қажет. Осы конструктивті пікір-сайыстан өзіндік ойы бар жастарды партия қатарына тарту керек.
Үшінші, қоғамдағы тамырын тереңге жайған жемқорлық індетімен күресу мәселесі.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте партиялық бақылау қажет. Бұл шара сыбайлас жемқорлықпен күреспен қатар, мәслихатта партия фракциясын күшейтеді.
Төртінші, партия аза­маттардың өзекті мә­селелерін шешуге, олардың әлеуметтік жағдайын түзеуге көмек көрсетуі тиіс.
Мысалы, хал­қы тығыз қоныс­танған оңтүстік өңірден сол­түстікке көшіру бойынша «Еңбек» бағдарламасын қазір «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы жақсы насихаттауда. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек, көп балалы аналардың мәселесін, аз қамтамасыз етілген отбасылар бойынша жұмыс партия бақы­лауында болсын.
Бесінші, партияда қара­пайым халықпен қатар, кәсіпкерлерге заң жүзінде кеңес беріп, олардың арыз-шағымын тыңдайтын Қо­­ғамдық бизнес-қабылдау ашылуы қажет. Аудандарда Қоғамдық қабылдауды шынайы өткізіп, әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы көрсетуді қолға алу керек. Партияның барлық әлеуметтік желілерде арнайы парақшасы ашылып, оған азаматтар кез келген уақытта арыз-шағымын қалдырып, нақты жауап алуы керек.
Партия ашық болуы тиіс. Партия мүшелері халықпен кездесуі керек. Партия ғи­маратына әр адам еркін кіруі тиіс. Осы орайда, облыстағы жобалық кеңсемен бірге «Nur Otan»партиясы облыстық филиалы «Open space» форматына көшеді. Мен өзім апта сайын осы ашық алаңға келіп, партиямен бірге халықпен кездесетін боламын.
Алтыншы, облыстағы, ау­дан­дағы әлеуметтік-эко­но­микалық, саяси жағ­дайды насихаттауда, өзекті мәсе­лелерді бұқаралық ақпарат құ­ралдары айтуы, жазуы керек. Төртінші билік атанған БАҚ шынайы ақпарат таратып, объективті материал жариялауы қажет. Жетінші, Елбасы тапсырмасына сәйкес «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ауыл – ел бесігі» жобасы біздің облыста қарқынды жүзеге асуда. Биылдың өзінде 4 млрд теңге көлемінде аудандарға қаражаттар бөлініп, тиісті жұмыстар басталып кетті. Осы халықтық жобаның жүзеге асуын партиялық бақылауға алып, сапалы орындалуын тапсырамын. Сонымен қатар Түркістанның мәдени-рухани бағыттағы деңгейін көтеруге Партия филиалы «Мирас» қоғамдық кеңесі арқылы барынша атсалысуы тиіс» деді партия филиалының төрағасы.

Тұрғындармен диалог, кері байланыс орнату, олармен жұмыс істеу – біздің жаңа парадигмамыз болуы керек. Халықпен тікелей жұ­мыс істейтін мемлекеттік қыз­меткерлер, партия мүшелері атал­ған принциптерді не­гізге алуы тиіс. Осы орайда, жақын арада біздің облыс­та шенеуніктермен халық арасындағы байланыстың автоматтандырылған меха­низмі іске қосылады.
Партия мен халықтың сеніміне ие болуда біз өзіміз халықпен байланысты нығай­тумен қатар, қоғамдық бақылау және партия белсенділері мен шенеуніктерді бағалау тетігін ұйымдастыра білуіміз керек. Сондықтан да халықтан сауал­нама жинау арқылы әкімдік пен партияның лауазымды тұл­ғаларының рейтингін шығаруды ұсы­намын» деді облыс басшысы.
Жиын соңында, аталған тапсырмалар бойынша, Саяси кеңес мәжілісінің қаулысы қабылданды.

Нұрлайым БАТЫР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.